«Күмбірдің» үні

Бөлісу:

22.02.2016 4130


 (Ақын Нұржан Қуантайұлының поэзиясы хақында бір үзік сыр)



Қаламға және оның жазуына серт!..

Құран – 68-сүре, 1-аят.


1398077273_nurjan-kuantaiuly.jpg

Қазір ақынның рөлін сомдайтындарды жиі кездестіріп жүрмін. Көлденең біреу сұрақ қойса, болды, көзін жұмып, ішкі демін кіндігінен жоғары әкеліп барып терең күрсінеді де, көзін еппен ашып... жауап береді. «Ақынның жолы ауыр» дейтіндері де бар. Одан қалса, киелі өнер ошағы әдебиеттің ауласына кірмей жатып шаршап-шалдығандары қызық... Нем бар еді, дейді, әдебиетте. «Осы өнердің ауылынан атымды алыс байласам, өмірім тыныш болар еді» дейді тағы. Бұған дейін сүйегі шірімеген төл өнердің сен кеткенімен ортайып қалатыны шамалы ғой. Шаршасаң, бар да дем ал. Құдай куә, ешкім жоқтамайды...


Ақын атаулыға анықтама өте жиі беріледі. Меніңше, ол бір аса қасиетті тұлға емес. Жаратқаннан бір дарыны артық түскені анық. Ол дарында әркімге әр салмақта беріледі-ау. Әйтпесе баяғыда-ақ керемет болып кетер едік қой бәріміз. Меніңше, ол қарапайым келу керек. Айналасын аңызбен қоршап, жүзіктің тасындай мінсіз тұлға жасаудың қажеті жоқ. Барды бар деп қабылдау керек. Өлең сол ақынның мінезіне де байланысты. Егер ол рухты болса, жырынан таяқ жеп шығасың, қиялилау болса...


Классиктер шөлдеуіңе мұрша бермейді, тегі. Айналып қайта-қайта оқи бересің. Бірақ жаңалық іздегің келеді. Сол кезде жан-жағыңды оқи бастайсың. Талғамға талас жоқ. Біздің талғам тәрбиеден бе, басқадан ба, қыңыр қарияның мінезі сияқты. Дөп түсе қалуы қиын. Менсінбегеннен емес, жаныңа келмейді. Бірде, досым Айдын Байыс деген ақын: «Аян, сен Нұржан Қуантайұлының өлеңдерін оқып көрдің бе?»,- деп еді. «Жоқ» деп кесіп айттым. Қыпылдаудың қажеті жоқ. Бұрын соңды зат-түсін білмейтінім ақиқат еді. Менің қателігіммен, менің аз оқығанымнан ғой. «Оқы!» деп қысқа қайырды ол да. «Мақұл» деп келіп, кітапханадан «КҮМБІР» деген кітабын тауып алдым. Сол кезден бері жастығымның астында жататын өлеңдер жинағына айналды ол. Ендігі сөз осы ақын мен осы кітап хақында болмақ.


Бисмиллах-рахман-ир-рахим. Өзіңе тура бастағайсың.


Егерде әдебиетте толқын бар болатын болса, Нұржан Қуантайұлы бізге аға буын болып келеді. Кезінде шығармашылық кешінің басы-қасында жүру бұйырған еді. Сонда алғаш көрдім. Кейінгі кездері прозаға да ден қойған екен. Сонда білдім. Ол қаншалықты оң қадам? Оны уақыт көрсетеді.


Біз өлеңдері туралы сөз қозғаймыз. Нұржан ағамыз, шыны керек, сәл аңқылдақ адам екен. Кеуде соғу дегеннің қарасы да көрінбейді. Анау-мынау дүниелермен шатасы жоқ адам. Қазақтың дәл өзіндей қарапайым. Ақынмын деп арқасын кеңге жаймайды. Өлеңдері де солай келе ме дедім.


«Ақын мен шаһар» деген өлеңінен үзінді ұсынсақ:


Жан-қаланың шаршатып тіршілігі,

Жүйкесінің үзіліп бір шығыры.

Ақын отыр кафеде,

Өңі сынық,

Демі шығып аузында тұр шылымы,-

депті бірінші шумағында.


Ақын періште емес. Оны анық мойындауымыз керек. Сондықтан, ақ мамық, кіршіксіз сұлбаның артына жасырыну жасандылыққа әкеліп ұрындырады ғой. «Шылым шеккенін неге жазады» деген ой келуі мүмкін. Дұрыс. Жазсын. Өлең әлдекімді тәрбиелеу үшін жазылмайды ғой.


Шамасы, 2-курс студентімін сол уақытта. Біздің университетке әдебиеттің саусақ санарлық академиктерінің бірі Сейіт Қасқабасов келді. Тырмысып-талпынып жүріп алдыңғы қатарға отырып алдым. Ұзақ отырып көсілді деуге келмейді. Айналдырған жиырма минуттың ішінде қазақ әдебиетінің қаңқасын бір орап шықты. Санамда әлі күнге жаңғырып тұрған мына пікірін айтқаным орынды сияқты. «Ақын не болмаса жазушы – тәрбие құралы емес. Өлең не проза - ақынның өзі. Көргені, білгені, сезгені. Басқа түк те емес», - деді. Нұржан Қуантайұлы да сезінгенін жазады. Тура осы өлеңнің төртінші шумағына тоқталатын болсақ:


Дала менен қаланың ара жігі-

Аттапайды моральдың ала жібі.

Қытайлардың кептірген кеспесіндей

Нәр татқысыз болады-ау қала жыры, -

депті.


Мезі қылған қала мен дала тақырыбы деп айналып өте беруге болатын еді. Бірақ бізді кідірткен бір тармақ бар. Дегенімізді нақтылау үшін үшінші-төртінші тармақты жеке алып көрсек.


Қытайлардың кептірген кеспесіндей,

Нәр татқысыз болады-ау қала жыры,-


Бұл теңеуді біз Абай, Мағжаннан таба аламыз ба? Әрине, жоқ. Нұржан Қуантайұлы бұл ақындардан асып түсті деген сөз емес. Бірақ бір деректі айтсақ. Қытайлықтардың шынымен татып аларға нәрі жоқ кеспелері біздің жаққа, қырса, тоқсаныншы жылдардың басында жетті. Оның Абай, Мағжан жырларынан төбе көрсетуі мүмкін емес, әрине. Демек, бұл - ақынның өз заманының айнасы бола білуі. Қиыннан қиыстырып «шабытым тұлпар болып шаба алмай жүр», «қаламым қаңтарылып қалды» деп жазуына да болушы еді. Бірақ Нұржан Қуантайұлы өзіне қажетті теңеуді өмірден ала салды. Шынайылық деген осы, тегі.


Осы деммен ақынның келесі өлеңіне де көз жүгіртіп өтсек:


Базары болды ажары мына қаланың,

Мазағы болды азабы құба даланың.

Қаламның көркін қашырған қатал заманды

Кіналап тұрдың, қарағым...

Әбігер жұртым, әйтеуір тағы отықты-ау,

Шулаған базар, кесілген тоғай, кетік тау.

Баянды болмай базына сөздер баяғы...

... Баяғы қала базарың тарқап кетіпті-ау...,


- дейді ақын «Баяғы қала» өлеңінде. Тамырыңды басып, саябырлау дегенді ұмытқан қала. Күйкі тірліктен шаршап үйіңе қайтып келе жатқанда автобус терезесіне үңіліп осы өлеңді еріксіз күбірлеп іштей оқисың. Дөп басқан ой. Жалпы, мұны тарқатып жазса, тәп-тәуір публицистикалық дүние шығар еді. Бірақ екі ауыз сөзбен тамаша өлең қылғаны – шеберлік шығар.


...Бұзылып күнi,

Бiлiндi үскiрiк алдан,

Борасын жаяу жүгiрдi – ұшқыны қардан.

Кешегi белдi жылқының ұстыны қалған:

Дәмелi көптiң жылқыдан мiнiп кеткенi –

Ау жетпес шабан,

Алдаған түс қылып арман. («Тебінде»)

Көбiк қар басып,

Көк аспан ашылып тұрды.

Қансонар түсiп саяттың басын ұқтырды...

Ұмсынып көңiл,

Ұмтылдық ұмар да жұмар

Көзбенен шiркiн көруге асығып қырды. («Қансонарда»)

Демiл-демiл ескен жел, есер ойды құтқарма,

Демiмдi орап қара түн, дегбiрiмдi жұтқанда.

Тартып қалған асығыс сиясындай қаламның

Ағып түстi бiр жұлдыз көмейiнен ғаламның. («Түн. Такси»)


Ақын 80-90 жылдардың өзінде-ақ біраз атын шығарып үлгеріпті. Ол кезде біз тіпті жарық дүниенің есігін де ашпаған едік. Бұл туралы ақын Бекжан Әшірбаевтың мақаласынан оқып білдім. Білдім де ептеп қайран қалдым. Содан бергі бір мүшайрада қазы болып, бір мінбеден көсемсіп сөйлегенін естімеппін. Анау-мынау дүниелермен шатағы жоқтың қасы. Тағы бір айтпасқа болмайтын дерек бар. Жоғарыда ақынның шығармашылық кешін өткізуде басы-қасында жүрдім деп едім. Сол кеш таяғанда ақын туралы деректі ғаламтор беттерінен іздеп көрген едім. Нобайсыз байлаған бауына сүрініп жүрген бауырларымыздың өлеңдері қаптап тұрған портал беттерінде Нұржан ақын... жоқ болып шықты...


Нұржан Қуантайұлы – ұлттың ақыны. Ұлттық ақын дегенді түсіндіру үшін айналып Абайға соғамыз тағы. «Көзімнің қарасындағы»:


Жылайын, жырлайы,

Ағызып көз майын,-


деп келетін жерін өзге тілге аударып көріңізші. Мүмкін емес. Көз майын ағызу - тек қазақ ұғымына сай теңеу. Тіл құдыретінің ұшқынын Нұржан Қуантайұлы поэзиясында да кездесіп отырады. Ақынның «Күзеуде» деген өлеңіндегі:


Қараша болды. Ауаша қонды қойшы ауыл,

Қаласа, көмді, қамауда сақтап ой сабыр.

Қарасаң енді қараша үйге қой баққан,

Күзеуді жүдеу есіңе алшы ойда бір, -


деп келетін тұсын бағамдайықшы. Қазақ поэзиясына ғана тән лиризм бар емес пе? «Қой баққан қараша үй», «жүдеген күзеу»... Бұл теңеулер тек ұлттық калоритте ғана түсінуге болатын қолданыстар ғой. Ағылшын оқырманы оқып, бұған бас шайқап кетуі екіталай. Бұл бір тың бастама да емес. Бірақ қара өлеңнің қаймағын бұзбау үшін қажетті-ақ дүние.


P.S. Ақынға ең керегі - шынайылық. Сонымен қатар ақын қаһарман болуы шарт. Жазарынан сескенбеу керек. Қарапайым болуы да абзал. Бұл - әлбетте, субьективті түсінік. Биіктікке қанша ұмтылсақ та, табан жерде қалуы керек қой. Аталған критерийлердің барлығын Нұржан Қуантайұлы поэзиясынан көре білдік. Иә, дәл қазір Нұрекең классиктермен йығы тең, мүйізі қарағайдай ақын деп айту асылық болады. Онысын ағекем өзі де білетін шығар. Ал егер сіз шынайылыққа шөлдеп, жасандылығы жоқ өлең іздесеңіз, Нұржан ақынды оқуға кеңес береміз... Кейінгі кездері прозаға ауысып кетті деп естігенбіз. Бірақ бұл ақын әлі талай жырдың маржанын тудыратынына сеніміміз мол.



Аян МЕЙРАШ


Бөлісу:

Көп оқылғандар