Алина Боқаева: «Күн еді – сүймеуші еді түнді дер ме?..»

Бөлісу:

12.02.2016 5618



Magzhan_Jumabaev.gif


Мағжан поэзиясындағы түн образының дамуы


Мағжан поэзиясында ең жиі кездесетін 12 образ бар. Олар: күн, түн, ай, толқын, жұлдыз, көк, таң, күншығыс, күнбатыс, жер, жел, от. Ең жиі кездесетін үштікке – күн, жер, жел образдары жатады. Мұндай нәтиже жиілік сөздіктің негізінде жасалып отыр. Ақын символистік бағытта жырлаған, сондықтан оның поэзиясында образдардың көбісі символ дәрежесіне көтерілген. Ал символ дәрежесіне жету үшін бұл образдар белгілі бір жол жүреді – ол образдардың сөз-экспрессема-образ-символ тізбегімен дамуы. Әрине, әр образ бұл тізбекке бағына бермейді.


Аталған иерархиялық дамуды басынан өткізетін образдардың бірі – Түн образы. Ендеше, осы образдың даму жолын бақылап көрелік.


«Ең алдымен сөз ...» дегендей көркем шығарма көркем сөзден басталады емес пе? Сондықтан талдауды көркем шығарманың атомарлық бөлшегі – сөзден бастаймыз. Сөз – тілдің негізгі бірлігі, лингвистикалық бірлік ретінде оның екі қыры бар: «мәнерлілік» және «бейнелілік».


Көркем сөздің көркем контесті өзінің спецификалық даму жолдары болады. Солардың бірі – біз қарастыратын иерархия. Бұл даму мәтіндегі ең кіші бөлшек – сөзден басталады, ал символ, образдық құбылыс ретінде берілген иерархияны тәмамдайды.


Көрікті ойдан көркем сөз шығады дегендей, М.Жұмабаевтың көрікті ойы ерекше көркем сөз әлемін тудырған. Ақынның халық қазынасы – сөзге қосқан үлесі мол және оның қосқаны маржан сөздер, меруерт сөздер. Олардың қыры мен сыры шексіз. М.Пришвин сөздерді бишілерге балап: «сөздер ... сиқырлы бишілер», - дейді. Ондай болса, Мағжан ақын сөздерді «сиқырлы» билете алған ақындардың бірі болып табылады.


Жетсе егер қорқынышты қара түнім,

Басса деп, әлім құрып шықпай үнім,

Көңіл ашар, кеудемде жан кіргізер,

Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім, - деп жырлаған ақын өз өміріндегі өлең орнын белгілеп бергендей.

Өзінің «Сөз өнері» («Искусство слова») атты кітабында Н.К.Гей: «бізге белгілі әр сөз өзіне күтпеген жағдайлар жасырады. Сөздер бір бөлек түрде емес. Олар үнемі әртүрлі» деген болатын. Н.К.Гейдің бұл сөздері Мағжан поэзиясына жақсы келеді. Себебі, Мағжан ақынның әр сөзі, әр образы өзіне «күтпеген жағдайлар жасырады», олар әртүрлі.


Сонымен, Түн образы. Бұл образ бірден образ дәресінде болған жоқ. Ол бастапқыда жай сөз болып, экспрессемаға айналды. Ақын алғашқы жылдардағы (1911-1917) поэзиясында бұл образ сөз – эксперссема дәрежесінде болды. Оны ақын өңдей отырып, толықтырып, күрделендіріп, ілгері дамыта түседі. Мысалы, «Зарлы сұлу» деге өлеңіндегі «түн» - өзінің тура мағынасындағы сөз:


Көп ойладың тынышталмай,

Түнде де кірпік бір қақпай.

Талмай көзің жұмбайсың,

Ағарып сүттей таң атпай.


Немесе:

Түнде ақ сүйек, алтыбақан, ал күндіз,

Үйретем деп асау тайға жабысып.

(«Туған жер»).

У. Сомерсет Моэмнің айтуы бойынша, сөздің салмағы, дыбысы, түрі болады. Мысалы, образдардың салмағы экспрессема дәрежесінен жоғарылаған сайын ауырлай түседі, дыбысы айқындалып, қаттырақ шығады, белгілі бір түрге ие болады. Өзіне тән қасиеттері бар құдіретті күш болып табылатын сөзге ақын мәнерлілік енгізіп, оны экспрессемаға айналдырады. Ал экспрессема дегеніміз не? Экспрессема – образға жетудегі баспалдақ. «Экспрессема деп жинақталған ішкі формасы бар, сөз қолданысындағы барлық контестердің жиынтығын түсінеміз», дейді Шашкина Г.З.


Экспрессема «лингвистикалыққа» жақын, бірақ ол құрғақ, жансыз сөз болудан аулақ. Сондай-ақ, экспрессема өзінің формальдық қабығында сөзге тең болғанымен, сөзден жоғары, белгілі бояулары бар, «Шын сорлы» деген тоғыз шумақты өлеңдегі «түн» - экспрессема:


Түн болып қара тонын киіп еді,

Қатты жел барлық күшін жыйып еді.

Мұндағы «түнге» персонификация тәсілі қолданған. Бұл «қара тонын киген түн», яғни кейіптеу арқылы ақын «түнге» жан бітіреді. Өлеңнің әсері сонша; сондағы «қатты аязды», «соққан желді» сездіре отырып, оқырманды «қара түтнге» орайды.


«Жазғы таң» атты өлеңдегі «түннің» де «жаны» бар:

Жып-жылы түн маужырап,

Көтерілген желден бу.

Мұндағы «түнді» ақын «маужыратып» қойды.


Ақын табиғат құбылыстарын адам өмірімен, қоғамдық құбылыстармен үйлесімді, өзара тығыз байланыстыра отырып, араларында параллель жүргізеді. Табиғат құбылысы адам өмірінің бір көрінісін, ішкі сезімін, толғаныс-тебіренісін толықтырып отырғандай. Мысалы, жоғарыда берілген екі өлеңде айтатын болсақ, «Шын сорлы» деген өлеңдегі табиғат қаталдығы: қатты аяз, суық жел, жауған қар, қара түн – бәрі де Оразкеннің аянышты ауыр халіне тағдырмен қоса өз соқпағын тигізіп отыр. Табиғат бораны тағдыр боранымен жарыса түскендей... Ал «Жазғы таң» өлеңінің мазмұны өлең ырғағымен, өлең ұйқасымен өзінше бір үйлесін табады. Жылы күнді, атқан таңды, жаңашылдық көріністеріне оқу-білімді теңеп, параллель жүргізеді. Өлең ұйқасы а – б- а –б болып келеді. Бұл тоғыспалы ұйқаспен жазылған өлең, жеті шумақтан тұрады. Жалпы, тоғыспалы ұйқас Абайға дейінгі қазақ поэзиясында аса дамымаған болатын. З.Ахметов осы ұйқасты қазақ поэзиясына өз өлеңдерімен Абай енгізді дейді. Ал мысалда бұл ұйқастың жиілеп кездесуі, оның Абай шәкірті екенін, Абай шығармасынан нәр алғанын растай түседі.


Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес,- дейді Мағжан Абайға арнауында.

Өткен балалықты жоғалған алтынға теңеп, ақын «Жоғалған алтын» атты өлеңінде «түнді» «күнге» қарсы антитеза ретінде қояды. Шумақтардың бірінші, екінші, төртінші тармақтары «күн» эпиформасымен аяқталады:


Қымбат күн, қолға түспес, сен алтын күн,

Беретін сіздеп тауып жоқты бар қып.

Жарқ еттің, көз ашқанша ғайып болдың,

Ашылмас қара тұман қаптады түн.

Жеті шумақты «Жарыма» атты өлеңінде:

Қара түн қорқынышты қаптағанда,

Жарқырап жұлдызым боп төккейсің нұр.


Жоғарыда қарастырылған өлеңдер 1911-1917 жылдары жазылған. Мұндағы «түндер» - сөз – экспрессемалар. Экспрессемалар – «мәнерлілік бірлігі», «мәнерліліктің контестік құралы». «Зарлы сұлу» және «Туған жер» өлеңдеріндегі «түн» - экспрессоид. В.П.Григорьев түсіндіруінде «көркем мәтіннің әр сөзі – экспрессоид, себебі, поэтикалық тілдің әр сөзі - экспрессема». Бұл «түндерде» мәнерілік, яғни экспрессия бар. Ал экспрессия – «кейбір көркем мазмұнның мәнерлілігін» де көрсетеді. Экспрессема «лингвистикалық» пен «эстетикалықтың» нақты өзара әрекеттесуінен құралады, сондай-ақ жалпылық пен жекеліктің, типтік пен ерекшеліктің, материалдық пен идеялдықтың, форма мен мазмұнның бірлігі болып табылады. Өзіне осындай қасиеттерді сиғыза келе экспрессема, В.П,Григорьев бойынша, «элементтердің кездейсоқ жиынтығы емес, олардың реттелген көпшілігі».


Бойында мәнерлілік – экспрессивтік қасиеті бар, қарым-қатынасқа қабілетті экспрессема келесі сатыға – образға көтеріледі. Егер экспрессема деп, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, ішкі формасы бар сөз қолданудың барлық контекстердің жиынтығын түсінсек, образ дегеніміз «осы «жиынтықтың» тақырып – идеялық қарым-қатынасқа түсуі».


Түнеріп жүр түннен туған перілер,

Тәңірісін табанында таптаған.


Осы «Пайғамбар» атты өлеңі түн баласы – Батыс пен Шығыс ұлы – Пайғамбар антитезасына негізделген. Мұнда «түн» образ дәрежесінде. Ол енді мәнерлілігі бар экспрессема ғана емес, жеке өз әлемі бар образ. «Түн» - қараңғылық, зұлымдық бейнесін береді. 18 шумақты өлең құрылысы өлең мазмұнымен өз үндестігін табады, ұйқас – ырғақтық құрылым өлең мазмұнымен қатар өрлей шыққан тәрізді. Б.Жетпісбаева өзінің «Мағжан Жұмабаевтың образдық әлемі» атты еңбегінде аталмыш өлеңде жан-жақты да терең зерттеген. Мұнда өлең мазмұны, құрылысы бір-бірімен байланысты талданып, өте қызықты мәліметтер береді.


Өлеңді оқи отырып, оның қара-ақ түстерін болуға болады. Қараланып басталған өлең бірте-бірте ашылып, таң келіп, жарық сәуле көрсетеді. Қара мен ақ, түн мен күн, Батыс пен Шығыс, түн баласы мен Пайғамбар. Міне, өлең осындай контрастарға құрылған. «Түн» образының образ ретінде қалыптасуы осы «Пайғамбар» өлеңінен басталады. Кейінгі өлеңдерде бұл образ күрделене, толыға түседі, символға қарай дамиды.


Қараңғылыққа батқан Батыста имандылар жоқ, олар өз тәңірін таптады, «қарын» дегенді ғана «жаттаған». Өлеңнің әр сөзінің көтерген жүгі бар: өз ойын астарлап жеткізуге Мағжанның сөз таңдауы, сөздерді өзіне қызмет еткізе білуі - осы. «Пайғамбар» өлеңін анық та айқын, әр сөзі қамшыдай жанға қатты тиетін ерекше күші бар әсерлі өлең етті. Батыс пен Шығыс мәселесін көтерген бөлім осы мәселені тұтас қамтыған тәрізді.


Жалпы, адам түсінігінде табиғаттың түн құбылысы көбіне зұлымдық, қараңғылық, жамандық дегендермен ассоциацияланады.


Түн – ол:

- әрекетсіздік;

- қараңғылық;

- күннің соңы;

- суықтық;

- әлсіздік;

- өлім;

- мұң;

- қорқыныш.


Әрине, бұдан түн құбылысы тіпті жағымсыз сипатта екен деген ой болмауы тиіс. Араб ақыны Абу-ль-Ала-аль-Маарри былай деген: өмір – күндермен ауысудан түндер сызығы. Бұл жерде де күн түнге қарсы қойылған антитеза.


М.Жұмабаев шығармаларында «түн» образы әр өлеңде түрлі семантикалық жүк артады. Ол құбылады, өзгереді, ішіне көптеген сыр жасырады.


Ақынның «Алатауда» деген цикліне кіретін өлеңдерінің бірі «Түн айтқызды», мұнда тауда үн бергені кім екені белгісіз:


Тәңір ме, әлде байғыз ба?

Бірақ бұл үннен жан күңіренеді, бұл түн айтқызған үн.

«Ана» атты өлеңдегі сарғайған ананың «ажал жеткендей» күйі, баланың ауырғаны – меңіреу түндегі көріністер. Бұл түнде жел азынап тұр:


Үнсіз меңіреу ұзын түн,

Жел азынап тұр есіктен.


Сондай-ақ:

Үнсіз меңіреу ұзын түн,

Шөккен қара бір нардай, - деген жолдарда түн образы қатыгез сипатта беріледі.

«Жылқышының үйінде» өлеңінде де табиғат өзінің қатты қатал мінезін түнгі мезгілде көрсетеді:


Түн түнерді, ұйықтады ауыл,

Сорлы бейбақ, атаң қайда...

Ақын «Жан сөзі» өлеңінде өзінің ренішін, жанына батқан шерін жырлай отырып:

«Күн еді - өмір бойы күлді!» - дер ме?

«Күн еді – сүймеуші еді түнді» - дер ме?дейді. Яғни, өзін Күнмін деп Түнге қарсы қояды, мұндағы түннің беріп тұрған мағынасы терең. Жалпы Мағжан поэзиясында «түн» образы 57 өлеңде орын алады.


М.Жұмабаев басқа қазақ ақындарының ішінде символизм рухында жазылған өлеңдерімен ерекшеленеді. Мағжанның өзі күн, оның поэиясы күн – екеуі де Күннен туған, күн бар жерде түн болмай ма? Сондықтан Мағжан поэзиясында күн аталмыш тізбекпен символ дәрежесіне қалай көтерілсе, түн де күнмен қатар жүрген. Әрине, мұндағы Күннің жолы ақын поэзиясында алатын орны ерекше, Түннен биік, жоғары.


Символизм, жалпы алғанда, өнер шегінен ашатын құбылыс. Ақын қазақ әдебиетінде жаңа тың жол салды. Осы бағыттағы суреткерлер өмірді символ арқылы тануға тырысқан. Күнделікті өмірден, дүниеден жоғары, ар қарай жетуге ұмтылған. Символ дегеніміз не? Символ - өнердегі универсалды эстетикалық категория, ол салыстыру арқылы көркем образ және белгі мен аллегория категорияларымен ашылады.


Мағжанның символизм рухында жазылған өлеңдерінен әрине, орыс символистерінің рухы, үні сезіледі. Олардың бір-бірімен үндестігі, сабақтастығы айқын көрінеді. Мағжанның «Жел» өлеңін оқи отырып, К.Бальмондтың «Я вольный ветер, я вечно вею» деген өлеңін еске түсіресің. Мағжанның «Пайғамбары» және Мережковскийдің «Дети ночи» өлеңдері бірі-бірімен тығыз байланысты. Бірақ М.Жұмабаев өзіне ғана тән образдарды туғызған ақын. Оның өлеңдері орыс символистерінен нәр алған, бірақ өзінше бір қайталанбас дүниелер болып табылады.


Сонымен, символ деген ұғымға оралатын болсақ, символ да образ, бірақ символ категориясы образдың өз шеңберінен шыққандығын, басқа бір тың мағынаның бар екендігін көрсетеді. Символға өткен кезде образ мөлдір болады. Осы арқылы оның мағынасын көруге болады.


Түн – символ. Ненің символы? Мына өлеңдерге назар аударсақ:

Өмірімнің қап-қараңғы түнінде,

Еш не білмес түсім бе, иә өңім бе?

(«Анама»)

Байқап отырсақ, ақын поэзиясында өмірдің көлеңкелі, қайғылы, бақытсыз тұстарын өмір түні дейді.


Әтине, Мағжан поэзиясындағы образдар терең де толық зерттеуді қажет етеді. Жоғарыда қарастырылғаннның бәрі – үлкен зерттеу мұхитының бір тамшысы ғана. Бұл сол зерттеуге алғашқы қадамдардың бірі деп ойлаймыз, әсіресе, оның символистік рухтағы өлеңдері, символдық образдар дүниесі өзінше жеке бір әлем.



Алина Боқаева


"Мағжан әлемі" кітабынан алынған 

Бөлісу:

Көп оқылғандар