15 сәуірде дүниеге келген қаламгерлер

Бөлісу:

15.04.2016 3941



Бүгін жазушы, аудармашы, Қазақстанның халық жазушысы Сәуірбек Бақбергеновтің (1920-1997) дүниеге келген күні. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында туған. Түркістан жетім балалар үйінде тәрбиеленген. Кейін сол Түркістан қаласындағы теміржолшылар мектебін, педагогика училищесін бітірген. Соғысқа дейін өлеңдер, әңгімелер жазған. Ұлы Отан соғысы басталғанша Мәскеу қаласындағы әскери училищеде қызмет етті. Соғыс кезінде Солтүстік батыс майданында Новгород, Псков, Калинин, Холм, Великие Луки түбінде ұрыстарға қатысқан. Атақты Панфиловшылар дивизиясында взвод командирі, байланысшы офицер болып істеген. Қаламгерлік жолын 1945 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкерліктен бастайды. Оның тырнақалды туындылары 1950 жылы өз алдына кітап боп 

шыққан. Басты кейіпкерлері – Дина Нұрпейісова, Нұрмолда Алдабергенов, Кенен Әзірбаев, Шоқан Уәлиханов тәрізді еліміздің тарихи тұлғалары және Ұлы Отан соғысының қаһармандары: Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рамазан Елебаев, Бақтияр Меңдіғазин, Темірбек Көкебаев. «Дина», «Қайран шешем», «Әке жүрегі», «Қарға тамған қар», «Талғат» романповестері орыс тілінде, сондайақ шығармалары белорус, грузин, армян, қырғыз, татар, эстон, башқұрт тілдерінде жарық көрді. Қазақстанның Халық жазушысы.

Шығармалары: Алтын күрек. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1958; Біздің колхоз. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1960; Бозторғай. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1960; Алтын емелден асқанда. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1961; Қайран шешем. Роман. А., ҚМКӘБ, 1963; Қоянкөзге құлаған жұлдыз. Повесть. А; «Жазушы», 1965; Қасиет. Повесть. А., «Жазушы», 1966; Қарға тамған қан. Роман. А., «Жазушы», 1967; Адам және көлеңке. Повесть. А., «Жазушы», 1969; Белгісіз солдат. Повесть. А., «Жазушы», 1977; Он үшінші ойыншы. Повесть. А., «Жалын», 1979; Шығармалардың екі томдығы. А., «Жазушы», 1980; Қан тозаң. Роман. А., «Жазушы», 1983. Ақбоз атты ару. Повесть. А., «Жазушы», 1986; Запасной игрок. Роман, повесть, әңгімелер. «Жазушы», 1990; Смерть Тамерлана. Повесть. «Қазақстан», 1992; Бөрте – Шыңғысханның жұбайы. Повестер мен әңгімелер. «Жазушы», 1993; Қарға тамған қан. Алтын күрек. Романдар. «Елорда», 2000; Қайран шешем. Роман. «Ерен», 2000.

Сафуан Шаймерденұлы 15 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ауданы (қазіргі Жамбыл ауданы), Аманкелді ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, біршама уақыт өз ауылының орталау мектебінде мұғалім, Армия қатарында болды. 1942–1943 жж. Преснов аудандық комсомол хатшысы, 1942–1945 жж. «Ленин туы» газетінде тілші, әдеби қызметкер. 1950 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін үздік бітірді. Содан кейін республикалық жастар газетінің Қарағанды облысы бойынша тілшісі, 1952 жылы «Әдебиет және искусство» журналының бөлім бастығы, Қазақстан Жазушылар одағы проза секциясының меңгерушісі, 1955 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 1958–1960 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1970–1975 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық коллегиясының бастығы болған.

«Болашаққа жол» атты алғашқы романы 1953 жылы жарық көрді. Бұл туынды кейін «Инеш» деген атпен орыс тіліне аударылды. «Өмір нұры» атты повестер цикліне тақырыбы, идеясы жағынан өзекті бір желі, бір нысанаға бағындырылған алты повесть – «Мезгіл», «Қарғаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал» – кірген. Олар шетел тілдеріне әлденеше рет аударылған.

«Қайдасың, Зарина?», «Қыр гүлі», «Әнім сен едің», «Марғау», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Өкіл әке», «Түйе көтерген», «Аруана дүние» пьесалары көптеген қазақ театрларының сахнасында қойылып келеді.

Үнді жазушысы Р.Тагордың «Күйреу», «Гәуірмақан» романдары мен «Алтын сағым» деген атпен жарық көрген әңгімелер жинағын, Л.Толстойдың «Альберт» повесін, беларусь драматургі А.Макаеноктың «Трибуналын», француз композиторы Эрве мен драматург А.Миляждың «Түлкі бикеш» комедиясын аударған.

«Жыл құсы» повесі 1974 жылы ВЦСПС пен КСРО Жазушылар одағының жұмысшы тақырыбына арналған конкурсында жүлделі орынға ие болды. Ал Р.Тагордың «Күйреу» романының аудармасы үшін 1984 жылы Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығын, «Ағалардың алақаны», «Әдеби толқындар» атты кітаптары үшін 1988 жылы республиканың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын алды. 1992 жылы Қазақстан Республикасы-ның Халық жазушысы құрметті атағына ие болды.

«Отан», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталды. Қызылжар (Петропавл) қаласының Құрметті азаматы.


Шөмішбай Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шөміш стансасында туған. 

Қамбаш орта мектебін бітірісімен, Қазалы аудандық «Ленин туы» және Арал аудандық «Толқын» газеттерінде қызмет атқарған. 1971 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1970–1974 жылдары «Қазақстан» баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болған. 1996 жылы «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері» атты тақырыпта ғылым кандидаты дәрежесін иеленді. «XX ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзиясы» атты монография жазған. Қазір М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер. 

«Ғашықтар жыры», «Бозжорға» атты авторлық бейнетаспасы жарық көрді. Г.Гулиа, О.Берггольц, И.Абашидзе, С.Викулов, А.Дементьев, Ф.Алиева, Р.Рождественский, М.Эминеску, т.б. ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған. 

Алғашқы жыр жинағы 1974 жылы «Балдәурен» деген атпен жарық көрген. Содан бергі аралықта қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы шықты. 1994 жылы «Жазушы» баспасынан таңдамалы өлеңдер томдығы, 1992 жылы «Сүйінші» деген атпен ән өлеңдері жеке жинақ боп басылған. Фр.Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты (2003). «Тарлан» сыйлығының иегері (2004). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 

Шығармалары: Арайлы көктем. А., 1975; Теңізден соққан жел. А., 1975; Тағдыр. А., 1976; Заула тұлпар. А., 1979; Уақыт. А., 1979; Өң мен түс. А., 1980; Үш өлшем. А., 1982; Тағдыр жыры. А., 1984; Біздің ғасыр. А., 1989; Тамаша, Тамаша, Тамаша. А., 1989; Сағынышым-теңіз. А., 1994; Таңдамалы өлеңдер жинағы. І том. А., «Жазушы», 1992.


Ғарифолла Есім  1947 ж. туған. Ғалым, философия ғылымының докторы (1994), профессор (1995), Қазақстан ҒА-ның корреспондент мүшесі (1995).

1970 - Семей педагогикалық институтының филология факультетін бітірген.

1973 жылы В.И.Ленин атындағы Мәскеудің Мемлекеттік университетінде зерттеуші-стажер болып білімін жетілдірген.

1974-1977 жылдар аралығында С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің философия және экономика факультетінде аспирантурада оқып, 1987 жылы осы факультеттік, ғылыми кеңесінде «09.00.01 — диалектикалық және тарихи материализм» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған.

1977-1991 Семей педагогикалық институтының доценті, кафедра меңгерушісі, көркемсурет-графика факультетінің деканы;

1991-1992 Философия және құқық институтының аға ғылыми қызметкері;

1992-1998 Алматы мемлекеттік университетінде декан қызметтерін атқарған.

1998 жылдан осы университеттің философия және ғылым методологиясы кафедрасының меңгерушісі.

2001 жылдан Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің философия және саясаттану факультетінің деканы қызметтерін атқарған.



Сондай-ақ, бүгін ақын, драматург, аудармашы, прозаик, сатирик Ершу Маржан Аманқосқызының туған күні. Ол 1977 жылы 15 сәуірде Атырау облысы, Жылыой ауданында туған. Атырау педагогикалық институтының филология факультетін, әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың аспирантурасын тәмәмдаған. Филология ғылымдарының кандидаты. IV халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегері, Халықаралық «Бөбек» қорының арнайы дипломымен марапатталған. 1996 жылы – Атырау қаласының Әнұраны «Атырау қалам» әнінің сөзін жазған. Осы әннің сөзін жазғаны үшін «Жылдың үздік ақыны», «Жыл адамы» атағын иеленген.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Еуразия Жазушылар Одағының мүшесі. ҚР Президенті стипендиясының иегері. Таранжы атындағы сыйлықпен марапалған.

Өлең әлеміне Айек деген атпен енген. «Шырақ» 2004, «Пырақ» 2008 , Аламан» 2015 атты кітаптары басқа атпен, «Айек» деген псевдониммен жарыққа шыққан. Айек - Сұлтан Бейбарыстың анасының аты. Өлеңдері Бейбарыстай күшті, қалпақпен ұрса құламайтын мықты болса деп арманнан туған.

2010 жылы ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен Кипрде өткен Қорқыт ата тақырыбына арналған симпозиумге қатысып, «Ақындардың арғы атасы - Қорқыт» тақырыбында баяндама жасаған. Түрік ақын-жазушыларын қазақша сөйлетті.

Татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың, Фзулидің өлеңін қазақшаға аударған.

Өлеңдері «Жас ақындар жырларының антологиясына» енген. «Дариға ғұмыр, жыр –жүрек» (1998); «Таңғы шық» (2000), «Отырар кітапханасы» сериясымен «Жапырақ ғұмыр» (2001), « «Шырақ» (2004) , «Пырақ» 2008, «Аламан» 2015, «Ерік Құрманғалиев» 2014, «Ораз би» 2014 кітаптары бар.

Драматургия саласында 2010 жылы Д.Нұрпейісова туралы «Дина» атты алғашқы мистикалы музыкалық драма жазды. 2011 жылы жазылған Махамбет Өтемісұлы туралы «Исатай-Махамбет» атты тарихи драманың, Айша бибі мен Қарахан туралы «Махаббат туралы аңыз» атты мюзиклдің авторы. Жаңа замандағы жаңа әдебиетке қазақы рухты шығармалар берген. Ғарышкер Т.Әубәкіровті, батыр Хиуаз бен Бауыржан Момышұлын, күйші Динаны жыр тілінде сөйлетіп, поэмаға айналдырған.

Сондай-ақ түрік әдебиетінің поэзия, прозасынан жасаған аудармалары да бар.


adebiportal.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар