Эдгар Аллан По: Ұрланған хат (детектив)

Бөлісу:

21.04.2016 2956

                                      

Қас қарайып, көз байланған шақ. Күзгі Париждің желкем кеші болатын. Фаубургтегі Герман көшесінде орналасқан досым С. Август Дупиннің үйінде едім. Біз бір сағаттай әңгіме-дүкен құрған соң, үйге Дупиннің ескі досы, Париж полиция қызметінің басшысы Г... келді. Оны біраз уақыттан бері көрмеген біз не үшін келгеніне қызығушылық танытып, жылы қабақпен қарсы алдық. Біз қараңғыда отырған едік. Дупин жарықты жақпақ боп орнынан тұрды да, Г.. не үшін келгенін айтқанда, лезде қайтадан орнына отырды. Ол көптен бері басын қатырған бір қылмыс жөнінде ақылдаспақ екен.


– Ойлануды талап ететін мәселе болса, – деді Дупин, – қараңғыда отырып ақылдасқанымыз нәтижелі болмақ.

– Бұл сенің тағы бір ерекше көзқарасың, – деді офицер. Ол өзінің түсінігі аясынан тыс құбылыстардың бәрін «ерекшелік» деп бағалауды әдетке айналдырып, кілең «ерекшеліктер» әлемінде өмір сүретін.

– Өте дұрыс, – деді Дупин қонағына ыңғайлы орындыққа отыруды ишара етіп.

– Сонымен мәселенің мән-жайын айтыңызшы, – дедім мен, – кісі өлімі емес деп үміттенемін.

– Жоға, кісі өлімі емес. Бұл өте қарапайым іс, өзіміз аша алатынымызға еш күмәніміз жоқ. Бірақ жұмбақ әрі түсініксіз болғандықтан, мәселенің жай-жапсарын Дупиннің де білгені жөн.

– Қарапайым әрі жұмбақ іс, – деді Дупин.

– Йә, дәл солай. Соншалықты қарапайым істің жұмбағы әлі күнге дейін шешілмегеніне өзіміз де таңбыз.

– Бәлкім, полиция қызметкерлері үшін мәселені қиындатып тұрған оның соншалықты қарапайымдылығы шығар, – деді менің досым.

– Өзің бір қайдағы-жоқты айтады екенсің, – деді Г... қарқ-қарқ күліп.

– Мүмкін, жұмбақтың шешімі көзге ілінбейтін кішкентай бір нәрсе шығар, – деді Дупин.

– Па, шіркін! Не деген ақыл десеңші!

– Жарайды, мәселенің мән-жайын айтыңыз енді, – дедім мен.

– Айтамын, – деді офицер орындыққа отырған соң, – Мәселені екі ауыз сөзбен түсіндіремін. Бірақ бұл өте құпия іс екенін алдын-ала ескертіп қояйын. Егер бұл істі әлдекімге айтқаным мәлім болса, мен орнымды босатып, қызметімнен кетуге мәжбүр боламын.

– Айта беріңіз, – дедім мен.

– Жарайды. Мен бір лауазымды тұлғадан мынадай ақпарат алдым: Өте маңызды, құнды бір хат патша бөлмелерінің бірінен ұрланған. Хатты алған кім екенін білеміз, оны көрген куәгер бар. Қазір хат оның өзінде екені тағы белгілі.

– Мұны қайдан білесіз? – деп сұрады Дупин.

– Егер ұры хаттан айрылып қалса, онда бір оқиғалар орын алуы керек. Әлі ондай ештеңе бола қойған жоқ.

– Ашып айтыңызшы, – дедім мен.

– Жақсы. Әлгі ұрланған хат арқылы ұры бір кісіні айтқанынан шығармай, дегенімен жүргізе алады. – Г... жұмбақтап сөйлегеніне өз-өзіне көңілі толды.

– Мен әлі толық түсінген жоқпын, – деді Дупин.

– Мысалы, әлгі хатта жауапты қызметтегі бір лауазымды тұлға туралы жаман нәрселер жазылған делік. Хатты ұрлаған адам соны жұртқа жария етіп, абыройын төкпес үшін шенеунік ұрының қандай талабына да көнбей ме?

– Бірақ ұры хат иесін дегенімен жүргізу үшін, алдымен, өзінің хатты ұрлағанын білдірту керек қой. Бұған кімнің батылы барады?!

– Ұры – тірі жаннан жасқанбайтын Д... есімді министр. Хатты жоғалтқан адам өз бөлмесінде оқып отырғанда, Д... кіріп келеді. Иесі хатты жасырғысы келгенмен, үлгермей қалады. Сондықтан хатты үстел үстінде қалдыруға мәжбүр болады. Әккі министр Д...-ның тіміскілегіш жанары үстелдегі қағаз бен ханымның (хат иесі) әлденеге қобалжып отырғанын бірден байқайды. Ханымның «құпиясын» іштей болжап біледі. Келген шаруасын әңгімелеп болған соң, Д... қоржынынан әлгі хатпен бірдей қағаз шығарады да, оқыған сыңай танытады. «Оқып» болған соң, үстелдегі хаттың жанына қояды. Содан соң тағы да он бес минут саяси тақырыпта әңгіме айтып отыра тұрады. Ақырында бөлмеден шығарда, үстелдегі ханымның хатын алады да, оның орнына өзінің еш маңызы жоқ қағазын қалдырып кетеді. Бөлмеде үшінші адам болғандықтан, ханым соның бәрін көре тұра, ләм-мим деп қарсылық білдіре алмайды.

– Сонда, – деді Дупин, – сіз хатты ұрлатқан адамды да, ұрлаған адамды да білесіз. Д... ханымды дегенімен жүргізіп отыр. Ханым оның хатты алғанын көрген және ол ханымның көргенін біледі. Солай ма?

– Йә, – деді офицер, – Д... әлгі хатты саясаттағы мансап үшін күресте пайдаланып жүр. Ханым хатты қайтару керек екенін күннен-күнге ұғына түсуде. Жария түрде қайтара алмайтындықтан, менен көмек сұраған болатын.

– Сізді ең дана кеңесші деп ойлаған ғой, шамасы, – деді Дупин.

– Ондай пікірде болуы әбден мүмкін, – деп жауап берді Г... .

– Министр хатты құртып жібермей, сақтап қоюға тырысатыны анық. Әйтпесе, ханымды дегенімен жүргізе алмайды. Хат әлі ода екеніне сенуге тиіспіз, – дедім мен.

– Әлбетте, – деді офицер, – хат министрдің өзінде екеніне сенімді болғандығымнан, оның үйінің әр қуысын тінтіп шықтым. Бұл оңайға соқпады, өйткені құпия түрде тінткен едім. Министр ісімізден сезіктеніп қалар болса, өзімізге қауіп төнетінін ханым ескерткен болатын.

– Бірақ Париж полициясы құпия түрде тінтуді өте жақсы меңгерген ғой, – дедім мен, – мұндай іспен бұрын жиі айналысқан.

– Иә, әрине. Сондықтан мен бұл іске кіріскен едім. Министрдің әр түні үйінде болмайтыны біз үшін үлкен жеңілдік. Үй қызметкерлері қожайын бөлмесінен сәл қашықтағы бөлмелерде ұйықтайды. Менде Париждегі кез-келген есікті аша алатын кілттер бар екенін өзің білесің. Әлгі хатты иесіне қайтарамын деп өз-өзіме уәде бергендіктен, үш ай бойы әр түнімді тінтумен өткіздім. Құпия болса да, хатты қайтарсам, өте ірі көлемде сыйақы алатынымды да айтайын. Үйдің қуыс-қуысын түгел тінтіп шыққанға дейін, хатты табатынымнан үмітімді үзбеп едім.

– Бәлкім, хат үйге тығылмаған шығар, – дедім мен.

– Мен үйдің ішінде деп ойлаймын, – деді Дупин.

– Министрдің өне бойын тексеріп көрдіңіздер ме?

– Иә, тонаушы кейпіндегі менің жігіттерім оның тұла бойын екі рет тінтіп шықты.

– Ол қажет емес еді, – деді Дупин, – Д... соншалықты ақымақ емес. Сондай бірдеңе ұйымдастырылатынын өзі де іштей күткен болу керек.

– Сондай ақымақ емес, – деді офицер, – бірақ ақын болғандықтан, сәл қияли.

– Дұрыыыс, – деді ойға шомған Дупин.

– Үйді қалай тінткендеріңізді егжей-тегжейлі айтып беріңізші, – дедім мен.

– Біз ғимараттың қуыс-қуысын түгел тінтіп шықтық. Үйдің әр бөлмесін апталар бойы түнімен тексердік. Алдымен, жиһаздардың бар тартпаларын қарадық. Ешқандай «құпия» тартпа полиция офицерінің назарынан тыс қалмайтынын білесіз деп ойлаймын. Содан соң отырғыштардың отыратын жұмсақ жерін ине сұғып тексердік. Сосын үстелдердің беткі бөлігін сирақтарынан ажыратып қарап көрдік.

– Не үшін? – деп сұрады Дупин.

– Хат сирақтарында тығылмады ма екен деп ойладық. Әдетте, адамдар тура солай кереуеттің беткі және астыңғы бөлігін әлденені жасыру үшін пайдаланатын еді ғой.

– Бірақ сіздер жиһаздарды толықтай бөлшектеп тексермеген сияқтысыздар. Хатты нығыздап бүктеп, бір кішкентай қуысқа, мысалы, отырғыштың арқалығына жасыруы мүмкін ғой.

– Біз әр жиһаздың әр бөлігінің әр бөлшегін мұқият тексердік. Ағаш бетіндегі шаң тозаңын алма көргендей қалт жібермейтін қырағы көздер әлдеқандай қуыс болса, көрмей қалуы мүмкін емес еді.

– Кереует, жапқыш, перде, кілемдердің барлығын тексерген шығарсыздар?

– Әрине. Бұл шаруаларды тындырған соң, ғимарат қаңқасын тексердік. Еден, баспалдақ, қабырғаның іші-сыртын түгел қарап шықтық.

– Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айыратын келісімшарт жасасыпсыздар онда, – дедім мен.

– Иә, солаай. Бірақ сыйақы өте үлкен мөлшерде.

– Үйдің ауласын тексердіңіздер ме?

– Аулаға кірпіш төселген. Бастапқыда бұл бізді күдіктендіргені рас. Дегенмен, кірпіштердің арасындағы сұйықтықты тексеріп, орнынан қозғалмағанына көз жеткіздік.

– Д...-ның қағаздарының арасын, кітапханасында кітаптарының арасын қарадыңыздар ма?

– Әлбетте. Біз әр кітаптың бірде-бір бетін жібермей парақтап шығумен қоса, мұқабалардың қалыңдығын да мұқият өлшеп қарадық.

– Тұсқағаздардың артын тексердіңіздер ме?

– Тексердік.

– Онда, – дедім мен, – хат үйдің ішінде деген ойларыңыз қате.

– Мен не жорамалдарымды да білмеймін, – деді Г... , – Сонымен, Дупин, маған қандай кеңес бересің?

– Үйді қайтадан тексеріп шығыңыз.

– Оның қажет емес екені анық. Менің тыныс алып, ауа жұтатыным қандай шындық болса, хаттың үйде жоқ екені де сондай шындық, – деп жауап берді Г... .

– Мен сізге бұдан артық кеңес бере алмаймын, – деді Дупин, – Хаттың толық суреттемесі бар ма?

– Иә, әрине, – деп офицер қоржынынан дәптерін шығарды да, хаттың сыртқы көрінісі қандай екенін оқып берді.

Содан соң үйден ұнжырғасы түскен күйде шығып кетті. Мен бұрын оның мұншалықты көңілі құлазығанын көрмеген едім.

Бірнеше айдан соң, Дупинның үйінде әңгімелесіп отырғанымызда, өткен жолғыдай тағы да офицер кіріп келді. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, мен одан хатты тапқан-таппағандығын сұрадым.

– Дупин айтққаннан кейін үйдің қуыс-қуысын тағы да тінтіп шықтым. Бірақ өзім ойлағандай еңбегім зая кетті, – деді ол.

– Сыйақы мөлшерін қанша дедіңіз? – деп сұрады Дупин.

– Дәл қанша екенін айтпай-ақ қояйын, бірақ өте көп мөлшерде. Әлгі хаттың маңызы күннен-күнге артып бара жатқандықтан, жуырда сыйақы екі еселенді. Алайда тағы екі есеге көбейсе де, осы іздестіргенімнен артық қолымнан ештеңе келмейді.

– Ал мен келеді деп ойлаймын.

– Қалайша?

– Мысалы, өзіңізге кеңесші жалдауыңызға болады. Дәрігер Абернеци жайлы хикаяны естіген бе едіңіз?

– Жоқ, ол қандай хикая?

– Бірде бір сараң бай адам дәрігер Абернециден тегін медициналық кеңес алғысы келеді. Өзі бір қу екен, әуелі әңгімені мүлде басқа тақырыпта бастайды. Сөз арасында былай дейді: «Мәселен, бір кісі мынадай аурумен ауырады делік (осы жерде бай өзінің ауруын айтады). Дәрігер, сонда оған не істеуді жөн көрер едіңіз?»

– Дәрігерден кеңес алу керек, әрине! – депті Абернеци.

– Бірақ, – деді кішкене ыңғайсызданып қалған офицер, – маған тұщымды кеңес беріп, бұл мәселеде көмектескен адамға сыйақының жартысын берер едім.

– Олай болса, – деп Дупин тартпаны ашты да, чек алып офицерге берді, – сыйақының жартысын мұнда жазыңыз, содан кейін сізге хатты беремін.

Мен таңданысымды жасыра алмадым. Г... өз құлағына өзі сенбеді. Ол бірнеше минут бойы сөйлей алмай, Дупинге аңтарылып қарап қалыпты. Ақырында жалма-жан қаламға жармасты да, чекке сыйақының жартысын жазып, Дупинге берді. Менің досым чекті бір қарап, қоржынына салды да, тартпадан хатты алып, офицерге берді. Г... қуаныштан жүрегі жарылардай боп, қолдары дірілдеген күйі хат мәтінін оқып шықты. Содан соң сөйлеуге де мұршасы болмй, лезде үйден шығып кетті. Ол шығып кеткен соң, досым маған хатты қалай тапқанын айтып берді.

– Париж полициясы, – деді ол, – үйреншікті іздестіру тәсіліне өте шебер, олар мұқият әрі төзімді болғандықтан, бұл әдіс көбіне нәтиже береді. Дегенмен, оларда және Г...-ның өзінде де бір осалдық бар: қылмыскердің ойлау жүйесін жорамалдауға тырыспайды. Қылмыскер кім болса да, қандай қылмыс жасалса да, полицияның іздестіру тәсілі үнемі бірдей. Г... және оның адамдарының хатты таба алмау себебі – біріншіден, қылмыскердің ойын болжай алмаған, екіншіден, оның айла-шарғысын бағаламаған. Бұрын өздері құпия хаттарды қалай жасырса, сол жолмен іздеген. Г... өзі тінткен жерлерде ғана хат жасырулы болуы мүмкін деп ойлаған: үстелдің сирағында болмаса, орындықтың арқалығында, онда болмаса, линолеумнің астында немесе кітап мұқабасының ішінде. Бұл істе полицияның сәтсіздікке ұшырау себебі – Г... министрді ақын болғандықтан, қияли деп менсінбеген, оның қулық-сұмдығын елемеген. «Бірақ министр расымен де ақын ба?» – деп өзіме сұрақ қойдым. Олар екі ағайынды, екеуі де оқыған. Министрдің өзі ғылыми кітаптар жазғанын білемін. Ол ақын емес, ғалым.

– Бұл ойың дұрыс емес. Мен оны жақсы танимын. Ол әрі ғалым, әрі ақын. Жай ғана ғалым болса, хатты сенімді жерге жасыруға өресі жетпес еді. Мұндай пікіріңмен мені таңғалдырғаныңмен, бұл басқа тақырып, бөлек мәселе. Қазір хатты қалай тапқаныңа қызығып барам. Әңгімеңді жалғастыра бер.

– Жақсы. Д... ғалым, ақын ғана емес, сонымен қатар, сауатты саясаткер әрі патша сарайының беделді қызметкері. Мұндай адам полиция үйін тінтіп, әрдайым бақылауда ұстайтынын жақсы біледі. Әр түні үйінде болмауы да, полицияға тінту үшін еркін мүмкіндік бергендіктен. Хатты таба алмаған полиция іздегені үйдің ішінде деген пікірден біржола күдер үзсін деген мақсаты болған Д... полиция үйдің қуыс-қуысын түгел тінтетінін, жиһаз бөліктерінің бөлшектенетінін, қысқасы хатты қайдан іздейтінін білген. Сол себепті, хатты тығу үшін көзге көрінетін бірақ елеусіз, ешкім ойламайтын жерді таңдауға мәжбүр болған. О баста мәселені қиындатып тұрған соншалықты қарапайымдылығы екенін айтқанымда, Г... қалай күлгені есіңде шығар?

– Иә, есімде, – дедім мен, – ол сені әзілдеп тұр деп ойлап қалды.

– Алайда мен әзілдемеген едім, – деді Дупин, – Балалардың географиялық картамен ойнайтын ойыны бар. Ойынның шарты бойынша, бір ойыншы картадағы қала, өзен, немесе штат атын атайды. Екіншісі оны картадан табу керек. Шағын жер-су аттарын табу қиын деп ойлайтындықтан, көп балалар картадағы өте кішкентай әріптермен жазылғандарын таңдайды. Ал ақылды ойыншы көп адам мән бермейтін, елеусіз, үлкен әріптермен жазылған сөзді жасырар еді. Көшедегі дүкендердің атауларын байқауымыз да тура осылай. Біз шұқшиып кішкентай жазуларды оқуға тырысамыз, ал үлкен жазумен жазылған сөздерге назар аудармаймыз. Хатты министр ешқайда жасырмай-ақ «жасырып» қойғанын, дұрыстап қарасаң, көзге көрініп тұрғаны досымыз Г...-ның ойына да кіріп-шықпаған.


Батыл министрден мұндай қулық шығады деп ойлағандықтан, пікірімді дәлелдейін деп шештім. Бір күні таңертең қара көзілдірік киіп, Д...-ның үйіне бардым. Париждегі ең еңбекқор адамдардың бірі болса да, ол жұмысқа зауқы соқпайтын, жалқау болып көрінгісі келді. Оның қулығына сай мен де көзі нашар көретін адам болғандықтан, қара көзілдірік киіп алғанымды айттым. Әңгімелесу барысында сұхбатқа көңіл бөлуге де, сондай-ақ айналама көз жүгіртуге де шамам жетті. Мен министр жанында отырған үлкен жазу үстеліне қызығушылық таныттым. Үстінде бір бума қағаз, хаттар, бірнеше кітап және музыкалық аспап бар еді. Көзбен біраз тінтіп, көңілге күдік салар ештеңе көрген жоқпын. Ақырында менің көзім бөлмені шарлап жүріп, сымнан жасалған қарапайым хат салғышқа түсті. Тура ошақтың үстінде көк жіппен төбедегі ілмекке ілініп тұр. Бұл хат салғышта бес-алты визитка және бір хат бар екен. Сарғайған конверттің ортасы сәл ғана жыртылыпты. Әлдекім конвертті жыртып, хатты алмақ болып, кейін ол ойынан айнып, сақтап қойғандай. Сыртындағы мөр Д... отбасінікі екенін бірден білуге болады. Ал хат министрдің өзіне арналғанын әдемі әйел жазуынан ұқтым. Конвертті хат салғыштың ортасына сала салыпты.


«Менің іздегенім осы» дедім іштей өз-өзіме. Маған Г... айтқан конверттің түрі басқаша еді. Бірақ мөр, мекен-жай, әйел жазуы – барлығы да полицияны жаңылыстыру үшін әдейі ұйымдастырылған нәрселер екенін түсіндім. Сонымен қатар, жыртылған, кірленген конверттің хат салғышқа қалай болса солай салына салуы – мұқият әрі ұқыпты министрдің әдеттегі дағдысына ұқсамайтын еді. Осының бәрін іштей таразылаған соң, мен іздеген хатты тапқаныма күмәнім қалмады. Тездетіп әңгімені аяқтап, министрмен сыпайы қоштасып, үйден шығып кеттім. Үстел үстінде алтын қорабымды әдейі қалдырдым. Келесі күні таңертең әлгі «ұмытқан» затымды алу үшін Д...-ның үйіне тағы бардым. Әңгімелесіп тұрғанымызда, кенет сырттан атылған мылтық даусы естілді. Әлдекім ышқына айқайлап, бір топ адамның үрейлі үні шықты. Д... жалма-жан терезеге ұмтылып, шалқасынан ашып жіберді де, сыртқа үңілді. Ал мен бұл мүмкіндікті қалт жібермей, ошақтың үстінде ілулі хат салғыштан кешегі конвертті алдым да, үйімнен дайындап әкелген тура сондай басқасын орнына салып қойдым. Содан соң мен де терезеге жақындап, далаға қарадым. Бір ер адам ішінде күкірт бар, бірақ оғы жоқ қарумен бір топ әйел мен балаларға кезеніп атыпты. Көшедегі шу содан шыққан екен. Ешкім зиян шекпегені анықталған соң, әлгі ер адамға жайына кетуге рұқсат етілді. Мен де көп ұзамай Д...-ның үйінен шықтым. Және біраздан соң әлгі ер адаммен жолығып, уәделескен ақшаны бердім.


– Хат салғышқа басқа конвертті не үшін салдың сонда? – деп сұрадым мен.

– Менің саяси көзқарасымды өзің білесің, – деп жауап берді Дупин, – Бұл мәселеде мен ханымды қолдаймын. Он сегіз ай бойы министр ханымды дегенімен жүргізіп келді. Ал қазір, керісінше, ханым министрге айтқанын орындата алады. Өйткені, министр хат өзінде емес екенін ұққанша, әлі бірнеше апта, бәлкім бірнеше ай өтеді. Бұл аралықта өзіне қоқан-лоқы көрсеткен Д...-ны ханым қақпанға түсіре алады. Сөйтіп, оның саясаттағы беделін түсіруіне мүмкіндік бар. Мен министрге ғана емес, адамдықтан жұрдай кез-келген адамға мүлдем жаным ашымайды. Д... мен тастап кеткен конвертті ашып көргенде, қандай күйде болатынын көргім келеді.

– Не үшін? Онда не деп жазып едің?

– Ештеңе жазбағаным министрді өкпелетер деп ойладым. Осыдан бірнеше жыл бұрын Венада ол мені сан соқтырып алдап кеткен еді. Сол кезде мұны ұмытпайтынымды сыпайы түрде айтқан болатынмын. Өзінен айласын асырған кім деп басын қатырмас үшін оған сәл көмектесейін дедім. Менің жазуымды қапысыз танитындықтан, парақтың ортасына мынадай бір ауыз сөз жаздым:

«Мұндай батыл қулықты әшкерелеу үшін одан асқан батыл қулық керек».


Алпамыс ФАЙЗОЛЛА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 

журналистика факультетінің студенті

Бөлісу:

Көп оқылғандар