Сәбит Мұқанов: Абай Құнанбаев

Бөлісу:

08.08.2015 6624
Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, классик ақын Абай бұрынғы Қарқаралы дуанына қарасты Шыңғыс тауының бауырында туған. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы маңайындағы қазақ ауылдары байлары мен билерінің ішіндегі азулыларының бірі болады. Білетін адамдардың, әсіресе, он тоғызыншы ғасырдың алғашқы жартысында Батыс Сібірге саяси қылмысты ретінде жер ауып келіп, Құнанбаймен таныс, істес болған поляк офицері А. Янушкевичтің сипаттауына қарағанда, Құнанбай өз ортасының ақылды да білгір, тапқыр да шешен адамы болған. Сондықтан да патша үкіметі оны бір сайлауда Қарқаралы дуанының аға сұлтандығына бекіткен.
Абай Құнанбайдың үшінші әйелі Ұлжаннан туады. Ол Қаракесек руының шешендікпен, мысқылшылдықпен атағы шыққан Шаншар тобының қызы екен. Ұлжаннан Тәкежан (Тәңірберді), Абай (Ибраһим), Ысқақ, Оспандеген төрт ұл туады. Абайдың бір өлеңінде «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ» деуі сондықтан.
Абайдың азан шақырып қойған аты — Ибраһим. Кейін шешесі еркелетіп «Абай» деп кеткен. Қазақта «абай» — «сақ», «көреген» мағынасында қолданылатын сөз. Шешесінің де, халықтың да Абай деп атауы сондықтан болуы ықтимал. Біраз жұрт Абайды Құнанбайдың Ыбрайы деп те атаған.
Құнанбай діншіл адам болған. Ол сол кезге дейін көшпелі қазақ ауылдарының арасына біртіндеп тарап келген мұсылман дінінің ықпалын күшейтуге тырысқан, намаз оқитын, ораза тұтқызу, дәулетті адамдарға зекет төлету сияқты дін шарттарын өзіне бағыныштыларға күшпен та- ратпақ болған. Осы мақсатпен Орта Азияның діндар қожаларын, татар молдаларын қарамағындағы ауылдарға таратып, олардың балаларын міндетті түрде мұсылманша оқыттырады. Сондай қожа-молдаларды өз аулында да ұстап, өз балаларын, олардың ішінде Абайды Ғабитхан есімді татар молдасына сабаққа берген.
Молдадан үш-төрт жыл оқыған Абайдың сабаққа зиректігі байқалған соң, әкесі Семей қаласындағы мұсылман имамы Ахмет Ризаның медресесіне апарып оқуға орналастырады. Ол — «мүтәкәллимин» аталатын дін сабақтарына тарих, поэзия, математика, философия, дүниелік білім салаларын қоса оқытуды қажет деп тапқан ағымның өкілі болады. Соның медресесінде төрт жыл оқыған Абай мұсылмандық шығыстағы араб, иран және Орта Азия әдебиеті классиктерінің шығармаларымен танысып, соларға еліктеп қысқаша өлеңдер жаза бастайды.
Бірақ, Семейде Абай ұзақ бола алмайды. Оған әкімшілік жұмысынан қол үзуге айналған және тек дінмен ғана шұғылданып, Мекеге қажылыққа баруға жиналған Құнанбай себеп болады. Ол ел басқару істерінде өзінің орнын басады, деп дәмеленген Абайды оқудан шығарып, қасына алады. Бұл Абайдың он үш жастағы кезі болса керек. Сол жасынан ел басқару ісіне араласқан Абай қазақ елінің білгірлері, шешендері, ақындары, жыршылары, ертегішілері, тақпақшылары, күлдіргілері, әнші-күйшілері сияқты өнер иелеріменжиі кездесіп, қазақ халқының рухани мәдениет жүйелерімен жақсы танысады. Өзі де билер үлгісінде шешен сөйлей бастайды. Сөздері ұтымды, билік шешімдері тұжырымды болады.
Абай шығармалары үш түрлі бағытта өрбиді: өзі шығарған төл өлеңдер, ғақлия (нақыл сөздер) аталатын прозалар және өзге тілдерден, әсіресе орыс тілінен аударған өлеңдері.
Барлығы қырық бес «сөз», үш-төрт мақададан құрала тын прозалық шығармаларында Абай тарих, қоғам, шаруа, дін, мәдениет туралы өз пікірлерін айтып, өз ұғымын білдіреді. Бірталай нақыл сөздердің сарыны кейбір өлеңдерінің мазмұнымен астарласады, бірақ прозалық шығармаларында ол өлеңдеріндегідей көркемдік дәрежеге көтеріле алмайды, ғибрат айтушы, ақылгөй адамдар дәрежесінде қалып қояды.
Жазу жұмысына жиырма жылдай шұқшия отырған Абайдың басына 1891 жылдан бастап біріне-бірі ұласқан бірнеше қайғы түседі: сол жылы жақсы көретін інісі Оспан өледі. Бұл қазаны қалай қайғыруы Оспанға арналған өлеңдерінен байқалады. Осы қазаның күйігі басыла берген шақта, 1895 жылы орысша әскери жоғары білімі бар, армияда офицерлік қызметте жүрген баласы Әбдірахман (Әбіш) өледі. Бұл баласын жаңаның алдына өзін ескінің артына санаған Абай оған тіпті егіле қайғырғаны осытақырыптағы көптеген өлеңдерінен байқалады. «Заман, неткен тар едің, сол қалқамды қоймаған» деген өлеңді осы кезде жазады. Әбдірахманның өліміне көптеген өлеңдерарнайды.
Екі ауыр қазаны әрең көтеріп жүрген кезінде 1904 жы- лы қатарынан екі қазаға және ұшырайды. Сол жылдың көктемінде орысша білім алып, офицерлік қызметте жүрген баласы — Мағауия (Мағаш) опат болады. Ол «Медғат — Қасым» деген көрнекті поэма жазған. Мағауиядан қырық күн кейін, Абайдың тұңғыш ұлы, «Дағыстан» және «Зұлыс» атты поэмалар жазған Ақылбай қайтыс болады. Екі ауыр қазаны көтере алмаған Абай Ақылбайдан қырық күннен кейін, өзі дүние салады. Абайдың бейіті Шыңғыстаудың ығындағы Жидебай аталатын мекенде, інісі Оспанның қасына жерленді. Ол арада қазір совет дәуірінде орнатылған күмбез мавзолей бар. Өлең жазуға бала жасынан әуестенгенімен және алғашқы өлеңдерінен-ақ ақындық ұшқыны шашырағанымен бірыңғай жазу жұмысымен Абай жасы қырыққа жеткен кезде ғана шұғылданады. Өйтуіне өмір тәжірибесінің молаюы және көркем әдебиетке деген кез қарасының тұрақталуы себеп болады.
Ел басқару ісіне жасөспірім кезінен араласқан Абай туған халқының тұрмысындағы сәулелі және көлеңкелі жақтарын түгел көріп, оның өмірін жан-жақты таниды. Халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсірмек болғанымен, бұл талабынан нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы, деп ойлаған істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен жеткізбек болады. Осындай ниетпен жазуға кірісерде шығарманың қандай түрі халыққа түсінікті болуын қарастырады.
Абайға дейінгі қазақ әдебиетінің ең күшті жанрлары шешендік сөз бен өлең-жыр болатын. Ескі өлең-жырлар Абайды қанағаттандырмайды. Ол «ескі бише отырман бос мақалдап, ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап» деп, ескі өлеңді місе тұтпайды.
«Ескі бише бос мақалдап» деген сөзді Абай босқа айтпаған. Патриархалды ауылдың көне заманнан Абайға дейінгі дау істерін билер шешіп келген. Олар өзара шешендік салыстырып, қай бидің сөзі ұтымды болса, істің ақ-қарасына қарамастан, сол жеңіп отырған. Қазақтың «істің ағы білмейді, жігіттің бағы біледі» деген мақалы сондықтан шыққан. «Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап» деуі қазақтың ауызша өлең шығаратын ақындарының көбі кедей болып, өлеңдерін күн көрістің құралына қолданған, тыңдаушыларынан, әсіресе байлардан ақы тілейтін болған. Сондықтан да Абай оларды «Жат елде қайыршылық қылып жүріп, өз елін бай деп мақтап құдай қарғап» деп сөккен. Абайға дейінгі қазақтың байлары немесе атақтылары «руымыздан ақын бақсы шыққан жоқ» деп мақтанатын болған. Ақындықты кедейлердің күн көріс құралына санаған. Сондықтан Абай оларды менсінбей «ақындары ақылсыз надан келіп көр-жерді өлең қылған жоқтан қармап» деген. Халықтық фольклордан жекеленіп дара ақындар шыға бастаған кезде Абай оларды да менсінбей, «Шортанбай, Дулат пенен Бұхар жырау, Өлеңі бірі жамау, бірі құрау» деген. Халық жырларының эпикалық түрлерін айтатын жырауларды да ұнатпай, Абай: «Батырды айтсам ел шауып алған талап, қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап, әншейін күн өткізбек әңгіме үшін, тыңдар едің бір сөзін мыңға балап» деп «наданға» санайтын қазақ қауымына ұрысқан.
Абай мақалдар мен мәтелдерді өте ұнатқаны байқалады Бұларды Абай өз өлеңдерінің жолдарына ретін тауып қосып отырған. Мысалы, «аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп» деген мақалды Абай өлеңіне «берерменге бесеу көп, аларманға аз алтау» деген түрде қосып жіберген. Мұндай мысалдарды Абай шығармаларынан көптеп табуға болады.
Абайдың ислам діні тараған шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы таныстығы мәлім. Алғашқы бірер өлеңінде Абай бұл әдебиеттің классиктерін пір тұтып, оларға сиынады да. «Иузи — раушан, көзі — гауһар, «Әлифби» тағы бірнеше қысқа өлеңдерін солардың үлгісінде жазады. Кейін «Масғұт» және «Ескендір» дейтін екі шығыс хикаясын өлеңге айналдырады.
Ислам дініне шын көңілімен сенген Абай өзінің тәңірі тану жайындағы философиялық көзқарасын өлеңге де айналдырған. Алайда, ислам ақындарының дінді жырлайтын «мүнәжат» аталатын шығармалары үлгісінде ештеңе жазбаған. Абай ислам Шығысының поэзиясын өзіне үлгі көрмеген.
Абайдың жазу жұмысында үлгі көрері де, сүйенері де он тоғызыншы ғасырдағы орыс әдебиеті. Ахмет Ризаның Семейдегі медресесінен кетер алдында Абай мұғалім жалдап екі айдай орысша оқыған, осы тілде аздап жаза және сөйлей білген. Еліне қайтқаннан кейін де Семеймен қатынасын үзбей, ондағы орыстардан достар тауып, әсіресе, саяси қылмыспен жер ауып жүрген орыс оқымыстылары Долгополов және Михаэльспен танысып, орысша білімін тереңдете түсуге жәрдем алған. Бұл жөнінде Абайға ерекше жәрдем берген адам өзінің туған інісі Халиолла (Халел) Өскенбаев. Ол орысша бастауыш білімді Семейде алған. Кейін Омбыдағы кадет корпусын, Петербургта Михайлов атындағы артиллерия училищесін бітірген, орысша білім алған кісі екен. Замандастарының, әсіресе Г. Потаниннің сипаттауынша Халел әскери біліммен қатар көркем әдебиетті де жақсы танитын адам болған. Ол әскерлік қызметте жүргенде, жасы отызға жетпей қайтыс болған.
Абай осы Халелдің ақыл-кеңесімен орысша кітаптарды көп оқыған. Сонымен қатар орыс тіліне аударылған дүние жүзілік ғалымдармен жазушылардың еңбектерін де көп оқыған. Мысалы, көне Грецияның атақты ғалымы Аристотельдің философиялық және әдеби шығармаларымен толық танысқан. Көне кездің атақты данышпаны Сократты да білетіндігі шығармаларынан көрініп отырады.
Орыстың ойшыл ғалымдарынан Абайдың ерекше ұнатып оқығаны В. Г. Белинскийдің еңбектері. Абай оның эстетикалық қағидаларын өз шығармаларына арқау еткен, Сайып келгенде бұл қағидалардың өнер өнер үшін емес, өмір үшін, көркем шығарманың міндеті — өмір шындығын қаз-қалпында сипаттау, ақынның міндеті өз заманының жыршысы болу дегенге саяды.
 
Көркем әдебиетке осындай көзбен қараған Белинскийдің орыс әдебиетінің он тоғызыншы ғасырдың өкілдерінен үлгіге тартатыны А. С. Пушкин. Белинскийдің ойынша, өз ұлтын сүйген адам ғана бүкіл адамзатты сүйе алады. Белинскийдің бағасынша, орыс әдебиетінде шын мағынасындағы бірінші ұлттық ақын — Пушкин. Абай Белинскийдің бұл пікірін өзінің ақындық жолына жетекші нұсқау ретінде пайдаланып, қазақтың бірінші ұлттық ақыны болуға тырысқан және сол мақсатына жеткен. Ол жазушылық жұмысқа осындай үлкен тәжірибемен және теориялық даярлықтармен кіріседі.
Көркем әдебиеттің теориясына жетік, оның өркендеуіне жөн сілтейтін адамның бәрі бірдей ақын иә жазушы бола алмайды. Жазушылық, яғни керкем ойлап, сол ойын ауызша айта аларлық немесе қағазға түсіре аларлық дарын адамның бойына табиғат беретін сый. Абай сондай дарынды ақын. Оның ойынша, ақындық адамға «тәңірінің берген өнері», ол өнер кез келген жерде таси бермейді, шабыт келген жағдайларда ғана, яғни ақынның не қуаныш, не қайғыға батқан шақтарында ғана келеді. «Сонда ақын белін буынып, — дейді Абай, — алды-артына қаранар. Дүние кірін жуынып, көрініп ойға сөз салар».
Абайша ақындықтың құралы — тіл. Оның ойынша тіл «Өткірдің жүзі. Кестенің бізі», яғни көркем өнердің басқа ешбір түрі тілдей керкем шығарма жасай алмайды. Осындай ұғымда Абай көркем шығарма жазуға кірісерде: «Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ», — дейді. Қазақ тілін көркемдіктің биігіне көтеру үшін Абай бұл тілге араласып жүрген бөтен сөздерден өлеңді аршымақ болады. Оның «бөтен сөз» дейтіні: біріншіден, ауызша фольклорда немесе қазақта жаңа ғана туып келе жатқан жазба әдебиетте белгілі бір пікірге жанасы жоқ жолдардың, сөздердің бытысып жүруі, екіншіден, қазақ тіліне ислам діні арқылы кірген қазаққа ұғымсыз араб, парсы сөздерінің араласып кетуі.
Белинскийдің қағидасын қолданатын Абайдың да ойынша:
Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
 
Осылай жазылған өлеңді ғана көркем деп түсінетін Абай Белинскийше мазмұнға бірінші орын, түрге екінші орын беріп, «Іші алтын, сырты күміс» болсын дейді. Өзіосындай өлеңдерді ғана жазуға тырысады және сол мақсатына жетеді.
Абайға дейінгі қазақ поэзиясында орыстың, «стихотворение» деп атайтын сюжетті өлең түрінде бірінші рет Ыбрай Алтынсарин жазды. Абай өлеңнің, осы түрін дамытып, барлық шығармаларын соған бағындырады. Абай өлеңдерінің басым көпшілігі бір тақырыптың төңірегінде, бір пікірді ғана жан-жақты сипаттап, мағынасын тұжырымдап отырады. Бұл жағынан Абай орыс ақындарына ұқсайды. Мазмұн жағынан Абай өлеңдері түгелімен дерлік өзі жасаған заманның тақырыбына, туған халқының жақсы және кемшілік жақтарын сипаттауға арналған. Осындай тақырыптарда қарапайым жұрттың ұғымына әрі жеңіл, әрі көркем түр тапқан.
Абай поэзиясы түгелімен сюжетті ұсақ өлеңдерден құралады. Ол поэзияның поэма» аталатын жанрын туғыза алған адам емес. Ол қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адам портретін жасауға, оның ішкі, сыртқы қылық, мінездерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай тақырыпқа жазған өлеңінде болса да Абай шығармаларында қазақ жерінің, қазақтың ұлттық тұрмысының бейнелері айқын елестеп тұрады. Мысалы, қысты ол:
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды, -
 
деп қазақтың қатал шалдарына ұқсатады немесе «кәрі құдаң — қыс келіп, әлек салды» деп бейнелейді. Сонымен қатар, қазақтың сол кездегі қыс мезгілінде де киіз үйде отыратын тұрмысын елестетіп:
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды, -
 
дейді.
Күздің сипаты да тек қазақ даласының күзгі түрін, тек қазақ аулындағы тұрмыстың күзгі бейнесін жарқын елестетеді. Мезгіл тақырыбына жазған өлеңдерінде табиғат көріністерінен басқа ауылдың әлеуметтік өмірі де, бай мен жарлының тұрмысындағы алшақтықтар да, таптық теңсіздіктер де көрініс беріп отырады. «Жазғытұрым», «Жаз», «Қан сонарда», «Желсіз түнде жарық ай», «Қараңғы түнде тау қалғып» сияқты өлеңдері ірі шеберлердің бояуымен салған суретші картиналарындай өте көркем, өте ұғымды және тек қазақ даласына ғана тән бейнелер. Болыстарды, билерді, пысықтарды, тағы сондай типтерді сипаттағанда көз алдыңа тірі адамдардың бейнесін алып келеді. Өзінің және өзгелердің жан жүйесін сипаттағанда да Абай өте шебер. Жастардың махаббат сырын бейнелеуге де жүйрік.
Абайдан бұрынғы қазақ поэзиясының «қара өлең» және «жыр» аталатын екі-ақ өлшемі болған. Қара өлеңнің бір шумағы төрт жолдан, әр жолы он бір буыннан құралып, үйлесі «а, а, б, а» болып келеді. Екіншісі жыр жолдары жеті буыннан, ал шумақтары, үйлестері тұрақсыз келетін елең. Абай өз шығармаларында осы екі түрін де байытып, кең пайдаланды. Бірақ ол қазақ поэзиясының өлшемімен ғана қанағаттанбай, орыс және дүние жүзі поэзиясының жетістіктеріне сүйене отырып өлеңнің жиырма шақты тың өлшемін қосқан. Солардың ішінде «Сегіз аяқ» және он алты үйлесті «Сен мені нетесің» сияқты дүние жүзілік поэзияға қосқан жаңа өлшемдері де бар. Абай тыңнан жасаған өлшемдерін ауылдың сауатсыз тыңдаушыларына, аз ғана оқырмандарына түсінікті болу жайында қарастырады. Өзіне дейінгі қазақ өлеңдерінде әнмен, термемен айтылмайтындары болмаған Қазақтың халық мәдениетінен Абайдың ерекше сүйген әндері болған. Бірақ ол ән атаулының бәрін қабылдамай:
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар,
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар, -
 
деп,
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, -
 
деп тек сүйген әндерін ғана қабылдаған.
Әнге талғамы сондай Абай қазақ поэзиясына өзі тыңнан жасаған өлең өлшемдеріне лайықты әндер шығарған. Олардың ішінде: «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Сегіз аяқ» халықтың ең жақсы әндерінің қатарына қосылып, күні бүгінге дейін зор құрметпен орындалады. Абайдың әндері жаңа өлшемді өлеңдерінің халық арасына тез тарауына себепкер болады. Осы әндердің негізінде Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди «Абай» операсын жазды. Өзінің ақындық және композиторлық қуатының кең өрістілігіне сенген Абай:«Сөз түзелді, тыңдаушы, сенде түзел»— деп, халқына айтқысы келген ақылын өлеңдері мен әсем әндері арқылы жеткізуге тырысады.
Ислам дін басылары бұл дүниені, яғни тіршілікті уақытша, «фани» жалғанға санап, одан бездіруге тырысып, тұрақты рахатты адам өлгеннен кейін «ақырет» аталатын «о дүниеде» көреді деп, ол үшін бұл жалғанды тек құдайға құлшылықпен өткізуге шақырса, Абай адамды осы дүниенің тіршілігінде рахат көруге, қоғам үшін, халықтың игілігі үшін еңбек етуге шақырады.
Абайдың ойынша «өзің үшін еңбек етсең, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың». Сол ойын «көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған» деп бекіткісі келеді де, «әрекет қыл, пайдасы көпке тисін» дейді. Абайдың ұғымында адам атаулы жаратылысында бірдей, сондықтан өзін өзгелерден артық санайтындарға «менімен сен теңбе деп мақтанасың, білімсіздік белгісі, ол баяғы» деп ұрсады. Абай қоғамды ұлтқа, дәрежеге бөлмей, жынысқа бөлмей, «адамзаттың бәрін сүй, бауырым, деп», «атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп, жалпы адамзатты түгел сүйетін гуманизм биігіне шақырады.
Абай адамды «ер» және «ез» деп екіге бөледі. Оның ойынша жақсылық іс тек «ерден» ғана шығады, ал «езден» ешбір жақсылық күтуге болмайды.
«Қазағым» деген сөзді «ұлтым» деген мағынада түсінген Абай туған халқының өмір шындығының араламаған түкпірін қоймайды және көрген-білгендерінің барлық бейнесін шығармаларына түсіріп отырады. Ол өмір шындығының тіркеушісі емес, көрген-білгендерінің сыншысы және кем-кетікті қатты сынау арқылы түзетуге тырысушы.
Абай «малда да бар жан мен тән» деп адамның хайуанаттан айырмашылығы сезімі мен ақылында дейді. Ақыл — суық мұз, оны ысытатын — жүрек, жүректі сезім ұясы деп санайтын Абай қазақ поэзиясында бірінші рет оны теңізге санап, одан табылмайтын асыл жоқ, — дейді. Өмір күресінен қажыған шағында: «Жүрегім менің қырық жамау, қиянатшыл дүниеден» деп торығады. «Жүрек — теңіз»… деп басталатын өлеңінде «достық, қастық, бар қызық — жүрек ісі» дейді де, қызық қуып кетпеу үшін әрбір сезімді ақыл таразысына салып, оның тиімді-тиімсіз жағын ойлануды ескертеді. Істің тиімді жағын ойлау үшін қайрат керек.
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күн өтпек.
 
Оның ойынша, ақылдың таянышы — ар мен ұят.
Абай адамды дәулетіне қарап емес, кісілігіне, еңбегіне қарап бағалайды. Оның ұғымында шаруа білген адамның бәрі еңбекші, бәрі жақсы. Оның жек көретіндері еңбек етпейтін арамтамақтар. Қоғамдық өмірдің, оның ішінде қазақ өмірінің әлеуметтік, таптық теңсіздігін көре білген, ондай тұрмыстың жарқын суретін жасай білген реалист ақын Абайдың өзінің «Қараша желтоқсанмен сол бір екі ай» деп басталатын өлеңінде байлар мен жалшылар тұрмысындағы қайшылықтарды реалистік түрде өте көркем сипаттайды. Тұрмысы ауыр жалшыларға жаны ашитындығын көрсетеді. Сөйте тұра, «байда — мейір, жалшыда — бейіл де жоқ, аңдыстырған екеуін құдайым-ай!» деп кейиді. Одан әрі саяси қорытынды жасауға ой-өрісі жетпейді.
Тіршілік дүниесін бір кең сарай деп ұғынатын Абай әрбір адамға:
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсан, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар, қалан! –
 
дейді. Мұндағы «Өперпаз» дегенді бекерге айтпайды, оның ойынша, адал еңбек атаулының бәрі қоғамға да, жеке адамға да пайдалы, сондықтан әрбір адам еңбектің қай түрінен болса да өз орнын табуы тиіс. Онымен бірге Абай творчестволық еңбекті де жоғары бағалайды, оның жемісті болуын тілейді. Олай болса, ақынның жемісі, оның жазып қалдырған өлең-жырлары, сондықтан да Абай:
Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, -
 
дейді. Бұл пікірін ол «Харакәт қыл, пайдасы көпке тисін» деп әрбір еңбек адамының қоғамға және өзіне пайдалы істер атқаруын ұсынады.
Абай өз тұсындағы қазақ қоғамына қандай істерді пайдалы көрді? Абайдың ұғымында жақсы иә жаман ел болудың тетігі бірлікшіл иә бірліксіз болуында. Ол «берекелі болса ел — жағасы жайлау ол бір көл» деп береке мен бірлікті жері шүйгін жайлау мен жарқыраған айдын шалқар көлге теңейді де, «берекесі кеткен ел — суы ашыған батпақ көл»…- деп құтсыз, сиықсыз мекенге теңейді. Оның байқауынша, өз тұсындағы ауылдарды осындай берекесіздік пен ала ауыздық меңдеген.
Осындай шым-шытырық берекесіз ауылдарда:
Бай алады, кезінде көп берем деп,
Жарлы алады қызметпен өткерем деп,
Дос алады бермесең,  бұлт берем деп,  
Жауыңа қосылуға сырт берем деп,
Би мен болыс алады күшін сатып,
«Мен қазақтан кегіңді әперем» деп, -
 
сол алулардың нәтижесінде «жүз қараға екі жүз аларман бар, бас қатар бас аяғын тексерем деп» дейді Абай.
Бертін келе патша өкіметінің қазақ елін билеу жайында 1868 жылы шығарған заңы бойынша қазақтар Россияның ел билеу тәртібіне көшіп, қазақ жері старшындарға, болыстарға, уездерге, губернияларға бөлінеді. Солардың ішінде старшындар мен болыстар ғана қазақтан сайланып, одан жоғары әкімдер патша үкіметінің чиновниктерінен ғана тағайындалады. Қазақтар бұл заңды «штат» деп те атайды.
Старшындар мен болыстар белгіленген сайлау тәртібімен сайланады. Олардың ауылдың онбасы, елубасы, жүзбасы аталатын атқамінер пысықтары сайлайды. Старшындықта, болыстықта дәмесі барлар сайлаушы пысықтардың даусын мал немесе ақшаға сатып алатын болған. Сайлауды «крестьянский начальник» дейтін чиновник өткізіп, оны уездік және губерниялық начальниктер бекіткен. Сайлауға таласушылар тілмәштар арқылы оларға да пара береді. Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша, уездік және губерниялық әкімдер сайлануға таласушы қазақ байларынан ақшаны қапшықтап алған. Пара беру жолымен старшын иә болыс болғандар шашқан шығынын момын халықтан және жауласқан адамдарынан «қарашығын» деген атпен әлденеше есе етіп қайтарып алады.
Байлардың болыстыққа, старшындыққа таласуы — әрине, ауыл арасының үстемдігіне таласу. Осындай таласта олар әкені баладан, ағаны ініден, туыстарды жақынынан айырып, ауыл арасын быт-шыт қылған.
Абай айтқан қазақ арасындағы «алты бақан ала ауыздық» осыдан туған. Сол араздықтың негізінде қазақ ауылдары берекесіздікке ұшырап, қиян-кескі араздасқан, жауласқан, барымталасқан, соның ішінде кісі өлімдері де жиі ұшырасқан. Абай ел арасындағы көрініп тұрған осы жайлардың бәрін сайлауға таласушылардың жағымсыз әрекетінен деп түсініп, ел арасындағы осындай алауыздықты өршітіп, ұлт пен ұлтты, ру мен руды араздастырып ұстайтын патша үкіметінің саясаты екенін аңғармаған. Сондықтан ол:
Орыс теріс айтпайды, жаман бол деп,
Орыс айтты: өзіңе ерік берем деп,
Кімді сүйіп сайласаң бек көрем деп, -
дейді. Мұндағы «орыс» деп отырғаны патша үкіметінің уйездік және губерниялық әкімдері. Олар қазақтарға «кімді ұнатып сайласаң, еркің» деп ауызша айтқанмен іс жүзінде параны көп берген байды сайлады. Жоғарғы әкімдердің бұл қылығын кейінірек көрген Абай:  
Құтырды көпті қойып азғанасы,
Арызшы орыс — олардың олжасы.
Бірде оны жарылқап, бірде мұны,
Қуды ұнатты-ау, Семейдің бұл қаласы, -
деген қорытындығы келеді.
Сонымен, «Біріңді бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп, туған халқын береке-бірлікке, ынтымаққа келтіре алмайды да, «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да, алдамаған кім қалды тірі жанда» дей келіп:
Дос жарың, ағайының бәрі екі-үшті.
Сол себептен досыңнан дұшпан күшті…
Қажымас дос халықта жоқ.
Айнымас серт қайда бар?
Алда көрген артта жоқ,
Мысқыл өсек, айла бар, -
деп торығады. Абай қазақ арасындағы берекесіздіктің және басқа кемшіліктердің түп тамыры надандығында, оқымағандығында деп түсінеді де, халқының «көңіл көзін», яғни сана-сезімін жетілдіру үшін қазақ жастарын оқуға білім алуға шақырады. Ол:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды ертегіні термек үшін,
Көкірегі сезімді, ойы орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, -
 
деп бар үмітін оқуға талапты жастарға жүктейді. Өзі туралы айтқанда:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре-тұра тексермедім,
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, -
 
дейді де, оқыған өз балалары жайында:
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, -
деп, оқығанда әкім болу үшін емес, ғалым болып дүние тану үшін оқу керек екенін еске салады.
Абайдың ұғымында, оқу тек орыста ғана. «Орыстың ғылымы, өнері дүниенің кілті, — дейді ол, — оны білгенде дүние арзанырақ түседі». Қазақты осы білімге шақырған Абай қазақ жастарына «Ғалым болмай немене, балалықты қисаңыз» деп, мектебі жоқ ауыл балаларын қаладағы орыс мектебіне барып оқуға ақыл береді». Ал оған барып оқығандарға:
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз.
Білгендердің сөзіне,
Махаббатпен ерсеңіз,
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса мейлі, сол айтты
Ақылменен жеңсеңіз, -
деп ғылымды үйренумен бірге әр нәрсенің түйінін өзің шеш деп ақыл-кеңес береді. Онымен бірге орысша оқитындарға:
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
дей келіп:
Военный қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге…
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге, -
 
деп шен құмарлық үшін, қара бастың пайдасы үшін емес, халыққа қызмет ету, оқу керек екенін еске салады. Абай тек еңбек еткен адам ғана тойына тамақ іше алатынын «Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп түйеді. «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, Қардың суы сияқты тез суалар» деп қорытады.
Абай тұсындағы қазақ елінің өндірістік қуаты өте төмен дәрежеде еді. Қазақтың ол кездегі кәсібі мал бағу ғана болды. Ауылдарда малы көп бай аз да, малы аз кедей мен малы жоқ жалшылар көп-ті. Ауылда олардың бәріне бірден еңбек кәсібі жетпеді. Сондықтан байлар жалшыларына еңбекақыны өте аз төлеп, нашар халде ұстады. Кей байдың жалшылары қызметті тек тамағы үшін ғана атқарды. Бұлардың өте ауыр халін Абай «Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай» деп басталатын өлеңінде реалистік түрде аса көркем сипаттайды.
Ауылдағы жұмыссыз батрактарға Абай «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, Малың болса сыйламай тұра алмас ел» деп ақыл береді. Бұл жерде, әрине, қанаушы тап үстемдік еткен жерде еңбекпен күн көрудің өте қиын екенін Абай түсінеді. Бірақ, ол адам баласы сол еңбек арқылы күн көріп, келешекте сол еңбек нәтижесінде көркейіп, ілгері басатынына сенеді.
Абай тұсындағы қазақ қоғамындағы ең ауыр мәселенің бірі — әйел мәселесі еді. Қай кезде шыққаны белгісіз болғанымен, әйелді қалың беріп алу қазақ өмірінде Абайға дейін де ғасырлар бойы орын алып келген. Сондықтан да, қазақ қызды балаға санамаған. Мысалы, бірнеше қызы, бір ұлы бар қазақ «балаң нешеу» деген сұрауға «жалғыз» деп жауап берген. Ал егер ұлы болмай, қызы бірнешеу болса, «балам жоқ» дейтін болған. Олай деуі, қалың малға сатылған қыз, туған үйінен кеткен соң ата-аналарына, туысқандарына ешбір жәрдемсіз «жат» адам. Сондықтан босанған әйелдің баласы қай жыныстық екенін білгісі келген адам «ат ұстар ма, қырық жеті ме?» деп сұрайтын болған. Ат ұстар дегені — ұл, қырық жеті дегені — қыз. Олай дейтіні, қыздың қалың малына жасау т. б. қажеттігі үшін ұсағы, ірісі аралас қырық жеті бас мал төлейтін болған. Мұншама мал беруге шамасы жоқтар ұзақ уақыт үйлене алмаған, кейбір малы жоқтардың өмір бойы үйлене алмай кеткені де болған.
Малды байлар қалыңын төлеп, әлденеше әйелден алған. Шалдар мен кемтарлар да мал беріп, қыздарды немесе қалаған әйелдерін ала берген. Малды адамдар ұлы үшін көп жағдайда бесіктегі қызға құда түсіп, қыз есейген шақта атастырған күйеуіне риза болмаса да соған зорлап қосқан. Оның үстіне әмеңгерлік салт бойынша: «Аға өлсе — іні мұра» немесе — «Іні өлсе — аға мұра» деп өлген адамның әйелін ерінің туысқандарына еріксіз қосқан. Осы мәселенің төңірегінде дау-шарлар көбейіп, қазақ арасындағы ең үлкен жанжалдардың бірі жесір дауы болған(16 С.Мұқанов, XV том).
Казақ әйелдерінің осындай ауыр тағдырын көрген Абай бұл мәселенің де сыртында қалмай, қызу араласады. Ол өзінің көркем шығармаларында әйел теңсіздігіне түбегейлі қарсы болады. «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деп басталатын өлеңінде жас қызды алған кәрі ханды сөге келіп, «Етімді шал сипаған құрт жесін деп, жартастан қыз құлапты терең суға» деген трагедияны айтады да:  
Бай қартайса малына берер шылбыр,
Мал өмірді жаңғыртпас құдай ұрғыр.
Біреудің қызын алып малға сатып,
Баяғыны іздеген қандай құрғыр, -
деп өзі тұстас тоқалшыл байларды сөгеді. Абайша «Кімде- кім үлкен болса екі мүшел, мал беріп алғанменен, қатын емес». Бір мүшел дегені он екі жас, екі мүшел — жиырма бес жас. Абайға тұстас қазақтың бай шалдары өзінен әлденеше мүшел кіші жас қызды алатын болған.
Әйелді қалың малға беруге қарсы шыққан Абайдың ұсынары, әйел мен ердің бірін-бірі сүйіп, еркімен қосылуы.
Ол:
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба,
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан қапы қалма, -
деп, қазақтың: «Аяғын көр де асын іш, шешесін көр де қызын ал» дейтін мақалын қуаттайды, қыздың ажарыңа емес, торбиесіне қарауды ұнатады.
Қазақ жастарының ғашықтық сезімін ұштау ниетімен осы тақырыпта көптеген ғажайып көркем өлеңдер, ғажайып әуенді әндер шығарады. Өз тұсындағы қазақ өмірінен мұндай махаббат үлгісін кездестіре алмаған. Абай қазақ жастарына А. С. Пушкиннің «Евгений Онегин» романындағы Онегин мен Татьянаның арасындағы ғашықтықты үлгі етіп, олардың сүйіспеншілік хаттарын қазақ тіліне аса шебер түрде аударады. Ғашық болып қосылғандарға «Қатының сені сүйсе, сен оны сүй» деп, ерлі-зайыптылардың бірін-бірі сүюін құптайды. «Ері ақылды, қатыны мінезді боп» деп олардың тату-тәтті өмір сүруін тілейді. Әйелді еріне өмірлік дос деп санайтын Абай:
Махаббатсыз — дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар,
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар, -
дейді. Осындай достықтағы әйелді «қимылын қабағының хаттай таныр» деп ерінің айтқанын бұлжытпай орындайтын серікке санайды. Абай төл шығармаларымен қатар, аударумен де шұғылданды. Ол тек орыс әдебиетін және он тоғызыншы ғасырдағы орыс әдебиетін аударған, олардың ішінде ерекше көңіл бөлгені: И. А. Крылов А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов өлеңдері.
Қазақ жазба әдебиетінде Крыловтың мысалдарынан азын-аулақ аударған Ыбырай Алтынсарин болса, Абай бұл бастаманы онан әрі өрістетіп, Крыловтан көптеген мысалдар аударды. Ол «мысал» біткеннің бәрін емес, оның ішіндегі қазақ қоғамының тіршілігіне үйлесетіндерін ғана аударып, өз идеясының қажетіне жаратады.
А. С. Пушкин шығармаларынан Абайдың зер сала аударғаны «Евгений Онегин» романынан үзінділер екенін және оны қандай мақсатпен аударғанын жоғарыда қысқаша айттық. Алайда Абай жалғыз Пушкинді ғана емес, орыс ақындарының шығармаларын еркін, яғни мазмұнын, образдық ерекшеліктерін сақтай отырып, қазақ оқырмандарына ұғымды етіп аударған. Мысалы, «Евгений Онегиндегі» «Онегиннің сипаты» аталатын кіріспеде және романның өн бойында «Онегиндік шумақ» аталатын он жолдық бөлшектер бар. Абай «Онегиннің сипатында» шумақтың жол санын, мазмұнын, түр әдемілігін бұлжытпай дәл келтірумен қатар бұл шумақты қазақтың он бір буынды өлеңімен оқырмандарына түсінікті түрде, өте көркем етіп жеткізеді. Онегин мен Татьянаның хаттарын аударғанда қазақ өлеңінің бір шумағында сегіз және жеті буынды жолдардың аралас келетін өлшемін қолданған. Бұларды да еркін және көркем аударғандықтан, ол аударма ретінде емес, қазақтың төл өлеңі тәрізді болғандықтан ауыл арасында әнменен айтылып кеткен.
Абайдың ең көп аударғаны - М. Ю. Лермонтовтың өлеңдері. Оған бас себеп— екеуінің ой-пікірінің ұқсастығы. Лермонтов патша заманына өзін қарсы қойып, оның міндерін, қиянаттарын әшкерелеген, бұл идеясы қолдаушыларды таппай жалғызсыраған ақын екені мәлім. Сол сияқты «мың мен жалғыз алысқан» Абай да ақырында «моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деп оңаша қалады.(16*)
Мақсаттары, өмірлері мен идеялары ұқсас болғандықтан, Абай Лермонтов шығармаларын ерекше ықыласпен аударады. Сондықтан кейде оның төл шығармаларынан аудармаларын ажыратып алу қиын да. Кейбір аудармасында Абай Лермонтовпен ақындық жарысқа түскендей, түпнұсқадан аударманы асыруға тырысады. Сол мақсатына кейде жеткендей болады. Мысалы, «Теректің сыйы» өлеңінің аудармасындағы кейбір жолдар түпнұсқадан күштірек те шығады.
Абай өзінің «Қартайдық, қайғы ойладық…» деп басталатын өлеңді жасы қырыққа жаңа шыққан кезде жазған. Бұл қартаятын жас емес. Қазақтың поэзиясында қырық жасты қыран бүркітке теңеп адамның нағыз қайратты, ақылды, жігерлі кезіне санайды.
Олай десек, Абай бұл жерде «қартайдық» деген сөзді жаны жүдегендіктен айтқан болу керек. Ол нас хат сөздерін тыңдаушыларына ұқтыра алмағандықтан «қайран сөзім қор болды» деген сарынға түскенде, бұл ойын тереңдетіп:
Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып.
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып.
Таппадым көмек өзіме,
Көп наданмен алысып.
Көнбеді ешкім сөзіме,
Әдетіне қарысып, -
деген қорытындыға келеді. Өйткені, әдет — әр халықтың сана-сезіміне жүздеген, кейде мыңдаған жылдар бойына сіңіп, қалыптасып қалған мінез-құлықтар. Оны өзгертуге көптеген уақыт, күш керек. Ондай күш Абай тұсындағы қазақ қоғамының бойында жоқ. Сол әдетті жеңе алмаған Абай:
Жүрегім менің — қырық жамау,
Қиянатшыл дүниеден,
Кайтып аман қалсын сау,
Кайтқаннан соң әрнеден, -
деген уайымға кіреді. Содан кейін «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Дос, жарың, ағайынның бәрі екі-ұшты», «Қажымас дос халықта жоқ» деп торығады. Дегенмен, қоғам қайраткері Абай үндемей жатуға шыдамай, «Кейде есер көңіл құрғырың, Махаббат іздеп талпынар» дейді де, «Жастықтың оты қайдасың, жүректі түртіп қозғамай» деп, өткен қайратты жастық шағын іздейді. «Көзіме жас бер жылайын. Шыдам бер, сабыр қылайын. Жаралы болған жүрекке, дауа бер жаман сынайын» деп қайраттанбақ болады. Бірақ қажыған көңіл, қартайған жас бұрынғыдай көтеріле алмайды да, «Ішім өлген, сыртым сау» деп реніш білдіреді.Өмірден солайша торыққан Абай:
Өзгеге көңлім тоярсың,
Өлеңді қайтып қоярсың,
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың, -
деп, ендігі мұның өлеңіне ғана шағады да, үмітін болашаққа жүктеп, «Арттағыға сөз қалсын мендей ғарып кез болса. Мойын салсын, ойлансын. Қабыл көрсе сөзімді, кім таныса сол алсын», — дейді.
Абайдың ешбір шығармасы көзі тірі кезінде баспасөз бетін көрмеген. Шығармаларын ол қағазға жазып тастайды екен де, оларды сол үйге жақындығы бар арабша сауатты Мүрсейіт Бікеұлы дейтін кісі жинастырып, ретімен тіркей беретін болған. Ақын аты танылған Абайдың өлеңдерін қадірлеушілер Мүрсейітке көшіртіп алады екен де, ақысына бір қойдан төлейді екен. Мұндай қолжазба жинақтар Абайдың тірі кезінде әлденешеу болған. Абай енші берген ұлдарына, ұзатқан қыздарына осындай жинақтарының біреуін сыйға тартып отырған.
Абай өлгеннен кейін, шығармаларын баспадан шығару ісін оның туған інісі Ысқақтың баласы — Кәкітай (Ғабдүлкәкім) қолына алған. Ол көп ізденудің нәтижесінде 1909 жылы (Абай өлгеннен бес жыл кейін) Петербургта «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өлеңдер жинағы» деген атпен таңдамалы өлеңдерін араб әрпімен жеке кітап қып бастырған. Ол кітаптың тиражы бір-ақ мың дана. Бұл кітап шыққанға дейін туған жерінің төңірегінде ғана білетін Абайдың есімі қазақтың кең даласына түгел жайылып, оқуға құмартқандар бірінен-бірі қалап алатын болған.
 «Ғағлиат» немесе — «қара сөздер» аталатын прозасының бірнеше «сөзі» ең алғаш 1918-1919 жылдарда Семейде шыққан «Абай» журналында жарияланды. Журналды алашордашылар шығарғандықтан олар Абай сөздерін бұрмалап, өз мақсаттарына пайдалануға тырысты.
Абай шығармалары тек совет дәуірінде ғана көптеген тиражбен әлденеше рет жарық көріп, халыққа түгел танылды. Бұл тақырыпта жазылған көптеген мақалаларды санамағанда, Абай шығармаларын жан-жақты сыпаттайтын бірнеше монографиялық еңбектер туды.
Абайдың өміріне және әдеби еңбегіне арналған көркем шығармалар да аз емес. Солардың биік шоқысы М. Әуезовтың «Абай жолы» романы.
Абай шығармалары орыс және басқа тілдерге аударылу арқылы бүкіл дүние жүзіне тарады. Ұлы ақынның есімі «Энциклопедия атаулының бәріне де кірді. Қазір сауатты адамзатта Абай есімін білмейтін кісі кемде-кем. Қысқасы, тек Советтік дәуірде ғана Абай арманы орындалып, жүзеге асты. Оның есімі көптеген мектептерге, көшелерге, колхоздар мен совхоздарға және қалаларға берілді. Сөйтіп, Советтік дәуірде ғана ұлы ақынның даңқы дүние жүзінде жайылып, оның шығармалары шын мұрагерлерін тапты.

Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. Он алты томдық. Он бесінші том. Халық мұрасы. Әдеби портреттер. – Алматы: Жазушы. 1979. – 228-247-беттер.

Бөлісу:

Көп оқылғандар