Амина Адайханқызы: Мақтан қазақ

Бөлісу:

11.03.2016 2813




кос батыр.pngКөтер, қане! Көтер, қазақ, басыңды!
Көгіңде күн шуақ төгіп ашылды.
Қос дүлдүлің сын сағатта тайсалмай,
Мерейіңді берекемен асырды. 


Ат басындай алтын берсе не теңің,
Жемтігіне көз салмастан бөтеннің.
Дәлелдеді қан майданда қасқырлар
Қаны бірдің - жаны бірге екенін. 


Үйіріңнен адасып қап алыс тым,
Арландар-ай қапияда табыстың.
Қос қыраны қалықтады қазақтың,
Қос қанаты сияқтанып намыстың. 


Үлгісіндей ұлтын сүйген ұлылық,
Бір апанның бөрілері бір ұлып.
Келгендей-ақ қуанайық, әз халқым,
Өшкен жанып, өлгеніміз тіріліп. 


Берекеден бақ тапқандай бар тарап,
Қалың елің алғыс айтып алқамақ.
Аман жүрсін арыстары қазақтың,
Ата-баба аманатын арқалап. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар