Шымкентте «Ай-зер» атты жыр жинағының түсаукесері өтеді

Бөлісу:

17.03.2016 2616



Ертең, яғни 18 наурызда Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық Пушкин атындағы ғылыми-көпшілік кітапханасында жас ақын Арайлым Мұратәлиеваның «Ай-зер» атты жыр кітабының тұсаукесері өтеді.


Балалар үйінде тәрбиеленген Арайлым Мұраталиеваа 1997 жылдың 31 желтоқсанында Шымкент қаласында дүниеге келген. Бала күнінен жаны поэзияға жақын жанның өлеңдері «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында және «Қазақ әдебиеті», «Оңтүстік Қазақстан», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде жарияланды. Оқушы кезінен әртүрлі сайыстарға қатысқан Арайлым «Уыз сүтім қазынам» поэзия жанрында, облыстық «Тіл құдіреті» байқауында ертегі жазуда жүлделі орындарды иеленді. Қазіргі таңда М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің педагогика және мәдениет факультетінің 1 курс студенті. Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз қарсаңында Алматы қаласындағы «Алтын шаңырақ» баспасынан алғашқы жыр жинағы жарыққа шығып отыр. «Ай-зер» деп аталған атылмыш кітаптың алғысөзін жазған қоғам қайраткері, қаламгер Әкім Ысқақ: «Арайлымды мен оқушы кезінен білемін. Сол алғашқы сәттен бастап жауқазын жырларынан өлеңге, өнерге деген құштарлығын сездім. Содан 10 сыныпта оқып жүргенінде бүкіл ғұмырына қанық болғандықтан Арайлым жайлы атын өзгертіп, өзімен келісе отырып, «Көңіл қымбат» атты авторлық радиохабарыма арнайы «Ақтотының арманы» деген тақырыпта бір үзік сыр дайындадым. Жақында шыққан «Көңіл қымбат» кітабымдағы «Ақтотының арманына» да Арайлымның 8 сыныпта оқып жүргенде жазған «Сағат» туралы өлеңіндегі мына шумақтарын енгіздім:




Сый етпеген жандарды жатқа нәрін,

Мақтамадым амалсыз, ақтамадым.

Мен құдайдың еркесі ем еркін жүрген,

Тағдырымның тақпағын жаттамадым.

Батылдықтың батыры боп барамын,

Секундтардың ізінде қос жанарым.

Сағат, сенің жөн емес тоқтағаның,

Тоқтар болсаң жақсы еді соқпағаның!, - деген жыр жолдарынан-ақ кішкентай жүрегімен үлкен ойлар туындата алатынына, асау толқынға қарсы жүзе білген батылдығына риза болдым. Жұрт алдында жасқанбай өлең оқығанының да, елдің жақсы қабылдағанына да мерейім өсіп, куәгер атандым. Уақыт өткен сайын ақын қыздың өнеріне сүйсінген оқырмандарынан жылы лебіздер білдіргенін, өлеңіне назар аударған замандастары көбейгенін байқадым. Содан да болар, осы алғашқы жыр жинағын шығарып беруді өзімнің бір парызым деп түсіндім», - дейді.


Шара күндізгі сағат 15:30-да басталады.


Айта кетейік, бұл әдеби шара сәуір айының 2-жұлдызында Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы кітапханада жалғасын таппақ. Басталуы 14:00-де. 


Бөлісу:

Көп оқылғандар