Бекмұрат Өмірбек: Көк түріктің сарыны ем сарқылмаған

Бөлісу:

06.05.2016 3519



7 мамыр – Отан қорғаушы күні


бека.jpg

Бекмұрат Өмірбек – ҚР ІІМ Астана қаласы «Мамандандырылған күзет қызметі» басқармасының инспекторы.


Қазақстан қарулы күштерінің қатарында Отан алдындағы борышын адал атқарып, бүгінде тәртіп сақшысы ретінде ел тыныштығын күзетіп жүрген азаматтардың арасында қаламын жанына серік еткен жандарды көп кездестіре бермейміз. «Әдебиет порталы» Отан қорғаушы күнінде осындай тағдыр иесінің жүрегін жарып шыққан жырларын оқырман қауымға ұсынуды жөн көрді.






















Көк түріктің сарыны ем сарқылмаған,

Көк бөрінің ұрпағы ем жарқылдаған.

Қасиетті көк туым тұрған кезде,

Алты Алашым бәрінен асыл маған!


Рухым асқақ, әлбетте, еңсем биік,

Қара басым демеймін елден биік.

Адалдығын ту етіп арыстардың,

Арманым жоқ ұлт үшін кетсем күйіп.


Ежелден еркін елмін, ер қазақпын!

Қайыңдай қайтпас, қайсар өр қазақпын!

Қасқайып ерлікпенен өмір кешкен,

Ұлы дала ұлымын, мен – қазақпын!



БҰЛ ТІРЛІКТЕ БІР ЖҮРЕЙІК, ДОСТАРЫМ!


Бірде биік, бірде аласа ылдимен,
Жүріп келем өлеңдетіп бір күймен.
Сәл бөлінсем, жолыға алмай қалардай,
Достарымды іздеп жүрем ылғы мен.


Достарменен өмір сүрем мәнді мен,
Тек солармен жасарады әңгімем.
Дос болмаса қызықты емес ойын-той
Әзілін де жараспайды әркіммен.


Ер басыммен еркелесем кешіріп,
Жүресіңдер өркен гүлді өсіріп.
Қуанғанда бөліскенім сендерсің,
Мұңайғанда сырымды айтам шешіліп.


Көңілімде жатыр бәрі ұялап,
Шыңға бірге шықсам деймін қиялап.
Кейбірінен жәбір көріп қалсам да
Мен оларға жасағам жоқ қиянат.


Кейде біреу көрсетердей көп күшін,
Ту сыртынан тура соғар соққысын.
Арамдықтан адалдығы басымдау,
Шын достықта сатқындық та жоқ, түсін.


Алдағы атар біздер үшін күн де өзге,
Жалын атып тұра бермес нұр көзде.
Бұл тірлікте бір жүрейік, достарым,
Жалғыз-жалғыз жатамыз ғой бір кезде.



ҚАЗАҚ ДЕП ТУЛАСЫН ЖҮРЕГІҢ!


Көгімде желбіреп көк Туым,
Басыма орнаған ғажап құт.
Бірлікпен қайнаған көптігім,
Жүректе жазылған Азаттық.


Тәңірдің сыйы бұл - елдігім,
Бақ болып мәңгіге орнады.
Өзгемен терезем тең бүгін,
Қазақпыз айбынды, ордалы.


Ұлтыңды ұлықта, әй, қазақ,
Рухыңды биікке самғатып.
Азаттық әр таңы ең ғажап,
Сеніммен қараңдар алға тік!


Көз сүзіп көргендер көміліп,
Арамдар қақалсын асына.
Жүргенде жүздерге бөлініп,
Тыныштық орнамас басыңа.


Көп аңсап жеткен соң елдікке,
Тәуелсіз тұғырда тұр елің.
Бас иіп баянды бірлікке,
Қазақ деп туласын жүрегің!


Әр күнім, атқан таңым - ақ өлеңім,
Өлеңсіз қалайша мен күн көремін.
Көкейімнен төгілген жырым өлсе,
Көкірегім сөгіліп мен де өлемін.


Өлең менің - өмірім, өрім-өрім,
Өлең менің - азулы көкжал бөрім.
Өкініші өмірдің өртегенде,
Өлең менің биіктен көрінерім.


МЕН ҰҒЫНҒАМ...


Мен ұғынғам маңғаздықты таулардан,
Мен күтемін жақсылықты таңдардан.
Мен ұғынғам мейірімділік рухын
Жаны жомарт, жүрегі таза жандардан.


Мен ұғынғам момындықты кептерден,
Бар өмірін адалдықпен өткерген.
Мен көргенмін мейірімсізді ажалдан,
Батырға да, ақынға да дөп келген.


Мен үғынғам панасызды қаңбақтан,
Желге айдалып, сай-далада зар қаққан.
Мен көргенмін қызғаныштың қиынын
Бекежаннан Төлегендей нарды атқан.


Мен ұғынғам қырағылықыты қыраннан,
Кеңшілдікті сезінгенмін Тұраннан.
Алғаш рет көріп қайран қалғанмын
Сұлулықты арулардан сыланған.


Мен ұғынғам маңғаздықты таулардан,
Мен күтемін жақсылықты таңдардан.
Мен ұғынғам мейірімділік рухын
Жаны жомарт, жүрегі таза жандардан.


***

Үзігін айтар,
қызығын айтар көп сырдың,
Тағдырын сүйдім,
жалынын сүйдім от жырдың.
Ақындық жолға қол жетпейтін бір аспандай
қашық көрінген,
ғашық көңілмен бет бұрдым.
Оралып ойға
оянды бойда ерте үміт,
Адамдық жолды жаратқан екен келте қып.
Балалығымнан даналығыма жете алмай,
Кете барды ғой,
ерте қалды ғой еркелік.
Асқақ арманнан,
асқар таулардан әрі асып,
Өлең өмірге бет бұрам мен де таласып.
Ұшқыр қиялдан,
қалам-сиядан қол үзіп,
Қалмасам болды ақындық жолда адасып.
Тірлікке мынау
келеді дейсің бекер кім,
Ақындық жүгін
арқалап бүгін көтердім.
Бойым да жігер,
көзімнен отым сөнбесе,
Өмір шыңына,
көңіл шыңына жетемін!


***


Тәңірім сыйлаған
Тәуелсіз таң-нұрын.
Бақытқа иланам,
Беретін тағдырым.


Көзіндей көнемнің,
Қанымда қазақтық.
Мендегі өлеңнің
Арқауы – азаттық.


Бірлігім – кеңдігім,
Бар әлем куәгер.
Ерлігім – елдігім,
Қиялым құлагер.


Күнімін ғажаптың,
Өскем жоқ панасыз.
Тәуелсіз қазақтың
Теңдігі бағасыз.


Үкі боп тағылған
Үміттің жырымын.
Ақ таңға шомылған
Алаштың ұлымын.


Мен бүгін азатпын,
Жүрегім - жыр әлем.
Бастысы қазақпын,
Ризамын, бұған мен.


***


Жанға жайлы жасыл қала Астана,
Ел бірлігі басым болған Астана.
Пана болған алты Алаштың ұлына
Ардақты да асыл қала Астана.


Нұрлы қала, әрлі қала - Астана,
Ақындардай арлы қала - Астана.
Ыстықсың сен, ыстықсың сен, ыстықсың,
Бай мек бекке, жарлыға да Астана.


Көз тартатын әсем қала Астана,
Жас болса да көсем, дана Астана.
Сарыарқаның хақ төрінде жайғасқан,
Мақтанышым, о, сен ғана, Астана.


О, Астанам, жақсылыққа жаның бай,
Өшпе мәңгі, жүректерде жалындай.
Бір көшеңде кетіп бара жатам мен,
Тоқтыққа да, жоқтыққа да бағынбай...


АРҚА ТӨСІ


Сарыарқадай сары далам шалқар, өңді,
Көкшесі бар тұп-тұнық қамқа көлді.
Төрінде Астана-ару нұр таратқан,
Арқа жылы, аумайды арқар енді.


Өн бойына бір шуақ жылып тарап,
Арқа төсі осылай құрыпты абат.
Ертегі әлем, айналды жер-жұмаққа,
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап.


Жарқын күнге жетіппіз төзім сембей,
Әр күнім той ағылар сезім селдей,
Төрткүл дүние тамсанған шаһарды көр,
Қаласың өз көзіңе өзің сенбей.


Күні-түні халқының бағын ойлар.
Қарайсың Нұрағама тағып айбар.
Осы күнді армандап өтті емес пе,
Үш жүздің басын қосқан Абылайлар.


Төгілтіп шанақтан күй, ақтарып ән,
Жарасар қалай, қайтіп ақтарылам.
Елбасы кепілдігі бірлігімнің,
Астанаға құт қонып, бақ дарыған.


МЕН ҮШІН БҰЛ КҮН


Әр күн, әр сөз қайталанбас ерекше болсын.
Автор


Шарпыған оттай шалқып бір жалынды демің,
Сағындым аға өзіңді сағындым дедің.
Бір ғана сөзбен төбемді көкке жеткізіп,
Бір ғана сөзбен асырдың бағымды менің.


Осыдан артық не күтсін ұнатқан адам,
Сөз емес енді хор қызы, жұмақ та маған.
Бақыттың құсы басыма қонды кеп бүгін,
Бұрында маған баяндап тұрақтамаған.


Ұшамын шырқап қыранның қанатыменен,
Кеудемді кернеп, бұрқырап бара атыр өлең.
Көктеммен бірге көңілім құлпырды жаңа,
Осынау сәтте бау гүлдеп, дала түлеген.


Бар ма екен пенде сезініп, бағамдар мұны,
Құлаққа әлсіз жетеді адамдар үні.
Мен үшін бұл күн қалайда аспандағы ай мен
Жеті қат жердің жаңадан жаралған күні.



Бөлісу:

Көп оқылғандар