Заман Төлеуовтің әңгімелері

Бөлісу:

07.07.2016 2386



АРПАЛЫС


заман т-леуов.jpg

Тік құлаған құзардың желкесіне ентелей келген екеу аттарын тежеп, төменге мойындары үзіле үңілді де тағы тебінді. Қарауытқан тереңдіктен үрке, үдірейіскен жылқылар: танауларын пыр-пыр пысқырынып, кері шегіншектеді. Құламаны керте, қиғаштай құлдилаған соқпақ терең шатқа сіңіп, аракідік менмұндалаған үзік-үзік жобасы қасқая керілген жақпар тасты қарсы бетке өрмелегені әр-әр тұстан суыртпақтала қылаң беріп қалады. Құздың теріскейі өсімдікті келіп, табанында қыстан қалған сар кідір қар - теміреткі тәрізді ақшуланданған аралсымақ боп әлі жатыр...

- Жарықтықтар! – деді көзіне дүрбі тосқан мосқалдау кісі тамсанып. Сосын күншуаққа малынып, аспанмен астаса алшиған шатқалдың күнгей бет, тастауыт қабырғалы төрін нұсқады:

- Ана текенің тұрған тұрысын-ай?! Еркек! Ешкі-лақтары алаңсыз жайылып жүр. Біразы, бөркөздің түбінде жусап жатыр...

- Жезде, мен де көрейінші. – деп Дәурен дүрбіні алып, Бижақып меңзеген тұсты ары-бері тінтіп, ештеңе таппады. Бірақ, өзінің орашолақтығын білдіргісі келмей, жорта сөйледі.

- Рас, ғажап екен!..


Бұның ту сыртынан сол тұсқа кезеніп тұрған Бижақып: - Дүрбіні көтерсей, сайда нең бар? Ешкі болып көзіңе көрінген қойтастар ғой... – деп жас досын түзеді. Дүрбіні қанша қуаласада дәнеңе көре алмады да шынын айтты.


- Тасыңыз да бөркөзіңіз де бәрі маған тау ешкі сияқты!..

- Жә... Сен мына дөң тасқа шық та осы қылтаның аузын аңдып жат.

Мен, Құттыаяқ екеуміз орағытып барып, ешкілерді осылай қуып түсіреміз. Кә, Құттыаяқ! – деп Бижақып итін ертіп, құздың ернеуін жағалай тепеңдеп, шоқыта жөнелді.


Дәурен оң жақ иықтан төніп тұрған көк ала мүк басқан үйдей тасты айналып, жайдақ артынан шүйдесіне көтерілді. Бұл расында, Бижақып көрсеткен жолдың аузын аңдуға өте қолайлы тосқауыл екен. ТОЗ-9 шағын калибрлі мылтығын солай кезеп, жөңкілген аңды ол бытырлатып ойша ата бастады. Сосын шылбырынан ұстап соңынан жетектеп жүрген жылқысын ауыздықтан ажыратып, тұсап, оттауға жіберді. Ол биыл көктемде зоотехниктің үш жылдық оқуын бітіріп, жолдамамен келген жас маман еді. Ұжымшар басшысы: «Қой саласына есепшілікке барасың, Сондағы жатаханада жатасың, киімің таза, қарның тоқ болады. Қысқасы, жақсы жұмыс жасап, тәжірибе жинақта. Қойшылардың әдемі қыздары да бар... Бұйыртса, күйеу бала боп та қаларсың!» деп арқасынан қағып әзілдеген-ді.


«...Мау Жедөңның дана сөздік кітапшасын жүрек тұсынан тастамаймыз. Көсемнің асыл пікірлерін дауыстап, оң қолымызды аспанға сілкіп Тәңірдің өзіне сес көрсетеміз. «Қызыл сақшылар» бүткім халықтың бірлігін бақылайды. Егер Ұлы Төрағаның кітапшасы қойныңнан табылмаса күнің қараң! Осылай күндегі ғадетпен: «Өтпес пышақ, нан кеспес» деген сияқты тапқыр ойдың бірін дауыстап дәретханаға кетіп бара жатып, қызыл кірпіштің жарты сынығын күзетке байқатпай қолтығыма сүңгітіп алдым. Дәретімді бітіріп болған соң, сыртта алаңсыз мені тосып тұрған қытай-күзетті қақ шекеден бір ұрдым да дала қайдасың деп зауладым. Артымнан ұлар-шу болып қуғын ілесті. Жолыма кесе көлденең түскен ендігі бес-алты метр терең орды бұйым көрмей бір-ақ қарғып өттім. Содан шу қарамды көрсетпей, үш айдың дүзінде Такла-Маканды таптап өтіп, сәбет шекарасына жеттім. Бұның алдында бір бұзып, ол жолы «сәбеттер» қытайға қайта тапсырып, бес жылға сотталғам. Екі жылын өтеп, атажұртқа тағы қаштым. Артымда бала-шағам, қатыным қалды. Оларды да уақыты келгенде алдырармын деп үміттеніп жүргенде өкімет аралары мүлдем суысып кетті. Содан бері он жыл өтіпті. Ол туыстарым түсімнен кетпейді. Түбі бір жолғырамыз. Құдайым жалғызсыратпады. Күнсұлу әпкеңнен үш балам бар. Солай, батыр... «Сұрай-сұрай қойныңдағы қатының қарын бөле боп шығады» демекші өзің енді балдыз болдың маған!» деген-ді Бижақып Дәуренмен алғаш танысқандарында. Бұл оның қысқаша ғана айтқан әңгімесі еді. Өйтпесе, осы хикаясын ол ұзақ түн жырлауға дайын. Арасына ойдан қосып, тыңдарманын тырп еткізбейтін әңгімешіл. Расында қазақ жұрты қарға тамырлы ғой. Жабысып қалған қан туыстығы болмаса да ел сұрасып, еміренісіп жатқаны. Осы өңірге шешендік және ақындық қасиетімен тәнті болған Шүйе шал деген Дәуреннің арғы атасының қызы Мәдина - кезінде арғыбетке ауған қалың Қаракерейдің Тоқпақ жұртына ана болған көрінеді. Дәуреннің Найманнан тарайтын Шүйе деген елден екенін білгелі Тоқпақ қызы - Бижақыптың әйелі Күнсұлу іш тартып, бауыр санаған-ды. Күнсұлуға сол Мәдина анасының тектілігі дарыған сыңайлы - күйеуі Бижақыптың әрекідік ернеуден асып, лепіріп кететін мінез-құлқын әдіптеп, елге жымын білдірмей отыратынына қарағанда...


Таң елең-алаңда бұлар атқа қонған. Неше қырды асып, осы аң алаңсыз маңатын терең аңғарға күн төбеге енді көтерілер сәтте жеткен-ді. Арқадан қыздырған шуақтан Дәурен маужырап, көзі кіртие бастады. Кенет етекте оттап жүрген жылқы секемдене осқырынды. Енді болмаса тәтті мұнар икеміне ыңғай танытқан Дәуренді селк еткізді. Өзі жантайған тастың асты жағынан тосын салдыр естілді. Алдындағысын жапырып, табанындағысын сөге шашыратып, бір жойқын нәрсе өрлеп келеді. Дәурен тастың қалқасындағы қылтаның аузына төніп, мылтығын кезеді. Жалы күдірейген, сүйір тұмсығы алпамса кеудесімен тұтасқан бір орасан сұмдық одыраң етіп атып шықты. Қос ұртынан айқыш-ұйқыш сап-сары тістері ақсиып, онысын жанығандай қайшылайды. Жылт-жылт ойнақшыған сүйкімсіздеу түйме көздерін төбеден мылтығын кезей үңірейген Дәуренге жауыға аударып, ішіне бір нәрсе түйгендей қорс етті де сілейіп тұрып қалды. Осы сәтті Дәурен қалт жібермеді деуге де болмайды. Тек бар ойлап үлгергені: қарауылдан тайып кетсе, жабайы қабан тасты айнала сала - жайпақ жағымен Дәуреннің тура үстінен түсіп, өзін де арқандаулы атын да жайратып салары хақ екенін аңғарғаны. Мылтық шық ете түсті. Қабан атылып барып, етбеттей жығылды. Құмалақтай қорғасын белін үзіп кеткен секілді: артқы аяқтары салбырап, тіреуге жарамай салданып, алдыңғы қос аяғымен жер тарпып, жанұшыра ілгері ұмсынды. Қара-сұр доңыз тарпына-тарпына әлгінде өзі сумаң етіп шыққан қылтаның аузына сырғанай барып, төрт аяғы көктен келе аударыла, құз табанына салдыр-күлдір кете барды...


Бір ажалдан аман қалғанына қуанған Дәурен атып тұрып, қабан кеткен құрдымға еңкейгенде – бесебай шолақ табанды етігі дар етіп тайып, құйрыққа отырды да ылди-төмен сырғанай жөнелді. Көк тастың тайқы маңдайын жарып шыққан талдауыт бұталарды жапыра ызғып барады. Бауы қарына ілінген мылтығы жол бастағандай салдыр-сұлдыр алдына түсіп алған. Енді болмаса қолтығынан қос қанат шығып, теміреткідей ағарған табандағы ақ төсенішке қалықтай барып қонар ма еді... «О Аллам, сақтай гөр!» деп жалбарынып үлгірді. Есін жиғанда байқағаны: бұтының арасына кептелген теріскеннің түбірін тарс қып ұстап, ердің қасына жабысқандай сіресіп отыр екен. Өкшесін тіреп кері шегінбек болып еді, ілінер кертік табылмай тая берді. Сәл қозғалса бұтаның түбірі бырт-бырт үзіліп жатқан секілденді. Оң қолына мылтығын алып: «Біссіміллә, біссіміллә!» деп соған тірене кері шегіншектеді. Сөйте-сөйте өкшесі де кедір-бұдырдан күш алып, сол қолымен жоғарлау өскен түбіршектерді қолжалғау етіп, ысырыла-ысырыла әлгіндегі алаңсыз жатқан жайдағына жетті. Тұла-бойын қара тер басып, қалш-қалш соққан денесі өзіне бағынар емес. Тысырды естіп артына бұрылды. Қос құлағын қайшылаған тапал құла - аяғымен жер тарпып, бұған алаңдай қарап тұр екен...


Баламысың деген сол ғой. Әлгіндегі келмеске ұшып кеткен аңды барып көрсем деген бір таңсық сезім Дәуренді қойма баурап, ақыры беті-қолы мен киімін дар-дұр тілімдетіп, төменге жетектеді. Қарақат, үшқат, итмұрын, долана сынды бұталы өсімдіктер мен қатар қымыздық, рауғаш, таңқураймен араласа өскен өзге де бойшаң шөптер аттылы кісіні жабады. Соның бәрін бұзып-жарып шөбі тықыр, ашық алаңқайға түсті. Бағыты дұрыс екен. Жайдақ тастың үстінде теңкиіп жатқан қара-сұр құбыжықты көрді. Оны өлген шығар деп қауіптенбей қасына таяй бергенде - анау қорс ертіп басын көтерді. Қып-қызыл боп қанталаған көздері от шашып, Дәуренге шапшыды. Көкірегі су қайнағандай бұрқ-бұрқ тасып, тұншыға қақалғанда аузынан алқызыл қан атады. Дәуренге жан керек екен! Орғып кері секірді. Соноу биіктен жер-көктің бәріне соғылып, құлдырай құлағанда - әлі жаны шықпай аман жатқан, неткен дүлдүл еді деп ол қайран қалды. Бұның қимылын қалт жібермей аңдып, сәл қозғалса - алдыңғы сау аяқтарына асылып, өшіге ұмтылады. Егер «О Алла сақтай гөр!» деп жалбарынып үлгермесе мана – Дәуреннің өзі де осы қабанның кебін киер ме еді... Жаны жалма-жан шығып кетпей, мүмкін бұның да белі кетіп, тұруға дәрмені жетпей, әншейін жандалбаспен ғана ұмсынар ма... Шалажансар жабайы аңмен тағдырлас болып, ажал тосып жатар ма еді, бұлар - екі жақта ыңырсып, еш амалсыз...


Дәурен қимылдамаса, қабан да көкірегі ғана сыр-сыр етіп, тынши қалады. Тұрқына сай емес, кішік көздерін әлсін-әлсін ашып-жұмып, адам жаны ашитын дәрменсіз хәлде жатыр. Егер аңдыған жауы қыбыр етсе, басын лезде көтеріп алып, қаһарлана атылады. Кеудесінде жаны тұрғанда өліспей-беріспейтіндігін анық аңғартады. Сосын қайта сабырланып, сұсты кейпіне бір жалбарыныш орнағандай болады. Мынадай қайрат пен қаһар иесінің осындай мүшкіл хәлге түсуі тиіс емес-тін. Тіпті, қиыспайды. Сол үшін Дәурен өзін айыпты санап, мүмкін болса, уақытты кері айналдырып, табиғатты өзінің қалыпты жүрісіне қайта келтірсе деп жан-тәнімен қалады. Істеген ісі опық тудырып, кеудесін өкініш отша қарыды. Осыдан бір сағат бұрын мүлдем өзге дүние еді ғой...


Жалғыз шырша түбінде арқалары ала жолақты торапайлары маңында зу-зу жүгіріп ойнаған аналық шошқалар - жерді танауларымен қопарып, тамыр кеміріп жатқан еді. Осы үйірдің аталығы анадай алыста сақшылықта жеке дара тұр. Үстідегі қызыл жақпарда жайылып жүрген ешкілерін қорыған таутеке де - биік тастың ұшарында қос мүйізі қайқайып, кербез қасқияды. Ол кенет қарғып келесі ұштыққа секірді де ешкілерін ілестіріп, көзден ғайып болды. Сауысқандар сықылықтап, қауіптің алдына түсе бір ұшып, бір қонып, жабайы шошқаларға таяды. Торайларын ілестіріп, аналықтар бір қалтарысқа ойысты да аталық қарауылға өзі әдейі ілініп, ер соңымнан дегендей жалғыз тартты. Аракідік кідіріп, артынан тың-тыңдап алып тағы ұзайды. Бұның соңынан ешкілер де түскен сыңайлы. Аңнан өзгенің тұяғы тимеген, бөтен иіс сіңбеген тағы танап - тек өздерінікі ғана еді. Егер жабайы қабанда ой болса: қарсы беттегі жазыққа апарар қылта аузында бұны қатер тосар деп болжай алар ма еді; өмірінде қолына алғаш рет қару ұстаған, күнәһарлықтан ада, адамның уыздай жас жігітінен ажал табам деу үш ұйықтаса түсіне кірер ме еді...


Дәурен, әбден қансырап, бойынан қуаты кете бастаған аңға қалай аяушылық танытарын білмеді. Ішінен біреу бұны кінәлап: «Бейкүнә аңды бекер аттың!» десе, екінші бір өзіне туыстау дауыс: «Оғың мүлт кетіп немесе құр жараласаң – ажалың осыдан еді! Көрер жарығың бар екен!» деп тәуба қылатындай. Бес-он метр алыстау барып, биіктеу тастың үстіне шығып, ұсқыны адам щощырлық тағының бейшара күйіне жаны аши қарады. Сүйір тұмсығын шорт кескен тайпақ танауы пысқырынып қан бүркеді. Тікірейген қалың түк басқан көздері шүңірейе оты қашып: өлеусірей бір ашылып, бір жұмылады. «Менің артымда бір үйір жаным қалды. Ұрпағымды таратқан аналықтарыма кім көрінген артылып, жыртысқа кететін болды ғой! Ана алаңсыз ойнаған алатайларыма кім қорған болады. Еркектері ер жетпей жатып, ішек-қарындары ақтарылатын болды-ау!.. Қауіп-қатерді өз соңыма салып, отбасымды арашалау менің міндетім еді. Осы жолда мерт боларымды да білем. Сол үшін сан айқаста сынға түсіп, сол үшін жаралғанымды дәлелдедім. Тек, бәр өкініштісі – ажалым болып, қапелімде сенің кездескенің!..»


«Иә, егер мен сені атпасам, бөгде түгілі өзіңнің қандастарыңа аяушылық дегенді білмейтін – сенің аңдық табиғатың еш ойландырмастан мені тулақтай дал-дұл етер еді. Менің жолымды болдырған - құмалақтай қорғасынның дәл тиіп, сенің бел омыртқаңды үзгендігі. Одан аман қалдым деп қуанып үлгермей, сенің соңыңнан қоса ұша жаздағанда - ешқашан аузыма алып, ниетпен сиынбаған «Алла» деген құдірет маған бүйірі бұрып, ажалға бермей араша түсті. Өйтпегенде, ауылдағы ата-анам жалғыз ұлдарын жоқтап, қандай күйге душар болар еді? Аңдамаған әр тұста бұғынып отырған бір-бір ажал бар екенін сонда ұқтым. Сен де сол ажалдың бірі едің, мен үшін. Бұл жолы сенің ажалың болып, мен іліктім екеумізде ұшырасуды тоспаған жол үстінен...»


«Арпалыс үшін туып, сол арпалыста көз жұмуға жаралған еркек кіндікпін. Менің жанымды алу саған бұйырған екен, енді ары қарай қинама! Белімді үзген құмалақтарыңды маған борат! Жанның тәттілігін соңғы рет ашына сезіп барып, күшене көз жұмайын! Әлімді құртып, қор қылма! Сен ата бер. Мен саған атыла-атыла барып үзілейін!.. Соңғы сағатымдағы кездескен менің қас жауым – сен болдың, адамның баласы. Мен сенің көзіңе қаншалықты жүрек мұздатар қорқыныш болып елестесем – сен де мен үшін бітіспес жаусың. Әділ жекпе-жек дегенді білмейтін, айла мен амалға сүйенген, түпсіз құрдым секілді қанағатың еш толмайтын, дүниедегі ең жеккөрінішті - елдің жанын жөнді-жөнсіз алуға құмар нысапсыз тіршілік иесісің! Жоға, сен тіршіліктің – ажалысың! Ат мені!.»


Дәурен оншақты рет атты. Оқ кірш-кірш қадалған сайын - жабайы қабан арандай ашылған аузынан қызыл отты тажал шашып, бұған қарай талпынады... Соңғы оқтардың бірі оның өмірін үзген сынды, басын қайқайта бір көтерді де сылқ құлады. Соның өзінде Дәурен оның тұсына таяп баруға жүрегі дауаламады. Тағы жандалбаспен жұлқынып, ұмтыла қалса – бұны қарбыздай қақ айырар еді. Мылтықтың ұшымен түртті. Қимыл жоқ. Еркінсіп, алақанымен жалынан сипады. Құдды сымтемір! Қолдан соқтырған қанжарын қынаптан суырып, адал болсын деп бауыздамаққа кеңірдектен орды. Жайшылықта қылпылдап тұрған пышақтың дүзі тұтылып, баспады. Ора алмаған соң, тіктей қадады. Тікенек түктері үрпиген, сүйелдей берік теріні тесіп өте алмады. «Қан шықты ғой» деп Дәурен өзін-өзі жұбатты. Манада көзіне құбыжық болып көрінген сұсты аң - енді сорпасы аңқыған асты елестетті. Қолдағы шошқалар сияқты емес, дала шөбін қорек еткен, аты доңыз болғанымен - еті таза шығар деп ойлады.


- Міне, батыр деген осындай болады! – Бижақыптың дауысы ту

сыртынан оқыс естілді. Ол қуанышын жасыра алмай, қаудырлай сөйлеп таяп келді де: - Астапыралла, мына сұмдығы несі?! – деп состиып тұрып қалды.

- Өй, батыр-ау, текені сұлатқан екен деп екі өкпемді қолыма алып жетсем, мына харамың не?!

- Жеуге болмай ма?

- Жегені несі? Атуға болмайды! Бұл – харам! Мұсылманның асы емес!

- Такла- Маканда құрт-құмырсқа, бақа-шаян жедім дегеніңізге қарап...

- Тфу, енеңді ұрайын! Жесем амалсыздан жеген шығармын. Өйтпесе, ол - елге айтатын әншейін, әңгіме ғой! Соған сеніп жүрсің бе?

- Енді қайттік, аға?

- Таста, кеттік. Бір тағының обалына бекерден-бекер қалдың. Бұның соңынан қырқ ешкі жосылып кеткен. Солардың бірін құлатқан екен десем. Қап, әттегенай!

- Ең құрғанда бір санын кесіп алайық. Тістері қызық екен, үстіңгі тісі жоғары қайқайып, астыңғысымен қайшыласқан.

- Бағың бар екен, сол қайшыға ілінбей қалған!.. Саны да өзі де құрсын, әпкең үйге кіргізбейді! Кеттік дедім ғой.


Орта жолда бір кекілік атып алып, отқа қақтап жеді. Қалың еті толық қақталмапты, қанқызылданып жүрек тіксінтті. Бірақ елең-алаңнан ауызға нәр тимегендіктен нанға араластыра шәйнап, қылғына жұта берді. Өздерімен бірге бір құты су және бірер жапырақ жаппай мен сіріңке қорап тұз ғана ала шығатын-ды. Дәурен шопан отарларын аралап шығып, ең соңғы есеп-қисабын осы Бижақыптың үйінде түгендеген-ді. Сөзден сөз туып, ақыры екеуі аңға шықпақ болып ұйғарды. Алғашқы күні тоғай жиегінде төбелесіп жатқан екі аталық қарақұрдың бірі қанжығаларын майлаған-ды. Кеше көздері қарайып, дәнеңесіз қайтты. Бүгінгілері мынау. Харамға жолықты. Сосын Дәуреннің өзі бір емес, екі ажалдан қалды. Бірақ ол басынан кешірген жәйттер туралы Бижақыппен бөліспеді. Шындығында ол басынан кешіргенін қорытпақ түгілі, әлі түйсіне де қойған жоқ еді. Әлдебір, алақұйын тәрізді екі-үшұдай сезім іші-бауырында сапырылысып жатты. Ол осы жасаған ісін талай жылдан соң қиянатқа санамай, ерлік ретінде айтып, ел алдында сан мәрте бөсетінін білмеген-ді.


Жатын орынға көз байланғанда ілінді. Ұзақ жүріске шыдай алмаған Дәуреннің бел омытқалары ажырап кеткендей қақсап, ердің үстінде қырқ құбыла отырып, әрең жеткен-ді. Ана қырдың асты, мына қырдың асты деп аңды аңдумен екі өкпесі өшкенше күні бойы жүгірді. Тарамыстай қатқан Бижақып атқа жеткізер емес. Дәурен өзінің денесі қатпаған бос екеніне намыстанды. Жүрегі аузынан шығардай дүрсілдеп, екі иінінен дем ала, әлі құри жығылған сәтте көзіне жас тығылды. Жоқ жерден көк жөтел қысып, сорасын онан сайын ағызды. Мылтығына сүйеніп, қарасы ұзап бара жатқан серігіне тағы ілеседі. Сорақының қызығы ай далада қалған жылқыға қайта жету болды. Осы бейнеттері көз алдына елестеп: «Енді аңға шықсам - желкемнің шұқырын көрейін!» деді бір шыны шәйді әзер түгесіп, төсекке жантая бергенде.


Күнсұлу әпкесі: - Отағасы-ау, осы бекер ермекті қойсаңшы. Аңмен күнелткен күндер өтті ғой. Қызылсырасақ тоқты-торым бар емес пе... – деп еді. Бижақып: - Аңшылық - аштықтан емес, бұл - құмар ойыннан да керемет! – деп таңдайын қақты.


Дәуреннің мылтығы мен қанжарын Бижақып отардың төріне апарып, қорда астына көмді. Осылай етсе харамы кетіп, тазарыды-мыс екен. Таң құба тартқанда Бижақып Дәуренді түртті.


- Атыңды әкеп, ерттей берейін бе?

- Өзім тұрып, ерттеймін!

- Бауырым-ау, жатарда сонша түңіліп едің? Жақсы тыныға алдың ба?

- Иә, әпке. Бәрі ойдағыдай!

- Ауызданған деген осындай болады! Аңға да қызға да қырғидай тиетін кезі емес пе, бұл батырдың!


Әзіл-күлкімен қоржын жиналып, екі салт атты суыт жүріспен - күн шығысты қамалдай бүркеген, қарағайлы қойнауында елік-марал өрген, тау сілемін бетке алып бара жатты. Неше жотаны асып, келесі біріне аяқ суытуға кідіргенде Дәурен етек жаққа көз тікті.


- Жездеке, анда қараңыз, кешегі тұста қарақұстар айналып жүр.

- Сенің арқаңда тойға жиналғандай - қабанның жемтігіне қарқ болатын болды, олар...

- Егер мен қабан емес текені құлатсам, өзіміз қарқ болатын ба едік?

- Әрине!


...Маралдың сұрпы етін ғана сүйегінен сылып алып, қоржындарының қос басына нығарлап, екі атты қас қарая теңселіп, жатын орынға таяп келе жатты. Таңсық иісті анадайдан сезген иттер алдарынан бұлғаңдай шығып, танауларын қоржынға тосады. «Қанжығалары майланып» дүмі тоғайған қос аңшы да арман жоқ сияқты... Өзара жарасым тапқан, бейқам әңгімені соғып келеді. Көбіне Бижақып сөйлейді. Дәурен тек құлақ салып, аракідік бас шұлғып қояды.


- Аңды мойнынан немесе қол тұсы, қос өкпеден ғана ату керек. Сонда ол құлайды. Өйтпесе, қансырап қаша береді де бір жерге тығылып өліп қап, бекер обалына қаласың. Сосын соңына түскен аңның айла-амалын жақсы білуің керек. Түлкіні түлкіше, қасқырды қасқырша аулау керек. Бұл бір жатқан ғылым! Сенің есеп-шотыңнан да күрделі!.. Үш жыл емес, өмір-бақи оқысаң да аздық етеді.


Бижақып бұған бар зейінін аудара, тыңдап келе жатқан жас досына көз қырын салып қойып, ішінен сүйсініп келеді. Арғыбетте қалған осы тете өз ұлы есіне түсіп, көңілі қоңылтақсыды. Егер ол қасында болса, оған өстіп, өз білгенін үйретер ме еді, сүйенішім деп арқа тұтар ма еді...


Күнсұлу осыдан бір-жар күн бұрын атып алынып, тұзсіңді болған қарақұрдың етін асып, екі азаматтың кешіккендерін олжаға жорып, тосып отырған-ды. Көмекші қойшы қарнының ашқанын жасыра алмай сипалақтап, қайта-қайта үйге кіріп-шығып жүр. Үпір-шүпір үш балақай да қыңқылдап, тамақ сұрауға кіріскен. Төңірегіндегі бар деген елі дауыс жетпейтін, бес-он шақырым жердегі қойшы отарының - малы да адамы да дамылға ойысатын алакеуім кешкілік еді...



БОЗАЛА МҰНАР


Алғашында демім тарылып, ауа жетпей тұншыққанымды анық білемін. Жүрегім қысылған сәтте қолымдағы күрекке сүйеніп, жүрелей отыра кеткен едім. Жандалбаспен қалтамдағы дәріні алмақ болып іздеп едім, қырсық қылғанда ол үйде қалыпты. Төңірегімде пенде баласы көрінбеді. Ышқына орнымнан тұрып, күрекке демеліп, арлы-берлі жүрген елдің бірі кездесер деген үмітпен қара жолға қарай беттедім. Кеудем тұтасқан шоқ тәрізді сәт сайын күйіп, өртеніп барады. Адам баласының шынайы шөлдегені қандай болатынын осы жолы анық сезіндім. Шіркін-ай, бойымды билеп бара жатқан сол ғажайып тәтті шөл - өмірге деген құштарлық па, сірә?! Оның жалыны тек бір тамшы су ерніме тамса болды сөнетіндей көрінді. Бірақ, еш үміт күттірмейтін, кенезені кептірген бір жан түршіктірер жабайы, әлдеқайда ала қашатындай үрейлі күй есімді ауыстырып барады...


Аяқ-қолымнан әл кетіп, төмен қарай құлдырадым. Көзімді ашсам біреу басымды тізесіне сүйеп, қарысқан жағымды ашуға тырысып, аузыма бірнәрсе салмақ болып әрекеттенуде. Маған енді ешнәрсенің көмегі тимесі анық, өйткені тым кеш-тін. Осы күйге өзімді жеткізбеу де өз қолымда еді, бірақ сол мүмкіндікті пайдаланбадым, біле тұра көрсоқыр адамша жар жақты бетке алып жүре бердім. Бұл есімді жиғаным маған берген соңғы мүмкіндік болар сірә, соңғы рет жарық жалғанға көз сал деген болар Жаратушым. Амал не, пенделігім оянып, ешнәрсе көзіме оттай басылмады. Расымен, бәрін де қиып, өзге бір өң-түсі, бағыт-бағдары, оралары жоқ бейтаныс тұсқа кетіп барам ба...


Кенет, ұйықша тартқан боз мұнардың кіреукесін сөгіп, әкемнің бейнесі көз алдыма келді. Әкем жасы ұлғайған адам еді. Мен есімді білгелі ол сондай үлкен адам кейпінде болатын және оның ақ шалған сақал-мұрты да әлі есімде, кеше ғана көріскендей жүзі анық жайнап тұр. Ол сырт көзге қатал көрінгенмен білетін адамға өте мейірбан, кішіпейіл еді. Бірақ оның бұл қасиетін тек етене араласқан бір-жар адам ғана білетін-ді. Өйткені ол көпшілік арасында тым сирек болып, өзінің қандай адам екенін таныта алмады. Жастық шағы жетімдікпен өтіп, қу дүниеге кіріптар болып, ешқашан әлдегімдердей көсіліп те көрмепті. Тапқан таянғаны екі қолындағы саусағы сияқты әрқашан да өз жанында жүрді. Барының басы өскеннің орнына саусақтары кесіліп, не болмаса сынып қалғандай оның жолын қашанда тапшылық торуылдады. Мен оның кенезесі кеуіп, әбден шөлдеген кезде көрген жалғыз перзенті едім. Ол мен туғанда жүрегі жарылардай қуанған шығар, бәлкім. Бірақ ол жайлы ешқашан әңгіме көтерілген емес. Жәй ғана «Сен туған соң, немесе, сен тумай тұрғанда» деген сияқты мерзімді ғана анықтайтын мардымсыз ауыз-екі сөздердің аракідік айтылып қалғаны болмаса. Әкеме қарағанда анам көпшіл еді. Мал соңында жүрген шалының барлық жауапкершілігін анам көтерді. Үйдің де, түздің де шаруасын шешіп, ер мен ерше, әйелмен әйелше сөйлесе білді. Төс қалтасындағы партбилетін екінші жүрегіндей қастерлеп, өле-өлгенше жанында ұстап өтті.


Күллі ғұмырлары қара еңбектің тепкісінде өткен ата-анамды жаным аши еске алушы едім, бұрын. Бірақ келе-келе менің тірлігім де солардікіне ұқсап бара жатқанын байқадым. Алдыңғы арба салған ізден алшақтау ойыма да келмепті. Орта мектепті де толық бітіре алмадым, мал соңында қиналып жүрген әкеме жаным ашып, тоғызыншы сыныптан соң оқу-тоқумен біржола ат құйрығын кесістім. Білімсіз қалғаныма еш өкінбедім, керісінше кермек дәмді ащы тері тіл үйірген қара еңбектің ғажайыбы мені ұйықша тартып, балауса бұлшық еттерім ерте сіңірленіп, келе-келе шаршап-шалдығу дегеннің не екенін ұмыта бастадым. Ел қол-аяқтарын созып ауыр еңбектен соң тынығып жатса менің бойымдағы қуат тыныштық бермей, бір сәт қол қусырып бос отыра алмадым. Түк жасамадым дегенде ұсақ-түйек отын бұтағанды дамыл орнына санайтынмын. Қой қырқу науқаны кезінде, әдетте түскі ас таяғанда қырықтықшылар толық демалсын деп электр қуатын жалпылай өшіріп тастайтын-ды. Сондай бір жолы, қырқып жатқан қойымның жарты жүні қалып қалды. Қойды аудара салып, жарты жүнін сыпырып алып қоя беруге болар еді, бірақ ондайға мен ешқашан аш қалсамда бара алмаймын. Осындай кездейсоқ жағдайларға арнап алған, қатырғы қағазға оралған үш-төрт ұстараның дүзі төсқалтамда жүреді. Ел-жұрт жуынып-шәйініп, дастархан басына енді отыра бастағанда мен де жарты қойдың жүнін сырылдатып тастап жандарынан табылатынмын. Түскі үзлістен соң әлдекімдер шала қырыққан қойларын таба алмай әлекке түсіп жатқанда мен таза қойдан бастап, кейбіреулер сияқты бір қойды қырқа сала шіреніп темекі шекпей, жұмыс аяғына дейін бел жазу деген жоқ. Темекі мен демалысқа ұзақ түн алдыда тосып тұр емес пе...


Маған бақыт силаған алғашқы қуанышты шақтың бірі - Айтолқын деген көрші ауылдың қызына қатты ынтық болғаным. Ол ерте піскен жеміс сияқты өз жасынан ілгері есейген, сақа қыз еді. Жасымыз тете болғанымен, ол - мен секілді бала махаббаттың буына мастанатын шақтан әлдеқашан өтіп кеткен көрінеді. Мен жетектеп апарғым келген өңір - оған еш қызық емес екенін аңғардым, бірақ ол мені баласынып сезімімді мазақ етпеді, ешқандай тәлпіш қылық талап етіп, немесе оны өзі де көрсетпеді. Сандығының кілтін әсіресе менен құпия сақтаған жұмбақ жан болып, ол жадымда қалды. Мүмкін Айтолқын екеуміз мәңгілік те болар ма едік, егер мен әкемнің қасына мал бағуға кетпегенімде...


Өмірдегі көрген қуаныштарым сірә бейне таспадай, жадымда жаңылмастай жазылып қалған-ды. Енді сол көріністер рет-ретінен шатасып, жұмарланған тұтас көрініске айналып барады. Бала-шағам; малым; талдан өріп қоршаған дуалым; кіршіктей іртігі жоқ сылаққа арналған май батпақ; ұңғыларынан түтін аралас ауа әндетіп моржасына ұмтылған, бес-жеті құдықты пештер; пішені қайқайтып тиелген ат арбаның сықыры; бір қараңғы, бір жарық таң алдындағы елең-алаң; төбе құйқаны жібітіп төмен құйылған, жотаға ақ сор болып қатқан тұзды тер; ішкен сайын тәбетің ашыла түсетін сүт қатқан қошқыл шәй; жаңа жыртылған бақшадағы қара топырақ исі... Көз алдыма елестеген осы көріністердің барлығы да жаныма өте жақын, барша өміріме өң берген қимас тәтті сәттер екенін тұла бойыммен түйсіндім. Тегі бұл жарық жалғандағы қалт еткен тірі сәтіңнің барлығы да қадірлі екен-ау!? Осылардың ішінен бұрынғыдай ұзын арқан, кең тұсау ғұмыр кешіп жүргендегідей іріктеп ешқайсысын бөле алмадым. Байырғы іріктелген әрлі сәттерім шәйға салған шекердей күллі өткерген өміріммен араласып, оның бетін көмкерген өрнекке айналып кетті. Алпыс жылғы ғұмырым енді қарасаңыз жұдырықтай ғана болып, бір демнің ішіне сиып барады. Аяқ-асты осындай күйге түсетінімді болжамағандықтан, жасалмай қалған қыруар шаруаларым енді сол демнің сыртында қалатын болды-ау! Бастаған жұмысын аяқсыз қалдырып көрмеген адам үшін бұл келеңсіз жәйт екен. Өмірге деген менің ынтызарлығым - тек тірі жүруді ғана мақсат еткен жеке бастың іштарлығы емес, таң қараңғысынан сонау қас қарайғанға дейінгі аралықты толтыратын сарқылмас, күйбіңді еңбектің қызығы еді. Сол қызықты қимай дер кезінде ем-дом да алмадым, егер мен күнделікті тұрмысымнан қалт етіп бір сәтке қол үзсем, әбден қалыптасқан арадағы байланысы божырап, неше жылдар бойы қалап келе жатқан берекемнің шырқы бұзылар деп шошитынмын. Науқаспын деп төсек тартып жатып қалудан, ешнәрсеге шамам келмей жұмыстан қалып, қол қусырып отырудан қорықтым. Еңбек еткен адамға ешқандай дерт жоламайды деп сендім. Акула деген теңіз жыртқышы бір сәт қимылсыз қалса өліп кетеді деп естіген едім, менің де тірлігім сол тектес болған сияқты. Бір сәт бос отыру деген мен үшін нағыз қияметтей көрінді. Өз шаруамнан артылып жатсам ауылдастарымның бұйымтайын реттесуге әрдайым дайын тұрдым. Мен қалаған пештің жылуы да елдің айтуынша өзгеше болатын, әлдекімнің шатырын жапсам да басқаларға ұқсамайтын өз қолтаңбамды қалтыруға тырысатынмын. Не жасасам да менің қолымның ізін барша жұрт бір көргеннен айырушы еді: «Бұл – Бәкеңнің жасағаны ғой!» деп. Енді қарашы, сол талмастай көрінген қол-аяқ жансызданып, бөтен біреудікіндей менің ырқыма бағынбай барады. Осыдан бір ай бұрын үйдегілер мені жетектегендей, зорлықпен облыстағы үлкен дәрігер алдына апарып еді.


- Ағасы, мынандай көнтері алақанды ешқашан көрмеппін, бұндай жағдайға түсіру үшін неше жыл күн-түн демей тас уқалау керек қой! – деп ол жағасын ұстаған-ды. Дәрігерсіз-ақ жүрегімнің сыр беріп жүргенін өзім де білетінмін, неше қабат кеудеме от қарығандай болып көзім қарауытты, бірақ дабыра қылып үй-ішімнің берекесін алғым келмеді. Қысып-қысып қояр дедім. «Ең болмаса оншақты күн жатып ем алып, тынығыңыз» деген дәрігердің кеңесіне құлақ аспадым, үйдегі аяқсыз қалған қу шаруалар көз алдыма көлденеңдеп тұрып алды. Ертең-бүгін көктем де шығайын деп тұр. Есі дұрыс адам осындай кезде өліп қалып жатпаса, ауруды сылтау қылуға қалай дәті барады. Дәрі-дәрмегін үйде жүріп-ақ уақытында қабылдармын, шаршасам шаршаған да шығармын, аракідік дем алып ұйқыны қандырсам, жастайымнан жабысқан дерт емес қой, жазылып та кетермін...


...Езуіне келіп, ернін жібітуге шамасы келмей іркілген бір тамшы жас - сәлден соң сарқылатын соңғы сәулесін күнмен таластыра жарқылдатады. Оның алдын осы жасқа дейін беймәлім етіп, бүркеп келген бозала мұнар тәрізді перде, айқара ашылды. Қара жолдың жиегінде қайыспас қара нарға теңелген азамат жатыр..


Топырласқандарың біреуі оны кеше көрсе, енді бірі осы ертеңгілік қана сәлемдескенін айтып, бір-бірінен «шүйінші» сұрасқандай оза даурығады. Іштерін үрейлі тітіреніш билеп, бұндай күйден өзінің аулақ екеніне шүкіршілік еткендері де бар. Бәрінің бастарына келер жағдай екенін өзара ауызша ғана айтқандары болмаса, бірақ оған пәлендей мойынсұнып жатқан ешкім жоқ. Былай шыға күнделікті тірліктің жетегіне еріп, жарық жалғанның қызық-шыжығына қайта оралуда...



Ібіліс жүрген шақ


Ібіліс жүріп жатқан кез. Алматының түнектей қара аспанынан салақтаған қошқыл тұман көше шамдарын күңгірттетіп, табан астыларын ғана жадағай жарықтап тұр. Сіркірей жауған жаңбырдан асфальт беті алатаңбаланып, суық сәуле шашады.


Есенбек екінші қабаттағы үйдің терезе алдында осы сұрқайылау көрініске көз салып, мелшигелі екі-үш сағат. Алғашында алаңдап, қараң-құраң еткен болса жиырыла қалып, таныс сұлбаны ажыратуға тырысып шұқшия қалатын-ды. Уақыт жылжи - не үшін отырғанын да ұмыта бастаған тәрізді. Енді болмаса көзі ілініп кете барған сәтте, кенет шыққан күлкіден селк етті.


Қыз бен жігіт көшенің арғы қапталынан бері қарай қол ұстаса жүгіріп өтті. Кіре беріс есіктің күн қағары астында жаңбырдан тасалап, ұстасқан қолдарын ажырата алмай біраз тұрды. Бір-бірін иіскескен адамдарша әлсін-әлсін қабысып, сосын кері шегініседі...


Есенбек олардың төбесінен біраз бақылап отырды да ары қарай дәті шыдамады. Көкірегі қарс айырыла күрсініп, жарықсыз алакеуім бөлмедегі диванға сұлқ отыра кетті. Екі қолымен басын ұстап: «Не іздеп келдім?! Осыны көруге ме?! Бұны көргенше қу көзім неғып ағып кетпеді екен!!!» деп шайқала күңіренді.


Есіктің құлпы сылдырлап, ашылды. Нәзия аяғын жым-жым басып, Есенбектің жатқан бөлмесі тұсынан өте бергенде, тұншыққан күңгірді құлағы шалды.

- Есен, сен әлі жатқан жоқсың ба?

- Жо-жоқ...

- Шәй қояйын...

- Рахмет.

Нәзия ары өтіп кетті де сәлден соң қайта оралды. Диван мен қарсы кресло арасында аласа стол тұр. Екеуі қарама-қарсы жайғасты. Біраз үнсіздік орнады. Ішін тартқан бір жайсыз тым-тырыс күй...


- Есен... Әзірде байқаған шығарсың... менің жігітім бар...

- Хы-хым... байқадым...

- Сені қатты силаймын... бірақ, тек достық деңгейде ғана... сен кешір мені, біздің арамызда достық сезімнен басқаға орын жоқ...

- Нәзия, мен бәрін түсінемін... Бірақ, сенімен дос болу күлкілі сияқты.

Тіпті, менің осы қазіргі жағдайымнан да ауыр. Мен бекер келіппін... кетейін. - Екі түннің ортасында қайда барасың? Таң атсын да...

- Сені жаман атаққа қалдырғым келмейді...

- Осында екеніңді менен басқа ешкім білмейді. Саған сенемін. Сен өте жақсы адамсың!

- Егер жақсы адам болсам, неге лайық емеспін саған?!

- Мүмкін, мен саған лайық емес шығармын...


Ары тағы үнсіздік орнады. Есенбек түрегеліп, Нәзияның артына шықты. Қызда үн жоқ. Тұла-бойы сіресіп, тасқа айналғандай қатып отыр. Көкірегін өкініш өртеп өтті. Егер аға-жеңгелері ел қыдырып, бұны жалғыз тастап кетпегенде бұндай хәлге душар болмас еді... «Бекер есікті ашып, бұны кіргізген екенмін! Ауылдан келгеніне қуанып, есім шығып кеткені несі? Оның ойын қалай ұмыттым?!» Тамырында ойнаған қаны оның құлағын бітердей гүрсілдеп, есінен тандырды. Мойынсұнған кіріптар күйге түскен ол - зәбір көретініне еш күмәні жоқ еді...


Есенбек жаңбырлы түнді кешіп, автовокзалға бет алды. Талай түнеп көрген етене орын. Ол келгеніне өкінбеді. Осылай боларын алдын-ала білгендей сезінді. Нәзияға жаудырып өлең-хат жазғаннан басқа не бітірді? Бұған бірде-бір жауап та келмеген-ді. Нәзия ешқашан да үміт отын сездірмеді. Есенбектің өзі ғана өз қиялына еріп, оны құшты, сүйді... күйді. Нәзия керісінше, «Қозы Көрпеш - Баяндай бір молада жатамыз...» деп жазғандарын оқығанда - бұның махаббатынан зәр иманы ұшатын-ды.


Жарықтау бір бұрышты тауып, жедел жан қалтасынан қағаз-қаламын алып, ол жүрелей отыра қалды. Буырқанған алапат сезім астаң-кестең ақ қағазға ағыла бастады. Қызға айта алмаған, онымен бөлісе алмаған қыстық махаббат жыр болып тарқатылды. Көзінен парлаған жас - оның бетінен сипап жұбатқан жылы алақандай көрінді. Есенбек осы сәтте бір күйді анық түйсінді. «Нәзия, саған мың да бір рахмет! Менің жүрегіме махаббат ұялатып, оны оятқаның үшін! Сені құшып, сүймесем де өмір-бақи сені жырымның жалауы етіп өтемін! Сен арқылы нақ сүйерімді енді тапқан сияқтымын!» деп ол әдетінше күңгірлей күбірледі.


Бір-біріне сүйенісіп отырған, не болмаса бүктісіп жатқан жолаушылардың бірен-сараны басын көтеріп, өзімен-өзі сөйлесіп, жылап отырған бұған секемдене қарағандай болды. Сосын кім жетісіп жүр дейсің, дегендей түсіністікпен, қайта жөндеріне қисайды...



Елес


Қысты күнгі сағат сегіз кәдімгі түннің бір уағы іспетті. Осы мезгілде Қамихан жұмысқа жөнеледі. Кенеп бүркемелі арнайы көлік осы сияқтыларды қала ішінен теріп, салақтаған жабыны сартылдап көрші елдімекенге тартатын. Олар бөренеден қиюлап қос қабатты, сегіз пәтерлі үй салып жатыр.


Қамихан соңғы кезде шығар уақытынан ерте келуді ғадетке айналдырды. Оның себебі - өзінен бірер сынып төмен оқыған бір қызды көргеннен басталды. Сол елең-алаңда Әсем де жұмысына шығады. Қамихан оның қарасы көрінгеннен үй қалқасына жабыса жасырынып, ол тұсынан өтіп кеткен соң ғана еркінси соңынан ұзата қарайтын. Әсем өте бір сүйкімді қыз болған еді. Енді ол - қараған кісінің көзайымы боларлықтай, бітім-болмысы әбден толысқан келіншекке айналыпты. Бұрынғы талшыбықтай кезіндегі кербез жүрісінен еш айнымаған, ол өтіп бара жатқанда көзі бар пенде түгілі, бейқам тұрған терек те амалсыз мойын бұратындай... Қамихан бірнеше мәрте оның жолын кесіп, сәлемдескісі келді. Бірақ оған жүрегі дауаламады. Өзінің мынадай тұрпатынан қымсынды. Бұтында қалың шалбар, иығында тамақ салған саталақ қапшық. Күн жарықта көшеге шығуға ұят сықпыты оны әр жолы тежеді. Сосын ол: «Әсем бір бастықтың әйелі шығар... Киіміне қарағанда ауқатты көрінеді... Осыдан он жыл бұрын келешегі кереметтей болған мені танымас та...» деп шешті. Әсеммен билеп жүргендегі сәті есіне түсті. Қыздың тұла-бойы дірілдеп, көз жанарын тіктей алмай, алып қаша бергені... Қамихан өзін сақа жігітше ұстамақ болып, ернінің дәмін татқысы келіп, қыз алдында ересектік танытқаны... Әсемнің: «Менің алғашқы сүйіскен жігітім сенсің!» деп кейін мойындағаны...

- Өй, қабырғаға сүйеніп ұйықтап тұрсың ба?! – деген тосын дауыстан ол шоши, есін жиды. Жұмысшылар тартатын көліктің жүргізушісі екен.

- Пипылдатып тұрмын, пипылдатып тұрмын!.. Құлағың бітіп қалған ба?!

Қамихан ләм-мим деген жоқ. Соңынан ілесіп, көліктің артынан барып, ішіне артылды. Ондағылар ысырылып бұған орын берді.

- Кәке, саған әдейі жылытып қойдым тақтайды...

- Рахмет.. – деп ол сүлесоқтау ризашылық танытты да тұтасқан қара көлеңкеге сіңіп кетті. Оншақты адамның қараң-құраң сұлбасы темекі оты сорылғанда ғана байқалады. Күңгірлескен сөз. Кешегі мен бүгінгі тірліктің әңгімесі...


Қамихан манағы елестің тәтті күйінен әлі арыла алмай, басын иығына сіңіре бұйығып, жоқ адамдай тым-тырыс. Ол өмірінің қалай ауытқып, осындай бейшара күйге түскеніне өзі қайран секілді. Әсемді көргелі терең ұйқыдан оқыс оянған жандай - дегбірсіз күй кешіп жүр. Ешқашан келмеген ойлар мен ниеттер бұны торуылдайтын болды. Расында ішінен әлдебір өзге адам түрегеліп келе жатқан тәрізді. Ол дәл бүгін құрылыс басына барған соң, өз еркімен арызын жазып бұл бекер тірлікті доғаруды ұйғарды. Реті келсе үзілген оқуды жалғап, немесе басқа бір ұшқынды іспен айналысқанды жөн санады. Жалдап тұратын, іші мандып жылымайтын қуықтай жалқы бөлмесі мен ондағы жадау тұрмысы көз алдына келгенде ұяттан екі беті ду-ду етті.


- Сен қалай ойлайсың? – деп бүйірлес жайғасқан кісі бұны шынтағымен нұқып қалды.

- Нені? – деген Қамиханның сұрағына отырғандар жамырай мәз боп күлді.

- Мынау ұйықтап отыр-ау, шамасы?

- Қайнап жатқан қарашайырға қолымды тыға алам деп Петро бөседі. Тыға ала ма, алмай ма деп соған бәс тігіп отырмыз.

- Өзі білсін...

- Олай бомайды! Сен бір жағына шығуың тиіс.

- Мазамды алмашы а!..

- Қойшы соны... Кейінгі кезде Кәкеңнің ішін бір құрт үңгіп жүрген тәрізді.

- Кәртөшкенің сарбас құрты болмасын!..

- Жоға, етегі бар құрт секілді!


Еркектер қарқылдап кеп күлісті. Қамиханға таяу отырғандар жотасынан, ияғынан қағып, жаратқан пиғылдарын танытып қояды.

Бұның еркі шектелген мерзімінің өтелгеніне біраз болған-ды. Елге қайтса да болар еді. Ағысы жоқ тұйық судай мына тірлігіне де еті үйрене бастаған сыңайлы ма... Қамиханның тұла-бойы түршігіп кетті. Әсіресе, арасына жүгіртілген тоқпен жылыйтын белоранышы есіне түскенде өз төсегінен өзі жиіркенді. Шәйдің күрең таты баттасқан темір күрешке, қалайы табақ пен қасық... қатқан нанның үгіндісі, пышақ тіліп жырым-жырым болған жарғақ дастарқан. Тіпті, дені дұрыс шығыс киімі де жоқ екен-ау!? Киініп баратындай жер де, бұны тосқан біреулер де болды ма, осы уақыт аралығында. Перде орнына газетпен бүркемеленген жалғыз терезеден себезгілеген, өлеусе жарық сияқты көріксіз өмір ғана бұның серігі болыпты.


Сорлы неменің жағы неткен осал еді. Қамиханға он шақты болып жабылғанда ол солардың ішіндегі ең «өжеті» көрінген-тін. Тұмсығы қатты бәтеңкесімен бүйірден-бүйірден тепкенде ол тым батыр еді. Ауруханадан айығып шыққан соң, Қамихан тек соны ғана кездестірсем деп көкседі. Заң адамдарына тіс жарып ештеңе айтпады. Тек «Танымаймын, білмеймін» деген сөздерінен жаңылмады. Қамиханның кегі сол топтың арасындағы тек осыған ғана кеткен сияқты. Жағын сындырып кегін алды. Бұның бокстан хабары барын білген айыптаушы жазаны асыра қатал талап етті. Екшелей келіп үш жылмен шектелді. Соның екеуін темір тордың ар жағында өтеп, тәрбиелі тәртібін ескеріп, соңғы бір жылды ел арасында қадағалаумен өткерді. Қашанда емен-жарқын жүретін, ашық мінезді жас жігіттің қабағы түксиіп, өмірі күліп көрмеген әлдекімге ұқсап кеткендей.


Егер Әсем ойда-жоқта осы қаладан көзіне ұшырамаса - бұның өмірі сол тұйық судың тереңіне бата берер ме еді. Қамиханның кеудесінде от тұтанғандай әсер туып, денесі пысынап сала берді. Ол неше жылдан соң, алғаш рет өзінің бойынан жалын секілді лепті сезді. Бұл қуат оған өте таныс және етене еді. Ол енді тұйық суда жандалбассыз жата бермейтінін анық түйсінді. Қамихан да бір кезде бәске түсіп, қолын қайнап тұрған қарамайға тығып көрген. Алдымен қолды суық суға матырып, сосын аса жылдамдықпен қарамайдан «қолғап» кию...


Көлік соңынан ұйтқыған қардың ұшқыны артта отырғандардың беттерін шалып өтіп, ызғарлы демімен тұншықтырғысы келетіндей түтейді. Бүркеме кенептің етегі де желмен жарыса әңгіме соғып, аузы жабылмастан далбырлап барады... 



Бөлісу:

Көп оқылғандар