Марғұлан Ақан: Тор ішінде тулаған тектілігім
Бөлісу:
Арғы жағы Ертістің Алтай тауы,
Балығына қарық боп малтайды ауы.
Алтай- қазақ, Алатау – Алаш жұрты,
Алатауға құрметі – шалқаймауы...
Тауды тауға қосатын күш бар десе,
Ел сәлемін жеткізер құстар кесе.
Ғабит қалай жұдырық жұмсай кетсін,
Айбек келді!
Бауырға құш, бар, десе!
Аспан деген көк дала кеңістігім,
Майдан деген алаңда келісті кім?!
Қос жүректің бұлағы көзін ашты,
Қане, қазақ, су алып кел іш бүгін!
Сырнай емес домбыра әуелетіп,
Бара жатыр қос батыр әне, кетіп.
Біреуіне миллиард,
біреуіне
Миллион боп отырмыз әлем елтіп.
Біреуі бек баһадүр Барағымдай,
Біреуі бек Махамбет садағындай.
Атағыңды қос қазақ алып шықты,
Досқа күлкі, дұшпанға таба қылмай.
Бейбіт күнде «Жеңіс» деп ақ байладым,
Дүбірлетіп келеді аттай бағым!
Екі жұрттың шашабауын көтеріп кеп,
Құлатпаған бір елдің көк байрағын.
Алты алашым жүректен төкті гүлін,
Жұпарының иісін өпті мұрын.
Миллиардтың кеудесін басып тұрып,
Тор ішінде тулаған тектілігім!
Үмітімді үзілген үкілеттім,
Қағысын-ай алқынған лүпіл еттің...
Ет жүрекке емінер сезім берген,
Құдіретке я, Құдай шүкір еттім...
Бөлісу: