ҰЙЫҚТАҒАН ОЙДЫ ТҮРТКЕН ТҰЛҒА

Бөлісу:

19.05.2016 4072

17.05.2016

Нұртөре ЖҮСІП


 

ҰЙЫҚТАҒАН ОЙДЫ ТҮРТКЕН ТҰЛҒААбайдың «Ұйықтаған ойды кім түртпек?» деген сөзі бар. Сөз қазақтың Олжасына – Олжас Омарұлы Сүлей­меновке қарай ойысқанда, Ибрахим Құнанбайұлының айтқаны ойға оралды.

Сол Абай атамның «Осы, біздің қазақ­тың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» деп сұрақты төтесінен қоятыны және бар. 
Олжасты жатып тұрып мақтай­тын­дар да, жатып тұрып жамандай­тындар да жетерлік. Оларға төрелік айту менің міндетіме жатпайды: кім не десе де өзінің арының алдында жауап береді; бірақ біздің қазақтың Абай мінеген мерез мінездері әлі күнге қалған жоқ – біреуді сыртынан күстаналау, ғайбат айту, ердің басын жерге тыққанша көңілі тынышталмайтын өшпенділік, көре алмаушылық, адамның пікірін қабылдай алмаушылық деген сияқ­тының бәрі күн сайын көз алдымызда жүріп жатыр... 
«Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген бір сөз бар еді. Осы күні кейбіреулер Олжасты «отырса – опақ, тұрса – сопақ» етіп көрсеткісі келеді. Жақында ғана Әзірбайжан елінің Шеки қаласында Олжекеңмен сапарлас болдық. Сонда бүткіл әзірбай­жан халқы Олжас Сүлейменовті хан көтеріп қарсы алды; жеті метр жүргізбей жолын тосып, қолын алып, суретке түсіп, сәлем беріп шырқ үйірілген ағайынды көріп, кеудемізді мақтаныш сезімі кернегенін айтайық. «Өз елімізде Олжекеңді дәл солай құрметтеп жүрміз бе?» деген ой келді. Сол әзірбай­жандықтарға Олжас Омарұлының өткізіп қойған ештеңесі жоқ, алайда Бакудегі бауырлардың басына бұлт үйірілгенде, Олжас қырық градуспен ауырып жатқан жерінен бәрін тастап, бірден ұшып барған. 1990 жылы Олжастың туысқан халықты қолдаған іс-әрекеті Әзірбайжанда аңыз болып қалған. Бұл оқиға туралы ақынның өзі: «Маған Бақтияр Бахабзаде түнгі бірге таман қоңырау шалды, жағдайды айтты. Қатты ысытпалап ауруханада жатқан едім, оған «ауырып жатырмын» десем, мені түсінбеген болар еді, екі сөзге келгенім жоқ, таңғы рейске билет алдым да, Бакуге ұшып кеттім» деп, Шеки қаласында ағынан жарылып айтып еді. 
ТҮРКСОЙ-дың Шеки қаласында өткен жиынына түркітілдес елдерден бірқатар өкілдер келді. Солардың арасында Түркиядан, Молдовадан, Македониядан, көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінен келген бір топ азаматтармен басымыз қосыла қалды. «Древний» деген сөздің түп-төркінін қаузадық. Өзбектер мұны «қадым», қырғыздар «ерте», македониялық га­гауз­дар «баяғы», молдовалық гагауздар «ебелгі» деп айтады екен. Осының бәрі – біздің қазақта бар сөз. Мен мұның «ежелгі, көне, баяғы, ертеде, қадым заманда, бұрын, атам заманда, ықылым» деген бірнеше баламасын санамалап айтып бердім. Сол отырыста гагауздер «Біз өзіміздің түркі жұртының бір бұтағы екенімізді бұрын білген жоқпыз. Мұны тек Олжас Сүлейменовтің «АзиЯ» кітабынан, сосын «Игорь жа­сағы туралы жыр» арқылы ғана білдік. Олжас Сүлейменов біздің қалғып кеткен тарихи санамызды түртіп оятты. Осын­дай мықты қазақты біз өз бауырымыз деп білеміз» деді.  
Олжас Сүлейменов 60-70-жылдар аралығында тарихи тақырыптарды терең қаузағаны қалың елге белгілі. Олжас Сүлейменовтің шығармашы­лығы Қазақстандағы ғылыми тарихи ойдың дамуына қатты ықпал етті. Оның қала­мынан туған «Аз и Я» кітабы тек қана КСРО-ны ғана емес, бүкіл әлемді дүрліктірді. Бұл кітап жер бетіне тарыдай шашыраған түркі баласының бойындағы намыс отын оятты.  
Олжекеңмен әлемдегі ең көне 200 қаланың қатарына кіретін Әзірбай­жанның Шеки қаласындағы «Хан сарайы» бағында отырмыз. Мен ол кісіге жазушы Қалихан Ысқақтың естелік кітабында айтылған жәйттерді айтып бердім. 
– Иә, Қалихан не депті? – деді Олжас Омарұлы. 
– Қалихан аға өз естелі­гінде сіз туралы өте жылы пікір білді­ріпті. «Жұрт­тың бәрі Олжасты жаман­дай­ды, Ол Жа­зу­­шылар ода­ғын басқар­ғанда, «одақ мү­ше­лерін шала­ғай жаст­армен кө­бейтіп жібер­­ді» деген айып­таулар бар. Олжас жас жазушы­ларды мүше­лік­ке көп­теп қабыл­дат­қаны рас. Ол кезде жа­зу­­шылар пәтер алғанда, шы­ғарма­шылық жұмысқа деп арнайы бір бөлме қосатын. Олжастың ойы – қа­зақтың жас жазушылары сол арқылы пәтер алып қалсын дегені деп айтыпты, – дедім. 
– Ол рас, – деді Олжекең. 
– Сосын сіз қолға қомақты қалам­ақы алғанда, ай сайын 1-Алматының вокзалына дейін барып, жолда тұрған кем-кетікті, жоқ-жұқаналы жандарға тегіс үлестіріп шығушы еді, – деп жазыпты. 
– Ондай да болған, – деп күлді Олжекең. 
ТҮРКСОЙ-дың жиыны бастал­ғанша біршама уақыт бар еді. Ақынмен күн сайын ұшыраса берудің реті келе бермейді. Биылғы мерейтойы төңі­регінде аз-кем сөз етіп отырдық. 
– Қазақ болған соң, жеті атамның шежіресін тәп-тәуір білемін. Менің бойыма біткен қасиеттердің бәрі аталарымнан ауысқан дей аламын. Біздің әулетімізде ақындар, әнші-күйшілер, батырлар көп болған. Солар­дың бірі – Жаяу Мұса. Менің жетін­ші атам – атақты Олжабай батыр. Атымды да әкем сол бабамыздың құрметіне қойған. Ибраһимнің Абайға, Әбдірах­манның Әбішке, Қанафияның Қаныш­қа айналғаны сияқты, Олжабай да Олжасқа айналып кеткен, – деді Олжас Омарұлы. 
– «Ала» деген моңғол тілінде «тау» дегенді білдіреді. Біздің «Алатау» деп жүргеніміз – «тау-тау» деген сөз, – деді Шеки қаласының иығындағы ақ қарлы тау бөктерін көзбен шолған ақын. Барлаушы-геолог мамандығын алса-дағы өмір бойы сөз маржанын теріп келе жатқан ақын жай отырғанда да, сол сөз төркінін парықтаудан еш жаңыл­майды екен.  
– Этимология – менің өмір бойғы әуестігім. Онымен күн-түн демей айна-лысуға дайынмын. «1001 сөзбен» айна­лысқаныма 40 жылдан асты! Оның басты тақырыбы – орыс тіліндегі түр­кизмдер. Пушкин «Сөздердің мағы­насын түсіндіре алсақ, Әлемді жа­ңылыстырған дүниеден арылар едік.  
– Тарихты зерттеуге геолог әрі ақын ретінде қараймын. Ресейдің, Қытайдың, Американың, Грекияның, Франция­ның, Грузияның, Ирактың өткен өмірін білемін, бірақ қазірше қазақтардың тарихын білмеймін. Көшпенділер дәуірі әлі ашылған жоқ. Кітапшыл халық­тардың тарихындағы көптеген көмескі тұстарды түркілер тарихын білмейінше, түсіндіруге болмайды деп батыл мәлім­дей аламын» деп, «Жұлдыз» журналына жазған едім кезінде, – деді толғанып. – Бұл айтқаным – жалпы қазақ тарихына қатысты сол кездегі ойым. 70-ке толға­нымда, Қанат Саудабаев досым Амери­кадан мақала жолдап, менің есімімді «Ол жас» – «Он молодой» деп түсінді­ріпті, Олжас жетпісінде де жас жігіт күйінде деп жазыпты. Онысына рақмет! Құдайға шүкір, әлі волейбол ойнап жүрмін. 

 


Өмірбаян беттерінен:

Олжас Омарұлы Сүлейменов 1936 жылы 18 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1959 жылы ҚазМУ-дің геология факультетін бітірген.  
М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған. 1962–1971 жылдары «Казахстанская правда» газеті редакциясында бөлім меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясы сценарийлік-редакциялық алқасының бас редакторы, «Простор» журналының бөлім меңгерушісі, 1971–1981 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1981–1983 жылдары Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, 1983–1991 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, «Невада-Семей» қозғалысының төрағасы, 1995 жылдан Қазақстанның Италиядағы төтенше өкілетті елшісі болды. Бүгінде Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы төтенше өкілетті елшісі және тұрақты өкілі.  
Туындыларын орыс тілінде жазады. Өлеңдері мен поэмаларының алғашқы жинағы – «Арғымақтар» (1961) шыққаннан кейінгі жылдардан бері «Адамға табын, Жер, енді» өлеңдері бүгінгі ТМД елдері халықтарының көптеген тілдеріне, шетел тілдеріне аударылып, жеке-жеке кітап болып, бірнеше рет басылды. Кинодраматургия, әдеби зерттеу саласында да еңбек етіп жүр. Оның жазған сценарийі бойынша «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «Қыс – қолайсыз маусым», «М.Әуезов туралы сөз», «Үндістан сазы», «Жастық шақ заставасы», т.б. фильмдер түсірілген. «Аз и Я», «Язык письма» атты тілге қатысты зерттеулері жарық көрді. «Жалынның шалқуы» атты өлеңдер жинағы француз тілінде шықты. 
Ядролық сынаққа қарсы «Семей-Невада» қозғалысының, Халық Конгресі партиясының лидері. Қазақ КСР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының (1967), Қазақстан комсомолы, БЛКЖО сыйлығының (1966) лауреаты. Қазақстанның Халық жазушысы. Қазақстан Меценаттар клубының «Тарлан» сыйлығының (2000) лауреаты. 
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», Октябрь Революциясы, І дәрежелі «Барыс» (2001), «Отан» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Әзірбайжан Республикасының «Шухрат» және «Достуг» ордендерімен, Украинаның «Ярослав Мудрый», Шешен Республикасының, Францияның және Ресейдің «Достық» ордендерімен марапатталған. 
Түркітану саласындағы үлкен жетістіктері үшін Олжас Сүлейменов  
«Күлтегін» сыйлығының алғаш лауреаты атанды. Бұл зерттеулері үшін «За вклад в тюркский мир» Түркияның халықаралық сыйлығына ие болған.


 

– Тілектес Есполов басқаратын аграрлық университетте әлі күнге дейін волейбол ойнайтыныңызды білемін. Сексенге келсеңіз де, осылайша сергек жүруіңіздің сыры неде? – деп журна­листік дағдыма салып сұрап қоямын. 
– Адамдарға ешқашан жамандық ойлама! Сонда мен секілді сергек жүре­сің және ұзақ жасайсың! – деді Олжекең өзінің ырғақты дауысына салып. Ақын­ның бір сұхбатында айтқан: «Төр­тінші класта Толстойдың 12 томдығын толық оқып шықтым. Сонда анам мені аяп, «Көзіңді құртасың» – дегенде, әкемнің: «Кітаптан көз құрымайды, кітаптан көз ашылады» дегені есімде» деген сөзін есіне салдым. 
Әңгіме арнасы 60 жылдардың ба­сында Никита Хрущевтің «жылымығы» тұсына ойысты. Бұл «жылымық» Ке­ңестер одағында еркін ойдың төбесін қайта қылтитқан болатын. Алайда, «ста­линизммен күресемін» деген Хрущев ой еркіндігінің пәрменінен қатты қорықты. «Пастернак ісі» деген жалған айыптауды ойлап тапты. Сөйтіп, А.Вознесенский, Д.Гранин, Р.Фальк, Э.Неизвестный, М.Хуциев сияқты азаматтардың шығармалары сынға ұшырады. 1958 жылдан бастап, Мәскеу шығармашылық жастары Маяковский ескерткішінің алдына жиналып шер тарқатысатын. Осы жерде Е.Евтушенко, Р.Рождественский, Б.Ахмадуллина,  
А.Вознесенский цензура өткізбеген өлеңдерін оқитын. Болат Окуджава мен Андрей Галичтің шығармашылығына тыйым салынған еді. 1950 жылдардың соңына қарай Кеңес ақындары мен жазушыларының жаңа толқыны өз беттерінше дербес машинопистік журналдар шығара бастады. Осылайша, «Самиздат» өнімдері пайда болды. «Са­миз­даттарда» ресми цензурадан өтпеген «кеңестік лагерь», қуғын-сүргін, зор­лық-зомбылық, әділетсіздік тақыры­бындағы материалдар басылды. Евту­шенко мен Вознесенский секілді ақын­дардың кештері стадионда өтті. Халық онда футбол көруге жиналғаннан бетер жиналды. 1958 жылы Жоғарғы әдебиет институтына оқуға түскен Олжас Сүлейменов нақ осы «алпы­сыншы жылдықтардың» ортасына түскен екен.  
– Қайта өрлеу қуаты Мәс­кеуден тара­ды, ол кезде онда, озонмен жаңар­тылып, жарықтың жаңа сәулелерімен нұрландырылған Сталиннен кейінгі мәдени атмосфера қалыптасып жатты. Сол жылдары үлкен Астанада жұмыс істеген немесе оқып жатқан респуб­ликаның өкілдері, өздерінің туған өлкелерінде кеңестік ренессанстың ықпалын жүргізушілер болды. Әрбір одақтас республикада Қайта өрлеу ауқымындағы тұлғалар өсе бастады, – дейді О. Сүлейменов, – біздің девизіміз: «біздің халқымыздың тарихынсыз – әлем тарихы толық бола алмайды» болды. Өткеннің тереңдігінсіз бола­шақтың биіктігі мен осы шақтың кеңдігі мүмкін емес деген тарихтың ауқымды фор­му­ласын біз халықтың санасына енгізе баста­дық». 
Осы жылдары Мәс­кеуде және Ле­нин­градта, Ресейдің т.б. қалаларында оқыған немесе қызмет бабы­мен жүрген О.Сүлей­­менов, М.Әуе­зов, Б.Жан­сү­гі­ров, Б.Тай­жанов, сәл кейініректен С.Ақатай, М.Тәтімов, сон­дай-ақ Ә.Әлім­жа­­нов­тар тарихи әді­леттілік рухын көтерді. Ал­пысыншы жыл­дардың басында ста­линдік репрессия құр­бандары жайлы көп айтылатын. Бұлардың ішінде әке-шешелері немесе туыс­қандары қуғын-сүргінге түс­пегені жоқ еді. «Тарихи емес ха­лықтардан» тар­тылып алынып, «қарғыс атқан өткен» анықта­масымен бояу жаққыш­пен өшіріл­ген тарих бірінші рет «ал­пысыншы жылдықтар­дың» кітап­та­рында қо­рықпай және батыл қоз­ғалды», – дейді Олжекең.  
– Олжас ұлттың тағдырына қатысты үш үлкен ерлік істеді. Бірінші, 1986 жылы желтоқсан оқиғасына қатыс­қан­дар Олжастан араша сұрап көп келе­тін. Ол 1987 жылы Желтоқсан оқиға­­сына қатысқандарды қорғайтын құқықтық комиссия құрып, қылы­шынан қан тамған қызыл империяның кезінде қазақтың ұл-қыздарын қорғады. Екін­ші, 1988 жылы 24-сәуірде Орталық ко­митетке хат жазып, мені Жоғарғы сот­тың бастығымен жолықтырып, артынан комиссия құрып, Алаш арыстарын ақтауға тікелей мұрындық болған да – Олжас. Үшіншіден, 1989 жылы 27-ақпанда «Невада-Семей» қоз­ғалысын құрып, Семей полигонының жабылуына тікелей атсалысып, ұлтты ауыр қасіреттен аман алып қалды. Олжас жайлы әрқандай әңгімелердің айтыла беретіні оны түсінбегендіктен. Бірақ Олжасты түсіну үшін Олжастың деңгейінде ойлау керек. Олжас – өз ұлтының көк семсері!» – деп бағалайды белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай.  
1989 жылдың ақпан айында Олжас Сүлейменов Қазақстан халқына теле­дидар арқылы Үндеу жасайды. Келесі күні Алматыдағы Жазушылар одағы­ның ғимараты алдыңда атомдық бом­баға қарсы «Невада-Семей» қозға­лысының құрылғанын жариялайды. Бір ай ішінде 4 миллион қол жиналады. Жаз айында Олжас Сүлейменов КСРО халық депу­таттарының 1 съезінде қозғалыстың мақсаты мен талаптары туралы мәлім­деме жасайды. 1989 жылдың 19 қаза­нында Семейде атом сынағы тоқтатыл­ғаннан кейін, 1990 жылдың мамыр айында алғаш «Ядроға қарсы конгресс» өтті. Осы жиында Олжас Сүлейменов бастаған қозғалыс ядролық жарылысты тоқтатуды талап етті. 1991 жылы 29 та­мызында  
Н.Назар­баевтың жарлы­ғымен Семей полигоны жабылды, содан кейін атом жарылысына қарсы әлем бойынша мораторий өтті: Жаңа Жерде (Ресей), Невадада (АҚШ), Муруорада (Фран­ция), Лобнор көлі (Китай) да атом жарылысы тоқтатылды. 
Ядролық сынақтарды тоқтатып, Семей полигонын жапқызуға шақырған – Олжас Сүлейменов болса, адамзат баласына қатерлі қарудан түбегейлі бас тартып, полигонды жапқан – Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақтың қабырғалы екі азаматының қайсарлығы арқасында Қазақстан бейбіт дамуды мұрат тұтқан мәртебелі елге айналды. 
«Досым Олжас туралы сөз» атты мақа­ласында Елбасы: «Ол – менің комсо­молдық жастық шақтан бері досым, серігім және қызметтесім болды. Және ол жайлы не айтылса да, біз үнемі дос болдық және доспыз, дегенмен кейде қатты дауласамыз» деп жазды.  
– Мен Назарбаевпен 40 жылдан бері достық қарым-қатынастағы адаммын. Келіспей қалған тұстарымыз бар, бірақ кетіскен тұстарымыз жоқ. Ешкім де біз екеумізді араздастыра алмады ақыры. Сондықтан мен Назарбаевты дәйім қолдаумен келемін, – деді Олжекең. – Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан­дағы саяси тұрақтылықты сақтап қалу ісіне қосқан үлесін өте жоғары баға­лаймын. Бүгінде саяси тұрақтылық қоғам дамуының басты шарты екенін еліміздің барлық азаматтары жақсы түсінеді. Мұны тәуелсіздік жылда­рындағы ең басты жетістігіміз дер едім. Толеранттылық пен келісімге келе білудің орталықшыл қағидаты кезінде Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолы» кітабында мәлімделген болатын. Көп­этносты, қайшылықты ортада Мем­лекет басшысынан еуразиялық үдеріс­тің мәнін танытатын интеграция қағи­датын дәйекті жүзеге асыру орынды күтілген-ді. Халықтық көкейге қоным­ды ойдың жеткізушісі болу, келісімге келтірудің шебері болу, көпқырлы қоғамда қандай да бір жақтың сөзін сөйлемей, көпшіліктің сөзін сөйлеу Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан келді.  
Олжас Сүлейменов туралы сөз қоз­ғалғанда, ол жазған фильмдердің сце­на­рийін сөз етпей тұра алмаймыз. Шәкен Айманов түсірген «Атамекен» филь­мі­нің сценарийін Олжас Сүлей­менов жаз­ған. Сондай-ақ Шахимардан Құса­йы­нов жазған «Балкон» фильмінің сце­на­рийі Олжас Сүлейменовтың өле­ңінен және өмірінен алынған. «Көксе­рек», «Қараш-Қараш», «Қыз Жібек», «Ата­манның ақыры» сияқты фильм­дер­дің бәріне «Қазақфильмнің» бас редак­торы ретінде Олжас Сүлейменовтің тіке­лей қатысы болғанын айтсақ та жеткі­лікті.  
– Кинода өткен жылдарымды елжірей еске аламын. Шәкен Айманов – киностудияның көркемдік жетекшісі, мен бас редакторы болып тұрған жыл­дарды қалайша сағынбайын? Шәкен Кенжетайұлы менің сценарийім бойын­ша «Атамекен» фильмін түсіргенін қалайша мақтаныш етпейін? Сол жыл­дардағы «Көксерек», «Қараш-Қараш», «Қыз Жібек», «Атаманның ажалы» сияқты фильмдердің бәріне тікелей қатысым болған. «Қыз Жібек­тегі» Төле­геннің ақбоз атының ер-тұрманы менің өзімдікі еді. Үйден алып келген­мін. Мемлекеттік кино коми­тетінің төрағасы қызметінде жүр­генімде, Мәскеудегі таныстарымды пайдаланып, сондағы атақты режис­серлердің оқу тобына талантты жастарымызды орналастыра алғанымның арқасында кейіннен қазақ киносына «жаңа толқын» деп аталған тегеурінді лек қосылғанын да мақтаныш етемін. Кейіннен белгілі бір себептермен кинодан қол үзіңкіреп қалдым. Соңғы жылдардағы жазғаным – «Махамбет» фильмінің сценарийі, – деп «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында тоқталып өтіпті.

Түйіндей келгенде айтарымыз:  
Олжас Сүлейменов – түркі әлемінің тау тұлғалы, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты азаматы! «Ұйықтаған ойды кім түртпек?» деген Абай аманатына адалдығын іс жүзінде дәлелдеп келе жатқан ақиық ақын сексеннің сеңгіріне шықты. 
Олжастың түріне, жүрісіне, тіп-тік қалпына қарап, оны «сексендегі қарттардың қатарына қосуға» қимайсыз. Әбіш Кекілбайұлының мерейтойында Олжекең:  
– Жазушының міндеті – адамға адал болу, қоғамға адал болу. Әбіш сол мақсатқа жеткен жазушы, – деп баға берген еді. 
Ендеше, Олжас Омарұлы да – сондай мақсат-мұратқа жеткен қуатты қаламгер!


 


 


 

                                " Aikyn.kz" Қазақстанның басты жаңалықтары                                   

Бөлісу:

Көп оқылғандар