Мәшһүр Жүсіп көзі тірісінде өзіне бейіт салдырды

Бөлісу:

15.02.2016 4070


«Мен бұл әңгімені 1987 жылы Мәшһүр Жүсіптің шәкірті Мәненұлы Иманғалидан естідім. Ол - Мәшекеңнің қара жәшігін 50 жыл сақтаған, 40 жыл қара жәшік үшін жер ауған, өле-өлгенше сақтаймын, деген сертіне жеткен адам», - деп жазады аудармашы Алдабергенұлы Төлепберген.

Имекеңнің айтуы бойынша, Мәшһүр Жүсіптің арабша жазбасын араб әрпінен орыс әрпіне аударған мен, - мыңжылдық құдасы Алдабергенұлы Төлепберген. 4 жыл бойы еңбек етіп, 1991 жылы еліміз егемендік алардың алдында бітірдім. Мәшһүр Адам Жүсіп құдамның өзінің тапсырып, арнайы айтып кеткен аманатындай болды.


Мәшекеңнің азан шақырып қойған аты - Адам Жүсіп, ал әкесінің аты Көпжасар екен. Ал, мен өзін 15 жыл күткен келіні Ақ Зейнептің немере бауырымын. Мәшһүр Жүсіп өлерінен 10 жыл бұрын өзіне бейіт салдырып және өлетін күні алдын-ала, көзінің тірісінде өзіне жаназа шығартып, дәлел оқытып, жуындырып, кешу алысып, өсиетін айтып өмірден өтіпті. Осы екі әңгімені бүгінгі ұрпаққа жеткізу парызым.

Мәшһүр Жүсіп көзі тірісінде өзіне бейіт салдырды. Басшіліктен екі құдасын әкелді. Ауыл жастарын жинады. Ол кезде мен 18-де, жас кезім еді. Сонан таңертең шайды ішіп болған соң, қайла, лом, күрек алғызып, барлығымызды ертіп, өзі атқа мініп үй салатын жерді көрсетпек болып, бастап жүрді. Ауылдың жанында тұрған зиратқа қарай емес, ауылдан қашық жалғыз тұрған тауға қарай келе жатырмыз. Сол таудың арғы жағы ауылға қарай жазық, жері жұмсақ, қазуға оңай. Бұл кісінің беті солай деп келе жатырмыз. Атымен бізден бұрын таудың қақ басына шығып, бізді тосып отырды. Біз де келдік. Құдасы: - «Не мына биіктен жазық жақтан ыңғайлы жер қарап отырсыз ба?», - деді. Мәшекең: - «Жоқ, дәл осы отырған тасымнан бастайсыңдар. Мына тасты өзім осында қоныстанған жылы қойғам, жалғанда пана қыстауым, бұлағым болса, ақыреттік қыстауым осы таудың басы болсын», - деді. Құдасы «Мына тау қып-қызыл тас қой, жамбасыңызға батпай ма?», - дейді. Мәшекең: - «Жоқ бұл жердің тасы суырма, бұл жерде менің төсегім салулы, астымда бор топырақ, иісі қандай арамат. Ешқайдан ештеңе әкеліп әуре болмайсыңдар және басыма орнататын қасиетті Рауан тасымда осында», - деп қаздырды. Үлкен подвал қылып, кең етіп бірнеше күн қаздық. Өзі бізбен бірге барып отырды. Бір күні, енді лом соқпаңдар, бұдан бұлайғы тас көзді-көзді суырма тас, қайламен тырнап алыңдар. Басыма қоятын Рауан тасым сынып қалмасын. Мына суырма жұмыр тастарда шұңқыр-шұңқыр тесік бар, мұны жеке үйіңдер. Мына сыртымдағы биікке жеке үйіп қойыңдар. Әр таста 1, 2, 3, 4, 5 тесік болады, соның біреуінде 7 тесік болады, кімге кездессе, бір жетістік болады: тілегі орындалады - көзден, тілден, сұқтан сақтайды. Сәбилердің әр түрлі дертіне шипалығы бар, кім керек қылса, сол алсын, - деп төбешікке үйгізді. Мұнан соң өзі айтқан жалпақ сарғылт, кісі бойындай, иісі сондай арамат, биіктігі бір метрден асады, жалпақтығы екі қарыс, ал қалыңдығы 15 см-дей, айтқан тасы шыға келді. Тастың астында ұлпа топырақ. Жер үстіне шыққан соң, өзінің өткір кездігінің ұшымен: «Жетпіс үшке келгенше, балталасаң да, өлмеймін, Жетпіс үшке жеткен соң, желкелесең де, тұрмаймын», деп ойып жазды. Содан, Мәшекең бізге өз ойын айтты. Басыма екі бөлмелі үй салыңдар. Сол үйдің полының астына, сұр майда топырағына жатқызасыңдар. Үстіме топырақ салмайды, ашық жатам. Жылма-жыл үстімдегі ақты Шәрәпиім ауыстырып отырады. Онан кейін келінім Ақ Зейнеп ауыстырып отырады. Бұған таңданбаңыздар, әйел адамға бейітке жолауға болмайды ғой. Ол маған ана болды, өздеріңіз де білесіңдер. Арқамды жуды, түнде неше оянса, дамыл-дамыл келіп көрпемді жауып тұрды. Бала болмағанда, немене, осылай келіскенбіз, қажы екең біледі. Үкімет Құдай жоқ деп айтады, деп Құдайдан безбеңдер, түбі Құдайды табасыңдар, - деген еді. Мына Рауан тасымды өзімнің кеуде тұсыма, топырақ жатқан жерге тұспа-тұс орнатасыңдар. Үйдің есігі ықтан болсын, үлкен бұрғымен жоғары жақтауынан 7 тесік бұрғылап шығарасыңдар. Осы екі айда рауан ұшығын алуға болады. Сонда көзсізге - көз, ессізге - ес беріп, ажалсыз дертке мыңда бір дауа болар. Қазір жер бетіне шыққаннан кейінгі тиіп тұрған пайдасы. Елдегі болып жатқан адам мен малдағы індет бүгіннен бастап сап болар. Айтқандай, сол кезде елде күллі ауру болған. Адамда оба деген аурудан бір үйлі жан қырылып қалған. Безгек, сүзек, құйаң, түйнеме, өкпе қабынуы, жындану, балада қызылша, малда - сыйыр қарасан, қараталақ, аусыл, қойда - топалаң, ешкіде - кебенек, осы аурудың бәрі сол кезде түгел болған. Сол Рауан тасы шыққан соң, Мәшекең айтқандай, түгел пышақ кескендей тыйылды.


Мұнан кейін адамдар аш-жалаңаш қысы-жазы суықта, ыстықта жүрседе, бір адам ауырған жоқ. Бұл оқиғаны көзіміз көрді. Сау сиыр көлік болды, жегіп, сауып күн көрдік. Осы салынған екі бөлмелі үйдің, соның ыққы бөлмесіне пеш салынсын. Ат сайман, қамыт, доға, ершік, божы, көтерме болсын және өгіздің мойынағашы, бір бөтелке насыбай тұрсын. Мен өлгеннен кейін Ескелдіде ел болмайды. Киров колхозының жолаушылары өгізбен сол шыққан күні Жаңажолға жете алмайды. Жолда Ескелдіге қонады, ал бұл араның бораны елден ала бөтен қатты болады. Кейде сол жолаушылар екі-үш күн қонып та қалады. Ал енді Ескелдіде ел жоқ, не болады. Ол бейшаралар өгізі де, өздері де қырылып қалмай ма? Ойласаңдаршы, шырақтарым! Адам адамға жақсылық істеу керек, мен өлсем де шарапатым тисін және олар келгенде өзімде бір аунап жатам ғой. Сондықтан осы ыққы үйім солардың бекет үйі болсын. Тірі күнімде ыққы үйімді беретінмін. Мәшһүр өлген соң, далада қалып құрыдық қой, демесін. Сондықтан, бұл Мәшһүрдің мекені болсын, жолаушының бекеті болсын. Текке жатқанша, адамға пайдам тиіп жатайын, - деген екен.


Алмас Қуанбаев

Мәшһүр Жүсіп Көпеев кітабынан алынды

m.inform.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар