Ақсұңқар Ақынбаба: Алматыда қыс болмайды ешқашан...

Бөлісу:

24.11.2015 3460



Ұқтым.

Өмір-

Күшті екенін өлімнен,

Қоғам менен күшті екенін және де.

Мен ол кезде,

Жеңу үшін жеңілгем,

Қарғалар жоқ,

Ақсұңқар бар -

Өнерде.

 

 

Сүйдім:

Менен

Күшті екенін мойындап,

Қайта безіп кетерімді уайымдап.

Махаббатта

Ұят,

Обал бар- жоғын,

Айтып қайтем,

Қонбаса егер ауыр Бақ.

 

 


Айттым:

Өтер-

Жолдың Ұлы екенін,

Өлеңдерім-

Тәңір Нұры екенін.

Бәсі төмен

Бір ақынды азайтып,

Бәсі биік

Бір ақынға көбейтіп,

Тәңір құлы

Дүниеден Өтерін...

 

 

***


Куә болдық кезеңге

Жалын кешіп, жай атқан,

Сау жерім жоқ денемде,

Күш сұраймын аяқтан.

 

 

Шындық жатыр еденде,

Өлімші боп таяқтан,

Міржақып жоқ өлеңде,

Рух та жоқ оятқан.

 

 

Қаңғып қалған арманнан,

Қалды ма із басатын?

Жүрек жолын қар басқан,

Кім бар келіп, ашатын?

                                             2010 жыл

 

 

***

 

 

Менің халқым,

Бүтін әрі  дін аман,

Рухы мықты майыспайтын бұл елдің,

Сүйектерін жинап алып жырадан,

Түрегелген  от қанатты Ту едім.

 

 

Арқалаған  Қаным менен Жасымды,

Жарлықтар мен қорлықтардың  сүйегін,

Сүйреп шығып  кеткен өткен  ғасырдың,

Қиянатын жер астына жасырдым.

 

 

Ұланы бар қыл арқанды шешетін,

Ұраны бар,

Мәңгілікке көшетін,

Менің халқым-

Феникстің сыңары,

Өшкен сайын өсетін!

 

 

 ***

 

 

 

     ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢБЫРЫ

 

 

Жаңбыр мен Мен...

Және жылы желтоқсан.

Жаңбырлатып,

Бебеулетті,

Жерді  Аспан.

Қыс та,

Күз де,

Көктемі де бәрібір,

Алматыда қыс болмайды ешқашан.

 

 

Жып- жылысың,

Суымайсың әлемнен,

Сұп-суықпын,

Жылынамын Өлеңмен.

Аппақ құсша,

Қар ішінде қалбақтап,

Тауды аңсап,

Қарша ұшып келем мен.

 

 

Таудан да өттім,

Даудан да өттім, өтемін,  

Алматыдан

Қазір ұшып кетемін.

Құс баласы-

Жерде  туып,

Тауда өлер,

Қар баласы

Көкте туып,

Жерде өлер!

 

 

***

 

 

Түсін Мені:

Өзін –өзі түсінбей,

Өзгелерді түсінетін өзіндей...

Шеш жұмбағын,

Жүрегімнің?

Жанымның?

Ағыт?

Тулат?

Қыздыр?

Түсін Қанымның!

 

 

Сағын Мені:

Жаратылған арманнан,

Шырақ ұстап,

Шын сағынсаң оралам.

Ізде Мені:

Ғайып Құсты күткендей,

Көк аспанға телміргендей,

Сонардан...

 

 

Есті мені:

Естігендей Шеріңді,

Өлеңдеткен

Көше толы көп үнді.

Көргендей боп,

Мен кешірген қиямет:

Өмір менен Өлімді.

 

 

Ұқса маған,

Тірілтетін өңіңді.

Сіңір мені қандырғандай шөліңді,

Жау ұрғандай,

Жау қырғандай содан соң,

Оқы мені:

Ғасырымды,

Елімді!

 

***

     

    

  САУАЛ

 

 

Иесі Кім?

Мендегі ит-өмірдің,

Тәңірісі ұмыт қылса осылай.

Тағдырыма егемін бе,

Өзімнің?

Досы-былай...

Көбейетін қасы ұдай.

 

 

Көремісің,

Көлдей жасын Көзімнің?

Көрмеймісің,

Шығар  жанын төзімнің.

...Өмірімді

Оңдырмасаң басқарып,

Беремісің  билігіме

Өзімнің?! 

 

 

***

 

      

 ҚАР  ЖЫРЫ

 

 

                   I

 

Қатал қыстың ішінде,

Құтқаруға келетін,

Қар жауады түсімде,

Ықтап қара жер өтін.

 

 

Түсімдегі аппақ қар,

Оятқанда таңменен,

Мұз боп қатқан соқпақтар,

Еріп жатты қарменен.

 

 

Аппақ дала...ауасы,

Хас сұлудың деміндей,

Көк пен Жердің арасы, 

Ақ құстардан  көрінбей.

 

 

Ыстық жасым түсті ыршып,

Суық қардың жүзіне,

Алақанға түсті шық,

Қарға түскен  ізіме...

 

 

Сенің де бар қанатың,

Қар қызы едің  арманды.

Менің де бар қанатым,

Тау қызы едім арманды...

 

 

Ұшайықшы екеуміз,

Қос  аппақ құс қосылып,

Аппақ әлем екенбіз,

Қар боп жауған қос үміт. 

 

 

 

              II

 

Сені іздесем жаз болып,

Қар боп кеттім демеші...

Қаңқылдасам қаз болып,

Саз боп кеттім демеші...

 

 

Қар ішінен өр бейнең,

Еміс-еміс шалынып,

Кеудесі ашық жейдеңмен,

Көрінесің қамығып.

 

 

Қардан тоңып,

Деміңмен,

Жылынғанмын аралда .

Қарлы таудан енді  мен,

Іздеп шықсам табам ба?

 

 

Мұзтау жақта  сел кешіп,

Жүрсің бе  қар ақтарып?

Барайын ба, жел кешіп,

Келейін бе от алып?

     

 

            III

 

 

Тағдырымның зәбірің,

Атау кере атайын,

Қар жамылып қабірім,

Гүлге оранып жатайын.

 

 

Күнге созған қолыма,

Аққан жұлдыз жолықты,

Өткінші өмір соңына,

Жетер кезім болыпты.

 

 

Қорғасыны наланың,

Құйылыпты қаныма,

Мен аттанып барамын,

Келе алмайтын жағыма.

 

 

Биік едім тым еркін,

Биіктеймін тағы да.

Көкті жаулап ұлы өртім,

Сіңіп барам жалғанға.

 

 

Ақша қардың өртінде,

Ақ даланың өтінде,

Ғайып - Бейне көк тіле,

Биіктей ұшып кетті де...

                  

         2011 жыл.

 

***

 

 

Қақ маңдайда тағдыр тұр,

Қаша алмаймын.

От ауызда тығын тұр.

Аша алмаймын!

 

 

Қызыл тілдер тынымсыз.

Өңешімен

Жұлсам да алып,

Өсегін баса алмаймын!

 

 

Айнала Тас.

Айнала От.

Жасын.

Нөпір.

Айта алмаймын.

Қосқұлақ қасымда отыр.

 

 

Енді қайда қашасың?

Қара алдыңа!

Алдыңда тұр

Қалшиып  ғасыр көпір!

 

 

***

 

 

Жәукемделген жүректің сүйреуімен,

Шығып келем өртеніп, күйген үйден.

Оның аты қайғы емес, бұдан кейін,

Себебі оны сезбейтін күйдемін мен.

 

 

Ер дегенім тоты екен, тоқым екен,

Түннің көзі түспеді, соқыр екен,

Қаңғып ұшқан қаңбақтар қағып алып,

Жалғыз қалдым. Солармен отыр көкем.

 

 

Толағаймын демеймін, тау көтердім,

Құдай сенің ойыңда бар ма екенмін?

Сен қандайсың, білмеймін,

Мен өзімнің,

Өмірімнің білмеп ем даулы екенін...

 

                                                   2013 жыл

 

***

 

 

Сен- тірліктің

Орамынан тұратын,

Бүгініңді айттың,

Кілкіп қабағың.

 

 

Мен -

Кешегі 

От пен Мұздан тұратын,

Басып өткен жолдарыма қарадым.

 

 

Сен құр қалған

Бір қызық жоқ дүниеде,

Тоймас едің,

Тағы сондай өмірге.

 

 

Мен құр қалған

Тауқымет  жоқ дүниеде,

Безіп кеткем баяғыда бәрінен.

 

 

Сен мықтысың.

Жолатпадың жаныңа,

Енді менің жолай гөрме маңыма?

 

 

Мен Арманмын!

Өткенге де, бүгінге,

Күллі дүние

Шырқырайды үнімде.

 

 

***

 

 

Асқынып азап, басынған,

Дертімді азайт бауырым,

Соққымен өткен жасымнан,

Тағдырдың кештім ауырын.

 

 

Шарқ ұрған шақта шартарап,

Шақырғам сонда бәріңді,

Жанымды қырық жаңқалап,

Таптағандарың не бауымды?

 

 

Естеріңе де алмағын,

Тоғайтар болса сол егер,

Шақырмасаң да барамын,

Қажеті болса тек егер.

 

 

Қайтадан от ап келем мен,

Кенеттен сөнсе алауым,

Өзімнің емес өлең мен,

Тағдырдың кештім қалауын...

 

                                       2014 жыл

 

***

 

 

Жоғалғам жоқ,

Жоғалтқанмын өзімді,

Күте-күте  таңға  қарай көз ілдім.

Күллі әлемді сүйемін деп, ақыры,

Күллі әлеммен жау боп алды сезімім...

 

 

Менен емес,

Тағдырымнан сұрашы,

Қашып шыққан,

Тауқыметтен, уайымнан.

Ешкім менен айырылған жоқ,

Расы,                                                                    

Мен-

Өзімнен айырылғам...

 

 

Мен дегенде...төпеле қар, тоқтама,

Мен өлгенде жалған жылап жоқтама,

Тырыссам да, мен барлығын сақтауға,

Ешкім мені тырыспады сақтауға.

 

                                                   2014 жыл

 

 

***

 

            ЖЕЛТОҚСАНДА...

 

Желтоқсанда жанып кеткен жалынбыз,

Желтоқсанда жауып өткен жауынбыз.

Үшжүзжылдық бодандықтың бөгетін,

Астаң-кестең бұзып кеткен дауылмыз.

 

 

Азаттықты Тәңір тұтып жанымыз,

Азаттықтың туын сүйіп әніміз, 

Иілместен өліп кеткен өкпекте,

Және өлмей тірі қалған  арыңбыз!

 

 

Ғасыр жыры нақақ аққан  қанымыз,

Ғасыр уы майып қылған тағдырмыз,

Көртүнекті көрмеу үшін жарықта,

Көрге  сіңіп кеткен мәңгі сағымбыз.

 

 

...Желтоқсанда жанып кеткен жалынбыз.

Желтоқсанда жауып өткен жауынбыз.

 

 

***

 

 

Жаңбыр иісі...

Қосылмаған

Жар иісі...

Айтылмаған қамаудағы  ар ісі.

Жаума жаңбыр,

Еске салып,

Жоқтығын,

Қорғайтұғын  арысым.

 

 

Сен соңғы рет жауған күні,

Жуғанмын,

Тауқыметімді.

Тағдырымды  туғанмын.

Мен сол түні,

Өз көзіммен көргенмін,

Бүкіл әлем,

Тұтас жылап тұрғанын!

 

 

Жаума Жаңбыр!

Өтінемін,

Күл, Аспан?

Жүрегімде бос орын жоқ

Қайғыға,

Жеткілікті...

Жетер енді...жетеді!

Сақта мені Ұлы Аспан?!

 

 

***

     

 

 

          МЕНІ ҰМЫТҚАН...

 

 

Мені ұмытқан:

Тау да, көл де, тастар да,

Жақыным да, басқаң да,

Бәлкім менсіз жақсы екенін түсініп,

Сол үшін де алғыс айтқан

Аспанға!

 

 

Мені ұмытқан:

Ұмытуға болмайтын,

Жоғалса да бар орыны толмайтын.

Бір ғасырдың жатталмайтын жадына,

Санасына сыймайтұғын жолы айқын.

 

 

Мені ұмытқан:

Махаббат та,

Мастық та,

Мәңгі тұрып,

Қалатындай жастық та,

Қызғаныш пен үрейінің өшін ап,

Шаршаған соң

Тыным тапқан қастық та.

 

 

Мені ұмытқан:

Ұмыта алмай,

Аңсаған,

Аңсауынан ода-бода шаршаған,

Кім болса да,

Жолай алмай маңыма,

Қалатынын ұққаннан соң,

Жусаған.

 

 

Мені ұмытқан:

Ұмытыла салмайтын,

Қайта оралып, аспанына шарлайтын,

Өзге ғасыр еске алатын ұмытпай,

Өз ғасыры есіне де алмайтын.

 

 

Ұмытылу қандай ғажап, көнбейсің,

Жауларыңа ажал болып төнбейсің.

Мазасын ап соқпайтұғын  желдейсің,

Үрейін ап сілкімейтін селдейсің,

Өмірлер мен өлімдерді бір өзі,

Арқалап ап үнсіз жатқан жердейсің,

Сенің де ешкім  тынышыңды алмайды,

Шеңгеліңе  қанжарларын салмайды,

Қайта оралып келтірмеуге күш салып,

Тойын жасап, рюмкелерін арнайды.

Бірақ, сендер кешкен жалған өмірден,

Мұндай бақтың биіктігін бәрінен,

Кешпеген соң сенбейсің!

 

 

                                   2015 жыл

 

***

 

 

Үнсіздік!

Айналамда  тілсіз жұрт,

Тау-түйелер шөгіп жатқан іңірде,

Қызыл ізін бара жатыр күн сызып,

Көз жасыма тұншығып.

 

 

Үнсіздік!

Мен Таумын:

Жақпар-жақпар құздарым,

Қара жердің наласындай  жиналған,

Қасіреттің салмағына шыдамай,

Тас-талқан боп қирағам.

 

                                         2015 жыл

 

***

 

 

Тас мүсінмін,

Қозғалта алмас дауылың,

Қажай алмас жалаңдаған жауының.

Мүсінмін мен талақ етіп тірлікті,

Үнсіз тұрған арқаланып тау мұңын.

 

 

Күн нұры да жылытпайтын

Бойымнан,

Табылмайды аман жері сойылдан.

Маңайымды  ашыққандар паналап,

Жоламайды боқтығына тойынған.

 

 

Өлмей жатып балшығында қатырған,

Тағдырыма жағынбан да, аһ ұрман.

Мен осылай тұра берем қалшиып,

Мен осындай бостандыққа шақырам.

 

 

Мейлі, елеме,

Есіркеме,

Көтерме,

Көкек  байғұс,

Көкке өлсе де, жетер ме?

Тас  мүсінге тас тимейді қарағым,

Тек өзіңді шаршатпасын бекерге.

 

 

Тарих талай таптағанмен біздейді,

Шындық менің үмітімді үзбейді,

Мүсінмін ғой,

Мүсінге оқ атпайды,

Табынады,

Сағынады...

Іздейді...

 

                         2003 жыл.

 

 

***

 

 

Қызыл оттың құрсауында шайқалып,

Күйіп кеттім.Ұлы жер!

Топырағында тәнің жатар жай тауып,

Алыс бізден  жылы көр.

 

 

Лағнат артқан махаббатты арқалап,

Өттің жастық.Разымын.

Қызыл көздер оң-солымнан анталап,

Шектім қастық.Жазығым.

 

 

Мен өзімді танымаппын.Таппаппын.

Кешір мені жат адам.

Сен биік ең!

Мен ханша едім!

Аппақ гүл!

Бізді қалай таптаған?

 

                       2007 жыл

 

***

 

 

Түннен  жарық  дәл осылай іздейтін,

Менің сені іздегенім секілді.

Көктен жаңбыр сіркірейтін осылай,

Сағыныштан менің  төккен жасымдай.

 

 

Дауыл өстіп  үретұғын егесіп,

Менің иттей жаутаңдаған кезімдей,

Жүрек өзін жұлып жейтін дәл өстіп,

Тұрағы жоқ кезбедей,

Қаңғып кеткен сезімдей.

 

 

Содан бері өмір өстіп сөйлейтін,

Жоқ пен бардың ортасында сенделіп,

Мен тек сонда оралар ем, өмірге.

Құтқарған күн сен келіп.

 

                                                   2006 жыл.

 

***

 

 

Қыдыр ата!

Қыдырып кел үйіме,

Тәжім етіп қарсы аламын иіле,

Шелпегімнен дәм ауыз ти,

Тәп-тәтті,

Жақұт шашып,

Жаутаңдаған күйіме.

 

 

Аппақ-аппақ

Аятымды арнаймын,

Ғарыш  жаққа

Сәлемімді  жолдаймын:

Кенелсін деп бақыт пенен байлыққа,

Үйім менің,

Ағайыным, аймағым!

 

 

Күтем сені

Кірпік қақпай түнімен,

Құран нұрын

Көргем күннің түрінен,

Кел маған да,

Қыдыр ата!

Кел қазір,

Бақытыммен

Кездесейін бүгін мен.

 

 

Жапандағы жалғыз үйде,

Суықта,

Қалған қызбын,

...Кел, маған да,

Есіңе ап,

Қыдыр Ата-ау!

Ұмытпа!

 

 

***

 

 

Бар азаптан құтылатын сындымын,

Мына түннен құтылсам.

Таңмен бірге  таңғажайып Ұлы күн,

Оятардай құдды бір.

 

 

Таңмен бірге бұл түннен,

Құтылатын сындымын,

Құтылмасам біржола.

Жұтылатын сындымын...

 

 

***

 

 

Кеше ғана өле сүйген өмірім,

Бүгін сенен азар-безер жерідім,

Менен бе, әлде, өздерінен ұятты,

Адам біткен қашып жүрген сияқты.

 

 

Жылымайтын беті қалың тас қала,

Пана таппай  Атажұрттан, масқара,

Қаңғып қалған қалың елдің ішінде,

Мына өмірім, өңім бе осы,

Түсім бе?

 

 

Тұман дала, бұлт астынан көшкім кеп,

Көзімді ашсам айналамда ешкім жоқ.

Атып тұрып айқай салғым кеп еді,

«Жаныңдамын!»-деді

Жалғыз өлеңім!

 

                                              2010 жыл.

 

***

 

 

Ұлы көктің беретін ашып көзін,

Ұлы кектің келеді қайтар кезі.

Оған дейін шыда көк,

Шыда жерім,

Бұдан өткен күнде де шыдап едің,

Сынар болсам сол кезде-ақ сынар едім.

Шыда жүрек,

Шыда жан,

Шыда өмір!

 

 

***

 

 

Бұзып-жарып

Келе жатқан тұманды,

Кеш ішінен

Қарауытқан сұлбаңды.

Көрем

Жүрек көзіменен. Сеземін,

Сеземін де,

Өткен күнді кеземін.

 

 

Арпалысып

Асау ағын, айтыспен,

Жағаласып

Жасын атқан жай күшпен,

Жанталасып,

Аласұрып,

Аһ ұрған,

Сенің қайғың,

Ұлт қайғысы,

Батыр Ән!

 

 

Өткен күнге

Түсіп кетсем, сені іздеп,

Көшкен,

Көшіп аңыраған Елді іздеп,

Боз мұнардан

Боздап жеткен

Тозғынның,

Арасынан Әкелейді Боз мұңым!

 

 

***

 

 

Шіркін, Алтай,

Соры қалың, Бақ мекен,

Кімдер бізше

Жер азабын тартты екен?

Өлісіне өмірден де тым жақын,

Тірісіне

Өлімнен де  жат мекен!

 

 

Дұшпандарым қарғағанмен қаңғыр деп,

Сағыныштың сары отында жанғыр деп,

Ешкім және ешқашанда  бетпе-бет,

Айта алмайды бізді бөлек тағдыр деп!

 

 

Біле ме екен сендегі аспан көкпеңбек?

Ешбір соққы мені айналып өткен жоқ!

Тек алыстан сырласқаным болмаса,

Құшып тұрып бір сырымды шерткем жоқ.

 

 

Сен көнгенмен,

Мен көнгем жоқ келемін,

Топырағыңа асқақ рух боп енемін.

Енемін де,

Қайта оянып,

Тірлікте

Үлгермеген

Қызығымды көремін.

 

 

Көз жасымен қоса төккен

Жыр- әнін,

Өр Аруға

Өр Алтайын сыйла, Күн?

Кездескенше келесі өмір, 

Сапында,

...Хош, Кәрі Алтай,

Маңдайыңа сыймадым!                  

 

                                   2003 жыл

 

***

 

 

Үшөзеннің тұсынан,

Өте алмаймын енді мен,

Қосөзеннің құсына,

Жете алмаймын енді мен.

 

 

Алтын бұлақ,

Жауынды,

Жолай алып келсең-ші?!

Қандай күйге жанымды-

Салғандарын көрсең-ші?!

 

 

Арғымақ ат ойнатқан,

Жезден қылыш асынған,

Арысым жоқ, қорғайтын,

Жауларымнан басынған.

 

 

Қандала ғып сойды әбден, 

Залымдардың  жебесі,

Қыз жасыма тойды әбден,

Жеткен жері  өресі.

 

 

Ұлы өзен-ау,

Өртімді,-

Тиямысың жасымды?!

Көрейінші көркіңді,

Естиінші даусыңды?!

 

 

...Үшөзеннің тұсынан,

Өте алмаймын енді мен,

Қосөзеннің құсына,

Жете алмаймын енді мен.

 

                                       2010 жыл

 

***

 

 

... Жыр  иектеп,

Алып долы мұң өшін,

Менен кімді жасағанын білесің.

Өз өмірім, өз еркім жоқ қолымда,

Тартам сонда қайда тартса күресім.

 

 

Мені артқан алып қанат көш кеме,

Қалай жүзсе, солай жүзем сестене.

Мен өзімнің өмірімді сүргем жоқ,

Өзім үшін жасағам жоқ ештеңе!

 

 

Зілбұт ғасыр арқан тартып алдымнан,

Ал, артыма бұрылтпады шегара,

Ортасында орын таппай қаңғырған,

Титтей құстың тағдыры екем сабылған.

 

 

Ақындардың бітпей қалған жазасын,

Сарқып ішу үшін ыза-азасын,

Өші кеткен әлдекімде тарихтың,

Келгендеймін өтеу үшін жазасын.

 

 

Жүрегімнің түбін терең қопарып,

Тұрып алған тамағыма тақалып,

Мініп алған мойыныма қоғамды,

Жұтардаймын, құсардаймын қақалып.

 

                                                     2013 жыл

 

***

 

Мен тойғанмын.

Көзімді жұмып ап,

Құлақты тығындап,

Тауларға жай түскен  кешінде,

Жоғалып  кеткенмін көшкінде.

Бәріне.

Бәріңе рахмет!

Тәңірім ғафу ет!

Мен сондаймын!

 

 

***

 

 

 АХМАТОВАДАН ЕКІ ӨЛЕҢ

           

           I

 

Бұл ғасырдың бұрынғыдан несі кем?

Өртеңіне мұң мен үрей жасырған,

Жанасқанмен оның қаралы есіне,

Дауа бола алмаған соң расында.

 

 

Күн батыста жанады  әлі алаулап, 

Шатырлары шағылысып қаланың,

Мұнда үйлерді  крестімен таңбалап,

Қарға ұшады  Ұран етіп қарғаны.

 

***

 

                     II

Арқалаттың 

Өміріме балауса,

Қаншама азап

Төсеп қойған жолына.

Арып-ашқан

Сезімімді қалайша,

Алып барам

Байлығыңның алдына?

 

 

Даңқ жайлы

Тағдыр әнін салады,

Жарамсақ үн,

Тым ұзақ.

О, Тәңірім,

Қарау құлың  налалы,

Қуанбаймын күн ұзақ.

 

 

Жұмаққа да,

Тозаққа да безенген,

Гүл де, күл де

Алып  кіре алмаймын,

Алаңдаймын әр нәрсеге кез-келген,

Барлығына қиын менен оңайдың! 

 

 

***

 

    

       ӨЛЕҢГЕ

 

 

Кешір, Өлең! Күн-Дидар! Келісті Өлең!

Құт өргізген өңірі өрісті Өлең!

Арпалысты,

Даңқты,

Тауқыметті,

Өмір бердің сен маған шер түстенген.

 

 

Жалғыз едім, көбейдім, санатқа өттім.

Жүректерге, көздерге тарап кеттім,

Жаңбыр едім, көр иіскеп, жерге сіңдім, 

Жақын едім, алыстап аулақ кеттім.

 

 

Әл-күшімді сен алдың, мұратымды,

Талқың менен тәлкегің бойымды алды.

Жолдар қалды сорып ап қуатымды,

Тойланбаған торқалы тойым қалды.

 

 

Арман  бердің түсетін алшысынан!

Рух бердің төбеден жай түсірер...

Жан жазасын тартатын тартыс-мұңнан,

Тағдыр бердің  тәркісі-тәйкісінен.

 

 

***

     

       

    ӘКЕМЕ

 

Саған бұйырмаған,

Сенен қиыр қалған,

Даңқ пен   азапқа  толы,

Бақыт  пен ғажапқа толы,

Маған бұйырған ән:

Жанымды-

Жалынға салды,

Қанымды  жауынға салды. 

 

Болмаған қорғаның үшін,

Өртенген орманың үшін,

Өлтірген ит өліммен,

Құдайсыз қоғамың үшін;

 

 

Сені жолатпаған,

Сені сорлатқан ән,

Зарың,

Обалың үшін,

Биіктен қонақ табам!

Әке!!!

 

 

***

 

 

Күнмен күліп,

Түнмен тынып табыстым,

Қоғам дерті бізге ерекше сіңімді,

Күнәсі ірі алыптармен алыстым,

Кешіріңдер,

Ұсақ-түйек мінімді.

 

 

Өткергенім

Өткелі көп сең  көшкін,

Өкпеден мың

Сан жұдырық түйілді,

Қорғаны зор

Дауыстармен шендестім,

Кешіріңдер,

Тым қорғансыз күйімді.

 

 

Жиналады

Тасқорғандай құзға мұң,

Тасқорғанға бала менің салтымды.

Бедірейген,

Қабырғалар бұзғаным,

Кешіріңдер

Бұзылмаған    қалпымды.

 

                               2003 жыл

 

***

 

 

Жаңа әлемнің

Жарығы боп  тіл қатқан:

Мен  бар жерде,

Махаббат бар,

Арман бар.

Көзі түсіп

Тәңір өзі ұнатқан,

Ақын  бар да,

Пайғамбар бар,

Алла бар...

 

 

Көктен түскен Төрт кітаптың

Бәрі Өлең,

Құдай сөзі –жүрек сөзі  болатын.  

Ұлы сөзді  жалғау  үшін,

Жырменен,

Әрбір Ғасыр

Өз ақынын туатын.

 

 

Ақын үшін

Жалын болмас күймейтін,

Сөйлейтұғын

Дәру болып,

Дәуір боп,

Ғасыр болса,

Ақынға бас имейтін,

Ол ғасырға сол тарихтан орын  жоқ.

 

 

...Сол ақынды қорға Баба,

Сақта Алла?!

Сақтау  үшін,

Жүректі осы  әлемде.

Тарих мәңгі қалу үшін  тақтада,

Өмір тоқтап қалмау үшін және де!

 

***

Бөлісу:

Көп оқылғандар