Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт
Бөлісу:
2016 жылғы 26 сәуірде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясы болып өтті.
Президент Ұлт жоспары әлемдік дағдарысқа қарамастан, бизнесті дамыту үшін кең мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты. Сонымен қатар, сөз арасында Мемлекет басшысы Ұлт Жоспарындағы Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген үш негізгі бағытқа тоқталып, оның барлығы тұтастай Қазақстан халқы бірлігін, келісімі мен татулығын нығайтатынын атап өтті.
Сессияның жұмысына 1 500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында барлық өңірлерден келген Ассамблеяның ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет елдердің дипломатиялық миссиялары, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
Сессияда қазақстандық ғарышкер, шетелдік қонақтар, өңірлерден келген делегаттар, спортшылар, жұмысшы мамандықтарының, бюджеттік және жастар ұйымдарының, азаматтық қоғамның өкілдері және басқалар сөз сөйледі.
Жиналғандар алдында сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің Тәуелсіздігіміздің ұлы құндылықтарының бірі екенін атап өтті.
«Біз достықты қазақстандықтардың барлық буынының басты игілігі ретінде сақтай білдік. Біздің бірегей жолымыз – тең құқықтылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімі халықтың тілек-қалауымен таңдалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жемісі. Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде әрдайым биіктен табылды. Оның тарихында біздің ұлттың өрлеу дәуірінің кезеңдері мен нақты нәтижелері көрініс тапқан», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың алғашқы қорытындылары туралы айтты.
«Бірнеше айда 59 заң әзірленіп, қабылданды және күшіне енді. 400 нормативтік құқықтық акт бекітілді. Біздегі өзгерістерге қатысты тағы бір тәуелсіз баға жөнінде айта кетейін. Бүкіл әлем мемлекеттеріндегі реформаларға мониторинг жүргізетін Дүниежүзілік банк Қазақстанды 2015 жылы өзге елдермен салыстырғанда мейлінше көп реформа жасады деп есептейді. Олардың әдістемесіне сәйкес, бұл – 7 бағыт бойынша 19 реформа. Басқаша айтқанда, біз бес емес, жиырмаға жуық маңызды өзгеріс жасадық», - деді Мемлекет басшысы.
Ассамблеяның XXIV сессиясының қорытындысы бойынша «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі жария етілді.
«Мәңгілік Ел» патриоттық актісін қабылдайық деп отырмыз. Оны жан-жақты талқылап, қолдау білдіргендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Осы маңызды құжатты көптен бері дайындап, дәл биылғы мерейлі жылда қабылдануы айрықша маңызға ие. «Надан халық бір жылын, ақылды халық бір ғасырын, дана халық мәңгілік болашағын ойлайды» деген сөз бар. Біз бұл жолда мәңгілік болашағын ойлайтын дана халық болайық», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Бөлісу: