Бейбіт Бөжен: Қос қоңыр
Бөлісу:
11.03.2016
3680
Ұрайын ба, ұрмайын...
Бауырым ғой.
Құлайын ба, құлайын...
Тәуірім ғой.
Бұрайын ба мойынын, бұрамайын,
Оныкі де менікіндей жауырын ғой.
Тебейін бе, теппеймін...
Намысым бір,
Шалайын ба, шалмаймын...
Арысым дүр.
Сегіз бұрыш ішінде сеңдей соғып,
Қос жүректе бір сезім алысып жүр.
Итжығысқа түсейін, құшақ дайын,
Жастық қылмас бауырым тұсап дәйім.
Сенде дала иісі бар,
бабам қаны,
Алыса түс қандасым, құшақтайын.
Ұра алмаймын,
мейлі алтын, дәрхам берсін,
Жыға алмаймын,
мейлі құрық, арқан берсін.
Қан жалаған қандасты көргенімше,
Тірідей көрге көмсін салқар көшім.
Сөгеді-ау төреші,
сөге берсін,
Қолғабымды шешіп ап шегелесін!
Бір қазақтың бір қазақ мұрнын бұзса,
Өнеге боп қалар ма өрелі есім?
Кереку
Бөлісу: