Тілеухан Қадыров: Жігіт бар жігіттің де сарасы бар

Бөлісу:

22.03.2016 2320


(Ережесіз жекпе-жекте алашты тәнті еткен жігіттерге)


кос батыр.png

Жігіт бар жігіттің де сарасы бар,

Қайратты һам жүректі данасы бар.

Тек қана ұяласы жалап жазар,

Елге айтпас көкіректе жарасы бар.


Қайраты - ирадасы қайтпайтыны,

Жалған сөйлеп, арам сөз айтпайтыны.

Көрсетіп ынтасымен адал Еңбек,

Төгілген терін бұлдап айтпайтыны.


Жүректісі - мейірлі бауырмалы,

Керегінде күттірмей табылғаны.

Тастан қатты болғанмен дұшпанына,

Езіліп жақынына ауырғаны.


Даналығы - ақылы сарқылмайтын,

Парасаты көл-көсір тартылмайтын.

Салмақтап сабырменен намыс бермей,

Айласы дұшпанына алдырмайтын.


Жарасы - жазым болған жез киігі,

Талқыда талас туған ел биігі.

Толқыса тереңінен ой туатын,

Көкіректе шер болған жер күйігі.


Алаштың айбатты ұлы арыстарым,

Қайратты һам жүректі Арыстаным.

Ақылың алдырмайтын қорған болып,

Мәңгілік биік тұрсын намыстарың!


Бөлісу:

Көп оқылғандар