Қалбан ЫНТЫХАНҰЛЫ: ТӘРЖІМАНЫҢ ТАРЛАНЫ

Бөлісу:

21.04.2016 2542


Аз сөз Дүкен Мәсімханұлының аудармашылығы туралы


«Аударма — алтын көпір» деген осы бір ұлағатты сөзді қай ел болсын аса үлкен ыждағаттылықпен қадырлейтіні ақиқат. Өйткені, даму, өркендеу, жаңалық ашу дегендердің барлығы алдымен сол аударма арқылы күш жинап, қанатын жетілдіреді. Бүгінгі таңдағы даму үстіндегі елдердің түгеліне жуығы аударма арқылы шетелдерден жаңалық қабылдауды мешеуліктен құтылудың алғы шарты еткен. Соның ішіде аударма арқылы қомақты нәтижелерді қолға келтірген бірден бір ел Қытай деп айтсақ ешқашан қателеспейтін шығармыз. 1911 жылғы Сұн Жұңшан (Сунь Ятсен) бастаған төңкерістен кейін Қытай халқы жаппай мешеуліктен құтылып жаңалыққа өту үрдісін бастап кетті. Сол тұстың өзінде ағартушылар Еуропадағы және жершарының басқа аймақтарындағы қарқынды дамып келе жатқан елдердің тілі мен білімін игеруге ат салысты, нәтижесінде түрлі елдердің тілінен аударылған ғылымнамалық кітаптар Қытай жерінде қарша борады. Міне ғасырлап кім көрінгенннің мазағы мен қорлауында кележатқан ел осыдан кейін ес жинап, етек жаба бастады. Қараңғы халық аударма арқылы дүниенің «домалақ» екенін білді. Түрлі саладағы білімдерді, ғылым-техниканы аударма арқылы игерді, тіпті коммунизмді де аударма арқылы қабылдады. Бұл біздің шығысымыздағы аударма өнері арқылы дамудың даңғыл жолын тапқан қуатты көршіміздің басынан өткерген тәжирбесі. Бұл тәжирбе біз секілді тәуелсіз жас, дамушы елге де ауадай қажет. Осындай түйінді мәселелерге көз жіберіп, үздік тәжирбелерден сабақ алып, ел қамы үшін түрлі салаларда аудармашылық жұмыстарымен айналысып жүрген тәжирбелі аудармашылырымыз аз емес. Сондай тәржіма саласындағы тарландарымыздың бірі Дүкен Мәсімханұлы. Қытайда жоғары білімді ел астанасы Пекин қаласынан алған әрі сонда жүргенде-ақ жас та болса аударма саласында мол тәжирбе жинақтаған, тарихи отанына оралғаннан кейін де ел қамы үшін аянбай тер төгіп, ұстаздық етіп жүрген ақын, аудармашы, қытайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мә­сім­ханұлының аудармашылығы жайында аз кем сөз қозғамақпыз.


ҚХР-ның Шыңжаң өлкесі Іле қазақ автоноиялы обылысы Текес ауданында 1963 жылы сәуір айында дүние есігін ашқан Дүкен Мә­сім­ханұлы бала кезінен кітап десе, оқу десе ішкен асын жерге қоятын білімпаз, ізденгіш болды. Сондай қағылез, алғырлығының нәтижесінде бастауыш, орта мектептерді үздік нәтижелермен тамамдап 1982 жылы мемлекеттік бірыңғай емтиханан өте жоғары балл жинап, Қытай астанасы Пекиңдегі Ұлттар университетіне оқуға түседі.


Ол елде барлық жоғары білімдерді тек қытай тілі арқылы ғана игеруге болтын. Тіпті күнделікті қарапайым хабар-ошарлардың өзі басқа ұлттарға қытай тілі арқылы жететін. Ал алыс түкпірдегі Дүкеннің туған жері Іле обылысының Текес ауданына қарасты Шилөзек ауылында қазақ тілі өз мәртебесін жоймай, барлық қызыметтерге кедергісіз пайдалынғанымен, ауданнан жоғары қарай аудармасыз аттап басуға мүмкіндік жоқ еді. Міне осы ащы ақиқат Пекинде оқып жүрген Дүкенді әсте бей жай қалдырмады. Ол жоғары оқу орынын тауысқан соң қайтып барып, туған халқы үшін қызмет істеймін деп бел буды. Өз халқына тәржіма арқылы әлемдік мәдениет пен өнердің, әдебиеттің қазақ тілінде жеткізуді борышым деп санады. Сол себепті Дүкен Мә­сім­ханұлы студент кезінен бастап Алла берген ақындықпен бірге көркем аудармаға да баса мән берді. Оның алғашқы аудармалары 1984 жылдан бастап Пекиннен шығатын «Алқап» альманағында, өлкелік «Шынжаң газетінде», «Көкжиек», «Тіл және аударма», «Іле жастары» журналдарында үзбей жарияланып тұрды. Сол жылдардан бастап жалынды жас талантты ақындығымен қоса, шебер аудармашылығымен де жұрт назарын өзіне аудара бастады.


1987 жылы Пекин ұлттар университетін қызыл дипломмен тауысқан Дүкен Мәсімханұлы жолдамамен Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімжі қаласындағы Шыңжаң гуманитарлық ғылымдар акедемиясына жұмысқа орналасып, болашақ ғылым биігіне жол тартады. Сол жылдарда ол мерзімді баспасөзде Қытайдың, шетел ақын-жазушыларының өлең-жырлары мен әңгімелерінен тыс, қытайдың әйгілі жазушысы Вэй Вэйдың «Жер шарының қызыл белдеуі» атты романы, «Шыңжаңда өткен тарихи қайраткерлер» атты ғылыми мақалалар жинағы, «Машина адам Л.М.» деп аталатын әлемдік таңдамалы фантастикалық әңгімелер жи­­нағы секілді көлемді де көрнекті шығармаларды аударды. Осындай аударма мен ғылыми-зерттеу, әдеби шығармашылықтағы көрнекті табыстары үшін 1991 жылы Дүкен Мәсімханұлы ҚХР мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды.


Ал 1993 жылы тарихи Отаны Қазақ­станға барғаннан кейін, Қытайдың тарихтан бергі әйгілі ойшылдары мен ақын-жазушыларынан Кұң Фудзы, Ли Бай, Лу Шүн, Ба Жинь, Лау Шэ, Ай Чиң, Юй Гуаңжуң, Уаң Мың, Чжаң Чыңжи, Гу Чың, Чэн Дуңдуң, Чжао Лихуа, Диң Даң т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударып мерзімді басылымдарда жариялап Қазақстан оқырмандарына үзбей ұсынып отырды.


Дүкен Мәсімханұлы отанға оралған алғашқы жылдардың өзінде, атап айтқанда Әл.Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жұмыс істеп жүрген кезінің өзінде аудармамен бірге ғылыми-зерттеуге де белсенді атсаласып қытайда сақталған ежелгі түркілер мен қазақтың байырғы әдеби мұраларынна да жеткілікті мән беріп, оларды өз отананда жарыққа шығаруға да үлкен үлес қосты. Соның нәтижесінде XV ғасырда өмір сүрген қазақтың қара үзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянын» төте жазудан қазіргі қазақ жазуына қотарып, кейбір атауларын аударып, түсініктемелерін жазап баспадан шығарды. Қытайдың Таң дәуірінде өмір сүрген, шығармаларын ежелгі қытай тілінде жазған ақын Канманердің (Кемеңгер) өлеңдерін қазақшалап, қазақтың ежелгі әдебиетіндегі ақтаңлақтардың орынын толтыруға бір кісілік үлесін қосты.


Осындайда, Қытайда жүрген кезінде, қытайшадан кітап аудару тұрмақ, бір беттік қытайша мақаланы оқып түсіне алмайтындардың, қалаберді өзінің өмір баянын бір бетке толтырып қытайша жаза алмайтын, тіпті қытайша атын жазып бере алмайтындардың Қазақстанға келіп алып аудармашы, тарихшы, деректанушы, шығыстанушы, қытайтанушы болып шыға келгендеріне өзің ұяласың. Ұяласың да еріксіз «жолы болсын!» дейсің. Осындай пысықтар егер, Дүкен Мәсімханұлы тындырған жұмыстың оннан, тіпті жүзден бірін істесе қайтер еді деген сұрақ та бізді жиі мазалайды. Әрине ондайлардың қу құлқын үшін өмір сүріп жүргендеріне жанашырлық білдіргеннен өзге шара жоқ. «Аңқау елге арамза молла» деген сол да. Ал Дүкен Мәсімханұлы, жоғарыда айтқанымыздай, аудармамен бала күнінен айланысқан, сол салада қыруар жұмыс тындырған, сондай-ақ ол өнерді ғылым деңгейіне көтеріп «Қытай тілінен тәржіма жасаудың теориясы мен практикасы» атты оқулық жазған, сол оқулығы негізінде еліміздің ЖОО-да 20 жылдан бері дәріс оқып келе жатқан маман аудармашы. Ол сондай еңбегімен Қытайдың өзінде де, бүгінде Қазақ елінде де жаппай мойындалған мықты аудармашы.


Дүкен Мәсімханұлының күллі аудармаларын сарапқа салатын болсақ, ол өз алдына үлкен бір еңбекке жүк боларлық әңгіме. Жұртқа белгілі болғанындай, оның аудармаларының ішіндегі шоқтығы биігі де, қомақтысы да Қы­тайдың ұлы жазушысы Лу Шүннің «Повестері мен әңгімелері» екені даусыз. Қазақстанның мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы ая­сындағы «Әлем әдебиетінің кітап­ханасы» сериясымен 2010 жылы жарық көрген (Астана, «Аударма» бас­пасы, 30 баспа табақ) осы кө­лемді аударма еңбегі үшін Д.Мәсім­ханұлына 2012 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Халық­ара­лық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.


Енді осы кітапқа енген шығармалардың аудармасы туралы аз кем тоқтала кетейік. Лу Шүннің шығармалары қытайда да өзге аудармашылар тарапынан аударылғаны белгілі. Бірақ аудармада «бір шығарманы бір ғана адам аударады, сонымен бітті шаруа» деген заң да, шартты талап та жоқ. Кім көркем, түп нұсқаға адал, туған халқының ұғымына жеңіл етіп аударса халық соны бағалайды. Егер Қытай қазақтарының әдеби тілден гөрі ауыз екі тілге барабар қазақшасымен аударылған нұсқасын Қазақстанға әкелсе оны ешкім түсінбес еді. Ал Д.Мәсімханұлы Лу Шүн шығармаларын Қазақстандағы нормаға түскен қазақтың әдеби тілі бойынша өте көркем аударды. Лу Шүн шығармаларының Қытайда аударылған нұсқасы мен Қазақстанда аударылған нұсқасының жермен көктей айырмашылығы да міне осында. Оның нақты дәлелдерін төмендегі салыстырмалардан-ақ көріп алуға болады.


Аталған кітаптың аудармасындағы ерекшеліктер туралы нақты, жан-жақты тоқталатын болсақ, оның өзі бір мақала көлеміне сия бермейді. Дегенменен мақала мақсатына орай, тәржіма еңбекті үстірт шолып шыққанның өзінде оны жәй ғана тәржіма дегеннен гөрі, «Лу Шүн таңдамалы шығармаларының академиялық жинағы» деген орынды секілді. Себебі, біріншіден, кітап қытайтанушы-ғалым ретінде ф.ғ.д., профессор Дүкен Мәсімханұлының «Лу Шүн әлемі» атты көлемді алғысөзімен басталады. Бұл алғысөзден оқырман Лу Шүнді тудырған қытай әдебиеті мен қытай қоғамының арғы-бергі жағдайынан, Лу Шүннің өмірі мен шығармашылығынан, жазушының қазіргі заманғы қытай әдебиетінің туып, қалыптасуындағы атқарған рөлінен толық мағлұмат алады. Екіншіден, кітап соңында жазушының әрбір шығармасы бойынша, ондағы тарихи тұлғалар мен оқиғалар, әдеби-мәдени, діни, медициналық, этнографиялық, саяси-экономикалық, географиялық, астрономиялық т.б. салалар бойынша, тәржімашы тарапынан жүздеген ғылыми түсініктер жазылған. Бұл «түсініктерсіз» тілі, діні, салт-дәстүрі бізден мүлде алыс жатқан халықтың қаламгерінің, сондай-ақ сонау ХХ ғасырдың басында ғұмыр кешкен жазушының қаламынан туған дүниелерді бүгінгі қазақ оқырманы бірден түсініп, салған жерден қабылдай қоюы неғайбыл еді. Демек Д.Мәсімханұлы тарапынан жазылған осы «түсініктер» арқылы оқырмандар Лу Шүн шығармаларын түсініп оқу мүмкіндігіне ие болумен бірге, жалпы қытай елі туралы да аз болмаған мағлұмат алады.


Ал енді аударманың ерекшелігі туралы айтатын болсақ, көзге ең алдымен түсетіні шығармал аттарының аудармасы.


Бұрындары біз арғы беттегі ағайындардың аудармасымен Лу Шүннің біраз шығармаларын қазақ тілінде оқығанымыз бар. Солардың ішінде жазушының «狂人日记» деген әйгілі шығармасын біз «Есалаңның естелігі» деген тәржіма бойынша оқығанбыз. Мұндағы 狂немесе 疯狂 - аурудың аты, қазақ ұғымы бойынша «көтеріліп ауру, шалық тию, қояншық» деген науқас. 日记деген «күнделік» деген мағнаны білдіреді. Ал «күнделіктің» баспа түрі де, қолжазба түрі де болатынын ескерсек, шығармадағы «меннің» қолына түскен сол «Қояншық ауруымен» ауырған адамның күнделгінің қолжазбасы. Бұл шығарманы Д.Мәсімханұлы «Қояншықтың қолжазбасы» деп өте дұрыс тәржімалаған. Себебі, қазақ ұғымындағы «есалаң» деген сөз жалпы туабітті ақылы аздау, арғы-бергіні көп ойламайтын, ұрма-перме мінезді адамдарға қарата жалпылама қолданылады. Яғни «есалаң» деген ауру жоқ. Ал енді Қазақстанға келгенде аңғарып жүрміз, «естелікті» «күнделіктің» деген орнына баспа-бас қолдануға бола бермейтін секілді. Мәселен «естелік айту», «естелік бұйым», «естелік болсын» т.б. осындағы «естелік» сөзін қалай «күнделік» деп түсінуге болады? Демек, қай жағынан айтсақ та «есалаңның естелігі» деген тіркес шығарма атының әуелгі мағнасын беріп тұрған жоқ. Жазуышының бұл әңгімесі ХХ ғасырдың бас кезі үшін ерекше бір жаңа формамен жазылған шығарма болып есептеледі. Атап айтқанда шығармадағы «мен» өзінің «қояншық» дертіне шалдыққан бір досының көңілін сұрай барады. Сөйтсе ол науқасынан айығып, басқа қалаға кетіп қалыпты. Науқастың ағасы «менге»: «Өзің сияқты қимас достары оның науқас кезіндегі жағдайымен танысқаны жөн болар», - деп екі дәптер береді. Шығарма сол досының «қояншық» кезінде жазған «күнделігінің» қолжазбасы ретінде ббаяндалады. Демек аталған әңгімені «Қояншықтың қолжазбасы» деп тәржімалау көркемдік тұрғысынан ғана емес, шығарма мазмұны тұрғысынан да сәтті шыққан.


Екінші бір шығарма, ол жазушының басты әрі өкілдік туындысы болып есептелетін «阿 Q正传» деп аталатын повесі. Бұл шығарманың аты да бізге «А Кьюдің ресми өмірбаяны» деген аудармамен таныс болатын. Ал Дүкен Мәсімханұлы «А Кьюдің толық өмірбаяны» деп аударыпты. Бұл арада біз қытай тіліндегі «正» деген сөздің «ресми» деген мағнасы да, «толық, бүтін» деген мағнасы да бар екенін жасырмаймыз. Бізше болғанда «ресми өмірбаян» дегеннен гөрі «толық өмірбаян» деген түпнұсқаның мазмұнына толық сәйкес келеді. Себебі жазушыны өзі де повестің беташарындағы шығарма аты туралы толғанысында: «A Кью-дің толық өмірбаянын жазсам деген ойдың мазалап жүргеніне бір-екі жылдан асып кетті. Бірақ бірде жазғым келеді, бірде ол ойымнан айнып қалам. Осының өзі-ақ менің «артына өлмейтұғын сөз қалдырар» адам емес екенімді аңғартса керек. Өйткені өлмейтін қалам өлмейтін адамдар туралы жазуы керек қой. Демек, адам шығармасы арқылы өлмейтін адамға айнала ма, әлде шығарма адамы арқылы өлмейтін шығармаға айнала ма, - зады мұның қайсы қайсысын сүйеніш ететіндігі маған барған сайын күңгірт тартып барады. Сөйтіп, ақыры ойыма бір жын кірді де мені A Кью-дің өмірбаянын жазуға мәжбүрледі.


Бірақ осынау ғұмыры ұзаққа бара қоймайтын шығармамды жазайын деп қолыма қалам алғаным сол, қыруар қиыншылықтарға тап болдым.


Ең әуелгісі шығарманың аты. «Тақырып келісті болмайынша, сөз өрісті болмайды» депті Кұң Фудзы. Бұл шынында да назар аударарлық гәп екен. Ғұмырнамалық шығармалардың түрлері толып жатыр: өмірбаян, өз өмірбаяны, бейресми өмірбаян, ресми сыртқы өмірбаян, қосалқы өмірбаян, шежіре, қысқаша өмірбаян,... дегендер бар. Әттең, амал нешік, бұлардың бірде-бірі менің шығармама сәйкес келмейді.


«Ғұмырнама» дейін десем, менікі көптеген қасқа мен жайсаңдар туралы жазылған, «ресми тарихқа» кіретін шығарма емес, «Өз өмірбаяным» дейін десем, мен А Кью емеспін. «ресми өмірбаяны» дейін десем, «бейресми өмірбаяны» қайда қалады? Ал егер «бейресми өмірбаян» дейін десем, А Кью соншалық әулие болған адам емес. Қосалқы өмірбаян дейін десем, А Кью ешқашан да мемлекет басшысының ілтипатына бөленіп, есімі мемлекет тарихын жазу мекемесінің «негізгі өмірбаяны» жазылсын деген қаулысына енгізілмеген.


Ағылшынның ресми тарихында «құмарпаздың қосымша өмірбаяны» жазылмағанымен, ұлы қаламгер Диккенс «Құмарпаздың қосалқы өмірбаяны» деген кітап жазды, бірақ, ұлы жазушыға олай жазуға болғанымен, маған болмайды. Ал «шежіре» дейін десем А Кьюдің өзіммен қандастығы бар-жоқтығын тағы білмеймін. Әрі оның ұрпағынан біреулер келіп менің шежіре жазуымды өтінген емес.


Мүмкін «қысқаша өмірбаян» дермін, бірақ А Кьюде бұдан өзге өмірбаян жоқ қой. Әрі айт та бері айт, бұл шығарманы «негізгі өмірбаян» десем қалай болар екен деп отырмын. Бірақ, қаламымның шама-шарқын, «қол арбамен бұршақ шырынын сататындардың тілі» сияқты дөрекі тілімді ойлағанда, бұл шығармаға мұндай ат қоюға тағы да батылым жетпеді. Сонымен үш дін, тоғыз ағымға жатпайтын жазушылардың «қысыр кеңесті доғарып, толық өмірбаянға көшейік» деген тәмсілінен «толық өмірбаян» деген сөзді жұлып алып, өз шығармама тақырып еткенді жөн санадым», - дейді(Лу Шүн. «Повесть және әңгімелер» 114-бет). Демек, шығарманың қазақ тіліне «А Кью-дің толық өмірбаяны» деп аударлығаны жоғарыдағы автордың айтпақ ойымен сөзбе-сөз сәйкесіп тұр.


Дүкен Мәсімханұлының аудармасымен Лу Шүннің сәтті шыққан тағы бір әңгімесінің аты «Шаштың шатағы» («头发的故事») деп аталады. Әрине, әңгіменің атын сөзбе-сөз тәржімалағанда «шаштың әңгімесі» болып шығатыны белгілі. Ал Қытайда Цинь патшалығы тұсында Манжур дәстүрі бойынша ер адамдар да төбе шашын (айдар) өсіріп, жалқы бұрым етіп өріп жүруі тиіс болатын. Олай істемегендер қылмыстық жауапқа тартылатын. 1911 жылғы «Синьхай революциясының» алдында қытайдың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары Манжур билігіне деген наразылығын айдарын кесіп тастау арқылы білдіріп жүрді. Алайда айдарын кескендер билік тарапынан қудаланса, кеспегендер қытайдың алғабасар-төңкерісшіл топтарының қарсылығына тап болды. Осы тұста кейбіреулер баскиім киіп жүруді шығарды. Ондағы мақсаттары үкімет әскері, тәртіп сақшылары кезіксе айдарын бос жіберіп қояды, ал «төңкерісшілер көреді-ау» деген жерлерде айдарларын баскиімнің ішіне жасырып, тығып қоятын. Қысқасы шаш екеш шаштың өзі сол дәуірде қытай қоғамындағы «үлкен шатаққа» мұрындық болған мәселе еді. Демек, әңгімені жай ғана «шаштың әңгімесі» дегеннен гөрі «шаштың шатағы» деп аудару қай жағынан алғанда ұтымды болғаны белгілі.


Лу Шүннің тағы бір классикалық әңгімесі «高老父子» деп аталады. Бұны қытайдағы ағайындар «Гәукең молда» деп тәржімалапты. «Гәукең» деп отырғаны «Гао» деген қытайдың фамилиясы. Оның қазақшалап «Гәукең» дегеніне келіссек те, «老父子» дегенді «молда» деп аудару мүлде қисынсыз. Себебі «молда» деген ислам дінін ұстанатын халықтардың ішіндегі діни ағартушының, діни білімпаздың атауы. Сондықтан будда дінін ұстанатын халықтың діндар адамын «молда» деуге болмайды. Осыны ескерген болуы керек, Д.Мәсімханұлы аталған әңгімені «Гао абыз» деп тәржімалапты. «Абыз» сөзінің еш қандай діни түсі жоқ болғандықтан, әңгіме атауы мазмұнына лайықты ғылыми да, көркемдік те дұрыс шешімін тапқан. Бұдан өзге Д.Мәсімханұлының аудармасындағы «Құйын», «Айпара», «Қубас», «Құса», «Қылыш» т.б. әңгімелердің аттары да сәтті шыққанын аталған шығармаларды түп нұсқадан оқи алатын оқырман жоққа шығара алмаса керек.


Жоғарыда біз сөз еткен шығарма тақырыптарының аудармасы, әрине, белгілі деңгейде аудармашы шеберлігін танытқанымен, аударма еңбектің тұтастай мазмұндық, көркемдік ерекшелігін айқындап бере алмайды. Ал аударма еңбектің жалпы сапасына, ерекшелігіне баға беру үшін, тұтас кітапта қамтылған шығармалардың түпнұсқасының қажетті тұстарынан үзінді ала отырып, тәржіма мәтіннің дұрыс-бұрыс, сәтті-сәтсіз шыққандығына жан-жақты талдау жасауға тура келеді. Олай жасауға, біріншіден, мақала көлемі көтермейді. Екіншіден, жалпы оқырманның келесіне салатындай, қытай тілі Қазақстанда орыс тілі немесе ағылшын тілі секілді аудиториясы ауқымды тіл емес. Сондықтан ол туралы пікірді өз оқырмандарына лайықтап, арнайы сөз етуді жөн көрдік. Дегенмен, Лу Шүн шығармаларындағы ұтқыр ойлар мен көркем тіл кестесі тәржіма мәтінде де еш солғындамай, босаңсымай, қайта кейбір тұстары тіптен ширатылып, әрлене түскенін атап айтуға тиіспіз. Бұл ретте әсіресе, Д.Мәсімханұлының шығармадағы қытайдың мақал-мәтел, ескі өлең-жырларын тәржіма мәтінде барынша қазақы ұғыммен жақындатып аударғаны бірден көзге ұрады. Мәселен, «Жүйрік атқа жал бітпес, жақсы адамға мал бітпес», «Кірбеңсіз, таза көңілі, тамаша диқан өмірі», «Тақырып келісті болмайынша, ой өрісті болмайды», «Ат жоғалды, шалың соған құсалы. Мүмкін бұл бір бақытсыздық нышаны», «Қыран құс жемін алыстан іздейді», «Ақын хаткер емес, өрт сөндіруші әскер емес», «Шалғайдағы көл таңдайдағы шөлді баспайды», «Түнгі ауа – жанға дауа», «Өзендер түсіп жарысқа, Түстік тау қалды алыста», «Сопыда туыс болмайды, айналасы толған ізгі адам» т.б. тақылеттес аудармашының қаламынан туған, қазақтың төлтума мақал-мәтеліндей мәнерлі афоризмдерді аталған кітаптан көптеп кезіктіруге болады.


Тағы бір айта кетерлік жағдай, жалпы қытайдың классик жазушысының шығармашылық стилі де тәржіма еңбекте барынша жақсы сақталған. Атап айтқанда Лу Шүн шығармаларының идеялық өзек-тұғыры – ұлттық ағартушылық, ұлт-азаттығы, мәдени жаңғыртымпаздық десек, осы идеяны жазушы өз шығармаларында ылғи да ащы ажуамен, әдемі юмормен, уытты тілмен бедерлеп береді. Жазушының осынау шығармашылық қолтаңбасын тәржімашы барынша дәл жеткізген. Жазушы тіліндегі аталған ерекшелік, әсіресе, Д.Мәсімханұлы тәржімалаған «Қояншықтың қолжазбасы», «Кұң Ижи», «А Кью-дің толық өмірбаяны», «Шаштың шатағы», «Сабын», «Бақыт тілеу», «Үйректің ойыны» қатарлы әңгімелерінде көбірек көзге ұрады.


Ал Дүкен Мәсімханұлы қытай тілінен прозалық шығармалармен, ғылыми еңбектермен қоса, қытай ақындарын да көптеп аударып жүрген тәржімашы. Оның тәржімасымен жарық көрген қытай ақындарының шығармалары тіпті қазақтың төлтума жырларындай, өте көркем аударылған. Оның мынадай екі түрлі себебі бар білеміз, біріншіден, Дүкен Мәсімханұлы өзі қазақ әдебиетінде өз үні, өз қолтаңбасы бар көрнекті ақын. Екіншіден қытай тілін жеттік меңгерген аудармашы. Сол себепті түп нұсқадағы ақынның поэтикалық сарыны аудармада сол қалпында шыққан. Мысалы, Қытайдың ұлы ақыны Ли Байдың, осы заманғы қытайдың көрнекті ақын қызы Чжао Лихуаның, Тайван ақыны Юй Гуаньчжұңның және басқада ақындардың Д.Мәсімханұлы тәржімалаған өлеңдерін оқысаңыз, тіпті олардың өзге елдің ақыны екенін ұмытып кетесіз. Мәселен, Ли Байдың мына бір «Сағыныш сазы» атты өлеңінің бірер шумағын ана тілімізде оқып көрейікші:


...............................

Ұясына күн құлап,

Орады тұман гүлдерді.

Көлкілдеп күміс ай нұры,

Бәтестей аппақ түрге енді.

Сағыныш меңдеп, ұйқыдан –

Аулаққа салдым іргемді.

Күй тыңдап едім бір уақ,

Көктемдей көңіл гүлденді.

Күйдегі сыйқыр сезімнің,

Қадірін кімдер білген-ді.

Ілесіп сәуір желімен,

Хангайға көмсін іргемді.

Сағыныш жетсін шалғайдан,

Өзіңе жаным, бір мендік.

Тұңғиық сенің көздерің,

Айнакөл болып үлгерді.

Нанбасаң егер сен маған,

Көргейсің келіп сүлдерді.


Немесе осы ақынның «Шарап шаттығы» деген өлеңін оқиық:


Қарашы, анау Сары өзен өрден төмен құлдайды,

Құяды да мұхитқа, қайтып мойнын бұрмайды.

Қарашы, анау ақ шашқа, сарайдағы айнамен:

Таң алдында гүл едім, қайда кетті қайран өң?

Шаттанғанда адамның көңіл күйі тасымақ,

Бос тостаған ұсынба айға қарап, ақымақ.

Тәңір берген дарыным бір керекке жарай ма,

Алтыныңды ағызсаң оралармыз қалай да.

Ас әзірлеп аста төк, тойлайықшы ағайын,

Үш жүз кесе шарапты бірден сілтеп алайын.

Сэнь бегім мен Дань Чюшың кел, сілтеңдер, тынбаңдар,

Бір ән салып берейін, құлақ түріп тыңдаңдар.

Тіршілігі байлардың қызықтырмас мені түк,

Шалқығанға не жетсін, шарап ішіп елітіп.

Жай жақсылар өлгенмен аты қалмас артында,

Ішкіштерге бұйырар атағың да, даңқың да.

Кеше Чэнь Уаң Лояңда дастарқанды жырлапты,

Қанып ішіп шараптан, елі-жұрты жырғапты.

Қожайынның неге осы аз болады жармағы,

Бастаған соң шарапты, керек шөлдің қанғаны.

Бер шарапқа жүйрік ат, тоныңды алтын жалатқан...

Сілтеп, сілтеп қайғыны, жөн болады таратқан!


Бұл арада әрине, Д.Мәсімханұлы тәржімалаған қытай ақындарының өлеңдерінен молынан үзінді келтіріп отыруға мүмкіндік жоқ. Оның бұл саладағы тәржімаларының дені еліміздегі мерзімді баспасөз бетінде жарияланып келеді. Астанада шығатын «Әлем әде­­­­­­биеті» журналының қытай әде­биетіне арналған арнаулы санын дайындауға атсалысып, жүктелген міндетті (авторларды іріктеу, шы­ғармаларды таңдау, аудару, тү­сі­нік­терін жазу, т.б.) абыроймен орын­дауы да Д.Мәсімханұлының аударма саласындағы қарымын әйгілеп бер­гені даусыз. Сондай-ақ, «Әлем әдебиеті» журналының осы арнаулы саны Дүкен Мәсімханұлының (2010 ж. №2) «Қы­тай әдебиеті: қыры мен сыры» де­ген көлемді алғысөз ашылған. Қыс­қасы, аталған журналдың сөз болып отыр­ған қытай әдебиетіне ар­нал­ған саны қалың қазақ оқыр­мандарының жоғары бағасына ие болды.


Бүгінде Дүкен Мәсімханұлының есімі Қазақ және Қытай елінде қытайдың тек әдебиетін ғана емес, мәдениеті мен ғылым-білімін де кеңінен таныстырып жүрген тәржімашы-ғалым ретінде кеңінен таныс. Аталған саладағы жемісті еңбегіне орай оған 2012 жылы Пекиндегі Халық сарайында Шанхай ын­тымақтастық ұйымының «Жібек жолы» атты халықаралық сыйлығы, осы ұйымға мүше елдер Елбасыла­рының қатысуымен өткен салтанатты жиында табыс етілді.


Кез келген қытай тілін білетін адамның бәрі қытайтанушы бола бермейді. Қытайтанушы қытайдың тілімен қоса, бес мың жылдық тарихы мен мәдениетін толық білуі керек. Сол елдің төл әдебиетінен сусындаған болуы керек. Қытайдың этнографиясы мен философиясын білуі керек. Ал Дүкен Мәсімханұлының елге оралған 20 жылдан бері қарайғы Қытай елі туралы жазған еңбектері мен берген сұхбаттарына зер салатын болсақ, оны еліміздегі шын мәніндегі, бірегей қытайтанушы-ғалым деуге толық негіз бар. Егер алдағы уақыттарда елімізде қытайтану ғылыми орталығы ашылып жатса, оған басшылық етуге бірден-бір лайқты адам осы Дүкен Мәсімханұлы деп білеміз.


Біз де тарлан тәржімашы, ақын, қытайтанушы-ғалым ағамыз туралы бұл шағын мақаламызды Қытайдағы көрнекті этнограф-ғалым, жазушы, академик Жақып Мырзаханның «Дүкен Мә­сім­ханұлы секілді азаматқа, туған хал­қы мен Отаны үшін, Қазақ­стан­ның көршілес елдермен (әсі­ресе Қытаймен) татулығы үшін аян­бай тер төгіп келе жатқан сан-қырлы та­лантқа, сегіз қырлы, бір сырлы шы­­ғармашыл тұлғаға, оның өсіп-жетілуін тілеп отырған біздей ұс­таз­дары мен ел-жұрты, оның жал­ғасты табыс төрінен орын ала­ты­нына кәміл сенеді», -деген тілек-батасымен тәмәмдасақ дейміз.


Қалбан ЫНТЫХАНҰЛЫ

Жазушы, аудармашы.

2013ж.

Бөлісу:

Көп оқылғандар