Ұларбек Нұрғалымұлы: Чеховқа шекпеннің қажеті жоқ

Бөлісу:

22.04.2016 4456

 

KZR_0862.JPG

Жарнамасы әлеуметтік желіні жарып кете жаздаған соң, оның үстіне «Чехов қой» деп және оны сахналаған танымал театр және кино режиссері (өзіміздің Теменов секілді), Якутияның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ресейдің ұлттық театрларының арасында өтетін «Золотая маска» сыйлығының иегері Сергей Потапов екен деп қаңғалақтаған басымыз Қаллеки театрынан қара көрсетті.


 

Спектакль қызық басталды. Кейіпкерлер сөйлеп келе жатып (итше) үріп кетеді, үріп отырып (адамша) күле салады. Әңгімелесе беріп тауықша қоқылдап, мысықша мияулап, күліп отырып жылай салып, оны ары қарай тағы күлкімен жалғайды, билеп кетеді. Тұтас қойылым бойынша осылай. «Әртіс болсаң енді ойна!». Күл, жыла, секір, сөйле, мияула, үр, қоқылда… Жә, қоқылдауын қоқылдай бересің ғой, мұның бәрі не үшін? Көрерменге нені сездірмексің? Чехов өзі сірә не айтқысы келіп отыр? Басынан бастайық.


 

Білікті сыншылар мен театр мамандарының айтуынша Чехов та Шекспир секілді өз мектебін қалыптастырған драматург. Қандай мектеп? Белгілі драматург Шахимарден Құсайынов әлемдік драматургияны (шартты түрде) мынадай үш мектепке бөліп қарастыруға болады деген пікір айтады: 1. Логикалы әрекетті драматургия (Шекспир мектебі), 2. Логикалы әрекетсіз драматургия (Чехов мектебі), 3. Логикасыз әрекетсіз драматургия (Беккет мектебі).


 

Логикалы әрекетті дегенді жалпақ тілмен айтсақ, ойлайды, ойлағанын жүзеге асырады немесе соған тәуекел етеді деген сөз. Мысалға, Шекспирдің қазақ театрларында сахналанған «Гамлет», «Ревизор», «Асауға тұсау» сынды пьесаларындағы кейіпкерлер әрекетін еске түсірсеңіз бәрі де түсінікті бола қалады. Ал, Чеховтың кейіпкерлері ше? Саналы түрде үнемі бір істі істеу керектігін айтады, армандайды, ойлайды, қиялдайды. Бірақ сол істі емес, бейсаналы түрде басқа нәрселерді істеп жүреді. Ар­ман­дары жолында арпалыспай, ғайыптан ға­жайып күтіп отыратын дәрменсіз «Апа­лы-сіңлілі үшеуді» алыңыз, Мәскеуге кетем дейді. Жоқ, кете алмайды. Сол «Ваня ағай». Үнемі ауылға барғысы кеп жүреді, бармайды. Кетем дейді, кетпейді. Басқа бірдеңелермен айналысып жайына кетеді. Бірақ бәрібір бару керек дейді. Чеховтың мықтылығы сонда – ол саналы адамның бейсаналы әрекеттеріне әбден ерік береді және бейберекет те жібермейді. Қалай? Оның бейсаналы әрекеттерін анау бір «соны істеуім керек» деген саналы ойларына көзге көрінбес жіңішке жіппен мықтап матап тастайды ғой. Міне, шынайы біздің (көбіміздің) өміріміз.

KZR_0881.JPG 
 

Ал енді «Шие бағында» қалай? Бай әйел Шие ханым (қазақшалаған атымен ала берейікші) жауапсыз махаббат, ойсыз ойын-күлкі, қисапсыз қыдыру, себепсіз сенім арту сынды әрекеттерінен оңбай опық жеп, ақшадан да айырылып Парижден туған үйіне оралады. Маңайында қызметшілері. (Олардың әр қайсысы бір- бір бөлек образдар. Бәріне тоқталар болсақ ұзаққа кетеміз.) Енді қалғаны – шие бағы. Соны сақтап қалу керек. Шие ханым да, айналасындағылар да бақытты өмір сүргісі келеді. Бірақ, қалай, қайтып? Бас қатырмайды. Тек армандайды. Болды. Тіпті Шие ханымның әкесінің бұрынғы құлының баласы Балташ шие бағын сақтап қалу үшін жалға беру керектігін айтқанда соны тыңдап, ақыл қосуға ынталы адам табылмайды. Ойланудан ерінеді, қорқады, көңілі дауаламайды. Бірақ, шие бағы қалайда сақталып қалса екен дейді. Шие ханымның айналасындағы адамдардың қатынастары өте қызық. Бір-біріне сенім, айтқан сөздерінде тұру деген атымен жоқ. Бірдеңені айтып отырып жалыға қалса күле салады немесе тамақ ішуге кетеді, жылай салады, үре салады…


 

KZR_0821.JPG

Сонымен, шие бағы сатылады. Балташ сатып алады. Мыналар сонда не істейді? Сатыла ма, сатылмай ма? деген уайымның соңына нүкте қойылғанына қуанады. Әрине өкініш, бірақ ол күйді де өзгерте салады. Жеңілістерді оңай қабылдап, оңай шегініс жасайды. Жылдар бойғы уайым аяқтаса болғаны секілді, тіпті шие бағы өзінде қалса да, сатылып кетсе де сол уайымға нүкте қойылғанына жеңілдеп қалады. Алайда, әр кейіпкер сахна шетінде тұрған микрофонға келіп өз жеке бастарының пікірін, өмірге деген көзқарас, шынайы мақсатарын айтатын бір сәттері бар. Сонда да, сөздерінің аяғына жетпей басқа бірдеңелерді айтып, күліп, үріп «қуып» кете береді.


 

Қысқасы, уайымын әрекет емес, уақыт кетірсе деп қана бүрісіп отырған және бақытты өмірге соншалық ынтық бейшара адамдар образын қапысыз көрсетеді-ау хас шебер. Айналасындағы адамдарға «қартайып кетіпсіңдер» деп ұрса беретін Шие ханым соңында өзі қалтылдап қартайған кемпір күйінде өткен дәурен, балалық кез, бау-бақшасын тағы еске алады, қоштасады. Сол баяғы арман, сол баяғы қиял. Өзгерген, пайдасына шешілген ештеңе жоқ. Айналасы да сол…


 

Енді қойылымның қазақшаланғаны туралы бірер сөз. Пьеса ғана аударылмапты. Әлгі Теменов секілді режиссеріміз Чехов шығармасының тілін ғана емес, киімдерін, музыка аспаптарын, жер аттарын, тіпті кейіпкерлердің аттарына дейін аударып алыпты. Не күн туды екен? Шекспир шығармаларының тілін ғана қазақшалап сахналағанда да қазақ көрермендері өз аларымызды алдық емес пе?! Гамлет неге қазақша киінбеген деп айтқан біреуді көрдіңіз бе? Жоқ. Мынау енді мазаққа жақын. Чехов басқа, режиссер басқа. Бұдан кейін актерлар да басқаша ойнауға тура келетіні заңды ғой. Потапов қия салып, қиғаш тартыпты. Актерларға жанымыз ашыды. Жандарын салып-ақ ойнады. Ащы тер шықты. Олардан да, бізден де. Бірақ, еш кейіпкер айыз қандырарлықтай ашылмады. Мүмкін Чеховтың кейіпкерлерінің қолына берілген домбыра кедергі болды ма, әлде «Аппақ гүлдер» әні, Кереку мен кестелі киім бе? Әйтеуір шығарма келсе-келмес шандып байланған қалың жіптің арасынан бұлқынып, қол бұлғап қалғандай әлтек-тәлтек әсерде қалдық. Қысқасы, Чеховқа шекпеннің қажеті жоқ еді. Оның кейіпкерлері осы қоғамда онсызда аз емеспіз…


 

Ұларбек Нұрғалымұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар