Түрік ақындарының жырларынан: Ақсұңқар Ақынбабаның аудармалары
Бөлісу:
...Ұзақ жылдар классикалық әлем әдебиетінен өзіммен-өзім бұйығы түрде (тапсырыссыз, қаламақысыз, насихатсыз) тәржіма жасай жүріп көзім жеткені: әлемдегі барлық ақындар қай ғасырда, қандай ортада, қай елде, қай ұлттың баласы болып өмір сүргеніне қарамастан, жаратылысы, көзқарасы, тіпті, өмір сүру стилі де ұқсас. Аударма арадағы уақыт алшақтығына қарамастан, ақындарды өзара тілдестіріп, сырластырады, бірге жылатып, бірге күлдіреді, өлісі, тірісі бар болашаққа бірге сапар шектіреді. Әр заманда өмір сүрсе де, ақындар жырлайтын таулар мен құстар, гүлдер мен түндер, бақ пен сор, ақ пен қара –бәрі де сол қалпында... сандар ғана өзгеріп жатқан, ал, ақын мен поэзияның табиғатына ешбір уақыттың үкімі жүрмейді.
Аударма техникалық бұрандалардың орынын қиыстыру емес, ақынның ақын әлеміне оқырман ретінде ғана емес, оны өзге тілді оқырманға, жаңа оқырманға, басқа дәуірге жеткізуші «әріптес» ретінде де сапар шегуі, сенің де тағдырыңның, жүрегіңнің айтпағын әлдеқашан жеткізіп кеткен ақындардың жырларын аударушы ақынның да өз жүрегінен өткізе отырып, өз оқырманымен қосыла тілдесуі, ақын мен ақынның тең отырып, шығармашылық бәсекеге түсуі, бір-бірінің шығармашылығын келесі бір елге, келесі бір ұрпаққа жеткізу, асса, өзге елдердің мәдениетін келесі бір елдің атынан насихаттау, қолдау, тағысын-тағы...
Дегенмен, теріңді төгіп жасаған еңбегіңнің жарыққа шығуы да мәдени саясатымыздың, сұранысымыздың қажеттілігі әрі талабы емес пе? Десек...
2005 жылдан бері бірнеше республикалық басылымдарға бірнеше рет ұсынсам да, жарық көрмеген тәржімаларым біраздан бері «Әдебиет порталы» арқылы оқырманмен қауышып жатқанына мәзбін.
Бүгінде әдеби ортаның сүйікті порталына айналған «Әдебиет порталының» оқырмандарына бауырлас түрік елінің әр ғасырдағы айтулы ақындарынан жасаған тәржімаларымнан ұсынамын.
Рыфат ЫЛҒАЗЫ
(1911-1993)
Түрік республикасының 2004 жылы анықтаған үздік 100 шығармасының қатарына «Көлеңкелі түндер» шығармасымен енген түріктің бірегей ақыны әрі жазушысы. Рыфат Ылғазының шығармашылық қолтаңбасышындықты жан-жақты жеткізе отырып, толықтай ашып көрсету. Оның поэзиясының басты тақырыбы кәдімгі өмір мен түріктің қарапайым еңбек адамдарының күресі. «Тіріміз» (1947), «Үскідір таңы» (1954), «Ұзақ емес күн» (1971) тағы басқа көптеген жыр жинақтарының авторы.
БІЗ ТІРІМІЗ
Мен өлгем жоқ.
Өлтірген жоқ мені әлі,
Сақта Құдай?
Көретінім көп әлі.
Мен тірімін!
Тірімін мен, шырылдап,
Шыбын жаным өлмей әлі келеді.
Газеттерден көрінбейді жүзіміз,
Тіріміз бе, өлгенбіз бе? Біліңіз.
Жолбикелер марапатқа қарқ боп жүр,
Тамсантса да талайларды жырымыз.
Бірақ, Рыфат Ылғазының өлеңін,
Таппайсыңдар, іздемеңдер дер едім.
Мейлі, газет беттерінен өшейік,
Өлген жоқпыз, өмір сүре береміз.
Кек пен оттың ортасында төселіп,
Өмір сүре береміз біз, өнеміз.
Естисің бе, ей,
Біз тіріміз, өлмейміз!
***
Назым ХИКМЕТ
(1902 – 1963)
Түрік поэзиясына айырықша ықпал еткен, жаңа әдеби ағымдар енгізген ақын, жазушы, қоғам қайраткері. "Күн жұтқандар жыры” (1928), “835 жол өлең” (1929), "1+1=1" (1930), “Дауысын жоғалтқан қала” (1931) атты өлеңдер жинағының, “Түрмеден жазылған хаттар” атты өлеңдер топтамасының,“Джиоконда және Си-Я-у” (1929) поэмасының, “Бенерджи өзін-өзі неге өлтірді?” (1932) атты өлеңмен жазылған романның,“Қу бас” (1932), “Өліктің үйі” (1932), “Ұмытылған адам” (1935) пьесаларының және көптеген фильмдердің сценарий авторы. Қазақ тілінде “Өлеңдер” (1952), “Өлеңдер мен дастандар” (1958), “Махаббат туралы аңыз” (1974) атты кітаптары жарық көрген.
ТҮН ОРТАСЫ.СОҢҒЫ АВТОБУС.
Түн ортасы.Соңғы автобус тоқтады,
Таратылып соңғы қалған билеттер.
Жоқ ешкімім үйде күтіп отырған,
Қонақ қылар ешқайсысы жоқ тағы.
Күтіп тұрған қоштасу бар алдымда,
Қоштасумен кездесуге барамын,
Еш үрейсіз, мұңсыз,үнсіз тағы да,
Қоштасамын, қарағым.
Ұлы түнек орынынан тұрды да,
Қатарласып тұра қалды жаныма.
Мені енді жансыз ете алмайды,
Сатқындығы досымның-
Қолдарымды қайырып,
Ту сыртымнан салған қара қанжары.
Дұшпаным да шағыстыра алмайды.
Бұзып-жарып арасынан пұттардың,
Шығып кеткем бетке ап ашық арайды.
Құлатам деп құлшынысқан ал, олар,
Қара жерге құлап түсті сонша оңай,
Тағы сендім тістерімді аямай,
Бір кездері қалай сенсем, дәл солай...
Обалы жоқ болса-дағы, ең сұлу,-
Жаламен де көңіл қосар шамам жоқ.
Өзгенің де, өзімнің де, ешкімнің,
Мас қылмайды ешбір сөзі, алаң жоқ!
***
Брестіге шығарып сап әйелім,
жалғыз өзі қала берді перронда.
Бір нүктеге бара жатты айналып,
Көз ұшымда мұнарланып біртіндеп,
темір жолдың үні көміп күркіреп.
Ал, содан соң Польша еліне жетті үні:
«Орал!»-деген. Сол кеткеннен, алайда,
Мені ап кеткен доңғалақтар тоқтамай,
Алып кетті, қайта алмадым амал не,
Нәзік гүлім қайда екенін, сұрауға,
Жете алмадым, кете бардым, шет қонып,
Тамағымда кетті ауыр жас кептеліп.
Ал, содан соң, құмды аралда қар еріп,
Бусанғанда,
жер түбінен жан жарым,
Мені сезіп, жас шыларын жанарын,
«Ұмыттың ба?» -деген даусын, аңсарын,
Үнсіз ұқтым, жете алмады,
жетпедім.
Көктем бұлтты қуып шықты көктегі.
Ал, содан соң жұлдыз көкке жиылып,
Қараңғылық басты суша құйылып.
Менің жарым тұра берді перронда,
Көз жасына жуынып.
Дүлей пойыз алды-артыма қаратпай,
Мені алып кете барды, тоқтатпай,
Тамағымда тұрды ауыр жас тығылып.
Ал, содан соң – бұл пойызда – қашаннан –
қайдан –қайда мәңгілікке жол тартқан,
кеудедегі мәңгі үміті ән салған,
быт-шыт болған мұздай болып қанша арман,
артта қалған қанша Қала, Гүлсім мың,
мәңгі кезбе екенімді түсіндім.
Кезіп барам...аймақтарда, айлақта,
кетіп барам...мен бір жаққа...қай жаққа?
***
Михри ХАТУН
(1456 – 1516)
Орта ғасырдағы түрік поэзиясына елеулі үлес қосқан ақын Михри Хатун Амасья қаласының қадиы әрі ақынның отбасында туылған.Ақын қыз оқымысты әкесінің арқасында білім алып, қоғамда беделді болды. Негізінен махаббат пен табиғат тақырыбындағы терең сезімдерге толы ғазалдарымен танымал ақын әйел асқан сымбатты әрі талантты болса да, өз қалауы бойынша тұрмысқа шықпай, өмірден жалғыз өткен. Михри Хатунның өмір сүрген кезеңін еске алсақ, оның тек поэзияда емес, қоғамда да күрескерлігімен танылған Түркияның бүтін бір дәуіріне тән айырықша құбылыс болғанын түсінеміз. Амасьядағы аты аңызға айналған атасы Баба Ілиястың мазарының жанына жерленген.
О, сүйіктім, керегі жоқ, өзің барда маған өзге махаббат,
Төзем сенің қаһарыңа, қажеті жоқ күйеудің,
Не істедім мен,не бүлдірдім? Бақытсыздық арқалап,
Өтсем егер, өз кінәм ол, қайырылмаса сүйгенім.
Михри саған паш еткенде ғашықтығын ынтызар,
Күллі әлемге күлкі болдым, айырылып ырқымнан.
О, сүйіктім, мазағыңа лайық көрсең мені дәйім осылай,
Мәңгілікке ғайып боп кет, өзіңе сын! Хош күнәм!
***
Ар-намыссыз мың еркектен егер де,
Арлы болса жалғыз әйел сол артық.
Ақылы жоқ мың еркектен егер де,
Ақылы асса жалғыз әйел сол артық.
***
Орхан ВЕЛИ (КАНЫК)
(1914 – 1950)
Әдеби псевдонимі Мехмет Әли Сель. Ақын поэзияны демократияландыруға, қарапайым адамның ішкі әлеміне, күнделікті тіршіліктің иірімдеріне үңілуге айырықша көңіл бөлді. «Қарсы емеспін мен неден?» (1945), «Жаңа» (1947), «Сонда да» (1949) жыр жинақтарының авторы. 1953 жылы жарық көрген кітабында шыққан әдеби сын мақалалары мен әңгімелерінің жалғасы 1970 жылы «Теңіз жаққа» деген деген атаумен жарияланды. Өлеңдеріндегі кірсіз ашықтық, тіршілікітің кез-келген тынысын өлеңге айналдыра білетін ерекше дарыны оның ақындық даңқын арттырды.
ГАНГСТЕР
Жылдар бойы жазам өлең,
Көндің бе?
Қарақшыға айналамын енді мен.
Ұры біткен білсін мұны:
Шынында,
Енді ісі болмас таудың шыңында.
Мен олардың нанын тартып ақыры,
Алған болсам,
Олар да,
Иемденсін менің қымбат ақымды,
Поэзияның әлемінде соңымнан,
Жете алса, барлығына орын бар!
Қыркүйек 1939.
***
БІЗ СЕКІЛДІ
Ұйқыдағы танкілер,
Оята ма, шынымен?
Не ойлайды бір өзі,
Жалғыз ұшақ түнімен?
Айлы түннің нұрымен,
Ән шырқаса күллі ел,
Өртсөндіргіш оларды,
Ұнатпай ма, шынымен?
Қыркүйек 1939
***
КӨЛЕҢКЕМ
Сүйретуден ылғи оны жалықтым,
Күні-түні шұлығыма оралған;
Мына әлемде енді біраз жарық күн,
Ол өзінше,
Мен өзімше сүрерміз,
Һәм кешерміз әлі де,
Алуан жолдар,сан арман.
***
Фазыл ХЮСНЮ ДАГЛАРАДЖА
(1914-2008)
«Ұлы түрік ақыны» атанған Фазыл Хюсню армияда қызмет еткен жылдары Шығыс және Орталық Анатолияны, Турцияның Еуропалық бөлігін түгелдей аралап шықты. Әдебиеттегі аяқ алысын прозадан бастаған ол кейіннен өлеңге ойысты. Ақындық атағы 1933 жылы «Стамбул» журналында шыққан «Баяу өмір» өлеңімен мәлім болды. « Құдай мен бала» (1940), «Тас ғасыр» (1945), «Туған жер», «Азаттық алаңы» (1960) кітаптарының авторы. 1967 жылы Америкада өткен Халықаралық ақындар форумында «Үздік түрік ақыны» атағына лайық деп танылды. Шығармашылық жолында ешбір ағымның және тұлғаның ықпалына түспеген ақынның өнердегі ұстанымы былай: «Өнер туындысы өзіміз өмір сүріп отырған заманмен сағаттың тілімен бірдей жылжып отыратын компас секілді болуы қажет».
ЖАҢБЫРСЫЗ АУЫЛ
Ашпыз біздер,
Естисің бе, Жер Мені?
Мен және де қара бұқам екеуміз.
Бұқаны ой мазалайды, ал мені,
Ашықтырған қаралы ой, кек теңіз.
Ашпыз біздер! Естисің бе, Жер Мені?!
Қанішерге айналардай халдемін.
Тау жастанды солтүстіктен соққан жел,
Құс, жануар, жәндік біткен ұйқыда.
Тоқ жұлдыздар жағаласып аштармен,
Түн түнегін қылқылдатып жұтуда
Тау жастанды солтүстіктен соққан жел,
Аштық ұйқы берер емес жатқанмен.
Алаңдардың ортасында кезді аштық,
Адамдардың жүздерінде кезді аштық.
Жаңбырсыз жер нан бермесін сезді аштық.
Өкпелі аспан.Енді қалай көзді аштық?
Алаңдардың ортасында аштық жүр.
Сағат сайын қысып барад аш ғұмыр.
***
Тәржімалаған ақын Ақсұңқар АҚЫНБАБА,
(аудармалар 2006-2011 жылдары жасалған)
Бөлісу: