100 жастағы актриса Хабиба Елебековамен сырласу (Видео)
Бөлісу:
Табиғат-Ана бусанып, тамыр-тамырына қан жүгірер көгілдір-жасару кезеңі, әсіресе адамға шексіз қуаныш сыйлайтын Аналар мерекесі де келіп қалды. Аналар мейрамы! Қыз-келіншектер мейрамы! Осынау көктемгі көркем мейрамның қарсаңында күміс көмей әнші Жүсіпбек Елебековтың қара шаңырағының шырақшысы, енді бірер айда жүз жасқа толғалы отырған актриса Хабиба анамызға сәлем бере бардық. Актрисаның әрі жекжат туысы, әрі жерлес сіңілісі Рахима айтқан уақыттан кешігіп жеткен бізді есік алдынан күтіп алды. «Апам бұрынғыдай емес, шаршап қалады, кейде қырсығып та қалатыны бар. Өнер адамы көңіл-күйдің адамы! Оның үстіне, Құдай бұйыртса, жүзге толады, ол да оңай емес. Жастайынан бейнет көріп өскен ғой…», – деп сөйлей жүріп апаның бөлмесіне қарай бастады. Сахнада өр мінезді, тәкаппар, бойшаң актриса төсегінде ыңылдап, әндетіп жатыр екен. Бізді, әсіресе, қасымдағы Мақсат пен Жәнібекті көріп, «бұларың кім» дегендей Рахимаға иек қақты.
– Апа, газеттен ғой,– деп аты-жөнімізді айта бастап едік:
– Мен ешкімге сұхбат беремін деген жоқпын, неге ескертусіз келеді,– деді актриса сәл-пәл қабағын шытып.
– Жоқ, сұхбат емес, сізге сәлем бере келіпті. Аналар мейрамының алдында сәлем беріп, батаңызды алайын деп келіпті, – деді актрисаның бабын, көңіл-күйін жақсы білетін Рахима бізді ақтағандай сөйлеп.
– Е-е, онда тұрайын, – деді үні бәсеңсіген Хабиба апай. – Шыға тұрыңдар.
Жүз жасаған кейуананың аяқ астынан бұлай тулап барып басылғаны – ақылдылықпен қоса бойға біткен тәкаппарлықты сездіріп тұр. Өмірден көргені мен түйгені мол адамның қартайған шағында бойын енжарлық билеп, бұрынғы қаны бетіне шығып тұратын ажарынан айырылып, сұңғақ бойынан да әл кетіп қалары мәлім. Бұл кісіден кейуана күйін ешкімге көрсеткісі келмейтін бірбеткейлікті аңғаруға болар еді. Өмірбақи сахнадан түспей келе жатқан сұлу да сымбатты актриса осындай жасқа келіп, аппақ төсегінде аппақ болып жатқан кейпін көрсетуге бір жағы намыстанатынын, көрерменнің көңіл көзінде сол тіп-тік, көрікті қалпында қалғысы келетінін аңғару қиын емес еді.
Іштей осылай бағамдағанша, апам да дайын болды. Төсегінен басын көтеріп, жайғасып отырған соң ғана әдемі жымиып, әңгімені өзі-ақ бастап кетті. Әңгіме емес, әдемі бір әуенді ыңылдап отырды да, Мағжанның өлеңдерін әуелетті.
Хабиба анамыз айтқыш, әрі шешен! Қарабайыр әңгіме айтпайды бұл кісі, арасында кез келген ақынның, әсіресе Мағжанның шығармаларын қосып, майын тамыза, кешті кешке, таңды таңға ұрып әңгіме айта алады.
Міне, бүгінгі әңгіме де Мағжан ақынның өлеңдерінен басталды. Жаңа ғана өзінің төсекте бүк түсіп жатқанын, әжім торлаған аппақ жүзін көрсеткісі келмей тулаған актриса өз образына енді де кетті… «Шіркін-ай, – дедік біз іштей, – жүзге келіп, дәл осылай ән салып отырсақ, арман бар ма?»
– Кейде Рахима: «Апа-ау, түнімен ән салып шықтыңыз ғой», – дейді таңертең. Өткен өмір көз алдыма келеді. Қайбір тамсана еске алатын тірлік дейсің, көлеңкелі жақтары көп болды ғой. Бала болып қуыршақпен ойнамақ түгілі, тойып тамақ ішпеген, жарытып бүтін киім кимеген ашқұрсақ балалық қой біздікі. Сол сәттер, бұлттың ара-арасынан жылт етіп анда-санда жарқ ете қалатын Күн сәулесі сияқты сәулелі шақтар еске түскенде, бойыма ыстық қан жүгіріп, алпыс екі тамырды қуалай жөнелетін сағыныш-елес кеудемнен, мына кәрі кеудемнен жып-жылы әуен болып төгіліп жатады. Сондай сәттерде жүректі тербеген бір әуен құлағымнан кетпей тұрып алатыны бар. Ондай сәттерде құйылып келіп өлең-әнге айналатын бақытты-бақытсыз сәттерім алыстан қол бұлғап, тіпті жаныма ыстық лебі сезіліп тұрғандай, дәл өңіме айналып сала береді… Сонда белгісіз ырғаққа еріп өзім де еріксіз бір күй кешемін. Сосын әндетемін. Тіпті, кейде бар даусыммен әнге беріліп шырқай жөнелемін.
… Бір күй бар домбырамда тартылмаған,
Бір сыр бар жүрегімде айтылмаған…, – деп жырлаған қайран ақын, дәл мендей аласапыран күй кешкен екен ғой деген ой келеді. Мына қыз сондай сәттерде жүгіріп келіп, есіктің сыртынан тың тыңдайды. Бәрін біліп, сезіп жатамын. «Қайнайды қаның, Ашиды жаның», – деген күй ғой біздікі.
– Неге қайнайды? Не өкініш?
Біздің бетімізге ойлы жанарын қадаған күйі әңгімесін жалғастырып әкетті.
– Неге дерің бар ма?! Балалығымыз қиын жағдайда өтті дедім ғой. Анамыз жеті құрсақ көтеріп, өмірге әкелсе де әулетіміз өсіп-өнбей қалған, кешегі бір қиын-қыстау заманның құрбаны болған адамдар. Ес біле бастаған шақта әкеміз кетті, сол құрбандардың ішінде. Аурушаң анамыз қалды артында. Үлкеніміз Далила да өнерге жақын, әжептәуір ән салатын-ды. Мәскеуге барып, ол кезде отанымыздың жүрегі саналатын үлкен қаланың сахнасында тұңғыш ән салған қазақ қызы еді. Бүгінде атаусыз, ескерусіз қалып барады. Ол да көкірегімді қарс айыратын өкініш! Мейлі ғой, бүгінгі дәрменсіз күйіммен кімге наз, кімге өкпе артарсың?! Сонда қан қайнамағанда, жаның ауырмағанда не қалды, қолдан келер қайран жоқ! Шарасыздық бойды билесе де, тілің құрғыр сайрап жатыр, көкіректегіні шығарып тастау қажет, сондықтан айтамыз да! Тыңдар құлақ болмаған соң, жүрегіңнен шығып жатқан зар-мұңыңды жеткізер жеріне жеткізе алмаған соң, бар даусыммен төрт қабырғаны әуенге бөлеп жатырмын.
Әнді Далила сияқты тамылжыта салмасам да, өнерге құштар болып өстім. Он екі жасымда болар, біздің елге астанадан талантты балалар іздеп, әрі елді сергітіп қайту мақсатында атағы әжептәуір артистер келді. Елімізде енді ғана іргесі қаланып, өз алдына жеке театр, ұлттық театр ашылып, өнерге икемі бар өнерпаздарды іздейді. Ел аралап концерт береді. Сол жолы өнерге деген құштарлығым жеңді ме, мен де солардың арасына кірдім де кеттім. Тапсырма: қалың қар, көк мұздақ. Иінағашта екі шелек, құдықтан су тартып алып, соны төкпей-шашпай жеткізу керек. Көкпеңбек мұздың үстімен әрең-әрең жүру керек, шелектен төгілген су қармен қоса қатып, құдықтың айналасы, тіпті, жып-жылтыр. Ал «мықты болсаң, көрсет өнеріңді» деген ой бала болсам да іштей қайрап қояды. Иінағаштағы бос шелекті іліп алдым да, жәйлап басып құдық басына келдім. Арасында әдейі тәлтіректеп, тіпті құлап бара жатқандай шалқалап-еңкейіп тайғанақтаған кейіп танытып қоямын. Жым-жырт. Үнсіздік. Біздің өнерімізді бақылап отырған қаладан келген бірі егделеу, енді бірі аса жас та, кәрі де емес, сымбатты жігіт ағасы. Олар жаққа қарамауға тырысамын.
Не керек, суға лық толған шелекті құдықтан әрең-әрең тартып, екі шелегімді толтырдым. Енді суға толған қос шелекті иінағаштың екі жағына іліп, иыққа салу қалды. Аяғым тайғанақтап тұрғаны тағы бар. Сол кезде аузыма қайдан түскенін білмеймін: « Биссимилла рахман рахим, иә, Алла! Ла-илахи ил-алла» деп дауыстап жіберіппін. Ел ду ете қалды. Қаршадай қыздың мына қылығы, тіпті Алланы аузына алғаны таңқалдырып, риза болса керек, ду етіп жамырай күлгені. Бұл дүр сілкініс одан сайын қанаттандырып,тайғанақтап-тайып келіп межеленген жерге екі шелекті жәймен қойдым да, иінағаштан босатып, елге иіліп сәлем қылғандай ишарат жасадым.
Қайран дүние-ай, жаңағы екеудің бірі – Жүсіпбек Елебеков екен. Сол жолы Жүсекеңнің соңынан еріп жүре беріппін… Ата-анадан, жеті бауыр дан қалған жалғыз басым, осылай қазақтың біртуар азаматы, күміс көмей, жезтаңдай әншісімен тағдырым мықтап байланды. Бақытты ғұмыр кештік. Өнерде үлкен төңкеріс жасамасам да, сахнада жүрген кездерім, қазақ өнерін көкке көтерген, аласұра жанкешті ғұмыр кешкен, қазақтың биі, әні мен күйін көкіректеріне сыйғыза алмай өмірден өткен кешегі ұлылардың табанының ізі қалған сахнаға, міне, осылай келгем. Жәй келгенім жоқ, Жүсекеңдей азаматпен өмірде де, өнерде де айнымас сенімді серігі, адал жары болдым. Осы уақытқа дейін жүзден астам рөлде ойнадым. Ол өнерді сүйіп қана қоймай, өзімнің Жүсіпбегім, сахналастарым, жалпы қазақ театр өнері жайлы үш кітап жаздым.
Ақан, Біржан, Естай мен Дариға атты ұл-қызымызды өмірге әкелдім. Тұңғышымыз Дариғаны әкесі шексіз жақсы көріп өтті өмірден. Ал Ақаным мен Біржаным әкелерінің ізінен асығыс кетіп қалды… Жалғыз Естайымның амандығын тілеп жүріп, жүзге де келіп қалыппын.
Актрисаның иегі кемсеңдеп, әлсіз дірілдеген саусақтарымен көзін сүртіп қойды. Біз де тамағымызға лықсып келіп қалған өксікті терең тыныспен басып алдық та, үнсіз отырып қалдық. Әркім өз ойымен. Менің есіме ғазиз анам түсті. «Құдай-ау, өмірден тым ерте кеткені-ай», – дедім іштей күбірлеп. 63 жас. Көңілімді толқытқан Анаға деген сағыныш қанымды қуалай жөнелгені сонша, Хабиба анамыздың иығынан тартып, кеудесіне басымды қойдым… ағыл-тегіл төгілген көз жасымды терең ойға шомып отырған ол әлде сезді, бәлкім сезбеді. Бірақ танауымды көкірегінің жұпар иісі, тұп-тура асыл анамның небір француз әтіріне айырбастамайтын жұпар иісі қытықтап өткендей ме, қалай?!.
Қайран, Ана махаббаты, мейірімге толы ұлы жүрегі! Қара шалынан қалған жалғыз тұяқ – Естайының амандығын тілеп, жалғыздың қолынан топырақ салынуын аңсап отырған Ана жүрегі, Ана арманы бізді алысқа алып кетіп бара жатқандай, Анаға деген сағыныш-елеске еріп бар жатып, тез ес жидық. Ес жидық емес, ес жиғызған да аяулы анамыздың дірілдей салған әуезді әні болды.
Болса гүлсіз,
Бұлбұл үнсіз.
Үнсіз бұлбұл жәй бір құс,
Сөнген көмір
Үнсіз жүрек бос қуыс…, – Мағжан ақын осылай демей ме, ақынның бұлбұл құсы сайрауы үшін гүл болуы, әдемі нулы тоғайы болуы керек. Ондай сұлулықсыз құсыңыз сайрамайды.
Келші, сәулем бір болайық,
Егіз гүлдей ырғалайық.
Қос жұлдыздай бір жанайық,
Бірге ұшайық қанат жайып,
Өтсін жылдар, мейлі өтсін,
Біз қартаяр мезгіл жетсін,
Тек жүректен от кетпесін,
Махаббатын кемітпесін, – дейді ақын Әбділда.
«Махаббатсыз дүние бос» дейді ақын Абай, данышпан Абай. Жалғаны жоқ шындық, ақиқат! Махаббат адалдығы, ерлі-зайыптылардың тазалығы, сыйластығы – мына өмірдің тұздығы, отбасының бақыты. Бүгінде осы ақындар жырлаған махаббат бар ма?! Әй, қайдам, адамдардан мейірім, сүйіспеншілік, ғашықтық, ынтызарлық қашқалы қашан? Ал бұл қасиеттерсіз адам баласы қайда барып, қалай ғұмыр кешпек?! Өмірдің мән-мағынасы, тіршіліктің тірегі, тұтқасы – махаббатта! Біле білсеңдер, әйелдің еркексіз, еркектің әйел затынсыз өмірі мәнсіз, мағынасыз! Бір-бірлеріңізді сүйе біліңдер! Қадірлеріңді біліңдер!
…Әйелің сені сүйсе,
Сен де оны сүй!… Мұндай тазалық, сүйіспеншілік ердің ерінде болса, өзін-өзі асыл ері-еркегінің жолында құрбан ету тек қазақ әйелдерінің ғана қолынан келетін ерлік! Қазақ әйелдері ер азаматының абыройын өзінің арындай сақтаған, сақтай береді де! Бұл тәлім-тәрбие, әдет-ғұрып, тек біздің халықтың ғана қанында бар!
Иә, сүйегі асыл Хабиба анамыздың аузынан шыққан әрбір сөз, өлең-әніне қарап отырып, осыдан сегіз жыл бұрын «Біржан сал» кинолентасындағы арғымақтың үстіне өзі мініп, өзі түсіп жүрген қарияны көз алдымызға әкелгендей болдық. Ақылман ананың рөліндегі актрисаны тоқсанның екеуінде деп айтпас едіңіз!.. Бүгінгі әңгімеге де іштей риза кейіппен, « Менің бейнетімді емес, азды-көпті өнердегі жолымды, жасымды берсін» деген батасын газет оқырмандарына жеткізуге асығып, қоштастық.
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ
"Түркістан" газеті
Бөлісу: