«Томирис» рухани-патриоттық клубы бәйге жариялады
Бөлісу:
«Томирис» рухани-патриоттық қыздар клубы әнұранының сөзіне бәйге жариялады!
Бүгінгі ХХІ ғасырдың қазақ қоғамына ұсынып отырған өз талаптары бар. Соның бірі – кез келген ұлттың генофондын қалайтын қыз балалар тәрбиесіне назар аудару. Соңғы кезде қоғамда қазақ қызы әдепсіз, қазақ қызы мәдениетсіз деп, орын алып жатқан келеңсіз жағдайларға қыздарымызды кінәлау басталды. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарыса жазылып, блогерлер талқылауында, жиындарда көп айтылып жүр. Мәселенің астарына үңілмей жатып, жауабын іздеместен, алдын алу шараларын жасамай, отырып алып қыздарға мораль оқып, ұрса беру нәтиже бермейді. Қазақ қыздары 17 ғасырда осындай болған, 18 ғасырда мынадай болған деп құр әңгіме айтып қана қоймай, нақты іс-әрекет арқылы, практикалық жағынан көмек беруді ұсынғанымыз жөн. Қазіргі кезде пессимизмге берілген, суицидқа бейім, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарай алмайтын әлсіз жастар көбейіп бара жатыр дегенге жауап іздеу қажет.
Тарихымыздың қайта парақтасақ, ұлтының ары мен намысы, абыройы мен ажары бола білген, елі, жері үшін ерлік көрсеткен ардақты аналарымыз бен қыздарымыз жетерлік. Абылай ханның жау тылындағы барлаушыларының басшысы болған Айбике ару, ел анасы бола білген Айғаным әже, ұлты үшін жорыққа аттанған Бопай ханшайым, сұлулық пен парасаттылық бір бойында тоғысқан Балқадиша, Ақтоқтылар, тағысын тағы... Қазақ қыздары қашан да болсын шешуші сәттерде ел тізгінін қолға алудан қорықпаған, ұлт үшін ұлы істерге баруға дайын болған. Бүгінгі күнде де қыздарымызды бетімізге басылған күйедей көрмей, олардың прагматикалық деңгейде көзқарасы қалыптасып, оптимистік ойларға бейім қылып, көп жағдайда өзінің өр қасиетін көрсете алатындай болуына ықпал жасауымыз қажет.
Біз өзіміздің педагогикалық оқу орнымызда қазақ қызының заманауи талаптарға жауап бере алатындай қабілеттерін дамыту мақсатында «Томирис» рухани-патриоттық қыздар клубының негізін қалап отырмыз. Мұндағы негізгі индикаторлық көрсеткіш – ХХІ ғасырдың қазақ қызы білімі мен тәрбиесі ұштасқан, парасаттылық пен ізгілікті бойына қатар сіңіре білетін, жан-жақты гармониялық дами алатын, соның ішінде бүгінгі қоғамдық мәселелерге жауап бере алатындай бағытта тәрбиелеу.
Мақсаттық индикатордың негізінде «Томирис» рухани-патриоттық клубы 7 бағыт бойынша жұмыс жүргізеді:
· Мемлекеттік тіл мен ұлттық ділге деген құрметті тәрбиелеу;
· Мәдениет пен этикет нормаларын ұстану;
· Мемлекетшілдік сана мен патриотизмді қалыптастыру;
· Салауатты өмір салтын ұстану;
· Рухани-адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіру;
· Алғашқы әскери дайындық, алғашқы медициналық көмек көрсету;
· Ісмерлік дағдыларын дамытып, іскерлік стильді меңгеру.
2015 жылы құрылған клуб бір жарым жыл ішінде қала, облыс, тіпті республикалық деңгейде халық назарына ілініп үлгерді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған орталық алаңда өткен қалалық сапта жүріп ән айту байқауы бойынша жүлделі І орын иеленді. Клубтың арнайы нормативтік құжаттарға негізделе отырып тұғырнамасы әзірленіп, қамқоршылық кеңесте бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің алдында тұсаукесері жасалды. 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Ұлттық арнасының «Ақсауыт» әскери-патриоттық республикалық бағдарламасы «Томирис» клубы жайлы арнайы мерекелік түсірілім жасады.
Енді клубтың әнұранын, туы және басқа да рәміздерін әзірлеу жоспарлануда. Осыған орай, клуб әнұранының сөзін жазу үшін ақындар арасында байқау жариялап отырмыз. Байқау жеңімпазына қомақты сыйақымыз бар.
«Томирис» рухани-патриоттық қыздар клубы әнұранының сөзіне қойылатын талаптар:
· Көлемі 3 шумақтан және қайырмасынан құралуы керек;
· Мазмұны терең, қыз балаларға тағылымды ой салатындай әсерлі болуы шарт;
· Сөзі орамды, тілі көркем, айшықты тіркестер қолданылуы қажет;
· Өлең мазмұны марштық әуенге сәйкес болуы тиіс, себебі клуб мүшелері саптық шерулерде әнұран орындап қатысады.
Әнұран мәтінінің бір данасына автордың өз атын жазып, екінші данасына лақап атын жазып 20 мамырға дейін kazped@mail.ru электронды мекен жайына, немесе 8(716-2)32-92-42 телефон нөміріне факс арқылы жіберуге болады.
Қосымша ақпарат алу үшін 8(716-2)72-19-46, ұялы 8-747-226-80-64, 8-775-905-28-14 телефон нөмірлеріне хабарласа аласыздар.
adebiportal.kz
Бөлісу: