Батырхан Дәрімбетов: Жүрегі таза, ойы азат.

Бөлісу:

10.02.2016 3832

магжан.jpg
 

Абайдан кейін әдебиетке қаулап келген бір топ қуатты қаламгердің бұл күнде біз бірін біліп, бірін білмейміз. Алпыс жыл бойы қолдан жасалған тосқауылдар мен бөгеттер оларды бізбен қауыштырмауға қызмет етті. Бірақ өміріміздің барлық саласына сәулесін түсірген жариялылық заманы бұл бөгесінді бұзып өтті. Сөйтсек, бізге құбыжық ретінде көрсетіліп келгендер – заманы-нан озып туған, өмірдерін халқының азаттығы мен теңдігі жо-лында күреспен өткізген, Николай мен Сталиннің түрмелерінде зардап шеккендер болып шықты. Біріне-бірі қарама-қарсы осы екі үкіметтің ашу-ызасын туғызғандай бұлар кімдер еді?

1905 жылдан басталған Россиядағы революциялық өрлеу дәуірі патшалықтың шет аймақтарында ұлт-азаттық қозғалы-сының жандануына ықпал жасады. Алайда, патша өкіметіне бұратана халықтардың бірді-екілі оқығандарының “азаттық”, “теңдікті” әңгіме етуі, тіпті, өрескел көрінді. Бірнеше ғасыр бойы үн-түнсіз бағынып, тағдырына мойынсұнып келген аз ғана ұлттардың ішінен бұлай бас көтеретін адамдар шығады екен деп олар ойлай қойған жоқ еді. Сондықтан да патша өкіметі бұндай наразылық көрсете бастағандарды барынша мұқатып, біржола тұралатып тастауға ұмтылды. Ал, совет дәуірінде, бұлардың патша заманындағы азаттық үшін күресін орысқа қарсы күрес деп теріс түсінушілер, бұларды ұлтшылдар, байшылар деп кінә тағушылар пайда болды. Оның үстіне революцияға дейін интел-лигент болғандар сол заманның рухани уымен уланғандар болып табылды, бұлар енді пролетариат туы астына жинала алмайды, жаңа өмірді жырлай алмайды деген асығыс, ешбір ғылыми негізсіз тұжырымдар жасалды. Ақыр соңында оларға әртүрлі жала жабылып, контрреволюциялық ұйым құруға қатысты деген айыптар тағылды. Сол отызыншы жылдардың басында-ақ олар-дың кейбіреуі атылып кетті, басқасы ұзақ мерзімдерге айдалды. Бұл айдаудан әупірімдеп аман қалғандарын 37-жылдың қанды оқпаны мәңгіге жұтты.


 

Өмірі халық тарихындағы осындай өте бір күрделі кезеңдер тұсында өткен, сол дәуірдің барша қарама-қайшылығын жүре-гімен сезінген, тарихтың тар жолдарында өмірін шындық іздеу-мен тауысқан, сол тауқыметі мол жылдар тез есейтіп, қаламына қайрат бітірген, қатарға қосқан Мағжан Жұмабаев қазақ әде-биетіндегі аса ірі тұлға. Ол қазақ поэзиясын Абай көтерген биік деңгейден түсірмей, оны Европа жер жүзі поэзиясымен ұштас-тырып, тақырыптық, формалық, мазмұндық сезім күйлерін шерту жағынан әлемдік поэзиямен берік қабыстырды. Мағжан поэзияға тартымды формалар әкелумен қатар, оның мазмұнын тың тақырыптармен байытты, адамның ішкі сырларын, тылсым сезімдерін бейнелеуде көбірек қайрат көрсетіп, қазақ поэзия-сының алдына жаңа бағыт, соны соқпақтар ашты. Жеке адам басындағы сезім шарпылыстарынан бастап, адамзат баласын толғандырған әлемдік күрделі мәселелер арасындағы сан қилы ой-толғаныстар Мағжан поэзиясынан табылатын қасиеттер. Мағжан творчествосы алпыс жыл бойы қараңғы зынданда қол-аяғы байлаулы күйде жатты, бірнеше ұрпақ оның ғажайып жырларымен табыса алмай бұл дүниеден өтті. Ақынның таза жүрегінен шыққан азат ойлары тас қамаудан енді ғана босанып, бүгінгі талғампаз ұрпақпен қауышып отыр.


 

Мағжан Жұмабаев 1893, қазақша жылан жылы, көктемнің соңы, жаздың басында сол кездегі Омбы губерниясы, Петропавл уезіне қарайтын Сасықкөл дейтін жерде дүниеге келген. Қазір бұл ара Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы “Молодеж-ный” совхозының қарамағында. Әкесі Бекен (шын аты Бекмұ-хамед) ауқатты кісі, бірнеше рет болыс та болған көрінеді.


 

Мағжан зерек бала болып өседі. Патшаның әскеріне алыну-дан қашып, қазақ арасына келген башқұрт жігіті ашқан ауыл мектебіне ол төрт жасында кіреді. Әуелі ойын, кейіннен шыны-мен-ақ оқып кетеді. Хат танып алған соң, оқу-білімге қызыға түседі. Қолына түскен қисса-дастандарды оқи бастайды. Баласы-ның оқуға ынтасының мықты екенін көрген Бекен Мағжанды Қы-зылжардағы Бегішев медресесіне оқуға береді. Ол мұнда төрт жыл оқып, мұсылманша орталау білім алады, арабша, парсыша, түркіше тіл біліп, сол тілдегі әдебиетпен таныса бастайды. Оның ақындық талантының ояна бастағаны да осы жылдар болса керек.


 

Абайдың 1909 жылы Петербургте шыққан өлеңдер жинағын Мағжан оқығанға ұқсайды, өйткені ол алғаш жазған өлеңдерінің бірін ұлы ақынға арнапты. Бұл өлеңнің көркемдігі аса биік дәре-жеде болмаса да, онда жас ақынның бәрінен бұрын ойға көбірек көңіл бөлгені көрінеді:


 

Ай-жыл өтер, дүние кешін тартар,

Өлтіріп талай жанды жүгін артар.

Көз ашып, жұртың ояу болған сайын

Хаким ата, тыныш бол, қадірің артар.


 

Сол кездің өзінде-ақ Мағжан оқу-білімсіз халықтың ертеңі бұлдыр, көкжиегі тұман екенін сезген. Оқу-білімге қол жеткізген халық қана асылды жасықтан ажырата алады деген пікірге тоқтайды. Ақынның бұл кездегі творчествосы, негізінен алғанда, қалың ұйқыда жатқан елін маса болып шағып оятуға ұмтылған Ахмет Байтұрсынов идеясымен үндесіп, сабақтасып жатады. Осы кездегі өлеңдерінде Мағжан заманның қазақ үшін тым ауыр екенін сезбей, өзді өзі қырқысып, сайлауға таласып, қамсыз жатқан елінің жайын көбірек ойлайды, бірақ оған кім кінәлі екенін әзірге айта қоймайды.


 

Оқу оқы, өнер қу,

Басқалардан түңіл де.

Жұрттың қамын көп ойла,

Уайым, қайғы жеп ойла.

Артта қалған сорлы жұрт,

Алға бассын деп ойла, –


 

деген сияқты үгіттік мәні бар өлеңдер жазады. Халқының мұн-дай мүсәпір халге түсу себебіне ол кейінірек ой жүгірте бас-тайды.


 

Қызылжар медресесінен кейін Мағжан Уфаға барып, сондағы “Медресе – Ғалияға” түседі. Бұл медресе – қазіргі тілмен айт-қанда мұсылмандық жолындағы жоғарғы оқу орны болатын. Бұнда ол көп оқымайды. Шәкіртінің тамаша зеректігін көрген, кейіннен татардың атақты жазушысы болған Ғалымжан Ибрагимов Мағжанға: “Бұнда сен оқитын оқу жоқ, сенің білімің онсыз да асып жатыр, басқа оқу ізде” деп ақыл береді. Сол Ға-лымжан кейін “Қазақ қызы” деген романына осы шәкіртінің мына бір шумақ өлеңін эпиграф етіп алады:


 

Кең дала, көресің ғой, ана жатқан,

Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.

Асқар тау, балдан тәтті сулары бар

Әне сол анам еді мені тапқан.


 

Осы кезде Мағжанға Ахмет Байтұрсынов шығарған “Қазақ” газетінің ықпалы өте зор болады. Өзі де оның жұмысына белсене ат салысады. 1913 жылы Мағжан Европа біліміне жақындаспақ ниетпен Омбыға келіп, оқытушылар семинариясына оқуға түсе-ді. Сәкен Сейфуллин екеуі осы семинария қабырғасында таны-сады.


 

Әкесі Бекен баласының оқудың соңына түсіп, үй көрмей кет-кеніне мүлде қарсы болады. Уфаға барғанына да, оны тастап Ом-быға кеткеніне де риза болмайды, ауылда қасында болғанын қа-лайды. Хат таныды, оң-солың білді, енді елдің жұмысына ара-ласса екен, өзіне жәрдемдессе екен деп ойлайды. Бірақ бұл кезде Мағжан ойы ауыл түгіл, рулық қыспақтан босанып, “біртұтас қазақ” деген қия тастарға шарықтап кеткен еді. Сондықтан да ол оқу жолына әкенің ықтиярынсыз түсті және бұл кезде үнемі жү-деу өмір сүрді. Көз көргендердің айтуы бойынша, дегеніне көнбе-ген Мағжанға әкесі риза болмай, әрі оқып жүрген кезінде қара-жатпен қараспаған да секілді. Шамасы, Мағжан он сегіз – он тоғыз жасынан бастап-ақ өз күнін өзі көріп кеткенге ұқсайды. 1920 жылы жазған “Жан сөзі” деген өлеңінде осы мағынадағы сөздер де бар:


 

Ата-анаңнан без дедің, безбедім бе?

Қаңғырып талай жалғыз кезбедім бе?

Басыма талай қара күндер туды,

Ата-ана, туысқан іздедім бе?


 

1913 жыл Мағжанды жаңа сапалық биікке көтереді. Ол хал-қының осындай мүсәпір күйге түсуінің себебін табады, көп нәрсеге көзі ашылады. Қазақты жан-жағынан қысып, еркін бермей, тұншықтырып отырған патша өкіметі екенін түсінеді. Қазақ баласы ең шығандап шыққанда болыс болуы мүмкін, орысша оқығанның шығар биігі оязға тілмаш болу ғана. Өз алды-на ел болмай, халықтың бордай тозып, быт-шыты шығатынын сезе бастайды. Халық басына төнген осындай қасіретті жағдайды түсінудің өзі Мағжанға аса қиынға түседі. Сонда да болса бола-шақтан үміт күтеді, сонымен бірге халқының өткен күндеріне де көз тігеді. Сонау қантөгіс жорықтарға толы хандар мен бектер дәуірі оған нағыз еркіндік заманындай көрінеді. Ол кезде қазақ-тар өзімен-өзі болып, бұлғақтап өмір кешкендей болады. Ақын қиялы өткен күндерді шарлайды, шарлайды да жаралы жүрегіне тағат іздейді. Бүгінгі күнінен түңіледі, буалдыр тұман ертеңіне үмітпен көз салады. Сөйте отырып, кешегі күннің кейбір сурет-терін жанына жалау етіп, сонан жарасына ем тапқандай болады:


 

Бір күнде сенің иең түрік еді,

Орын ғып көшіп-қонып жүріп еді.

Қорықпайтын таудан, тастан батыр түрік

Қойныңа жайыменен кіріп еді.

Ер түрік ен далаңа көрік еді,

Отырса, көшсе, қонса ерік еді.

Тұрғанда бақыт құсы бастарында

Іргесі жел-күн тимей берік еді, –


 

деп, “Орал тауы” деген өлеңінде ол сонау біртұтас Түрік елі (Түрік қағанаты) болып тұрған кезді еске түсіреді, оны қайта көз алдына елестеткендей болады. Бірақ артқа қанша бұрылғанмен, өткен енді қайтып келмейді, келіп жағдайыңды түземейді, өз заманыңды ойла, елдің қамын же. Енді Мағжан басына осындай ойлар келеді. Бұдан былайғы жерде ол өлеңдерінде көбіне-көп өз заманының сан қилы кескін-келбетін суреттеуге бет бұрады. Ол азаттық жолын өткеннен де, кеткеннен де, Батыстан да, Шығыс-тан да іздемейді, өз халқының ұмтылатын, арпалысатын аяусыз күреске түсетін шаруасы деп біледі.


 

Мезгілше, мейлі келсін, тісі батсын,

Сұр жылан өзі оятар, қатты шақсын.

Жаңадан жолбарыстай ұмтылармыз,

Көрелік төңіректі, тек таң атсын.


 

“Есімде... тек таң атсын” деген өлеңіндегі осы бір сөздер Мағжанның нағыз әлеумет ақыны бола бастағанының белгісі еді. Патша өкіметін сұр жыланға теңей отырып, сол жылан қазақты қаттырақ шаға түссе, қазақ та қарсы қимылдар еді, бостандыққа ұмтылар еді дегенді айтқысы келген. Бірнеше ғасыр бойы елін, ерін тонап, еркінен-елдігінен айырған патша өкіметін бостандық сүйгіш ақын қалай жақсы көрсін. Құрықты алыстан салып, әуелі елдігінен, сонан соң дінінен, ақыр аяғы тілінен айырмақ болып отырған өкіметті ақын жүрегі қабылдай ала ма? Сондықтан да ол аяқ-қолы шырмалған туған елін бейғам отырмауға үгіттейді.


 

Қарманбай, қарап жатып бақ күтуге,

Ізденбей, аласұрып, тақ күтуге,

Тағдырда бір тақтайға жазулы деп,

Әр іске, кім үйретті, шақ күтуге? –


 

деп, өзіне де, жұртына да сұрақ қояды “Дін үйреткенге” деген өлеңінде қазақ тағдырына басқа бір жұрттарға өмірбақи бодан болып қалу жазбаған шығар, бір кезде амалсыздан одақтасқан екенбіз деп мойынсұна беру елмін деген халыққа жараспайтын мінез деген азат ойлар айтқысы келеді ақын.


 

Шарқ ұрып ұмтылған ұшқыр жанды,

Қайнаған тамырдағы ыстық қанды.

Тұтқын қып кім қамады, кім суытты?

Кім алды қалың қайрат, күшті, әлді? –


 

дейді ол осы өлеңінің бір тұсында. Ол қасиеттерді ежелден ер-кіндік аңсаған ерікті халықтың бойына кімдер зорлап таңғанын ақын ашып айтпаса да, оны оқырман жанымен сезеді. Халықтың басына төнген қауіптің қайдан бастау алып жатқанын жақсы біледі. Мағжан бұл өлеңінде жаңа бір қырынан көрінеді. Ол болмыстың осындай қасіретті құбылысын айтып қана қоймайды, күреске, шарпылысқа шақырады. Өткеннен де, бүгіннен де тү-ңілген, тек қана болашағына батыл қол созған күрескер ақын дүниеге келеді.


 

Жоқ енді жату болмас бос еңбексіз,

Жалбарып жасаған деп жас төкпеспіз.

Өзің де, сөзің де кет, бізден аулақ,

Жас өлген, жүрегі сөнген мұңдар кексіз!


 

1913–1916 жылдар Мағжанның ақын және азамат ретінде әбден қалыптасқан кезеңі, атаның баласынан адамзаттың баласы болуға біржола ойысқан кезі. Ол осы жылдарда орыс және батыс европа ақын-жазушыларын құныға оқиды, өзіне жаңа да тосын ой идеяларды көңіліне тоқи береді. Оның алдында жаңа бір әлем ашылады. Гете мен Толстой, Гейне мен Горький, Верлен мен Мережковский, Бальмонт пен Брюсов, Блок пен Сологуб сынды сан қилы, сан қырлы таланттар енді Мағжанмен бірге, соның жүрегінде өмір сүре бастайды. Немістің Шпенглері мен орыстың Соловьеві сияқты философтарды да Мағжан түсінуге тырысады, солардың әлдебір ойлары, тұңғиық тылсым толғаныстары бұның жанына әсер еткендей болады.


 

1914 жылы басталған Бірінші жиһангерлік соғыс Европаның ойға берілгендерін қатты ойландырып тастаған еді, қанды соғыс адамдардың қара ниеттерін оятады, біріне-бірін дұшпан етеді деп жазды олар. Шпенглер тіпті әрі кетіп, “Закат Европы” деген кітап жазды: бұл кезеңнің Европа үшін қараңғы түнекпен бірдей екенін, енді Европаның күні өшеді, елі азады, халқы тобырға айналады деп жазды. Россияда декаденттер мен символистердің орнына футуристер мен эгофутуристер пайда болды. Неше түрлі ағымдар, сан түрлі топтар шығып, қым-қиғаш таластарға түсіп жатты. Соғысқа жан-тәнімен қарсылар да кеуде соққан ура-патриоттар да өз білгендерін айтуға тырысты. Осының бәрін көкіректен өткізу, көңілге түю, жүректен нәзік сезімдерін сезіну, ойға салып саралау жиырмадан жаңа асқан жас жігітке оңайға тиген жоқ.


 

1916 жылғы патша жарлығы бұрын барлығын көрсе де, әскерге алыну дегенді естімеген қазақтарға аспан айналып, жерге түскендей, жер аспанға шығып, дүние төңкерілгендей әсер етті. Дала күңіренген үнге толды, ұзақ ұйқыдан шошып оянғандай жұрт жан-жағына аңтарыла қарады. Нағыз қыспаққа түскенін енді ғана түсінгендей болды. Бар ауыртпалық байғұс кедейге түсті. Кедейдің ескі кегі қозды. Ауызды әуелі бай-болыстарға салды. Тізімдерімен қоса олардың үй-жайларын өртей бастады, мал-дүниелерін талап алғандар да болды. Бай-болыстар жандаралдан көмек сұрады. Қарғаның көзін қарға шұқымайды, соғысқа әскер жетпей жатқанымен, қазақтарды қанға бояуға әскер табылды. Қарусыз халық қан-жоса болды. Жігіттер қолға түсті, әйел, бала-шаға қуғынға ұшырады. Мыңдаған жас эшелонға тиеліп, көз көріп, құлақ естімеген алыс қиырларға аттанды. Нағашыларын іздеп кеткен жоқ, байлықты бөлісе алмаған байлардың соғысына, сол соғыстың қанды аузына түсу үшін жөнелді. Бұл қанды оқиғалар Мағжанға қатты әсер етті. Ол әсерлер жүрегін жарып шығып, өлең болып туындады:


 

Солдатша сымдай киініп,

Шекпені оның сұр ма екен?

Күрегіне сүйеніп,

Суықта жаурап тұр ма екен?

Жатқан шығар ор қазып,

Жауға ма, әлде өзіне?

Бұрыла алмай бой жазып,

Қайғы шығып жүзіне, –


 

деп соғысқа сүйген жарын аттандырып, артынан күтіп қалған жас келіншек болып сөйледі. Осы “Орамал” деген өлең 16-жыл-дың қайғы-қасіретін толық бейнелей алған толымды туынды екені анық. Сонымен бірге ол ақынның қазақ даласында өтіп жатқан оқиғаларға көзқарасын да айқын танытады.


 

1917 жылғы февраль революциясы қазақ оқығандары үшін аса қуанышты оқиға болды. Мәңгі мызғымастай көрінген патша үкіметінің құлауы қазақтарды тағы бір дүр сілкіндірді. Бай-болыс, тілмаш-саудагер болмаса, бұған қуанбаған қазақ болмаған шығар. “Ақ түйенің қарны – жарылды, елге бостандық келді, енді еркіңді өз қолыңа ал” деген ұрандар айтыла бастады. Мағжан да басқа ақындар сияқты бұл оқиғаны қуанышпен қарсы алды. “Алаш” құрылды. Оның құрылтай съезі шақырылды. Әр облыстан оған қатысатын делегаттар сайланды. Ақмола облы-сынан барған екі адамның бірі – Мағжан. Мағжан оқу комиссия-сына мүше болып сайланды. Сәкен Сейфуллин “Тар жол, тайғақ кешуде” былай деп жазады: “Омбыда Ақмола облысын билеуге “Алашорданың” облыстық үкіметі жасалды. Ақмоланың облыс-тық “Алашордасына” сайланғандар: Мағжан Жұмабайұлы – оқыған жігіт, Бөкейхан ұлдарының ертегісіне нанып жүрген кедей баласы” (1988 жылғы басылым, 217-б.).


 

Алайда, ел болу қолдан келмеді. Аз ғана қазақ оқығанының басы піспеді, бірімен-бірі билікке таласты, тағы да партия-партия болып, айтыса бастады. Ақыры “Үш жүз” партиясы Мағжанды абақтыға жапты. Чехословак лаңы кезінде одан босанған болды, бірақ енді Колчак үкіметі қазаққа қырғидай тиді. Бостандық деген үміті күл-талқан болды. Қазақ басына түскен жаңа қасіретті Мағжан жаны күйзеле отырып мойындады. Күңіренген, күйзелген, өзін-өзі қажытқан өлеңдер осы кезде туып еді. “Қазақ үшін қайда барса Қорқыттың көрі болғанын” қағаз бетіне түсірді.


 

Қызыл әскерлер Колчакты түре қуды. Үкімет тізгінін большевиктер партиясы қолына алған соң “Алаш” таратылды. Бүкілодақтық атқару Комитеті (ВЦИК) “Алаштың” совет өкіме-тінің ісіне қиғаш келген кездерін кешіріп, 1919 жылдың 4 апре-лінде “Алаш” партиясының басшыларына амнистия жариялады. “Алаш” басшыларының бірі Ахмет Байтұрсынов ВКП(б) қата-рына кірді. Орынборда сайланған алғашқы қазақ үкіметінің мүшесі, Оқу-ағарту халық комиссары болды. Әлихан Бөкейханов Москваға қызметке шақырылды. Мағжан Ақмола губерниялық “Бостандық туы” газетіне редактор болып тағайындалды.


 

Мағжан жаңа өмірге белсене араласады. Өлең-жырмен шектеліп қалмай, өмірдің әр саласын қамтитын мақалалар да жазды. Әсіресе, оқу-ағарту ісіне ден қояды. 1921 жылы жазған “Жазылашақ оқу-құралдары мен мектебіміз” деген мақаласында қозғалған мәселелер әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді десек қателеспеген болар едік. 1922 жылы Орынборда “Педаго-гика” деген еңбегі жарық көреді. Жастарды өнер-білімге баулу, оларды оқыту проблемалары – Мағжанның жиырмасыншы жыл-дардың басында ұстанған негізгі бағыты.


 

Қазақстанның Татарстандағы баспа жұмыстары бойынша өкілі Бернияз Күлеевтің көмегімен оның өлеңдер жинағы 1922 жылы Қазан қаласында басылып шығады. Бұл Мағжанның “Шолпаннан” (1913) кейінгі екінші кітабы. Ал үшінші өлеңдер жинағы 1923 жылы Ташкентте Сұлтанбек Ходжановтың ынта-жігері арқасында жарық көреді.


 

1922 жылы шетте жүре бергісі келмей, әдеби орта іздеген Мағжан Ташкентке келеді. Бұл – Мағжанның ең шабытты жылдары еді. Атақты “Батыр Баян” осы қалада дүниеге келеді. Түркістан мен Сыр циклдері жазылды. Ақан сері, Базар жырау, Әбубәкір Диваев туралы мақалалар жарыққа шықты. “Шолпан”, “Сана” журналдары мен “Ақжол” газетінің жұмысына белсене араласады. Қазақ-қырғыз білім комиссиясының мүшесі ретінде қыруар жұмыс істеді. Алайда Мағжан творчествосын теріс түсіндіру де осы жылдарда басталды.


 

1924 жылдың 24 ноябрі күні Москвада оқитын қазақ жаста-рының жиналысы өтіп, онда Мағжанның өлеңдер жинағы талқыланады. Бұл жиналыс: “Мағжан өлеңінің көбінде өткенді көксейді, ескілікті іздейді, ұлтшылдықты жырлайды, өзімшіл-дік, менмендікті дәріптейді” деген сияқты қаулы қабылдайды. Жиналысты Мағжанды жақтап сөйлеген Сәрсенбайұлы Жәкен секілді жігіттердің сөзі жүзеге аспайды. Оның: “Біз Маркс жолымен сынасақ, Мағжанды да өз заманы ақын қылып, зама-нының ыңғайына кетіп отыр деуіміз керек. Мағжанды мінегенде тегіс міней алмаймыз, мінейтін жерін мінеу керек” деген пікіріне жиналыс басшылары құлақ аспаған болса керек.


 

Осы кезден бастап-ақ ҚазАПП басшылары Мағжанға қарсы ұйымдасқан түрде шабуыл бастайды. Құлаш-құлаш мақалалар жазылып, оған ұлтшылсың, түрікшілсің, байшылсың, өзімшілсің деген айыптар тағыла бастайды. “Қазағым” деп жазса – ұлтшыл, “елім-жұртым” деп жазса – түрікшіл, “Жалынмын мен, келме жақын, жанарсың” десе өзімшіл, менмен деген айдарлар тағылады. 1924 жылы Ташкенттен Москваға ауысып, Күншығыс баспасына орналасқан кезде осы қиқулардың жаңғырығы бұнда да естіліп жатты. Бұл – Ф. И. Голощекиннің Қазақ өлкелік пар-тия комитетіне басшы болып келген уақыты еді. “Кіші Ок-тябрьді” байларды конфискелеуден бастаған Голощекин ҚазАПП-тың байшыл атап жүрген жазушыларына да қырғидай тиді. Баяғы Ленин кешірім берген “Алашқа” қайта шұқшиды, қайта тексеруге салды. Ақыры үш жүзден астам қазақ интел-лигенциясының өкілдері қамауға алынды. Соның бірі – Москва-да Ленин, Горький, Мамин-Сибиряк, Вс. Иванов шығармаларын аударумен шұғылданып, бейбіт жүрген Мағжан Жұмабаев еді. Түрмеге қамалғандардың он төрті атылып кетті де, қалғаны әр түрлі мерзімге жер айдалды. Солардың бірі болып, Мағжан Карелияның дымқыл ормандарына сапар шегеді. Алты жыл бойы ел қарасын көре алмай, өмірі өксумен өтеді.


 

1936 жылы ол босанып елге оралады. Бірақ кешегі дархан елін тани алмай қалады. Жұрттың назары пәс, көңілі қаяу екен, біріне-бірі сене бермейді. Арада көп ұзамай қасіретті 1937 жыл да туады. Белгілі адамдарды үкімет біртіндеп қамауға ала бастады. Сәкен, Ілияс, Бейімбет те темір тордың ішінде. Кешегі рево-люция кезінде қайрат көрсеткендердің барлығы дерлік солармен бірге түрмеге қамалды. “Бір қателік үшін екі рет жазаламайтын шығар” деген ойда болған Мағжан алғаш бейғам жүрді, бірақ бірте-бірте өзіне де тықыр таянғанын сезді. 37-нің 30 декабрі күні НКВД-ның бөлім бастығы Дмитренконың өзі келіп қамауға алды. Содан кейін ол еркін ауа жұта алмады. Қазақ поэзиясының тағы бір күні осылай сөнді…


 

Жариялылық заманы тарих аренасына Мағжан Жұмабаевты қайта шығарды. Ол енді жаңарған, жасарған совет қоғамымен мәңгі бірге болмақ, жақсылық пен ізгілік жолында мәңгі бірге күреспек.


 

Батырхан Дәрімбетов

"Мағжан Әлемі" кітабынан алынған

Бөлісу:

Көп оқылғандар