Жанат Боқашұлы: Алтайдан жолдап ақ өлең
Бөлісу:
Ақын
Жағал таулардың жамалын сүйіп,
Қаламға сүйеп, қабағым тиіп.
Қасіретке сонша қамалғанымда,
Қарт Алтай тұрар қабағын түйіп.
Түн ығып күнде таңыма алмасып,
Кірлеген тінмен жадым аңдасып.
Тіресіп ылғи кірпік ілмедім,
Жабағы жырдың жалына жармасып.
Тұлпар шабытты сүмек терлетіп,
Нөсерін өлең шүмектеп өтіп.
Ақында қандай арман бар екен,
Жүректен жатса жүрекке жетіп.
Жазмышты мынау сынақ мекенде,
Алданып аз күн тұрақ мекенге.
Жұлдыздар көкте күрсіне ме екен,
Жылап та келіп мұң ап кетерде.
Таразы-ғұмырда нарқың оларға,
Қажетің болса «Толқын ағарда».
Қанатты өлеңдер қалықтай түседі,
Қалағандарын қалқып алар да.
P.S.ҚАЛАҒАНДАРЫН ҚАЛҚЫП АЛАР ДА.
Ажал
Күбірлеген, Құдай шын құран анық,
Ілінетін күн бар деп бұғауға нық.
Бақиды ойлап әр таңда түзге шыққан,
Атам еске түседі құман алып.
Бітер жазған уақыт тұрған алда,
Өмір деген өткінші шырғалаңда.
Жылдамырақ бәрінен жылдамдырақ,
Жүйткіп жетер көзді ашып жұмғаннан да.
Дүние жинап, ескермей абұйырды,
Қайран қанша осылай жан қиылды.
Тырнаштадың тырнақтай ала алмадың,
Ақ кебіннен басқадай не бұйырды...
Дүние-ай......
Қыр
Ай иіскеп тауларым маңдайын,
Тоғайда майысқан тал,қайың.
Апамның қолына су құйғам,
Кезеріп көрмеген таңдайым.
Ай иіскеп тауларым маңдайын........
Шарпылам сезімнің отына,
Жүректен жан жырым оқыла.
Жылқысын дүрбілеп отырған, Елесі-ай,
Әкем де ә-н-еуу бір шоқыда.
Шарпылам сезімнің отына......
***
Өзіме ұғынды әм,
Байқаған бағамдар.
Жасыма шыланған ғұмырдан,
Жүзімде тарамдар..
Ғасырдай жылдарды,
Еңсеріп ала алмай.
Қамығам,
Ай,Алла-ай,
Жанымда зіл бар-ды,
Һай, Алла-ай.
***
Еңкейіп іштей егілсе.
Бағынар басы тау құмға.
Қар басып гүлдер көз ілсе,
Кешегі әуен таусылған.
Таусылар бәрі таусылар,
Ай өтер алды күндер боп.
Жүзжылдықтарда ауысар,
Кімдер бар екен кімдер жоқ.
Құранда солай баяндар,
Дей аламысың оны жоқ.
Дүниеде қандай баян бар,
Басы бардағы соңы жоқ.
Бабалар жолымен...
Есенғали Раушановқа
Дүбірге дүбір қостым әр,
Тұяғы тұлпар от шығар.
Құландар жортқан даламда,
Қу томар қалған жоқ шығар.
Селт етсе селеу қырағы,
Қыбырды байқап қыраны.
Бөрілер кезген бөктерде,
Бөлтірік ұлып жүр әлі.....
Санаға сіңген салт бекем,
Желсе де заман ақ бөкен.
Ішіне демін тартады..
Ғұн,Түрік,Оғыз,Сақ мекен.
Сыбыр да таныс жондағы әм,
(Көргендер болар таң да оған).
Сол бәз бір көне қалпым-ды,
«Ат мініп атан қомдаған».
Бітер деп жазым күз немен,
Өткізем ойды сүзбеден.
Ең соңғы қазақ сарқыны ем,
Бабалар жолын үзбеген.
Қойшы
(қыс)
«Қар жастанып
мұз төсенген»
қырау шалған кейпі бар,
Малақайда маза да жоқ.
Малшынып терге «тер тұнар».
Көкірегінен күн күлімдеп,
көкжиекке қараған,
уақытты көзбен ұтып,
күнді еңкейтіп санаған.
Асып белдің қырқасымен,
өш алғандай қой-«тастан»,
Ашуменен айбарланып,
бұрқасынмен айқасқан.
Көрші қойшы сәлем берді,
ол да айтты «шүкірді».
Ерініне шымшымдап сап,
Насыбайды түкірді.
Тосылып та тұра ала ма?
Күн де ептеп қыр асты,
Екеуара әңгімесі,
төңірекпен ұласты.
Омбы – омбы,
қар бітепті-ау,
қайтатұғын жолды да,
мың жыңғылдан бір «күжір бел»,
қылт еткендей болды ма?
Бөктерлерді шолды екеуі,
дүрбіменен сонау көп,
жылқыларын «ан-а-у жатқан»,
бір қыратта «тұр – ау» деп.
Қараңдай ма , күй түнегі,
Тау сұлбасы тастың да,
Алыстан бір ит «маңқ етіп»,
ат пысқырды астында.
Ат үстінен түсе қалып,
өзге жан жоқ қасында,
«Бишік» кезеп,
қонышына ұрып,
Қойды иірді асыға.
Көз жүгіртті, ой жүгіртті,
қыраттарға тұра қап!
«Мал жимаған» ауыл маңы,
«азан-қазан» шығар – ақ.
Үй маңына тақап қалды,
тықсыра айдап иіре,
кеш келді – деп,
келіншегі,
«бір салп» етті үйінде.
Ат қаңтарып кірді үйге,
сықырлатып есігін,
кәрі әкесі «отқа түсіп»,
қасында отыр пешінің.
Шешесі де айтып жатыр,
болған бүгін мән - жәйді,
кештеу салған,
«қатқан жілік»,
Ол да «бұрқ – сарқ» қайнайды.
Сең – сең ішік,
шешіп тастап,
бір жамбастап жантайды,
қара сирақ бір баласы,
қасында құрт малтайды.
Жауған қардың белестегі,
суық зәрлі сәті кіл.
«Егес – Күнді» елестетіп,
Осқырынып аты тұр.
ҚАЗАҚПЫН...
(толғау)
Қазақпын деп жырламаған ақын жоқ,
Қазақ үшін қазағынан жақын жоқ.
Тілің ,дінің,ділің таза болмаса,
Қазақпын деп айтуға да хақың жоқ.
Сақ пенен Ғұн көкірегімде алмасып,
Ер Түрікше өрлігіммен паң басып.
Аңыздардың шетін сөксем ақырын,
Оғыздармен жатыр үнім жалғасып.
Мұнан кейін түгенделген жан арман,
Ағараңдап алты алаштың таңы алдан.
Керей менен Әз Жәнібек көтерген,
Қазақ деген шаңырақтан таралғам.
Армандаумен өр Алтайдың ай басын,
Кері дұшпаннан көрді асырып айласын.
Көк дөненін көп елі үшін көсілткен,
Ер Жәнібек егеп жауға найзасын.
Айбаттансам айбарымнан кектеніп,
Алысқандар бата алмаған сескеніп.
Қасиетті Қожаберген ақ туы,
Өткен ғасыр ерлігімнен естелік.
Өткен талай өмір атты ағыстан,
Ұрпағымыз ұлы елдің намыс тән.
Байтайлақтай батырларым баһадүр,
Ер Ақтай бар аюмен де алысқан.
Бірде кейіп бірде ағып мұң бағам,
Тұла бойдан тулап жырым құлдаған.
Бір АЛЛАға, ШЫН АЛЛАҒА сиынып,
Абыз болып, Ақыт болып мұңданам.
Түсімдейін елестей ме өңім бар,
Зуха болып шертілетін шерім бар.
Қас жауына қабағынан қар жауған,
Оспан менмін, іште кеткен кегім бар.
Күйші ата Бейсембі би егейім,
Ер Арқалық ерлігін де терейін.
Бәрің асыл қаракөктің тұқымы ең,
Айналайын он екі Абақ Керейім.
Қайда барсам тар соқпақты жол ғана,
Жолыққанмен жасымағам сонда да.
Тарихтың тар тұсына ұрынып,
Абыр-сабыр көшім асқан Қобдаға.
Керей ,Уақ, Найман сынды текті елім,
Алып батыр,абыз дана өткенің.
Жалын жырмен шарпып өттім өзімше,
Кемдеу айтсам жұртым мені сөкпегін.
Ертең айтам ,тауыспаспын тап бүгін,
Бәсең –бәсең басыла тұр аптығым.
Бағзы күннен сиынарым бір АЛЛА,
«Тәубә» деген жетсе деймін Хаққа үнім.
Санадағы сыр
Бөктерінен,
Бөкентау бір сан қилы,
Ақсақалды,
Абыз шал күй сарқиды.
Бетегелі,
Көгілдір шоқылардан,
Жусан – жырдың,
Жұпарлы исі аңқиды.
Дегендейін,
Бұл әуен – «есті мені»,
*Икі бұлың,
Тауының есті лебі.
Құлдай аққан,
Қобда өзен сыбдырынан,
Құлын күнім,
Сыңғыры естіледі.
Қайыңды арал,
жағалап жар қабағын,
шалдыққаннан,
Болған-ды шаң балағым.
Қайыс арқанын,
Әкемнің тығып алып,
Тайды үркітіп,
Тайыншаны шалмаладым.
Есімде әлі,
Есіріп қанғығаным,
Ағаш ат қып,
Сүйрелеп талдың бәрін.
Тізесіне апамның,
Басым сүйеп.
Кешке жақын,
Қалжырап қалғығаным.
Жігіттіктің,
Желігі жанды - дағы,
Арман болып,
Осының қалды бәрі.
Өркениет жолына,
Кеш іліккен,
Өлкем үні,
Жар салып жаңғырады.
Жетпістегі,
Қарт қоныс төсін керді,
Жаһанменен,
Жылжыды көші ілгері.
Атам мінген,
Ақ жал ат жортқан жонда,
Жүрегі жоқ,
Темір ат көсіледі.
Тұлпар мінез,
Тоқымның тер ғып астын,
Етек жеңін жинаған,
Елге ұластым.
Қатпар – қатпар,
Жел жеген жоталардай,
Өшкін – өшкін,
Түріммен өрге бастым.
*Икі бұлың-жер аты
АҢСАР
Сүйемін мәңгі, сүйемін жан-тәніммен,
Атамекен- ау,жаралғанбысың жаныммен.
Елжіреп шығар егілген жүрек жырысың,
Алтай мен Арқа сағынып салған әнім ең.
Құлаққа сіңген балалық шақтан ес біліп,
Жатса бір әуен жанымды тербеп кешкілік,
Елең етемін, елеске солай елтимін,
Қарт Каспий жақтан бабамның жыры естіліп.
Естірткендейін ұлы дүбірді кеп бабам,
«Рухтан ұлым, ояншы»десе тек маған,
Шартараптан кейде шақырған еміс дауысты,
Арал жақтағы Сақтардың үні ме деп қалам .
Ақтарар ма ойдан, Күлтегін келіп сыр тағы
Тоныкөк тұрып , шолғандай болды қырқаны
Ағызып терін,ауыздығын шайнаған,
Шығыстан шыққан Түркілердің тұлпары
Сағыныш сезім, кереметіне қарашы,
Ғасырлар желіп,батқанмен күндер қарасы,
Көлбеңдеп көзден көксетіп жанды болмайды,
Атырау менен Ақ Жайықтың да арасы.
Ырқыма қоймай аңсар көңілдін жетегі,
Армандағандай киелі «Кіші Мекке»-ні,
Түн жатсам мызғып түсіме ылғи енеді,
Түркістандағы әулиелердің мекені.
Өткен күндердің ойласам бәрін сан қилы,
Өлкемнің өзі сырларын ашқан әр қилы.
Жерұйыққа кеткен батырлар қайта оралып,
Жетісу жақтан жәннаттың иісі аңқиды.
Өқтем үнменен талап еткендей тек менен,
Дегендей Абай шығар деп бойдан текті өлең,
Буырқанса бір сәт бұла жырым өрендей,
Ертістің ерен екпіні ме деп көрем.
Айтқандай Абай «басталар әнмен жан демі»,
Сондықтан сірә , өлеңсіз ғұмыр мән бе еді?
Өзегімді өртеп өршеленідіріп бара ма ,
Көкшенің сазы , Біржан мен Ақан әндері?
Жолымен сонау жыраулар өткен бұрынғы,
Асқақтатқан сонша қымбатқа балап құныңды,
Маңдайдан өпші,маңайыңа бәлкім таясам,
Атамекен –ау, аңсаған мынау ұлыңды!
Бөлісу: