Заңғар Кәрімхан: Пикассо мен Қастеевтің арасы

Бөлісу:

28.04.2016 2594


(Жазушы Талғат Кеңесбайдың "Марафон" атты жаңа кітабы хақында)


Жақында жас әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбай баласы екеуіміз Талғат Кеңесбайдың «Марафон» атты жаңа кітабын құттықтап бардық. Көзіме ең алдымен суретші Талғат Ахметқазыұлы жасаған мұқабадағы Пикассо кубизмі мен Қастеевтің атақты картинасы түсті. Мұқаба дегенді тек жансыз сурет, ақылсыз бояу деп түсінбеуіміз қажет. Білген адам мен сезген жанға онда үлкен мән жатады.


Талғат Кеңесбай – әдебиетке совет одағының ақырғы демі үзіліп жатқанда келген жазушы. Алғашқы повесі «Француз әтірінің иісімен» көпшілікті сүйсіндірген, сақа жазушылардан батасын алған.


Сол биіктен төмендемеген Талғат Кеңесбай өзінің әдебиет алдындағы арын адал сақтаған қаламгердің бірі болып қалыптасты. Заманның боямасыз өмірін қаз-қалпында суреттей отырып, өз уақытының «модный» жазушысы болуға ұмтылды. Рок-новелла стилінде жазылған бірқатар шығармалар – соның нақты жемісі. Сөзді ойнату, ырғаққа келтіру, жеңіл оқылу арқылы ой салу – қаламгер қолтаңбасына тән. Дәстүрлі проза өкілдеріне жақпағанымен, бұл жас оқырмандарды тез баурады. Көп сөзділіктен ада, артық суреттен қашық мұндай шығармалардың өз оқырманын табуы заңдылық.


Дегенменен, «Ақмарқа», «Көкпар» секілді ұлттық бояуы қанық, қазақы құндылықтардың иісі бұрқырап тұратын туындыларымен жазушы әдебиеттің үнемі қозғалыста болатынын дәлелдегендей. Бір орында көп тұрған судың борситыны сияқты, өзі салған соқпақпен шектелген қаламгердің жолы тұйықталады. Соңғы кезде жазған «Ойшоғыр» повесі Т. Кеңесбайдың ұлттық құндылықтарға деген көзқарасын, ата мұрасын танудағы ұмтылыстарды байқатады.


Жаңа кітаптың мұқабасындағы Пикассо мен Қастеевтің арасы сөйлеп тұр. Еуропалық рок-новеллалық туындылар мен қазақы нақыш, дәстүрлі прозаның майданы елес беретіндей. Кубизм пен реалистік сурет жанрлары секілді бір жазушының ішінен екі әдебиет сыя ма?


Осы жерде сұрақ туындайды: Талғат Кеңесбай енді қайда бұрылады? Ескі соқпақ шетел әдебиеті үлгісіне ме, төл әдебиеттің үлгісіне ме? Мәселе сонда.





Бөлісу:

Көп оқылғандар