Мұзафар Әлімбаев: Абайды Қайталап Оқығанда
Бөлісу:
08.08.2015
6124
Қазақтың қазіргі бір әдебиетшісі осыдан он бес-жиырма жылдай бұрын кезекті бір мақаласында Абайтану ғылымының аяғына шықтық, ұлы ақынның үлкен мұрасын зерттеу осымен тамамдалды деген сияқты пікір айтты.
Меніңше, ешбір әдеби классик те, еліне тұлға болған ақыл-ой иелері де ешуақытта егжей-тегжей зерттеліп тынбайды. Дүниеге толқын-толқын боп келіп жататын дүйім ұрпақтар ондай ұлы тұлғаларынан өз керегін, — рухани тірегін іздейді, сол үшін зерттейді. Олардың кемеңгерлігінің де, тереңдігінің де, адамгершілік асылдығының да ғажаптығы сонда — әр ұрпақ өзі іздегенін табады. Әйтпесе, ол ұлттық ақыл-ойдың басындағы ұлы көсемі де атанбас еді. Өз дәуіріне ғана, немесе үш-төрт буынға ғана ілесе алуға әзер жарағандар классик те атанбас еді. Гәп осында. Ендеше, Шекспир, Байрон, Гете, Пушкин, Абайлар… әрбір жаңа ұрпақтың алдындағы көш басшысы боп алға тарта береді!
* * *
Аударып Кітап-Дала көне бетін,
Жаяды жаңа бетін — кереметін.
Абайдың жырларындай оқи берсең,
Рахатқа жаның балқып кенелетін.
Осы өлеңдегі сезім — менің өз басымнан жиі-жиі кешетін көңіл күйім. Содан да «Менің Қазақстаным» поэмасының басталуына негіз болған сезім. Рас, Абайдың кітабын парақтаған сайын бір жаңалық ашасың. Апырым-ау, бұған дейін осыны неге білмегенмін? — деп ішіңнен саныңды соғып жүресің.
Абай — телегей теңіз.
Абай — тұңғиық мұхит. Жан-жүрек мұхиты.
Абай — түбіне көз түгілі, ой жетпес биік аспан, жеті қат ғарыш…
Абай — таусылмас уақыт.
Абай — сарқылмас бақыт…
Абай теңеулері, ұқсатулары, метафоралары тұтқиыл, тосын бола тұра, оқып шыққанда да, тыңдағаныңда да тосаңсытпайды. «Осы қалай?» дегізбейді. Бәрі де ретті, орынды, лайықты, өз орнында, жарасымды.
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ақылың — ашыған у, ойың кермек.
Ақылдан азап шеккен алып ақынның аһ ұруы бірден түсінікті, сен де оның өнебойын улаған дерт мөлшерін шамалағандай, өткен заман тұңғиығына үңіле түсесің. Ал ақылды ашыған уға алғаш теңеген Абай ғана болғанын аңдайсың да, аруағына бас иесің.
Осындай көркемдік құралдарды қалай іздеп тапсақ болар деп толғанасың…
* * *
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, кызықпа, оңғаққа ерме,
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан — шын асыл, тастай көрме.
Осындағы жүрек бейнесінің жанама метафоралануы қызғылықты. Абай «теңіз» не «мұхит» атауларын ауызға алмаса да, жүректі не нәрсеге теңеп отырғаны, неменеге балағаны ап-айқын. Бұны аңдатып отырған «сүңгі» етістігі. Әрине, тереңге ғана, тұңғиыққа ғана сүңгуің мүмкін. Әрі «түп» атауы да әлгі тереңдікке мегзейді.
* * *
Көк тұман — алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Меніңше, Абайдың осындағы «сәуле етіп» деп отырғаны — кәдімгі прожектор.Прожектор жарығын түсіріп, жырақтағыны және қараңғылық қойнындағыны анықтап көруден ақын хабардар болғаны аңғарылады. Өз заманының білімдары бола білмейінше ешбір ақын рухани асқарға биіктей алмасы аян. Абай аға да тұсындағы ғылым мен техника жетістіктерімен жіті таныс болған-ау!
* * *
Абай — өз әдеби мектебінің үлгісін қазақ даласында алғаш бастағандығымен ғана емес, сол сияқты әсем бастағандығымен де ғажап классик.
* * *
Абай «Айшықты сөзімді халық ұға алмай жүр-ау» деп іркілмейді.
Единица — жақсысы,
Ерген елі — өңкей ноль.
Қалың көпшілігі әлі қара танымайтын халық «единица» (бірліктің) не екенін білмесе де, Абай өлеңге бейне етіп алады. Бүгін болмаса, ертең, іле ұғады деп сенгендіктен бейтаныс бейнеден безінбейді.
«Мамыр» деген ай аты тұрғанда, әрі ол атау ғасырлардан халықпен қатар жасасып келе жатса да, цивилизациялы елдердің тілдеріне ертеден сіңген «Май» деген сөзді, айдың атын өлең-жырына қолданады.
Майдағы жұрттың іші — қар,
Бәйшешек қарға өнер ме?!
Абай аға поэзиясына жанасып кетсең, өзіңнің аңқаулығыңды, әлі де таяздығыңды сезінесің. Бүгін ғана бірінші рет оқып отырғандай ләззат аласың. Оқыған сайын жаңа бір Америка ашасың.
* * *
Абай ақындығындағы телегей де терең мазмұнды ғажайып түрге бөленіп бейнеленгенін профессор Құдайберген Жұбанов өте-мөте жіті әрі дәл аңғарғандығы бізді бүгін де сүйсіндіреді. «Абай — ойшыл ақын. Өлеңін пікір кернеп тұр. Оның сезімі — ойшыл сезім. Бірақ оның ойы да — сезімшіл ой. Сондықтан Абай өлеңінің мазмұны түрін көрсетіп тұрады да, түрі мазмұнын көрсетіп тұрады. Абайдың тілінің сөздігі (лексикасы), грамматикасы, Абай өлеңінің өлшеуі, ырғағы, ұйқасымы, Абай суретінің бейнесі — бәрі бірге қосылып та, жеке тұрып та негізгі тақырыптың күйіне билеп тұрады». Көреген көздің көркемдікті айна-қатесіз тануы, сонау отызыншы жылдар басындағы ой толғаныстар осы бүгін, қазір жазылғандай. Біз бүгінгі тілші ғалымдарымыздан да осындай әдебиетшілік дарын алғырлығын күтеміз…
Ұлы классик ақын өнерпаздығындағы өзіндіктерді асқан ізденімпаздықпен атап көрсеткен ғалымдарымыздың алдыңғы саптағысының бірі — Айқын Нұрқатов. «Оның қаламынан шыққан сөздер сурет боп көрініп, үн боп естіліп жүре береді», — деп сүйсінеді Айқын Абай ақындығына. Ақындық лабораториясының ішіне еркін кіріп, Абай гауһарларын халыққа әр қырынан таныта, міне, көріңдерші деп, көз алдымызға жарқырата тосып тұрғандай болады. Айқынның зерттегіштігі — детальдан дәлелдеуге құрылады. Мен тап осы орайда зерделі зерттеуші Айқыннан артық айта алмайтындықтан автордың Абайдың бір өлеңіндегі бір шумақты қалай шебер талдағанын келтірмекпін: «…жаңа бейнелер, жаңа суреттер Абай поэзиясында тіпті мол. Бірақ солар зәредей жалғаншылық, жасандылық сездірмейді. «Дүтбайға» деген өлеңде мынандай бір шумақ бар:
Мұңды, жылмаң пішінін
Кезек киіп,
Ел жиып,
Болыс болса түсінің
Түксігін салар тырсиып.
Әдетте киімді киеді. Ал Абай кейіпкеріне пішінді кигізеді және қайта-қайта ауыстырып кигізеді. Аяр, құбыл, арам адамның, екі жүзді адамның қылығын, шындығы мен сұмдығын осы тәсіл арқылы керемет айқын жеткізіп берген. Оның кейіпкерінде тұрақтылық, дәлірек айтқанда, баяндылық пен адалдық жоқ. Ол не бір зұлматтыққа киім ауыстырып кигендей, оп-оңай қиналмай-ақ барады. Мұнда ақын портреттік сипаттау мен психологиялық сипаттауды өте шебер ұластырған». Туындының көркемдік болмысын түсініп талдаудың бір үлгісі осындай. Біздің қазіргі жас әдебиетшілеріміз анық анализге осылай баруы керек! Осылай тереңдей бойлай білуі керек. Уәжсіз, өрнексіз, жайдақ мақтау, құр бет алды қолпаштау сыншыға да, шығарма иесіне де абырой әпермейді. Керісінше, әлгіндей жалған мадақ, жадағай көтермелеу оқырман көпшілікті безіндіреді. Жылымшы мақтаған жиіркендіріп тынады.
…Жаңағы өлеңге байланысты Айқын пайымдауына қосалқы айтарымыз: мұнда — үшінші және төртінші жолда тағы да бір поэтикалық жаңалық бар. Әрине, Абайға дейін «түсінің түксігі» деген тіркесті қазақ баласының құлағы шалмағаны ақиқат. Қысқа күнде қырық құбылған айнығыш аярдың өкім болып алғаннан кейінгі сұрқиялылығын сызданып, қарамағындағыларды бидайдай қуырып, басынан таяқ айырмайтынын Абай «тырсиып» деген метафорамен де аңдатады. Енді бір сөз осы шумақтың жазбаша таңбалануы жайында. Біздіңше, екінші тармақ та, үшінші жол да жоғарыда біз жазғандай сатыланып, бөлінуі дұрыс сияқты. Өлеңнің мазмұн-мағынасы соны тілейді.
* * *
Орнын тапқанда ғана сөз өрнекті. Бірден бір орнын ғана тауып, үлкен мән-мағына көтеріп тұрса, қымбат сезімді бойына сіңірсе, сөйтіп оқырман ойына әсер-ықпал жасаса…
Қар әппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.
Осындағы бір сөзді де орнынан қозғай алмайсың, басқа бір сөзбен ауыстыра алмайсың. Ол-ол ма, орындарын алмастыра алмайсың. Өйтсең, балталағанмен бірдей боласың — быт-шытын шығарып, бүлдіресің. Бірінші жолдағы эпитеттерді зат есімдердің алдына көшіріп көрелікші кәне: Әппақ қар, қара бүркіт, қызыл түлкі, Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға. Осы қалпында бірінші тармақ құр ғана, әншейін ғана тізбектеу боп шығар еді, екінші жолмен мағына тұрғысынан ешбір жанаспай, байланысы үзіліп, екі жол ортасына терең шатқал пайда болар еді. Абайдың өзіндегідей, өзі тілегеніндей эпитеттердің инверсияда тұруы үш объектінің біріне-бірі қарама-қайшы екенін шендестіре анықтап, бадырайта көрсетеді: қар аппақ болса, қарлы дала аспанындағы қыран құс қара. Әппақ қар, қап-қара бүркіт бірін-бірі аша түсіп, қанық бояуларды қалайда қадағалап қарап ал дегендей, үнсіз үн қатып тұрғаны аз болғандай, үшінші бояу әппақ қар үстіндегі аласұрып жатқан қызыл түлкі оттай боп жанып, көздің жауын алады. Бір-біріне түр-түсі ұқсамайтын үш объектінің — бір жансыз бен екі жандының тоғысуы асқан сұлудың оңашада шешініп тастап, қолаң шашын жайып жіберіп, емін-еркін шомылғанына ұқсап кетеді. Оқырман көңілі, оқырман зердесі енді үш объектінің тұтасып бір-ақ көрініске айналған динамикалы қимылына ауады. Өлең оқырманды іңкәрландыра түседі, елтіте түседі. Профессор Қажым Жұмалиевтің жіті бақылағанындай, поэтикалық тілдің үш тәсілі — үш түрі — эпитет, инверсия, шендестіруді тоғыстыра қолдануы арқылы Абай өзіне дейін ешбір қазақ баласының, ешбір ақынның қолынан келмеген көркем көрініс — аңшылық қызығын әсем етіп, тамсандыра суреттейді, бізге эстетикалық ләззат сыйлайды.
* * *
«Қуанбаңдар жастыққа» деп басталатын өлеңнің екі жолына үңіліп көрелікші:
Сыпайы жүр де, шаруа ойла,
Даңғойланып қаптықпа.
«Абай тілі сөздігі» автордың «қаптықпа» деген етістігін «бет алды ұрыну, соқтығу», деп түсіндіреді. Осы анықтама шүба тудырады. Абай соқтығу мағынасында алса, оны «қаптығу» демей-ақ оп-оңай әрі өзі дайын тұрған «қақтықпаны» — бұйрық райындағы етістікті ала салмас па еді? Біздіңше, бұндағы «қақтықпа», «Қап!» деме деген мағынада айтылған. Яғни «қап ұрма?»
Абайдың ақындықтағы әр адымы оқырман үшін, әсіресе замандастары үшін тосын, оқыс. Өзіне дейін олай айтылмаған сөз қалыптарын жасайды, қолданады. «Ескендір» дастанында Абайдың:
Жазасыз жақын елдің бәрін шапты,
Дарияның суында қандар ақты, -
дегені бар. «Қан» зат есімін көпше қолдану, әрине, Абайға шейінгі уақытта жоқ болар. Қызыл қырғынның қисапсыздығын аңдату үшін ақын ұтымды көпше түрді тілге тиек еткен.
* * *
Ыстықтан, суықтан
Бойыңды бір көңіл.
Дүниені ұмытқан
Құмарың тозар, біл.
Өлең шумағының екінші қанаты — соңғы екі жолы ұғынықты. Ал алғашқы екі тармақ осы қалпында күңгірт, бұлдыр, тиянақты ойды білдірмейді. Көңіл сенің бойыңды не күйге түсіреді? Ыстық пен суықтың бұл тұстағы әсер-ықпалы неде? Қала берді осы сөйлем аяқталмай тұр. Біздіңше, Абайдың өз нұсқасы:
«Ысытқан, суытқан
Бойыңды бір көңіл»
емес пе екен? Сонда ой тұжырымдалады, тиянақталады, логикаға келеді. Көңіл күйің бойыңды ысытады да, суытады да. Бұлай дейтініміз, Абайдың алғашқы кітабын терушілер «т» дыбысы мен «Ы» дыбыстарының орнын оп-оңай алмастырып алуы ықтимал. «Суықтан» мен «суытқан» саздылығы да өте-мөте ұқсас.
* * *
Сыпыра батыр,
Пәле шақыр.
Болдың ақыр тап-тақыр.
Қызыл көз, қылыш құйрық пәлеқорлардың батырсынуынан ештеңе өнбесін Абай осылай түйеді. Осы жеті сөзге тым құрыса бір сөзді сыналап кіргізіп көріңізші. Ол мүмкін емес. «Қиюына қыл батпайтын» дейтін тапқырлық осы!
* * *
Тиімді деген сөз байламының ешқандайынан Абай бойды аулаққа салмайды. Мысалы, орайлы жерінде етістіктің осы шағындағы «өсуде» сияқты түрін қолданған авторға қазір қырындау қарайтынымыз бар. Ал Абай сонау заманның өзінде ауызекі тілде де сирек ұшырасар етістік түрін іркілмей-ақ кәдеге асырады:
Уайым жеуліміз,
«А, Құдай!» деуліміз.
(«Әбдірахман науқастанып жатқанда» атты өлеңінде). Ебі жоқ ақын «Уайым жеп жүрміз» дер ме еді, қайтер еді? Ал мынау «уайым жеуліміз» формасынан қасіреттің қашаннан бері созылып келе жатқан ұзақ процесс екенін аңғару да оңай. Етістіктің осы түріне аударма жасағанымызда да, бәлкім, мұқтаж боп қалармыз…
* * *
Өнерде барды қайталаудың бірқадар таптырмайтыны аян болған соң да, Абай баяғыдан барға жоламай, белгілі тіркестің өзін өзінше өрнектеуге әркез бой ұрғыш. «Ежелгі дүние» деген тіркес бар бола тұрып, Абай аға «Талайғы кәрі дүниенің бір кетігін ұстап бақ» деп те батыл алады.
* * *
Байырғы қара өлең үш бунаққа бөлініп, тақ-тақ дауыс ырғағымен оқылар еді, айтылар еді… Ал Абай қара өлеңдегі бунақтың өзін интонация үшін қолдан сындырып үзеді. Аударма өлеңде емес, төл туындысының өзінде де сөйтеді. Қазіргі ақындарымыздың кейбірі он бір буын өлеңді онды-солды, ешбір негізсіз-ақ, жөн-жосықсыз үзіп-жұлып жүрсе, Абай со заманда-ақ мағына талабынан шығады.
Тұла бой тоңар,
суыр үміт үзсе,
Дәмеленсе, өртенер, күйіп-жанып.
(«Ғашықтық құмарлықпен — ол екі жол»).
Ортадағы бунақ ортасынан қақ бөлінген. Дәлелді, орынды! Әрі бұл тармақты, міне, сатылап екіге бөлуге әбден болады да!
Сендер сүрдің, мен де өмір сүрмес пе едім,
Бір шырақ сөнер,
Кетер саулап тұрған.
Бұл да әлгіндей үзілген бунақ. Бұл ырғақты бұзу емес, интонация үшін үзу. «Әзім әңгімесі» дастанында:
Сәлемін алды,
Шал да амандасты,-
деген жол бар… «Әбдірахман өліміне» деген өлеңінде «Құйрықты жұлдыз» секілді туды да көп тұрмады»,- деген екі тармақ барын жұрттың бәрі біледі. «Құйрықты жұлдыз» ғылымдағы — астрономиядағы метеор. Абайға дейін де метеорды қазақтар осылай атады ма екен, (әй, қайдам?), әлде ақын тапқан термин бе екен? Қалай дегенде де қазақ поэзиясында ғылыми ұғымдарды, ғылыми терминдерді тұңғыш енгізуші де, қолданушы да — Абай! «Көңіл құсы құйқылжыр шар тарапқа» деп басталатын өлеңдегі «Салған ән — көлеңкесі сол көңілдің» дейтін жолдағы «көлеңке» — орысша айтсақ «отражение». Бүгінгі қазақ тілі жеткен биіктерден шолсақ «сәулеленуі». Немесе «Сағаттың шықылдағы емес ермек» деген өлеңдегі «Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас» та сондай. Тегі, бұндай салыстыруды Абайға дейін аузына алған қазақ ақыны табыла қояр ма екен?
* * *
Абай жеке сөздің өзін де ықшамдауға епті-ақ. Бұл өзіндік бір жүйе. Қазақ атаулы, әрине жаппай дерлік «Баласын еркелетті», деп, «еркелету» түрінде қолданады. Ал Абай болса, әлгі етістіктің бір буынын ықшамдап, «Еркейтіп» деген көсемшені қолданады Мәселен, «Әбдірахманға» деген («Орынсызды айтпаған» деп басталатын) өлеңінде «Бауырларын еркейтіп, не сұраса қақпаған» — дейді. Ал енді бір орайда сөзді «созады», бір буынды қолдан қосып та жібереді. «Қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп шығар сөз» («Адамның кейбір кездері»). Халық айтуында, әлбетте, «еркелеп» болар еді ғой. Абай наздану, емін-еркін болу мағынасында алып отыр. «Көкбайға» дейтін әзіл өлеңінде «Әсемсіп, сәнсіп, Білгенсіп, бәлсіп» деп те кетеді.
«Бәлсіптің» толығы әлбетте «бәлсіну» яғни «бұлдану». Түбірі сақталғандықтан әмбе қазаққа онсыз да түсінікті.
«Ескендір» дастанында «долылық» деген сөзді бір буынын ықшамдап, «долдықпен» деп те алыпты.
* * *
Көркем аударма, поэтикалық аударма патшалығында да Абай — әзірге жалғыз-дара әмірші, жеке патша. (Әрине, қазақ поэзиясын айтамыз!)
Опять явилось вдохновенье
Душе безжизненной моей:
И превращает в песнепенье
Тоску, развалину страстей.
Бұл Лермонтовтың «Измаил — Бей» поэмасы кіріспесінен. Кәне, бүгінгі тәржімашылар мәнерімен жолма-жол қазақшалап көрейікші.
Шабыт келді тағы да
Тірліксіз менің жаныма:
Айналдырды ән-жырға
Құштарлықтың ойраны — сағынышымды.
Бұл бір жөнге келетін, мағынаны әжептәуір түгелдей аңдатар аударма. Ал енді Абай аудармасына зер салсақ «Көңілдің күйі тағы да өмірсіз жанның алды ішін: Аударды өлең жағына Нәпсінің сынған қайғысын». Осындағы бір емес, бірнеше тапқырлыққа, үлкен ұстагерлікке тамсана, қызыға қараймыз.
Біріншіден, «вдохновениені» көңілдің күйі деп алуы орынды. (бұны Т.Әлімқұлов та «Жұмбақ жан» атты кітабында дұрыс аңдаған).
Екіншіден, «явилось» деген етістікті Абайдың алмастыруы әрі тыңнан метафора жасауы тосын: «жанның алды ішін», «Келді, оралды» демейді. Әрі жан дүниеме келді демейді. Бірінші жақтағы тәуелді жалғауды тастап кеткенімен әңгіме бірінші жақта айтылып тұрғаны онсыз да аңғарылады. «Жанның ішін алды» деуде де құбылыстың яғни шабыттың шалқымалылығы жатыр, өктемдігі бар. Ерікке қоймас еркіндігі аңғарылады. Біздің замандастарымыз ішінен Абайдың аудармашылық өнеріне үңіле, өнегелі тәлімді мол ала білген Ғали Орманов еді. Ол содан да А. Пушкиннің Анна Кернге арнаған «Я помню чудное мгновение» дейтін әйгілі жыры, әсем ән боп тараған өлеңін қазақшаға аударғанда «Сердце бьется в упоенье» деген жолын «Жүректің ішін нұр алды» деп Абай үлгісін бүтіндей қайталайды, кәдеге асырады, сәтті қолданады.
Үшіншіден, превращает, әлбетте, айналдырады. Ал Абай ол етістікті тағы да ауыстырады. Неге? Абай дәл аудармасы «айналдырады» екенін білмейді емес. Біледі. Айналдырады немесе айналдырды төрт-бес буынды сөздер. Сегіз буынды өлеңге оңай сыя қоймайды. Қала берді, қазақ атаң пәленді түгенге айналдырды деудің орнына аударды деп те ауыстырады. Абай ақындық айналымға алмайтын жұпыны жүдеу сөздің өзін де (мәселен, «жақ» — өлең жағына) ғимаратқа кірпіш қып қалап жіберді.
Төртіншіден, төртінші жолдың конструкциясын қиюластыруы ересен. «Страсть» — дегенді құмарлық, іңкәрлік, құштарлық деп алмай, «нәпсі» деп алып, жанды тірлікке жақындатып отыр. Развалина — ойраны шыққан дүние болса, оны «сынған» деген есімшемен алмастырды. Тосканы — «сағыныш» демей, «қайғы» деп қолданды. Бәрібір дау айта алмайсыз.
Аудармашылардың қолын байлап, ұятқа қалдырып жүрген жәйт -сырттайғы қалыпты сақтаймын деп ішкі өрнектіліктен ұтылу. Абай оған бармайды.
* * *
Құп білемін, сізге жақпас
Ескі жара білтелеу.
Ақ жүрегің енді ұнатпас
Мезгілі жоқ қай медеу?
Осы шумақта оқырман назарын бірден өзіне тартатын тіркес — «Ескі жара білтелеу». Бұның мағынасы не? Ақын нені көздеп, ишара еткен? «Абай тілі сөздігі» бұған екі-ақ сөзбен жауап беріпті: «Үйреншікті, дағдылығы». Бас шұлғып, «бәрекелді» — дегізер уәж емес. Меніңше, осы фразеологиялық түйдекке академик I. Кеңесбаев өзінің «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде» берген түсініктемесі дұрыстыққа саяды: «Бұрынғы жағымсыз істі қайта еске салды, өткен-кеткенді қайта қозғады». Және бір айта кететін жәйт: Абай шығармаларының пунктуациясына кітап құрастырушылар да, баспагерлер де өте сақ қарағаны абзал. Әлгі шумақтағы тыныс белгілері Абайдың 1945 жылы жарық көрген бір томдығында алғашқы жол екі үтірмен бөлінген. «Хұп білемін, сізге жақпас, Ескі жара білтелеу». Біздіңше, осында жаңсақтық бар. «Сізге жақпастан» кейін үтір қойылуы қате. Өйткені әлгі (екінші) үтір тұрған жағдайда «ескі жара білтелеу» жай бір қыстырма сөз сияқты оқшау қалды да, мағынасы ашылмайды, шын мәнісінде бұл мынандай сөйлем емес пе, әрине қара сөзге көшіргенде: «Ескі жараны білтелеудің сізге жақпайтынын мен бек жақсы білемін» …Ендеше, «Сізге жақпастан» соң үтір қою көңілге қонбайды.
Жалпы Абай текстеріндегі тыныс белгілері хақында ойласар тұстар аз емес. Жаңағы өлеңнің яғни «Онегиннің Татьянаға жазған хаты» атты туындының екінші шумағын баспагерлер «Ықтиярсыз мұңды сезім Кетті ыршып жолыңа. Мазағыңа бердім өзім, Өз басымды қолыңа»,- деп басыпты. Бұнда да яғни үшінші жол соңындағы үтір артық. Неге десеңіз, бұның қара сөзге көшіргендегі қалыбы: «Өз басымды мазағыңа яғни қолыңа өзім бердім». Мына яғниді үтір айырбастай алмайды. Біздіңше, «мазағыңадан» кейін сызықша қойылуы шарт.
- Абай өлендері әнге лайықталған, қазақтың байырғы ән-өлеңіне үйлес-үндес жазылған. Дауыстап оқитын өлеңдерді кейінгілер тудырды, — деп дастархан басында емес, тұп-тура көптің алдында, ресми жиналыста пікір айтқан замандасты да көрдік. Бұл жаңсақ пікір. Зерттеушілердің анықтауынша он жеті түр тапқан, ырғақтық, шумақтық жаңалықтарды поэзиямызға топырлата қосқан Абай сонда қайда қалады. Абай өзі ән шығарып, жырларын соларға лайықтап, сөзін сазға, сазын сөзге орайластырып қана қойған жоқ, сонымен қатар интонациялық жырдың бастауының көзін өз қолымен ашты дей аламыз.
Ғашықтық келсе.
Жеңер бойыңды алып,
Жүдетер безгек ауру сықылданып.
Тұла бой тоңар, суыр үміт үзсе,
Дәмеленсе, өртенер күйіп-жанып.
Осы шумақтағы бірінші және үшінші жолдарды жоғарыдағыдай сатылап жазған дұрыс. Абай кітаптарында қара өлең қалыбымен бір-ақ жолға жазып жүр. Бұл өлеңді түсінуге жәрдемін тигізер үрдіс болмас. Ал енді келте буынды жырлардағы жолдарға да интонациялық паузалар берген ұлы ақын тәжірибесі өз заманы үшін тұтқиыл, тосын-ақ:
Қылдың арам ойыңды,
Бір бұрмадың мойныңды.
Сен ақылмен көңіліңді
Тыйып,
Жеңдің бойыңды.
Төртінші жолға пауза әбден қажет. «Онегиннің Татьянаға жазған хатындағы»:
Өлі бойға жан жүгірді,
Қайратым құрып болды,
Нан,
Мұз жүрегім май сықылды
Еріп,
от боп күйді жан.
Осындағы екінші жолды да, төртінші жолды да сатылап жазбаса, мағынаны, әсіресе жас оқырмандардың бірден айыра алмасы хақ. Келтіре берсек, мұндай мысалдар некен-саяқ емес, сирек емес.
Абай — әнмен айтылатын өлеңдерді ғана емес, көзбен оқылатын, дауыстап оқылатын жырларды да қазақ топырағында тұңғыш тудырған классик.
* * *
Өзге ойдан тиылып,
Бірі мен бірі әуре,
Жүрекке құйылып
Жан рақат бір сәуле…
Мен соңғы екі жолға қараймын да, қызықтаймын. Біріншіден, сөйлем аяқталмай қалған, бұл құрмалас сөйлемнің бағыныңқысы ғана. Бірақ сол қалпының өзінде де оқырманға да, тыңдаушыға да ұғынықты. Хош. Енді бір назар саларлық тіркес «Жан рахат». Осының толығы да әрі дұрысы да «Жанға рахат» болуға керек. Алайда Абай өз өлеңінің ырғағына қарай иіп әкеп, бір буынды қолдан қысқартып, ықшамдап отыр. Сонда да ұғынықты.
* * *
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып, оңайын?
Бір түгіл, төрт етістік ұйқас төрт жол өлеңде. Орнын тапса, өңшең етістік ұйқас та жайнап кетеді.
Қалауын тапса, сыңғырлап тұрған құрамды толымды жеті буынды ұйқасқа да халық құлақ аспайды? Гәп осында.
* * *
Өнер құбылысын, өнерпаз тірлігі мен тынысын өлеңде бейнелеуден қиын не бар. Дыбыс әлемін, ән-күй, саз құбылысын суреттеу ше? Абай бұл тақырыпты сөз айнасына түсіруде де барша қазақтың басында, көштің алдында тұр. «Қөңіл құсы құйқылжыр шартарапқа». Әйгілі әрі программалы өлең.
Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда.
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.
Әрине, осы өлеңді оқып шыққан немесе тыңдаған адам бірден көңіл аударар әдеттегіден тыс алабөтен тіркеске елең етеді. Ол «ойсыз құлақ» деген тіркес. Құлқы соқпайтын, енжар, бейжай, салғырт, бойкүйез адамды бейнелеген тіркес.
Абай алғаш жазғанға дейін ата топырақта ұшыраспаған сөз байламы…
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда көңілдің әсері бар.
Жаңа, жоғарыда келтірілгендей, адам мүшесі — құлақтың ойлы болуы тиістігі заңды құбылыс. Ал енді бірден қарағанда, сырттай қарағанда, дерексіз ұғым «күйдің» ойлы болуы қалай өзі?» — деп қалардайсың. Жоқ, Абай ақын ондай күдігіңізге, дүдамалыңызға орын қалдырмайды. Жүрші-жүршілеп, өзіңді қолыңнан жетелеп, біртіндеп ұғындырып жүргендей. «Ойлы күй» қандай болды деп, сауал қояр болсаң, жаңағы жаңа эпитеттік жаңа теңеумен үстемелеп, ақын өз өлеңін жайнатып, жарқыратып жібереді. Яғни ол күй ақылдының сөзіндей ойлы екен. Енді сенесің, сенесің де ұйыйсың. Зердеңе тоқисың, жатқа оқисың. Ойлы күйлер, әсем әндер тыңдағанда, немесе мәнсіз күйлер, әрсіз әндер құлағыңның етін жегенде Абай ағаның көркем өнер турасындағы кереметтей кредосын есіңе алып, тағы да сүйсінесің.
* * *
Күңгірт көңілім сырласар
Сұрғылт тартқан бейуаққа.
Жалғанның жапасын шегіп жаны жабыққан, жалғызсырап торыққан жанның кейпін сұрғылт тартқан бейуақ пен күңгірт көңіл қосарлана келіп қандай шебер елестетеді. Ал «күңгірт көңіл» эпитетіне келсек, бұ да — жаңа. Абай замандастары үшін құлаққа тосын. Бұрынғы дегенде бағзы заманнан бері «Ашық көңіл», «ақкөңіл» сияқтыларға қарама-қарсы «күңгірт көңілдің» табылуы да бір себептен орынды, бұлай айтуды конымсыз деп, ешкім де қомсынбайды, еш ақын ерсі дей алмайды. Қала берді «көңілдің сырласуы» сияқты жаңа метафораның қуаты қазақтың қанша ақынының қаламын шыңдауға себі тигенін немен өлшей аламыз?..
* * *
Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін,
Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін…
- Абайдың поэтикалық тілі күрделі, қиыннан қиысқан. Әлгі екі жолдың екіншісін қайта оқылықшы:
Тіл үйренген нәпсінің қу мінезі.
Нәпсінің мінезі жай мінез емес, қу, яғни, алдамшы, алаяқ арамы мінез, біреулерді орға жығушы алапат әрекет, қара ниетті қулық. Қу мінездің өзі аздай тіл үйренген, ал тілімен адамды арбайтын сөйлеуік, заржақ, айтқыш. Осындай күрделілігіне қарамастан, оқырман ойын шиырға итермелеп, қинамайды — түсінікті, содан да толғандырғыш.
* * *
Аңғарымпаздығы, байқағыштығы, шалғыштығына келсек, Абай бұнда да қайран қалдырады, алабөтен жітілік танытады.
Күнделікті үйреншіктіден өзгеше құбылысқа кім де болсын көңіл көзін аударуы қиынға соқпайды. Оған өрелі ойдың да қажеті жоқ сияқты. Ал енді бойымыз үйреніп, етіміз өліп біткен нәрселерден ел елең етіп тыңдардай ерекшелік аңғарту, жаңалық табу ақынның ғана, онда да ақынның ақынының қолынан келеді-ақ. Абайға дейін де қазақ даласында бақсылар болған, бақсылар да фәниден бақиға көшкен, оларды да артындағылар өз қолынан көмген, қара жер қойнына берген. Әрине, оңаша молаға, ортақ зираттан оқшау жерге жерлеген. Бұ барша қазаққа белгілі әдет, үрдіс. Бірақ осындай қарапайым фактіден үлкен түйіндеу жасап, поэтикалық бейне сомдау — тың теңеу тудыру ше? Сол теңеу арқылы жалғыздықтан жаны езіліп, жапа шеккен күрескердің көңіл күйін қолыңа ұстатқандай етіп, айнаға түсірсе ше? Әйгілі «Сегіз аяқта» шиыршық атып тебіренген Абай өлеңін түйіндер тұста:
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым тап шыным,-
демей ме? Осыдан-ақ мыңмен жалғыз алысқан мықты жанның арман-шерін де, мұң-зарын да түгел сезінгендей боласың.
* * *
Жаңашыл Абай кейде, сөз байлауға келгенде тізеге салып, зорлық жасап та жіберетін сияқтанады. Бірақ та бұл сырт қарағанда ғана. Бойлап сүңгіп, байыбына барсаң, әсте де олай емес. Мәселен «Масғұт» дастанындағы:
Өлген мола, туған жер жібермейді,
Әйтпесе, тұрмас едім осы манда.
Өлген моласы несі? Мола өле ме? Мола — өзі өлілердің мекені емес пе?
Жоқ, сөйтсек, Абайдың айтып отырғаны «өлгендердің моласы». Батыл қалам екі сөздің басын ықшамдай түйістіріп, тың тіркес жасаған.
Туған тіліміздің ішкі мүмкіншіліктері — икемділігі, құбылмалылығы, т. б. орасан зор. Абай тәжірибесі солай дейді.
* * *
Естеріңізде бар «Онегиннің сипатында» Абай:
Жеңуге, қор қылуға тағы да ұста,
Өзіне күндес шықса жол таласқан,-
демей ме? Толығы, әрине «жолға таласқан» емес пе? Бірақ Абай қашанда ықшамдау, үнемдеу жағында. Осыған ұқсас тағы да бір мысал: «Көрмеген көп дүние көл көрінді, кірлемеген көңілдің ашығында». Тіркестің дұрысы да, толығы да «Көлдей көрінді» шығар. Абай тағы да бір буынды қырқып тастады, бірақ ойға нұқсан келтірген жоқ…
* * *
Абай сөз санын мейлінше қысқартып, оның есесіне ойды салмақтандыруға ынтық. Әрі құдіретті.
Жалпы қазақ әдебиетінде эпистолярлық жанрды да алғаш бастаушы — Абай. «Жігіт сөзі» аталатын әмбеге ән ретінде танылып, кең таралған «Айттым сәлем, қаламқас» немесе «қыз сөзі» деп аталатын «Қиыстырып мақтайсыз» деп басталатын (бұ да ән боп тараған) екі өлеңнің хат түрінде жазылу мәдениеті қандай биік!
«Жігіт сөзі» басынан аяғына дейін монолог болса, «Қыз сөзінде» бір кілтипан — кәдік бар сияқты. Ол өлеңдегі «Салмағыңнан жаншылып қалсын құмар бір қанып» деп бойжеткеннің ынтықтығымен аяқталған жерде, қосымша он екі жолдың тіркелуі ешбір ақындық тәсілмен ақталып тұрған жоқ сияқты. Абай жеке-дербес хат түрінде, әрі қыз аузынан айтылған ғашықтық сөзге комментарий бермесе керек еді. Ал әлгі «Мұны жаздым ойланып, ойда бардан толғанып» деп басталатын қосалқы жолдар басқа бір орайда, әрі басқа бір өлеңнің соңы сияқты.
Әдебиетшілеріміз алдағы уақытта анықтар мәселе.
* * *
Сығымдап-сығымдап, санаулы сөзбен ғана сөйле. Абай әман осылай деп жар шашып тұрғандай. Онысын айғайлап та айтпайды, тұпа-тура маңдайдан соққандай тікелей де ескертпейді. Жанама түрде, үнсіз білдіреді.
Яғни өз творчествосының үлгі-өнегесімен үйретеді.
Жау қожаңдап, бұртайып,
Дос құбылып, әуре етер.
Кімі тентек, кімде айып,
Тексере алмай өмір өтер.
Осындағы үшінші және төртінші жолдың толық нұсқасы «Кімнің тентек екенін, айыптың кімде екенін тексере алмай, өмір өтер» емес пе?
Осы өлеңде автор «Жақсылығың күнде ұмыт» дейді. Етістіксіз сөйлем, онсыз да ұғынықты. Шеберліктің тылсымдарын әлі шеше алмай біз жүрміз міне…
* * *
Өнегесіз өнер жоқ, өнердің өсуі жоқ. Абай осы ойды оқырмандарға, жалпақ қауымға қатты ескертеді. Алғы буыннан жас буын ғибрат алсын дейді. «Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған, биде тақпақ, мақал бар, байқап қара». «Сөздің мәйегіндей сөлді мақал-мәтелдерді саралап ал» деп отыр Абай.
Өзі де өлеңдерінде, қазақ сөздерінде халық даналықтарын пайдаланған Абай мақал-мәтелдің халықтық қалыбын сақтап, бүтіндей-бітеу күйінде өз сөзіне кірістіреді: «Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек, ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек. Арамдықтан жамандық көрмей қалмас, «Мың күн сынбас, бір күн сынар шөлмек». Енді бірде Абай өлеңге өлшеміне сәйкес сыйғызу үшін мақалды бұтарлап енгізеді: «Бір тойған — шала байлық» деген казақ, ет көрінсе, қайтеді күйсей бермей». Бұл ежелгі «Кедейдің бір тойғаны — шала байығаны» деген мақалды ықшамдау үлгісі немесе «Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек»,- деп те алады… «Қара қылды қақ жарғанның» перифразы.
Біреулер айтқандай жалпы мақал-мәтелден безінген емес Абай. «Ескі бише отырман бос мақалдап» — десе, өлі қалыппен өнерсіз сөйлеуді, өнегесіз сөйлеуді, бос уағызшылдыққа салынуды шенегені!
* * *
Абай басылымдарына түсініктеме, комментарий берілуінде кемшілік-кенжеліктер жоқ емес. Бүгін жас буын түсінбейтін салт-сана көріністері, бұрынғы этика мен мораль, заң талаптары, т. б. Абайда көп. Соларға түсініктеме қажет-ақ. Бүгінгі жиырма жасарлар түгілі, біздің із-өкшемізді басушы толқын өкілдері де мәселен,
Алты жақсы, жүз жылқы болған басы,
Бір семіз ат болады оның құны,-
дегенді байыбына барып, тәптіштеп түсіндіріп бере алмайды. Мұның мәнісі не? Ежелгі әдет заңы бойынша өлтірілген азамат үшін кінәлі жақ құн төлеген. Ердің құны — «алты жақсы, жүз жылқы» яғни алты түйе мен жүз жылқы. Қадірі түскен адам ақыр аяғында бір семіз аттық құнға әзер ие болады деп отыр Абай. Осы фразеологиялық тіркеске «Абай тілінің сөздігі» де түсініктеме бермей, тіркеп қана өте шығыпты.
Біреуге біреудің көрсеткен көмегінен пайда болмаса, ондай көмекті сіз қалай деп айтар едіңіз? «Шала көмек», «Жарытымсыз көмек», «Ауыз жарымас жәрдем», т. б. түрде айтуға да болатын сияқты. Хош. Ал Абай ағаң атымен басқа балама тауыпты: «Аш көмек». Бұ да өзіне дейін бола қоймаған сөз саптас шығар. «Кедейі — ер, кеселі зор, малды байдан сорлы жоқ. Аш көмектің, жемдемектің. Босқа әлектің орны жоқ». Жарықтық Абайға жанасып кетсең, жаңалыққа жолығасың.
* * *
Тіл өнерінің тылсымды тұңғиықтығына тап болғанда, соны қияндарға беттегенде, ақындық сырлары хақында пікір таластырып, әділ қазыға жүгінгенде, өзгені былай қойып күнделікті тірліктің күйбеңдерінен бір сәтке дем алғың келгенде, көңіліңді көлеңкелер көміп кеткен соң, жаныңдағы ақ самалға желпінгің келгенде… Абай томын қолға алатының ақиқат.
Тірлігімнің мағыналы-мәнділігіне куә — рухани ләззаттың бірі болғандығынан да Абай жырлары мені сусындата шөліркетеді, құмарттыра түседі.
Абай тағылымы. Әдеби-сын мақалалар мен
зерттеулер / Құрастырған филология
ғылымының докторы, профессор Нығмет Ғабдуллин. –
Алматы:-Жазушы, 1986. — 244-262-беттер.
Сайтта жайғастыруға дайындағандар:
доценттер Л.Мұсалы, Е.Адаева, Е.Кәрбозов
Бөлісу: