Театр: Көркемдік. Суреткерлік. Сергектік
Бөлісу:
11.11.2015
4245
Атырауда қазақ руханияты үшін сирек кездесетін оқиға болды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рақымжан Отарбаев халықаралық драматургия фестивалін өткізді.
Драматург бізде санаулы-ақ. Ал алыс-жақынға сауын айтып, жеке фестивалін өткізуге шығармашылық әлеуеті жететіндер жоқтың қасы. Сыншы, әдебиеттанушы Әлия Бөпежанова айтқандай, «Әр адам ұлт үшін барымен бөлісіп, қасықтап құйса, ол үлкен қазынаға айналады. Қазір дәрменсіздіктен кетіп, әрекетке көшетін уақыт, сол тұрғыдан алғанда Р.Отарбаев өткізіп отырған фестиваль осындай белсенділіктің, жұртты руханияттың маңында ұйыстырудың жарқын мысалы. Қазір бізге осындай суреткер жанының сергектігі керек».
Театр фестивалінен кейін түйсінгеніміз, “Атыраудың ақжарма таланты” деуге Рақымжан жарады, Рақымжанның жүгін көтеруге Атырау жарады, елі мен ері, ақыны мен әкімі, таланты мен пейілі бір-біріне сай екен.Моңғолиядан қазақ театры келіп, Алтай мен Атыраудың арасында алтын көпір салды. Қырғыздан академиялық театр келіп, “Нашақор новелласы” ғана емес, тағы бірнеше пьесасы қойылып жүргенін айтты.
Бірақ ең ғажабы, Рақымжан драматургиясы – Сұлтан Бейбарыс, Хан Жәңгір, Сырым батыр, Мұстафа Шоқай сияқты аяулы тұлғаларды тірілткен ұлттық драматургия. Әсіресе, «Жәңгір хан» драмасы мұқым қазаққа Жәңгірдің қаншалықты прогресшіл хан екенін түсіндіріп, тарихи әділеттілікті қалпына келтірді. «Бас», «Нашақор новелласы», «Әбутәліп әпенді» сияқты қойылымдардан бүгінгі қоғамның келбетін танисыз. Әр театрдан көргенде аса тереңдемейді екенбіз, сөйтсек, бар екен ғой. Сіз бен біздің үнімізді театрға алып келген драматург арамызда жүр екен. Түйдек-түйдегімен төгілетін кестелі тілін былай қоғанда, осы шығармалардың қай-қайсысында да психологиялық тереңдік, астарлы сөз, астарлы мағына жасырынып тұрады. Кейбір қаламгерлер жазу түгілі, сыбырлап айтуға қорқатын ойлар ашық айтылады. Мұнда құрғақ пафос, жалаң публицистика, нәрсіз дидактикаға орын жоқ. Ол терең жазады, адамның жанын қозғап жазады, жүрек түкпіріндегі шерін оятады.
Бұл көрерменге ақыл айту емес, “мен қандай кереметпін” деген өзін қызықтау, әдемі сөзге алдану да емес, жүрекжарды сырласу, өзінде бармен аямай бөлісу, ақылдасу, кеңесу. Осы шынайылық сипатының арқасында көрермен театрдың, театр Рақымжанның жетегіне ереді екен.
«Бейбарыс Сұлтан»
М.Әуезов театрында қойылып жүрген “Бейбарыс Сұлтан” драмасын алайық. Бейбарыс батыр болыпты, қапысыз ер екен. Мәймөңкелеп жатпайды, кесіп айтады, кесек қимылдайды. Образдың осылай шешілуіне қарамастан, бұл героикалық пьеса емес, автор Бейбарыстың тамырын басып көреді, жүйкесін ұстайды. Сұлтан өзін алқалап алақанына салған Мысыр елінен неге кетті? Қалай қиды? Логикасын іздейді, астарын аршиды. Соңғы көріністің бірінде ол “жалғыз қалдым” дейді. “Мен бармын, ұлдарың бар” дейді Тәжі Бақыт. Бірақ сіз түсінесіз, қатын мен бала Бейбарыстың жан азабын әсте жеңілдете алмайды. Өзі сенетін екі-ақ досы бар еді, олардың да бауырлығын баққұмарлығы жеңіп кетті ғой. Тіпті тірі жүргенде, сол кемшіліктерімен-ақ өмірдің кермек дәмін бірге татқан достары Сұлтанның бір бүйірін толтырып тұрар еді-ау. Сондықтан Бейбарыс та Гамлет сияқты ойшыл болып шығады.Ол Мысыр елінен ғана шаршаған жоқ, дүниенің мінсіз еместігінен, адамның сатқындыққа бейілділігінен, дүниені жайпаған таққұмарлық пен ашкөздіктен шаршады. Сондықтан туған даласына асықты. Бұл – шынайы суреткер ғана сүңги алатын тереңдіктер. Бізге пьеса сонысымен құнды.
Спектакльді көрнекті режиссер Ю.Ханинга-Бекназар қойды. Қоюшы-суретшісі Е.Тұяқов жаңашыл костюмдер тіккен. Декорациядағы минимализм де орынды, “тақ” деп қызыл креслоны қоя салғаны ғана аздап қораштау көрінгені болмаса, суретші жұмысы иландырады, ең бастысы, эстетикалық ләззат сыйлайды. Музыкалық партитура да асқан талғампаздықпен таңдалған. Актерлік ойындарға келгенде, Азамат Сатыбалды әдеттегідей “кейіпкерсындылық” танытып тұрады. Оқыс қимыл, әрлі әрекетіне мін тақпаймыз, бірақ дауыс жүректен шықпайды, бергі жақтан, көмейден шығатындай. Қандай терең текстер айтылып жатыр,шындық жоқ емес, шындық бар, бірақ азап жоқ.Сезіну шындығы жетіспейді. Бұл тұрғыдан алғанда спектакльдегі ең мықты сахна Е.Дайыровтың Қалауыны қатысатын екі көрініс. Бірі оның санасы уланатын, өзінің соған қарсыласатын сәті. “Бейбарыс менің бауырым! Жоқ!” деп шиыршық ататыны аздай, актер жыртқыштар сияқты “ыррр” ете қалады. Сіз де селк етесіз. Психологиялық мінездемелер осылай беру керек, актер осылай еңбектену керек. Келесі көріністе Қалауын Бейбарысқа у әкеліп береді. Сұңғыла сұлтан оны біліп тұр, «Қалауын қай жерге дейін барар екен? Ол мені өлімге қиса, мұндай өмірдің керегі жоқ» деп тұр. Екеудің арасындағы осы үнсіз түсіністік Азамат Сатыбалды мен Еркебұлан Дайыровтың сомдауында сұмдық әсерлі жеткізіледі. Спектакльдің сөзсіз табысы актер Бекжан Тұрыстың Уәзірі. Тұрыс Уәзірдің сыртқы кейпін, шаш үлгісін, жүріс-тұрысын, санын соғып қалып отыра кетер әдетін, бәрін дөп тапқан. Ең бастысы, Ягодан, Жантықтан өрбитін арбаушы, аяр адамның жан дүниесін қалыптаған. Ізденетін актер, шаршамайтын актер, сахнадағы өмірден рақаттанатын актер. Б.Тұрыстың ойынынан әдеттегідей орындау саналылығы, тиянақтылығы есіп тұрады. Жалпы, спектакльдің хореографиясы да, сазы да, костюмі де, ұрыстары да, қосалқы рөлдегі актерлері де көркем. “Мен академиялық театрмын” деп тұр. Бас-аяғы жинақы, толысты шығарма. Сондықтан бас жүлдені дәл осы театрдың иеленгені ешкімнің таласын да, дауын да туғызбаса керек.
«Бас»
Атырау театрының “Басы” Р.Отарбаевтың бірер жыл бұрын жазылғанымен, ешбір театрдың жүрегі дауаламай жүрген жақсы мағынасындағы «бүлікшіл» пьеса. Сахнада екі сағат бойы Махамбеттің қу сүйегі допша домалайды. Өзімізді танып, өзіңізді танып, сіз түршігіп отырасыз. Автор мен режиссер бірігіп бізге көп шындықты айтады. Қазіргі болмысымыз туралы. Жоғалтқанымыз туралы. Жоғалтарымыз туралы. Мінездеріміз жайлы. Өзіңіз қараңыз, Махамбеттің өлеңін зерттеген ғалым да, Әдебиет институты да, Мәдениет министрлігі де «Бастан» бас тартқан.
Үшінші-төртінші көріністе адамдар пайда болады. Олар ерсілі-қарсылы жүріп, ақыры бастарын құлатып алады да, сол күйі бассыз қалады. Тұп-тура болмысымыздан айырылып қалып, кейін таппай сормаңдай болған біз дерсіз. Келесі бір көріністе сол бассыздардың қобыраған қағаз арасында адасып жүрген көресің. Бюрократияға көмілген біздің шенеуніктер дерсіз. Тағы бір көріністе бассыздар шығып, намаз оқиды. Тағы да өзімізді жоғалтқан өзімізді таныдық. Келесі бір көріністе әуежайдағы көп бассызды көресіз. Ерлан Жүністің бір өлеңіндегі: “Автобус тағы да толы. Тағы да бос келе жатыр” деген жолдары еске түседі. Адамдардың іші бос. Біздің бұқара ессіз тобырға айналды. Басшыларың ойсыз, халқың ойсыз, ойсыз сыйынады, ойсыз тіршілік кешеді, ойсыз газет оқиды, қысқасы, не істеп, не қойып жүргенін білмейді. Ойланайықшы.Бізді қуантқаны, осы ойдың бәрі театрға тән бейнелілікпен жеткізілген. Кісінің ойын шарпиды, санасын қариды. Режиссер Жанат Телтаев пен суретші Темірбек Мұхтаровтың кәсіби шешендігінің нәтижесі бұл. Кейбір қайталауларды есептемегенде, бассыздар сахнаға шыққан сайын қойылымның бояуы қалыңдай түседі.
Махамбеттің басына деген немқұрайдылық ұлттық болмысқа, қазақы қасиетке, шынайылыққа, әділетке, мызғымас құндылықтарға деген немқұрайдылық. Осындай жинақтау, символмен сөйлеудің нәтижесінде, спектакльден біз лайым көргіміз келетін саф өнердің ұшқыны шығады.
Десе де, осы табыстарына қарамастан, біз көрген нұсқасында спектакль тым ұзақ. Композициясы піспеген, сала-құлаш. Алғашқы екі-үш көрініс, соңғы бес-алты көрініс артық. Нұрбек Съезханның орындауындағы Актер не үшін шықты? Егер кейіпкер спектакль барысында шешілмесе, өзін-өзі ақтамай тұрса, оны қойылымға кіргізудің керегі де шамалы. Ноэль Шаяхметов қатысатын (тікелей оқиғаға еш қатысы жоқ) жиналысты да жұлып тастауға болады. Өйткені Шаяхметовтің азаматтық және суреткерлік позициясын көрініспен бермей-ақ, бір ауыз сөзге сыйдырып, аузына салуға болады. Имаш пен Нұрлан Өтепұлының прототиптеріне құрметіміз қанша ерек болса да, көп сахналары артықтау. Ал, жалпы, басты рөлдегі Дастан Пышанов, Нұрбек Съезхандар болсын, қосалқы құрамдағы Манатбек Мырзаханов, Ержан Жұматов, Асылбек Бәделболсын, актерлердің қай-қайсысының болмысында сахналық шындық бар. Қойылым күзелсе, түзелсе, әлі-ақ қазақ театрының мерейін үстем етеді.
«Жәңгір хан»
Тағы бір тарихи шығарманы алған Батыс Қазақстан театры ұжымның потенциалыда қуантты. Режиссер Мұқанғали Томанов эстетикалық талғамының биіктігімен есте қалды. Махамбет пен Жәңгірдің қарым-қатынасы шынында қандай болды? Автор тарихи шындықты қалпына келтіруге тырысады. Идеялық құндылығын былай қойғанда, қойылымның ең үлкен жетістігі – театралдық-көркем шешілген түс сахнасы.
Әлқисса, патша қабылдауында болған күні Жәңгір түс көреді. Түсінде Кремльдің (шіркеулердің?) алдында аула сыпырып жүр екен. Оған Махамбет келіп қосылады. «Хан емессің, қасқырсың!» дейді Махамбет. «Қас албасты басқырсың!» дейді Жәңгір. «Достарың келіп табалап, дұшпаның сені басқа ұрсын!» дейді екеуі бір-бірін жұлқылап тұрып. Махамбет қандай ер болса, Жәңгір де сондай ер екен. Батырын иілдіре алмаған хан, оның қадір-қасиетін жақсы түсінеді, өзгеден артық түсінеді. Автор Жәңгір мен Махамбетті қатар өсіріп отырып, екеуін тең ұстайды, олар Гомердің Ахиллесі мен Гекторы сияқты, дес бермес батырлар, рух батырлары.
Қойылым бастан-аяқ новаторлық дей алмасақ та, қызықты режиссерлік шешімдер бар. Әсіресе, сахнаның алдыңғы жағындағы орды әдемі пайдаланады. Мысалы, бір көріністе жазалаушы отряд қазақ ақсақалын шаңыраққа керіп, қыздарын шашынан сүйрейді, бесіктегі баласын орға лақтырады. Соңында казактардың бірі ауаны айқыштап талтаң басып кете барады. Демек, «бәріңді шоқындырам» деген аса сенімді тайраңы. Келесі көріністе Махамбеттің жігіттері жаңа ғана өктемсіген «батырлардың» өлігін өзімізге таныс орға тастап жатады. Ең соңында Махамбет алақанын жайып бет сипайды да, кері бұрылып кете барады. Осы бір қимылда ыза да, қайсарлық та, тәубе де, заман үшін, соғыс үшін, төгілген қан үшін Құдайдың алдында кешірім сұрау да бар.
Суретші М.Мәмбетовке Жәңгірдің хан салтанатын сездіретін қымбат костюмі үшін, халық сағынып жүрген Махамбетті бұғалақ бүгінімізге жақындатып тұрған былғары киімдері үшін алғыс айтуға болады. Бірақ хан сарайындағы (шартты болса да) әшекейлердің салбырап тұруы –тақырыпқа сай емес. Актерлік жұмыстарға келгенде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосовтың (Жәңгір хан) сахнадағы күйініші де, сүйініші де шынайы, ал Қуаныш Амандықов (Махамбет)қызуқанды болғанымен, Махамбеттің түйдек-түйдек өлеңдері, Рақымжанның сұлу сөзі жұтылып кетіп жатты. Фатима (Жанаргүл Құрманғалиева) сұлу болғанымен, спектакльде артықтау, ақпараттық миссиядан аса алмай тұр. Ал С.Қажымұратов (император), Б.Исалиева (патшайым), М.Бектенов (Қарауылқожа) сынды артистер эпизодтық рөлде ізденудің ең үздік үлгісін көрсетпесе де, материалға қиянат қылмады.
«Мұстафа Шоқай»
«Мұстафа Шоқай» бейнесі жазықсыз қараланған тағы бір боздағымыз ғой. Оның образын бүгінге танытудың маңызы туралы айтып жату артықтау. Қаламына құт біткен қаламгер Р.Отарбаевтың бұл пьесасын екі бірдей театр әкеліпті.
Қызылорда театрын бастап келген Хұсейін Әмір Темір шығарманы бірізді, жүйелі қойып шығыпты. Пьесаға қиянат жасамаған, көп қимаған, оқиғаны рет-ретімен баяндалады. Шымылдығы ашылысымен бала Шоқай шығады сахнаға. Сол көріністегі «бер жағымен» ғана бала болып жүрген актерлердің нашар ойыны спектакльге деген көңіл күйді бұзып жіберді. Келесі бір сахнада Мұстафа А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, З.Валиди сияқты қайраткерлермен кездеседі. Суретші Т. Сағымбаевтың сын сағаттағы серттесуді ебедейсіз ұзын үстелдің маңында өткізуі түсініксіз. Серттескен серкелер бір-бірінен алшақ, бір-біріне бөтен. Марияның алғашқы пайда болысындағы қызыл шарфы, Әміре Қашаубаевтың кеше ғана «Ерке-Наз» сән үйінде тігіліп шыққандай заманауи «ұлттық» костюмі, жалпы, кейіпкерлердің киім киістері соншалықты сәтті дей алмаймыз. Басты рөлдегі Бақытбек Темірбековтің Мұстафаға портреттік ұқсастығы бар, дегенмен әлде де ізденіс жетіспейді, қойылымнан кейін Мұстафаның шляпасынан басқа ештеңесі ойыңызда қалмайды. Қ.Айтжановаға (Мария Шоқай)да, Ж.Шерниязовқа қатысты да (Әміре) соны айтуға болады. Есесіне, Уәли Каюм, неміс офицері Шульц рөліндегі актерлер жарқ етті. Ал жалпы әсерге келсек, бұл «Мұстафа» күңгірттеу, корреспонденция мақсатын атқарған драма сияқты әсер қалдырды.
Өзгеше Мұстафаны Семей театры ұсынды. Ә дегенде Шоқай сахнадан емес, бүйір есіктің бірінен шығады. Сахнаға көтеріліп келе жатып: «Бұл ұрыста екеуміз бірдей өлсек, артымызда тоқтышақ иесіз ғой» дейтін монологын айтады. Акцентті режиссер Қажыахмет Рахмет әдемі қойған. Кейбір көріністерді қоюлатқан, бояуын қалыңдатқан, диалогтарды көріністен көрініске, локациядан-локацияға лақтырған. Соған қарамастан, композициясы жұмыр деп айта алмайсыз. Қойылымда бірнеше әсерлі театралды шешімдер бар. Мәселен, Мұстафа концлагерьге барған сәті. Есік ашылғанда қамаудан бір бала жүгіріп шығып, «қанатын» жайып жүгіріп келе жатады. Әп-сәтте неміс офицері атып түсіреді. Рухын, бостандыққа деген ұмтылысын атып түсірді деген сөз. Осындай,сахнаға жарасымды тапқырлықтар қойылымның құнын арттырады.
Есесіне, бұл театрдың актерлерінде мектеп бар. Қазылар алқасы ұнатпағанымен, Бекзат Омашев Мұстафа рөлін барынша шынайы сомдағандай көрінді бізге. Әсем Баированың (Мария) сахнадағы өмірінде эстетика бар, көп сөйлемесе де, көйлегін көлбеңдетіп жүріп өткенінен-ақ ішкі дүниесіндегі қозғалыстар мен құбылыстар есіп тұрады. Әміре рөліндегі Мырзахмет Сыдықов шағын ғана эпизод болса да қайсарлықтың эталонындай болып жадымызда жатталды. Бұл – жағымды әсер қалдырған артистер. Керісінше, Розенберг (Б.Ноғайбаев) немістің әскериі емес, ауыл қазағы сияқты әсер қалдырса, Нұржан Хасенов Уәли Каюмды шибөріден де ұсақтатып жіберіпті.
Қоюшы-суретші О.Муравьеваның сахнаға екі бірдей алтыбақан сияқты өңкиген ағашты неге шығарғанын түсінбедік. Ақыры шешілмеді, актерлердің ойынына кедергі келтіріп, тұрды да қойды. Айдауда жүріп Мария Шоқайдың неге той көйлектер киетінін, Мұстафаның неге ақ кәстөмін шешпейтінін ұқпадық. Ал қорыта келгенде, қойылымның көркемдік ізденістерінен гөрі идеялық, танымдық, тәрбиелік маңызы басымдау сияқты.
«Нашақор новелласы»
Р.Отарбаевтың «Нашақор новелласы» осыған дейін оншақты театрда қойылды. Оның сыры – шығармада өмір бар. Тағдыр бар. Қоғам шындығы мен замана зары бар. Фестивальге әртүрлі трактовкада, әртүрлі атпен осы шығарманы үш бірдей театр әкелген екен. Әрқайсысынан қалған әсер әртүрлі. Есірткі деген індет екені бәріне мәлім жағдай. Бірақ бір сәттік әлсіздіктің артында не жатыр? Ол отбасындағы қарым-қатынасты қалай өзгертеді, адамның психологиясына қандай салмақ салады? Голливудтың кей фильмдерінде нашақорлықты насихаттау, есірткі шеккен кісіні тәуелсіз, шығармашыл етіп көрсету үрдісі бар. Есірткімен бетпе-бет келгенде шын жағдай қандай болады? Р.Отарбаев құдды өзі сол тозақтың ортасына барып келген адамдай ситуацияны сенімді баяндайды. Ең бастысы, мұнда жіпті тарқатып отырған майор бар. Демек, адамның бәрі – жүйенің құрбаны.
Ал қойылымдарға келсек, соңғы жылдары Талдықорған театры потенциалын көрсете алмай жүр. Фестивальдерге қатысатын спектакльдері қоңыртөбел ғана. Осы жолы Ұлан Ахметов «Ұйық» деген атпен қойыпты. Оның режиссерлігінен жастық леп есе ме деп едік, үміт ақталмады. Сол баяғы сүрлеу. Тұрмыстық реализмнен биіктей алмаған. Ол аз десеңіз, сахна көтермейтін вульгаризм, талғамсыздық аңғарылады. Режиссерге бір сахнасы үшін ғана алғыс айтуға болады. Ол Брейгельдің «Соқырлары» – қараңғыда адасқан нашақорлар. Сол көрініс идеялық жағынан өткір болғанымен, спектакльдің жалпы деңгейін көтере алмады.
Жалқытай рөліндегі Еркебұлан Айдымбаев жастық жігерімен далақтап жүр, бірақ қойылымға бүтін ансамбльдік тұтастық жетіспейді. Әке рөліндегі Мұса Әжібеков пен Шеше рөліндегі Мәкен Нұрмұханбетова тым жұпыны, қаланың ортасында төрт бөлмелі үйі бар интеллигенттерге ұқсамайды. Сөйлескендері, партнерліқ қарым-қатынастарында тұрмыстық шындық бар шығар, бірақ сахна мәдениетінің исі жоқ, қарабайырланып кеткен. «Әке мен шеше дәрменсіз болып қалған» деді қазылар алқасының мүшесі, Халық артисі Есмұхан Обаев талқылауда. Расында солай. Қазылар төрағасы, КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов “театр тозып кетіпті” деді. Демек, театр басшылығына режиссер тартудың жолын іздеу керек. Ешқандай театрдың табалдырығына бал жағылып тұрмайды, бірақ әкімқаралармен тіл табысу керек, сөзіңді өткізу керек, режиссерлерді қызықтыру керек, жағдай жасау керек.
Сол сияқты қырғыз театры да соңғы жылдары қуантып жүрген жоқ. Бір кездері бас жүлдені бермейтін көршілеріміздің жоғары мәдениетті, терең, әфсана айтқыш театры әлеуметтік қойылымдарда ақсап жататынының куәсі болып жүрміз. Режиссер Э.Бекболиев пьесаны қоюда аса бір еңбектене қоймапты. Бұл спектакль де тұрмыстық орайда шешілген, Талдықорғанда бар кемшіліктер мұнда да бар. Ішкі өмір, суасты ағыстарын көре алмадық. Режиссер қойылым соңын өзінше шешіпті. Нашақор жалғыз қалады. Баласы мен Тоғжан бөлек кетеді. Қайтесіз, бұл расында да, «Тағдыр». Жалқытай рөліндегі Жеңіш Смақов актерлік экспрессиясымен ерекшеленді. Жанна, Камила рөліндегі актрисаларға сылаңдап тұрып сүйкімсіз болмауды меңгеру керек. Осы және өзге де кейбір кемшіліктеріне қарамастан, қойылым Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының сахнасында 10 жылдан бері сәтті жүріп келеді екен. 500-ші, мерейлі қойылымын қазақ жерінде ойнағаны – қойылым көрермен жүрегіне жетті деген сөз. Демек шығармашылық ұжым мақсатына жетті.
Бұл материалды қалайша құбылтуға болатынын Астана театры тамаша мысалмен көрсетіп берді ғой дейміз. Нұрлан Жұманиязов соавторға айналған, кейбір кейіпкерлерді тереңдеткен, кейбірін басқаша шешкен, кейбірін түбегейлі өзгерткен. Мысалы, өзге қойылымдардағы Көрші шал бір кіріп, бір шығатын. Қайдан келді? Қайда кетті? Күңгірттеу еді. Боранбай Молдабаев оған өмірбаян тауып берді. “Қане, принципшілдік деген қандай екен? Кезінде мені болмашы нәрсеге бола қаматып жіберіп едің ғой” дейді ол Жалғастың әкесіне. Демек, бұл Көршінің мотиві, бір күндік ақша табудан тереңдеу, одан маңыздырақ, бұл принцип пен мейірім арасындағы таңдау үшін кек қайтару. Басқа спектакльде кейіпкерлер ақ пен қараға, қанаушылар мен құрбандарға анық жіктелген болса, мұнда бәрі басқаша. Әр кейіпкердің өзгеге ұқсамайтын тағдыры бар. Айнұр Бермұхамедованың Камиласы сондай кейіпкер. Егер түпнұсқада ол шырмауыққа шырмалған көптің бірі болса, мұнда сол шырмаудан құтылғысы келіп, жанұшырып жүрген әйел. Жалпы, әр образы сахналық шындық, терең мағыналылыққа (осмысленность) толы актриса мүлде біз күтпеген образ жасап шыққан. Театрдың жас геройы Жасұлан Ерболат Жалқытай рөліндегі басқа әріптестерінен тереңірек ойнауға мүмкіндік алды. Талдықорған театрының “Ұйығында”, Қырғыз театрының “Тағдырында” Жалқытай нәтижеге ойнайды. Нашақорға айналды. Бітті. Сыртқы көрінісі ғана бар. Жасұлан Ерболат есірткі шеккен адамның ішіне түседі. Ол “Қолымды байлашы, мама!” деп жанұшырғанда залдағы көрерменнің де жаны қыл бұрауға түскендей. “Жоқ, мама, ағытшы! Босатшы!”. Бұл бір адамның ішіндегі екі “меннің” айқасы. Жасұланның нашақоры өз ішіндегі сайтанмен арпалысады. «Ломканың» азабын «теріңізбен» сезінесіз. Талдықорған мен қырғыз театрында Жалқытай –қатардағы көптің бірі, сессиясын тапсыра алмаған жалқы ұл ғана. Астана театрының Жалғасы тамырына ине сұғылғанда өлең оқиды. Камила айтады, «Сен балақай, сандырақтап жатып та бір ауыз боқтық сөз қосқан жоқсың» деп таңғалады.Спектакльдің соңғы көрінісінде баласы шығып, «Анашым, үйге қатайық», «Әке, сен де жүр» дейді. Өйткені Жалғас өз таңдауымен, өз қалауымен нашақор емес. Ол жай ғана қасиетсіз қоғамның құрбаны.
Жалғастың әке-шешесінің рөліндегі Ақыш Омар мен Майра Омар да мінсіз партнерлер. Олар құрған мизансценалар ішкі процестерден көбірек хабар береді, ізденісімен, ситуацияны қабылдауымен ерекше. Кеңес Нұрлановтың да ойыны сондай мәнерлі. Нағыз шеберлер, сахнаның саңлақтары деп осындай актерлерді айтса болғандай. Жалпы, қойылым өте мәдениетті, арзан әзіл, төсек маңы әңгімелер қырқылып қалған, есесіне, диапазоны кеңи түскен. Бір сөзбен айтқанда, Жұманиязов басқа режиссерлерге материалмен қалай жұмыс істеуге болатынын көрсетті.
«Двойник»
Жетісай драма театры «Двойник» пьесасын әкелген екен. Заман сипаты туралы тағы да бір ойлы туынды, ол да, ақша культі туралы. Көрермен жақсы көретін атыс-шабыс фильмдеріне сұранып тұрған материал. Театрдың кейбір артистерін (Ө.Айдаров, А.Өтебеков) түртіп оятқың келеді, кейбір артистерін (Б.Қаппаров, Ж.Атахоева, Б.Қалдарбекова) сабаға түсіріп, шынайы ойынға шақырғың келеді. Әсіресе, Бай мен Двойник – қойылымның негізгі кейіпкерлері болған соң, қорқақтығы да, астамшылдығы да, басқа эмоциялары, мінез ерекшеліктері тереңдей түсуі керек еді. Қансорпа болған ізденіс көре алмадық. Спектакльдің ортақ көңіл күйі жоқ, актерлердің әрқайсысы бөлек-салақ өмір сүреді. Десе де шайтан рөліндегі үш жігіт А.Қамбарбеков, С.Арипханов, А.Қадыров қатысатын сахналар қызықты болып шықты. Б.Сраилов тәжірибесі мол суретші, бірақ бұл қойылымда кейіпкерлердің киім кию мәдениеті тамсандырмайды(мысалы, Байдың әйелі махровый халат киіп жүретіні үйлесімсіз). Қарияның 19-ғасырдан келгендей киінетіні де аздап таңғалдырды. Дамыта түссе, акценттерді анықтап, психологиялық ойын мәнерін іске қосса, өте эффектілі, әсерлі қойылым шығатын еді.
«Аяулым Анфиса»
Сатира театрының «Аяулым Анфисасы» күлдіреді, бірақ бұл ойсыз күлкі емес. Режиссер Самат Алтаев шығарма таңдаудан қателеспеген. Ақылгөйсу жоқ, резонерлік жоқ. Қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді ащы мысқылмен әжуалау ғана бар.
Алғашқы көріністе Едірей Матвеевич (Нұржан Құлшынбаев) пен Итемгеннің (Дәурен Жұмаділов) диалогтары ішек-сілеңізді қатырады. Анфиса – Гүлжанар Салқынбайқызы, Әбутәліп әпенді – Жүсіп Ақшораев, обком хатшысы – Уәлибек Әбдірайымов, жалпы, актерлердің қай-қайсысы да комедия кеңістігінде өмір сүреді. Бірақ кейіпкерді тұлғалау, ерекшелеу жағынан әлі де ізденіс керек. Бұл тұрғыда эпизод болса да журналист рөліндегі Рүстем Әуелбековтің өзінше образ тауып, сахнадағы әр секундын ақтағаны ұнады.«Өздерің күлесіңдер, көрермен күлмейді. Ал көрерменді күлдірем деп оның жетегінде кетуге тағы болмайды» деп қадап айтты қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов.
Расында, бұл – формасын тауып қойса, фарс, тіпті буффонадаға сұранып тұрған материал. «Халықтар достығына факті таппай, жоқтан жонып отырғанда...» деп кейитін ауыл әкімі, алқаш орысты Әбутәліп әпендінің өзіне дайындаған көріне қоюы, ол аздай Махамбеттің атын алып тастап, көшеге Едірейдің атын беруі... былай қарасаң Р.Отарбаев комедиялық ситуацияларды да әдемі тауып алады және кейіпкерлерін тотыяйыны бар тілмен сөйлетеді. Осы мүмкіндіктердің бәрін театр сахнасының бар мүмкіндігін пайдаланып ойнату керек еді. Қазіргі жағдайында бұл «Шаншар» қоятын скетчтердің мағыналы, ұзақтау нұсқасы ғана болып шыққан. Демек ұжым театрдың синкреттік өнер екенін көп ескермеген, музыка, ән, би, пластиканы мүмкіндік туып тұрғанда пайдалана алмаған.
«Мұқағали мен Фариза»
Баян-Өлгей театрының «Мұқағали мен Фаризасы» спектакльден гөрі скетчке жуықтайды. Музыкалық партитура орынсыз таңдалған, актерлердің орындауында кәсібилік жоқ, жалпы режиссураның мектеп көрмегені менмұндалап тұр. Ресейде Дүниежүзілік орыстілді театрлар қоғамының жұмыс істейтінін, бүкіл әлем бойынша (оның ішінде Қазақстан да бар) драма театрларын кадрмен, материалмен қамтамасыз етудің жолдарын тапқанын, алыста жатып фестивальдерін, кәсібилікті көтеру курстарын ұйымдастырып тұратынын білеміз. Баян-Өлгей театрын көріп, өзіміздің енжарлығымыз еске түсті. Шекараның арғы бетінде болса да, қазақтың үні, қазақтың жоғын жоқтайды, сондықтан ол театрдың кәсібилігін арттыру біздің жауапкершілігімізде. Осыны Мәдениет және Білім министрліктеріне түсіндіретін адам болсашы.
Сонымен, Атыраудағы бір апта бұл елдің халқына да, қонақтарына да қайталанбас мереке сыйлады. Талай адам ойланып кетті. «Біз кімбіз? Қайда бара жатырмыз?». Рақымжан Отарбаевтың театры – меланхолия, дәрменсіздік театры емес. Жалаң айыптау да емес. Ойға шақыратын, өзіңе өзіңнің көзіңді ашатын театр. “Театр да біздің бүгінгі шындығымыз сияқты ірі болатын күн туды” депті бірде К.Марджанишвили кеңестер одағының идеологиясына иланып кетіп. Расында, әр заманға өз театры керек. Фестивальден кейін, қазір бізге Рақымжан Отарбаев театры керек екенін түсініп қайттық. Өйткені Р.Отарбаев – қазақты, қазақтың бар проблемасын өзімен бірге алып жүретін қаламгер. Не жазса да, не айтса да жанды жеріңнен тырнайды, ұлттық тақырыпты адамзаттық деңгейдегі суреткерлікпен жеткізеді. Фестивальдің арқасында Отарбаев драматургиясының бүкіл қуатын сезіндік. Ойы мен сойы бөлек сергек қаламгер бүгінгі ұлт әдебиетінің ғана емес, театрының да бағы екен.
Әсия Бағдәулетқызы
Бөлісу: