Бүгін еліміз тұңғыш рет Алғыс айту күнін атап өтуде!

Бөлісу:

01.03.2016 4278


2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялаған болатын.



abb0335589082a7f9d5f835356bd1c29_XL.jpg


2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел — бір тағдыр» тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлей отырып, Назарбаев халықтардың түгелдей жер аударылғанын еске алған еді. «Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді», — деді Президент.


Назарбаев өз отбасының да жер аударылғандарды қабылдап алғанын еске алды. «Саманнан жасалған екі бөлмелі там үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Олардың бөлменің бір бұрышында үрпиісіп тұрғандарын әрқашан көз алдыма елестете беремін, киімдері жыртық-жыртық, қарындары - аш, өздері әбден тозып кеткен болатын. Олар біздің отбасыда өмір сүрді, бейімделген соң жұмыс істей бастады, сөйтіп өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым», — деді ол.


Алғыс айту күні – алмағайып заманда бар қиыншылықты иық тіресе, тізе түйістіре бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күн.


Алғыс айту күнін мерекелеудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытудың мән-мәтінінде қазақстандық құндылықтарды бейнелейді.


Бұл мереке ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық отандастарға деген құрметтің қалыптасуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударылған миллиондаған жандардың құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына риасыз тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.


Президент Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын Барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.


Осы күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болады. Алғыс айту күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейірімділік пен ақ көңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні.


Алғыс айту күні – Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні.  



adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар