Жанболат Башар: Сұмырай (Әңгіме)
Бөлісу:
Алматы әуежайы. Ығы-жығы халық. Жаңа ғана Мәскеуден ұшып келген әуе көлiгiнен түскендер арасында Сымайыл оқымысты да бар едi. Ол Алматыдағы оқуын тауысқан соң көп жыл Мәскеуде тұрды, сонда оқыды, тоқыды. Бiлiм-бiлiгiн молайтып елге оралған бетi. Неге екенiн қайдам, оқымыстыны ешкiм қарсы ала қоймады. Тiптi оның келетiнiн туғандары да бiлмейтiн секiлдi. Жасы қырыққа жақындаса да салт басты, сабау қамшылы жүрген Сымайыл қазiр де жалғыз. Бiр өзi сопиып әуежайдың кең залын кесiп өтiп, қала жақ бетке шыққанда “Такси, такси керек пе?” деген бейтаныс дауысқа жалт бұрылды. Бұрыла сала, тура соны тосып тұрғандай, әлгiнiң соңынан ере жөнелдi. Көлiкке мiнiп, баратын жерiне тезiрек жетiп қалмақ.
Жүрдек көлiк жүйтки жөнелгенде жүргiзушi:
— Иә, жолыңыз болсын, қайдан келесiз? — дедi қазақша тiл қатып. Сымайыл болса оған бағжиып бiр қарады да, қазақша түсiнбейтiнiн бiлдiрдi. Иығын қиқаң еткiзген таксист: “Е, анау болдың ғой” дегендей үнсiз қалды.
...“Туған жердiң топырағы да, тау-тасы да ыстық” деушi едi, оқымысты Сымайылдың соны қаншалықты сезiнгенiн кiм бiлсiн, әйтеуiр келгеннен берi көңiлi алабұртып, Алматыны жатырқап жүрдi. Тiптi осында оралғанына қуанғаны да, опынғаны да белгiсiз, көңiлi күптi. Уақыт озған сайын жан дүниесiн жайлаған осы бiр жұмбақ жайдан ол арыла алмады. Туған қаласы да оған емiренiп тұрмағандай. Бұрынғы “Алма-Ата” жоқ, ендi — Алматы. Қайда барсаң — жайма базар және базардың бәрi – кiлең қазақтар. Бұлардың қайдан ағылып келiп жатқанына аң-таң. Сондай күндердiң бiрiнде орталықта жүрiп жатқан әлдебiр мәшһүр ақынның кешiне тап болғаны. Соны көргенде-ақ жүрегiндегi түйткiлдiң бетi ашылып, жанын мазалаған тосын жайттың сырын анық аңғарды.
Ақынның кешi шаһардағы хан сарайындай ғимаратта өттi. Зал толы адам.Олардың қазақша көсіле сөйлегенін көрген Сымайыл жанпәре састы,жүрегі алқынып, жерге енердей ұялды.Баяғы артта қалған «жабайы» қазақ тілінде бұлардың не деп жатқаны беймәлім.Бір кереметі, әлгі ақын жыр оқыған сайын тыңдарманның көздері жарқылдап, ұшқын атып, ешкімді елер емес. «Не деген надан?! Әлі түк өзгермепті-ау!?»,-деді Сымайыл жыны келіп.«Өркениетті елдерге бұл тіл мүлде керек емес.Не техникаға, не медицинаға жарамайтын, мал соңында жүрген қойшы-қолаңның тілін әлі ұялмай дәріптеп жүргендері қалай!?» деп өзінше құрысып-тырысып, есікті іздеп, залдан безе қашты.
Содан үйге келе сала қаламға жармасты,түніменен талмай отырып ақ қағазды армансыз адақтады. Қамал бұзардай қақыратып жазды. Алма-Атадан айрылып қалғанын зарын, кеудесін кернеген ызасын қапалана төкті.Қыза-қыза:«Сендердің тілдерің еш уақытта да мемлекеттік тіл болмайды! Өздерің сияқты өркениет шаңына көмілгендердің отбасынан арыға аспайды»,-деп кесіп-пішіп, келемеж етті.Сөзінің соңында: «Мәмбеттер,–деді ол,–сендерді 32-37 жылдары аз өлтірген, «вас мало мочили», «әлі рулық деңгейден аспаған,..» деп сілтеді дерсің Сымайыл. Сондағы қырына алғаны,сөгіп жатқаны—өзінің туған халқы.Оның тілін де жерден алып,жерге салды.
Ертеңгісін тұра сала ресми тілінде шығатын үлкен газеттің біріне әлгі жазғанын жанығып жеткізді.Онда отырған басылым басшысы Сымайылдың мақаласын оқығанда «жерден жеті қоян тапқандай» қуанып, мұның әлгі сүрепетсіз сөздерін қырнап, сырлап,жалалы мақаланы газеттің жарты бетіне жариялады да жіберді.Ішінен «үрит соқ» деп,мұртынан бір жымиып қойды...
***
Сол күні Алматының күні бұлттанып, сіркіреп жауған жаңбырдың соңы ақ жауынға ұласты. Сымайылдың анасы Нұрбике әдеттегідей үйде жалғыз еді.Ашық терезеден тысқа көз тастап,сіркіреген жаңбырдың дыбысына құлақ тосып, ой үстінде отырған.
Соңғы уақыттарда кейуананың денсаулығы сыр беріп, жүріп-тұрудың өзі мұңға айналған.Тұрмыстағы қыздары маңында,бұда болса—көңілге медет.Жалғыз ұлы Мәскеуден оралғалы анасына әлі келмеген-ді.Нұрбикенің де есіл-дерті сол:«Сымайылжан бүгін келіп қалар, ертең келіп қалар»,-деп, көңілі алабұртып, алаң-салаң.Осы кезде телефон безілдеді:
– Сымайыл шығар телефондап жатқан,.. Келейін деген ғой,.. Қарағым-ай..,-деп тырып-тырып басып, тұтқаға құлағын тосқан.Сөйтсе, әлдебір бейтаныс әйел. «Бүгінгі газетте сіздің оқымысты ұлыңыздың өз ұлтына топырақ шашқан мақаласы жүр.Газетті поштаңызға салып қойдым! Алып оқыңыз! Балам «дардай оқымысты» деуші едіңіз... Тұлыпқа мөңіреген сорлы! Көр енді! Ол–нағыз сұмырай!»,-деді бейтаныс әйел шаптығып. Мұны естіген қарт ананың денесі түршігіп, қолы-басы дірілдеп кетті. Әуелгіде ол не істерін білмей дағдарды. Сонсоң аяғындағы тәпішкесін ауыстырмастан, жауынды күнді елемей далаға асықты.«Газетті поштаңызға салып қойдым» деген сөз ғана оны сыртқа ала жөнелген. Үйге қайта кірген кейуана баласының мақаласын оқып, көп уақытқа дейін:«Бұл қалай болды? Менің балам бұлай демесе керек еді...»-деп, өз көзіне өзі сенер-сенбесін білмей,ауыр әрі азапты ойға батты.Ақыры баласына телефон шалды, мән-жайды өз аузынан естімек.
Сұмырай анасының даусын естіген бетте:
–Ой, мамаша, жағдайың қалай? Барып шығуға қол тимей жатыр.Мен Алма-Атаға біржола оралдым! Асықпай келемін ғой...Бір төтен жұмыс киіп кетті,-деп шұбырта бергенде анасы оның сөзін бөліп:
–Сымайыл балам,есенсің бе,қарағым? Сен келеді деп екі көзім төрт болып, жолыңды тосып отырғанда мына сұмдығың..,- деп кемсеңдеп, даусы жарықшақтанып кеткен.
–Не боп қалды,Мамаша, айтсаңшы?
–Мына газеттен бір мақала оқып отырмын...Астында сенің ат-жөнің жазылған.Шыныңды айтшы, бұны сен жазбаған шығарсың? Сен емессің ғой, солай ма?..Уһ!..
–Ой,Мамаша, ана мәмбеттер туралы мақаланы айтасың ба?Әрине, мен жаздым. Маған достарым «мықты жазылған» деп мақтап жатыр.Сізге ұнады ма?
Мына сөзді естіген Нұрбикенің аузына сөз түспей тұтығып қалды.
–Алло, алло,..мама... Уайымдама, ертең келемін.
–Балам,мені тыңда.Әлгіде бір әйел сенің мақалаң туралы телефоннан маған былай деді.Естіп тұрсың ба?
–Иә, иә, естіп тұрмын, айта бер.Не дейді ол?
–Тыңда,-деді кейуана даусы қатайып,–«Сенің ұлың – сұмырай!»,- деді. Сені айтып тұр ол «Сұмырай» деп.«Өз ұлтына топырақ шашып, қаралап жатыр. Ұл таптым деп жүрсің ғой, ондай ұлдың барынан жоғы»,-деді. Мұны естігенше, өлгенім артық еді.Сені оқыған, тоқыған, ел-жұртына тұлға болады деп жүрсем осындай қасиетсіз іске барғаның қалай? Атаң Естемес халқының айтулы азаматы еді. 37–нің құрбаны болып,түрменің азабын көріп, ғұмырын өксікпен өткізген,«ұлтым»деп у жұтқан жан еді. Немересінің мына сорақысын көрсе не дер еді ол?! Қарағым-ау,атаңның аруағын сыйласаң етті...
Анасының үні қарлығып, уһлеп, әрі қарай сөйлей алмай қалған.
Сол күні бірталай азаматтар дүрлігіп, «іштен шыққан жау жаман, мынау нағыз сұмырай екен» десті.Зиялылар болса: «бұл жігітті шақырып сөйлесейік, түсіндірейік. Жаман атаның баласы емес, атақты Естемес Елеуовтің ұрпағы, жастықпен қателескен шығар, адасқан болар, ақылға келтірейік» дескен.Ол екі арада намысқой жастар жиналып,«ұлтты қорлап, ел арасына іріткі салды» деп, мақала авторын сотқа берді.
Бірақ Сұмырайдың олармен ісі болған жоқ, ол енді қазақ тілін іске алғысыз етудің қаракетіне кіріскен.–Таптым!-деді,тағы да бір сойқанның құлағын қылтитқан Сұмырай, — Бұлардың еш уақытта жазуы болмаған, әлі күнге кириллдің әліпбиіне мінгесіп жүр емес пе?! Айтпақшы,жақында Мәскеуде тұратын әлдебір сықақшы, былай депті: «Қазақстанға барғанда орысша жазылған жарнамаларға көзім түсті,қызықты қара: әлгіні жатып оқимын,тұрып оқимын,түсінбеймін, өзіміздің кирилл қарпімен жазылған. Сөйтсем, қазақша сөздер екен, мұны еш уақытта білген емеспін»...-деп кереметке кенелгендей елді күлкіге жығады.Оның келемеждеп отырғаны—қазақтың төл әліпбиінің жоқтығы.Міне,осындай маңызды деректерді, таптырмас дәйектерді тізбелеп, тағы бір мақала жазуым керек,деп түйді ол.
Сөйткенше болған жоқ,соттан шақырту қағазы келді.Ал,«Сұмырайға сот жоқ» дерсің,шақырту қағазын умаждап қоқысқа лақтырған ол:«Сотқа бергенді мен сендерге көрсетейін, кіл надан!»,-деп жазып жатқан мақаласын асығыс аяқтап,әлгі беделді басылымның басшысымен тілдесті; «өзіне жасап жатқан қысымға төзе алмайтынын» айтып, сала құлаш қолжазбасын ертесіне редакцияға жеткізді.Газет редакторы мұның жазғанын бас алмай оқып шықты. Сонсоң бұған таңырқай қарап біраз отырды.«Нағыз Сұмырай!» деді ішінен. «Мұндай Сұмырайды пайдалануымыз керек.Мұны құдайдың өзі айдап келіп отыр ғой...»
Содан кейін темекісін тұтатып, ойлы жүзін бұған тағы да бұрды, бұның көлдей бетінен, таңқиған танауынан бірдеңе іздегендей ұзақ үңілді.
–Үлкен ортадан келгеніңіз көрініп тұр, – деді, мұның біраз жыл Мәскеуде оқығанын тұспалдап, астына көпшік қоя, қулана сөйлеген ол, – Рухы биік адамдар ғана, тобырлық санаға сыя бермейтін осындай өрісі кең ойларды, өткір пікірлерді қазып айтады. Мақалаңыз маған бек қатты ұнады, — деді. Сұмырайды тағы біраз мақтады. Сөйлеген сайын темекісінің күлін күлсалғышқа шертіп түсіріп:
— Бүгінгі қазақ жазушыларынан кімдерді оқисыз? — деп тағы бір сұрқия сұрақтың құлағын қылтитты. Сұмырай да сөзден сүрінбеді, әлем мойындаған Мұхтар Әуезовті аузына алды, артынша «тағы қайсысы бар еді?» деп тосылды.
Іле орыс тілінде жазатын аты белгілі қазақ ақын-жазушылардың бір-екеуінің атын атады. Маған осылар ұнайды, бұрынғы классиктер кетіп, олардың «ізін басады» дегендердің қарасына көңіл орта, қалам ұстағандардың көбініңкі халтура, - деді. Екеуі ұзақ сөйлесті. Газет басшысы алдағы уақытта да осындай мақалалардың жазылғанын мақұл көретінін білдірді. Оның иісін Сұмырай да сезді. Екеуі бірін бірі ұғып, қол алысып тарасты.
***
Апта айналып келгенде Сұмырайдың мақаласы жарық көріп,ел іші тағы да толқып, гулеп кетті.Оның бұл жолғы әуені:«қазақ тілін келешегі жоқ, мешел, ал оқырман болса уақыт тамырын дөп басатын жазарманға мұқтаж»...
Баласының мына масқарасын естіген Нұрбике бұл жолы есеңгіреп қалды.Туған ұлы.Тоғыз ай көтеріп, жарық дүниеге әкелген, тұла бойы тұңғышы.Ауыр ойдан сансыраған шешесі:«Бұл шоқынып кетті ме? Әлде біреулер зорлап осылай айтқызып жатыр ма?»-деп баласының буынсыз жерге пышақ ұрған әрекетін түсініп болар емес.«Айыбы туған тілін білмей өсті демесең, әке-шешесі, зәу-заты қазақ бола тұра,..Апырай, ә!?»-деді ол. Кенеттен әлдебір құрбысының:«Тұқым тұяғының қазақ болғаны түк емес, егер адам ана тілінен мақұрым өссе, оны мәңгүрт дей бер» деген сөзі ойына оралып, санасын солық еткізгендей осып өткені.Сол-ақ екен, көңілі іркіттей іріді.«Атасы Алашым деп«аһ»ұрған адам еді,енді не болды!?»-деп кемпір байғұс қарадай қиналды.
Келесі күні Нұрбике баласына тағы да телефон соқты.Бұл жолы анасының даусы өткендегідей емес, қарлығып, баяу естілді.
—Қарағым ай!–деді ол.—Жазатын тақырып, айтатын сөз таусылды ма, саған? Қазақта нең бар? Қазақты сен жаратқан жоқсың,халықтан үлкен емессің.Қарайған елді ғайбаттағаның қалай,шырағым-ау!?
— Ой,мама, сен тағы бастадың ба!? Қойсаңшы енді!Бұл–менің өз пікірім, онда ешкімнің шаруасы жоқ.
—Қарағым, балам, сен өзің сөз ұғудан қалған екенсің. Мен саған соңғы рет айтайын.
—Ал, тыңдадық, не айтасың?
— Сен не істесең де өз еркің, өз билігің өзіңде: шоқынасың ба, шүршіт боласың ба,еркің білсін, қарағым.Тек қазақты,қазақтың тілін «бәлен-түген» дегеніңді доғар!Ұлтқа да,оның ұлдарына да тиіспеші!Мүбәда ақ сүтімді кешпеймін!Осыны ұқ!-деді.
—Ол жалғыз сенің ұлтың емес, менің де ұлтым.
—Жоқ! Сенде ұлт жоқ секілді. Сені мына ел «Сұмырай» деп атап кетті. Соны білесің бе?Соны есту маған қаншалықты ауыр екенін ұғасың ба? Қарағым ау! Мен сенің туған анаңмын ғой, сөз ұқпағаның қалай!?
Ана мен баланың әңгімесі осылай аяқталды. Сұмырай болса қартайған шешесінің сөзін «алжыдыға» балады. «Бәрібір түсінбейді»,-деді.
Жасы ұлғайған анасының денсаулығы да болмай құр сүлдесі жүр еді, баласымен болған әңгімеден соң мүлде жатып қалды. Кәрі жанары суланып, кеудесіне өксік тығылды. Есіне дүниеден ерте озған күйеуі оралды: «баланы дұрыс тәрбиелемедің» деп мұны жазғыратын секілді.«Мен неден жаза бастым, бұл неге бұлай болды?» деген жауапсыз сұрақтар жан-жағынан қамалап, жанын азапқа салуда.
***
Өз ұлтына топырақ шашқан баласының кісәпір ісін кеше алмаған Нұрбике ұзамай дүние салды.Қыздары дереу ағаларына хабарлап, тез жетуін сұрады.
Түн жарымда суыт хабарды естіген Сұмырай анасының үйіне шұғыл келді. Пәниден бақиға озған марқұм сұп-сұр болып өзінің күндегі жұмсақ төсегінде шалқасынан жатыр екен.Бетін көлегейлеп қойыпты.Тек астыңғы иегі салбырап,марқұмның аузы аңқайып,ашылып қалған.Бұндайды бұрын-соңды көрмеген Сұмырайдың өлікке қарауға жүрегі дауаламай анасының бетін тез жауып,теріс айналды.
Екі-үш баланың шешесі атанған қыздары да,өлікті жөнелтудің мән-жайынан бейхабар екен. Екі қыздың бар сенгені–ағалары.Бір басына білім-білігі жететін үлкен азамат.Сол не айтса соны істеуге бейіл.Ағалары болса бұларға басу айтып:«Түн ішінде не істейміз, үйлеріңе барып дем алыңдар, ертең де күн бар ғой» дейді.«Бір есептен оныкі де дұрыс.Қалалы жерде, жеті түнде кімді мазалаймыз?» деп қыздар да әрі-сәрі.Анасының үйі қаланың орта тұсындағы биік үйдің екінші қабатында, бір бөлмелі пәтер.Үшеуі қу–ықтай бөлменің қай жеріне сыйғандай.
—Үйде балалар жалғыз еді, күйеуім түнгі жұмыста, әлі естіген жоқ,-деді үлкен қыз ағасына мән-жайды баяндап.Екінші қарындасының да жолдасы қалада жоқ, жұмыс бабымен жол жүріп кеткен болды.
Мұны естіген Сұмырай:
—Оларға таңертең хабар беріңдер,жеті түнде мазаламайық. Ал,қазір үйлеріңе қайтыңдар,мен де үйіме барайын, мұнда босқа отырмайық,-деді.
—Сымайыл, олай етпеңіз.Сіз осында болыңыз! Анамыздың мәйтін иесіз қалдырғанымыз жарамас,-деді үлкен қарындасы шыдамсыздана сөйлеп.
Сұмырай:
—Неменеге отырамыз, ертең де күн бар ғой.Таңертең келсек болмай ма?–деп сырғақтатып еді,оған қарындастары көнбеді.Аналарын мына қалпында қалдырып кеткенді ыңғайсыз көрген олар Сымайылды екі жақтап әзер иді.Сұмырай келісуін келіскенімен мәйіттің қасында отыруға жүрегі дауаламай әлденеден тіксінуде.Онысын сездіргісі жоқ.
Қыздар қайтқан соң ол да үйде көп отырмай, далаға шығып кетті.Күндізгі қапырық ыстықтың қызуы қайтып, түнгі қоңыр саумал күні бойы ыстық шарпыған бетон қабырғаларды салқындатып тұрғандай.Сұмырай саумал түннің жібек самалын бетке алып түнгі қаланы шарлап, бірсыпыра жүрді.Кері қайтып келе жатып: «Ертең келісіп қойған жұмыстары бар еді, соған бөгет болғанын қарашы»,-дейді іштей қынжылып.
Осы оймен ол анасының үйіне қайта кірді.Келсе безілдеген телефон, қолды-аяққа тұрар емес.Сөйтсе, үлкен қарындасы мұны «қайда жүрсің?» деп іздеп жатыр екен.
—Босқа отырмай, ертең кімдерге хабарлаймыз, соның тізімін жасай бер, - деп бұған тапсырма берді.
...Түн.Сұмырайдың талайға дейін кірпігі айқаспады.Анасы шынымен дүниеден озды ма!?Анадан бері анасына келмегені, кәрі шешесінің жағдайын сұрамағаны ойына орала берген. «Бүйтіп тез өледі деп кім ойлаған?!» Ылғи телефонмен сөйлескені болмаса шешесін соңғы рет қашан көргені де есіне түспеді.
Ауық-ауық анасы жатқан ағаш төсекке қарап қояды.
Бөлменің жарығы шақырайып тұрғаннан соң шамды өшіріп тастады.Өшіруін өшіргенмен, елегізіп, ұзақ жатты. Әйтеуір, бір заматта көзі ілініп кеткен екен, әлденеден сескеніп, денесі түршігіп, шырт ұйқыдан шошып оянғаны. Үйдің іші терезеден түскен айдың, әлде сырттағы электр шамның жарығынан ба, алакөлеңке тартып тұрды.Сұмырайдың бойын қорқыныш билеп, денесі мұздап кетті.
Анасы жатқан терезе тұсындағы ағаш төсекке көз қиығын салды.Неге қарады,өзі де білмейді.Әуелгіде үйдің іші бұлдырағандай ештеңені байқай алмай жатқан.Кенет өлді деген анасы екі қолын жоғары көтеріп, алақанын ашып, саусақтарын созып жатқанын байқады.Тура солай!Көзінің қиығын аудармай қадала қараған Сұмырайдың зәресі зәр түбіне кетті.Жатқан орнына біреу шегелеп тастағандай, денесі сіресіп,мойны қарысып қалған.Өлген адам шешесі емес, бұл секілді. Сұмырай дереу көзін тас қып жұма қойды.Сөйтсе «қатерден» құтылатындай.
Сол мезет үйдің ішін көрдей тыныштық жаулады. Артынша,..иә, иә,..шешесі жатқан ағаш төсек сықырлап, анасы түрегеліп бұған қарай жүріп келе жатқандай.Аяқ басқаны, еденнің сықыры, бәрі-бәрі ап-анық естіліп тұр. Шешесінің екі қолын созып,бұған бірте-бірте жақындап келеді.
Сұмырай жатқан орнынада тас болып қатып қалған.Бойын қорқынышты үрей билеген ол бар пәрменімен айғай салды. Бірақ тамағы қылқынып, үні шығар емес. Сонсоң жандәрмен қашпақ болып тұра ұмтылғаны сол еді, диваннан жерге гүрс құлағаны.Сол бетте жанталаса атып тұрам дегенде, шалынғаны да белгісіз,әлдебір әлеуетті қол тура желкеден ұрғаны да белгісіз,жер сүзе құлады. Одан әрі Сұмырайдың есі ауып бара жатты.
Түнек түн сақ-сақ күліп,бірте-бірте алыстай берген.Көкжиекті таң кірпігі түртіп ашып, ару қала тағы бір мазасыз күнді қарсы алып жатты.
***
Аналарының үйіне күн шықпай келген қарындастары мен күйеу балалары Сұмырайды еденде есі ауып жатқан жерінен әзер тұрғызды. Шешелерінен өлідей, ағаларынан тірідей айрылған екі қыздың есі шығып кетті.Енді қайтсін,Сұмырай болса да алдарында жүрген ағалары ғой. «Мәйітпен бірге түнемеуі керек еді, шошынған ғой,сірә»деді былайғы жұрт.Сол күннен бастап Сұмырай кәдімгідей жынданып кетті.Көзі атыздай болып,әрі өткен, бері өткендердің бәріне, аузын ашып, тілін көрсете берді...
.
Бөлісу: