Нұрдәулет Ақыш: Кең тынысты дилогия

Бөлісу:

12.02.2016 4387


Көркем әдебиеттің ауыр артиллериясы атанған роман жанрын игерудің оңайшылықпен келмейтіні әркімге аян. Жанр талаптарына қатысты бірнеше шарттарды дөңгелетін еркін меңгеріп әкету үшін алдымен керектігі жазушылық шеберлік екендігі де даусыз. Нарықтық заманның алғашқы жылдары жазылуы ептеп бәсеңдеп қалған қазақ романы жиырма бірінші ғасырдың алғашқы он жылдығында жалын қайта күдірейте бастаған сыңайлы. Оған дәлел – республика баспаларынан жыл сайын жарық көріп жататын осы жанрда жазылған ондаған туындылар. Соның бірі – жазушы Жолтай Әлмашұлының «Күлкі мен көз жасы» деп аталатын романы.


Екі кітаптан тұратын көлемді туындының мазмұны жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысын қамтитын әр алуан ірілі-кішілі оқиғалардан тұрады. Бірінші кітаптың фабуласы Нарша бай мен оның айналасындағы жандардың тағдыр-талайы мен таптық тартыстарын сөз етсе, екінші кітаптағы әңгіме өзегі – алдыңғы жобаға саяси өзгерістер салдарынан туындаған жеке адамдардың қиын да қызғылықты тағдырлары. Осы екеуі қосылып келгенде нәубетті кезеңдердің құрбаны болып жүретін қазақ деген халықтың тарихи бейнесі шетпұшақтан көрініп қалады. Романның алға қойған көркемдік-идеялық мақсаты да осы болса керек.


Бірінші кітаптың басты кейіпкері Нарша байдың ірілі-уақты оқиғалар арасында сомдалуы өз заманына сай кескінделген қазақ ауқаттыларының белгілі бір типін еске түсірерліктей деңгейде. Шалқыған аса мол дәулетке кенеліп жатпаса да, ауыл-аймаққа ауызға ілігерліктей болып қордаланған байлығы өз анасы мен бала-шағасының игілігіне жетуге жарап жатыр. Бірақ байлық бар жерде тартыс бар. Бірінші кітаптағы басты тартыс қазақ қоғамына тән шаруашылық укладтың типтік көріністерінің бірі, атап айтқанда, ұрпақтан ұрпаққа ауысып, бітпей келе жатқан кәдімгі жер дауы төңірегінде өрбиді. Жайшылықта «сіз жақсы, біз жақсы» болып, алыстан сыйласып жүретін Қосай, Шарай, Тақыр, Нарша сияқты байлардың көңіл күйлері осы жер мәселесіне келгенде нілдей бұзылып сала беруінің астарында таза экономикалық мүдде жатқанын аңғаруға болады. Мал өрісі, ел қонысы сияқты мәселелер бұл кісілердің ең жанды жері, лажы келсе, қай-қайсысы да жіліктің майлы басын өздеріне қарай тартып алуға даяр. Бірақ жан-жақтан анталап шұрайлы жайылым, шүйгінді өріс іздеп жүрген өзге әріптестері мұндай өктемдікке мұрша бере қоя ма? Жайшылықта жап-жақсы болып жүретін естяр ел ағаларының бастарын өзара пісіре алмай жататын үлкен мәселенің бірі осы.


Аталған романдағы жазушының бір идеялық жетістігі – бүкіл жиырмасыншы ғасыр бойы қалыптасқан осынау стереотиптік ұғымға көркемдік барлаулар жасау арқылы соққы беруі. Нарша бейнесін әр қырынан бейнелей отырып, қазақ байы тек надан болған деген түсініктің жаңсақ екендігін, олардың арасынан ойлы да сезімтал сұңғыла жандар шыққандығын логикалық тұрғыдан дәлелдеп көрсете алады. Өзінің байлығын қалай сақтап қалумен ғана бас қатырмай, ұрпағының келешегі туралы толғануы, бәйбішесінен бастап, әр әйелінің қас-қабағына қарап, жан дүниесіне үңілуге тырысуы, өзіне қарасты ағайындардың бастарына түскен қиыншылықтарға да сергектікпен көңіл бөле білуі, өзім білемділікке салынбай, қысылтаяң жағдайларда жұқалтаң кішкене адамдардың да ақыл-кеңестеріне де құлақ түріп отыруы т.б. қасиеттері – Нарша байдың бейнесін адами тұрғыдан биіктете түсетін моральдық факторлар. Қазақ байының осындай ұнамды жақтарын суреттеу барысында жазушы кейіпкерін нақ осындай етіп шығарсам деген мақсаткерлік жолын ұстанбайды, қолдан иіп әкету нышаны бар деп айта алмаймыз. Тартыстар мен оқиғалардың даму барысы, шиеленісті жағдайлардың ширығып келіп табиғи шешім табуы оқырманды осындай түсінікке біртіндеп келіп иландырады.


«Күлкі мен көз жасы» романы идеясының келесі бір назар аударатын тұсы – негізгі әлеуметтік-қоғамдық тартыстарды тап тартысын араластырмай, қатыстырмай құруы. Бұл тұрғыдан алып қараған жағдайда да шығарманың көркемдік өзегін саясаттан тыс, таза эстетикалық нысан ретінде қарастырудың талаптары байқалатыны анық. Басты шиеленісті жағдайлар бай мен кедей арасындағы таптаурын үрдіспен емес, әлеуметтік-таптық тегіне қарамастан, жекелеген адамдар мен белгілі бір әулеттердің арасында өрбиді. Қазақ халқының әлеуметтік пішіні де солардың өз арасында дамитын оқиғалар мен олардың шешімдері арқылы көрініс тауып отырады.


Жазушы Ж. Әлмашұлы қазақ қоғамындағы түйінді әлеуметтік мәселелерді көтере отырып, шығарма мазмұнының саяси ұстанымдарымен шектеліп қалмау жағын ескерген. Ең алдымен замана аласапыраны кездеріндегі жеке адамдардың жан күйзелісін, тіршілік толқындарын суреттеу арқылы-ақ роман эпикалық кең тынысқа құлаш ұрды.


Романның аяқталар сәтіндегі Жасыбай мен бәйбішесі Ақсырғаның қауышуында елеулі мән жатыр деп батыл айта аламыз. Биліктің зорлығымен айырылысқандарына он бес жыл болған ерлі-зайыптылардың бірін-бірі көруге асығып, ынтығып келе жатқан сәттері – театр сахнасында сомдалғандай бояуы қанық эпизод. Жеке адамның ғана емес, қазақи рухтың жарқын бейнесі де осы сурет арқылы жандана түскендей. Оқиғалар барысында айтылып қалатын этнографиялық көріністер мен суреттердің шығармадағы қазақы рухты тереңдетіп, кестелей көрсетуіне қызмет етіп жататыны да романның ұлттық рухтағы шығарма екендігінен хабар береді. Жүгі салмақты тағы бір шығарма оқырман қауымға қарай батыл түрде жол тартты дей аламыз.


Нұрдәулет Ақыш,

филология ғылымдарының докторы,

профессор

Бөлісу:

Көп оқылғандар