Алматыда “Таңжарық оқулары” өтті

Бөлісу:

20.04.2016 2748


Қазақ әдебиеті, өнері, тарихы мен тарихи тұлғаларын ұлықтауға арналған тағы бір қор жұмысын бастады. Қор аясында алаш идеясын, азаттық, теңдік, ояну рухын қытайға қараған қазақтарға әр жанрдағы шығармалары мен өнегелі істері арқылы өмір бойы дәріптеген ұлт қайраткері Таңжарық Жолдыұлын зерттеудің жаңа тынысы ашылмақ. Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде ақын рухын асқақтатқан 3-реткі дәстүрлі «Таңжарық оқуларының» аясында «Халықаралық Таңжарық зерттеу қоғамдық қорының» тұсауы кесілді.


танжарык.jpg


Қор арқылы ақынның тарихи тұлға ретіндегі айшықты бейнесі, ерен еңбектері мен шығармашылығы жан-жақты зерттеліп, ғылыми айналымға енгізіліп, жастарға көбірек насихаттала түспек. Соның бір бағыты ретінде өткізілген байқауға 4 жоғары оқу орнынан 16 студент қатысты. Олар ақын өмірі мен шығармашылығын танып білу деңгейін көп алдында көрсетіп, Таңжарық өлеңдерін мәнерлеп оқып сынға түсті. Белгілі ақын, журналист, өнерпаздардан құралған қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені аталған оқу орнының студенті Айжан Мелдебек иеленді. 1-орынды Абай атындағы ҚазҰПУ-дың студенті Салтанат Анапияева, 2-орынды ҚызПУ-дың студенті Ақгүл Айдарбекқызы, 3-орынды аталған оқу орнының студенті Қамажай Еркебаева қанжығалады. Жүлдегерлер қаржылай сыйақыға қол жеткізді. Сонымен қатар, Ақыт Үлімжіұлы, Асылқан Мыңжасарұлы және Таңжарықтанушы Тілеужан Сақалов атындағы арнайы жүлделер берілді. Тілеужан ағамыздың жары Бөпен Жексебаева өзі келіп жүлдені бұйырған иесіне табыс етті. Қысқасы, жастар жарады, шабыттан шығарма жазып, отты, рухты ақынның жырларын жатқа оқыды, мән-маңызын көкейге тоқыды. Таңжарықтануға белсене кірісіп, жақсы нәтиже көрсете алатынын шын дәлелдеді. Жастардың ұлы ақын, ұлт қайраткерінің рухынан үлкен әсер алып, тебірене қалам тербеп, терең тани түскені көңіл қуантады. Осы бағыттағы игі істер алдағы уақытта да жалғаса бермек. Игі шараға белгілі сыншы, қаламгерлер мен жастар қатысты. Таңжарық әндері шырқалып, насихатшыларына қор атынан алғыс хат берілді.


танжарык1.jpg


Серік Қалиев, ақын, қазылар алқасының төрағасы:


«Таңжарық оқулары» – жыл өткен сайын өрісі кеңейіп, қанатын кеңге жайып келе жатыр. Таңжарық мұраларын насихаттау, ұрпақ санасында қайта жаңғырту ісі жылдан-жылға жанданып келе жатыр деп айтуға болады. Соның бір көрінісі, бүгінгі «Таңжарық оқуларына» тыңғылықты, тиянақты дайындалып келген жоғарғы оқу орындарының студенттерінің өнеріне тәнтті болдық. Сондықтан да өз деңгейінде өтті деп ойлаймын. Мәнерлеп оқу кезеңінде мүдіріп, ұмытып қалған үміткерлерді байқаған жоқпыз. Таңжарық шығармаларын жаңа қырынан өздерінше пайымдап, зерделеп-зерттеген кейбір ұшқынды сәулелі ойларды байқадық. Таңжарық шығармалары, Таңжарық мұрасы бүгінгі ұрпақтың рухани азығына, тәлім-тәрбиесіне, елді, отанды сүюіне, патриоттық сезімді қалыптастыруына бірден-бір насихатшы рөл атқарады деп ойлаймын.


Айжан Мелдебек, ҚызПУ-дың 2-курс студенті, бас жүлде иегері:


Таңжарық оқуларына екінші мәрте қатысып отырмын. Сайыс болғаннан соң, беделді университет студенттермен бəйгеге түскеннен кейін олардан оқ бойы озып шығуға талпынасың. Ол үшін еңбек жолында тер төгілуі қажет. Таңжарықты жан жақты зерттеп, оның шығармашылығымен таныс болу керек. Əрине, таныстық. Ақынның өмір жолындағы қиындықтарына өкінішпен қарадық.Кеше біз кім едік? Таңжарықты танымақ түгілі Алаштың бұндай азаматы бар екенін де білмедік. Ал, бүгін осы байқаудың арқасында Таңжарықты Абайша танып жатқан жайымыз бар. Бұл жолы Таңжарық байқауынан алған əсерім естен кетпестей болды. Осы жолда биік шыңнан көрінуіме көмек берген біртуар азаматтарға, ата -анама, мені рухани шабыттандарып үміт атқан достарыма айтар алғысым шексіз!

Бөлісу:

Көп оқылғандар