Түрік поэзиясы: Жəлалəддин Руми

Бөлісу:

18.07.2016 6999

Жəлалəддин Руми 1207 жылы Балхта туып, 1273 жылы қазіргі Түркия жеріндегі Коньяда қайтыс болған Шығыстың ұлы ақындарының бірі. Өмірінің əр кезеңдерінде Нишапур, Бағдад, Дамаск, Алеппо секілді қалаларда тұрған. Көптеген ғəзалдар, лирикалық өлеңдер мен «Мəснəуи» атты дастан жазған ақынды адамзаттың рухани қазынасына үлес қосқан ақын деп бағалауға болады.

руми.jpg 
 

 

 БАҒБАН МЕН ДІНДƏР ҰРЫ

 


 

Ұрлауменен өткен барлық ғұмыры 

Көрші бақтан алма жұлды бір ұры. 

Бірақ сол сəт көріп қалып қожайын 

Беруге оның дайындалды сазайын.

«Мен құдайдың құлымын ғой, Болма таң.

 

Құдайымның жемісінен дəм татам. 

Жесем жеймін жаратқанның еккенін, 

Мені сөксең,

тəңіріңді сөккенің!»

Бағбан айтты: «Мұндай сөзге тойғанбыз, 

Құдайыңның талай құлын сойғанбыз!» – 

Содан кейін кетті бағбан асқынып,

Аяқ-қолын байлады оның тас қылып. 

Жалынды ұры: «Не бүлдірдім ұрғандай? 

Құдайыңнан қорықсайшы, сормаңдай!» 

Сол-сол екен ауыр жаза басталды.

Бағбан оның арқасынан таспа алды.

«Құдай құлы құдай құлын аяп па?! 

Жығады оны құдай берген таяққа, – деді бағбан,

– Құдайдікі құйрық та, 

Құдайдікі соны ұрғызған бұйрық та!»

 

 

ЖЕЗӨКШЕГЕ ҮЙЛЕНГЕН ҚЫЛЖАҚБАС ХАҚЫНДА

 

Қылжақбасқа сеид айтты: «Сыйлы едің, 

Қара басып, жезөкшеге үйлендің.

Төзе тұрмай,

Əй, қызбалық қызбалық!

Əйтпегенде əпермес пе ем қыз алып!»

«Білесіз ғой, тоғыз қызға үйлендім. 

Тоғыз рет масқара бір күйге ендім.

 

Сұлу емес, шеттерінен пəле тек: 

Бəрі бірдей болып кетті желетек. 

Жезөкшеге енді үйлендім,

Міне арман:

Адал əйел шығар мүмкін солардан! 

Ақылдыға артын беріп тұр бақыт, 

Ақымақ болып көрсем деймін бір уақыт!»


 

ҚЫЛЖАҚБАСТАН МАТ АЛҒАН ҚАҺАРЛЫ ШАХ ХАҚЫНДА

 

Қылжақбаспен шах шахмат ойнаған, 

Қылжақбасы əдемі мат қойды оған. 

Қаһарланбай қала ма шах мұндайда, 

Фигурамен қондырды оны маңдайға.

«Үйреніп ал жүруді сен ферзімен!»

«Ендігіде, – деді сорлы, – жөн жүрем!»

«Тағы ойнаймыз!» – деді шахы гүрілдеп, 

Ал қылжақбас қайта отырды дірілдеп.

Көп кешікпей шах тағы да мат алды, 

Ана сорлы тағы мықтап шаталды.

Бірақ та қу болушы ма ед тегін таз, 

Төсегіне сүңгіп кетті жеңімпаз.

«Қайдасың?» – деп айқайлады оған шах,

«Қаһарыңыз төгілмесін маған, шах! 

Қабат-қабат қымтап алмай басымды, 

Шах алдында айтпаспын мен расымды. 

Тағы да мат!

Енді жүріс сіздікі,

Таяқ жейтін тақуа бас біздікі!»

 

ҚҰТЫ ҚАШҚАН ҚАЛАЛЫҚ

 

Танымайтын үйге кірер жөні жоқ 

Кірді бірақ біреу түсі, өңі жоқ.

Үй иесі сұрады одан: «Сіз кімсіз?

Сырқат жандай қалшылдайсыз түк үнсіз!» 

Қонақ айтты: «Санамаңыз өсекке,

Патша мұқтаж көрінеді есекке. 

Иесімен,

Жүрсе де өз бетімен,

Есектерді ұстап жатыр шетінен».


 

 

«Сонша неге қайғырасыз оған сіз, 

Есек – есек,

Сіз болсаңыз адамсыз! 

Аллаңызға рақмет айтыңыз, 

Айтыңыз да үйіңізге қайтыңыз!»

«Есек іздеп жүрген иттер қарай ма, 

Ұстап алып қамай салар сарайға.

Есер патша əр уақытта шала мас, 

Құйрығыңыз бар ма, жоқ па – қарамас! 

Қай кезде де қысып алар тақымға, 

Тирандарға адам да есек қақында!»

 

ПІЛ ТУРАЛЫ ПІКІР ТАЛАСЫ

 

Сонау алыс Үндістаннан келген піл, 

Не болса да, барлығына көнген піл, 

Қамаулы еді тас қараңғы үңгірде, 

Пара беріп, кіргенменен іңірде.

Көре алмай жұрт, 

Бастарын құр шайқады.

Қолдарымен сипап қана байқады. 

Тұмсығынан ұстап көрген бір адам:

«Піл дегенің құбыр, – деді, – аумаған!»

Құлағынан ұстап көрген бір кісі:

«Піл, – деді елге, – желпуіштің үлгісі!» 

Аяғынан ұстап көрген адам кеп,

Пілді өзінше дəлелдеді баған деп. 

Арқасынан сипап көрген əуесқой:

«Піл дегенің, – деді жұртқа, – дөңес қой!» 

Көздерімен көрмегендер анықтап,

Өстіп пілді түсіндірді халыққа. 

Қараңғылық!

Қараңғылық осы ғой,

Көр соқырлық надандықтың досы ғой. 

Кірсе егерде олар ішке шырақты ап, 

Ақиқат та кетпес еді-ау жырақтап!

 


 

 

ЗЕРГЕР ЖƏНЕ ОНЫҢ ТАРАЗЫСЫН СҰРАЙ БАРҒАН КƏРИЯ ХАҚЫНДА

 

«Зергерім, ұмытпаспын сыйыңды, 

Таразыңды берші!» – деп шал қиылды.

«Елек менде жоқ!» – деді оған зергер,

«Елек емес, таразыңды ғана бер!»

«Сыпырғышым жоқ» – деді оған зергер.

«Қылжақты қой! Уақытым жоқ ерігер.

Таразы деп сұрап тұрса керегін,

Жоқ дейсің сен сыпырғышым, елегім» –

Күйіп кетті зергер де қажыған:

«Мені керең деп тұрсың ба, алжыған! 

Дір-дір еткен қолың мынау қалтылдақ, 

Төгесің ғой құм аралас алтынды ап.

Оны қалай сыпырғышсыз жинайсың? 

Сыпырғышты мына менен сұрайсың. 

Сосын оны тазартуың керек пе?

Олай болса келесің бір елекке! 

Ішім менің алдын ала болжайды.

Бай көршіңе барып айтқын хал-жайды. 

Таразы, елек, сыпырғышты саған ол 

Түгелімен бере алады,

Аман бол!»

 

 

ҰРЛАНҒАН ҚОЙ ХАҚЫНДА

 

Бір азамат келе жатқан, Соңында

Бір семіз қой, болар сірə, соғымға. 

Қас пен көздің арасында оның да 

Көзі құрып,

Жіп-ақ қалды қолында.

Қара жүрек болса керек анау да, 

Бұлбұл ұшты майлы құйрық, палау да.


 

 

Қой ұрлатқан у-шу қылып жан-жақты, 

Санын соқты,

Шашын жұлды, Зар қақты.

Ал ұрыңыз еті үйренген ондайға 

Өз алдына басып жатты ойбайға. 

Не болды деп түсінбей ел қулыққа,

«Алтын дорбам түсіп кетті құдыққа. 

Бар байлығым – жүз динарым бар онда, 

Жиырма динар берем алған адамға!» 

Ақыл бар ма қой жоғалтқан адамда, 

Əлгі сөзге жетіп келді табанда.

«Жиырма динар төрт-бес қойдың құны ғой! 

Аяғаннан құдай берді мұны ғой!»

деп құдыққа батырғанда иінін, 

Қойға қоса əкетті ұры киімін!

Жат қалада қалай жүрсең, олай жүр, 

Бірақ та тек алды-артыңды қарай жүр. 

Ал арамдар аңқау жанды қатырар, 

Өкініштің құдығына батырар!

 


 

ҚОЙ МЕН ӨГІЗ ЖƏНЕ ТҮЙЕНІҢ ДАУЫ

 

Өгіз бен Қой қастарына Түйені ап, 

Келе жатқан тау етегін қиялап.

Ойда жоқта алды достар шөп тауып,

Бір арқан шөп жол бойында жатты ауып.

«Бөліп-жармай, Өкпелетпей, Кейітпей,

Ырыздықты үлкеніміз жейік те! 

Ел қашаннан аға сыйлап келді ғой,

Біз де үлкенді құрметтейік!» – деді Қой. 

Өгіз айтты: «Осы Қойдың есі бар.

 

Кіші жемей, үлкен жесе несі бар?!

Ал, кəнекей, шындықты айтып көрелік, 

Кімнің  жасы үлкен соған берелік!»

«Халил-Улла пайғамбардың отарын 

Молайтқан да мына менің қатарым. Соларменен , – 

деді Қой, – мен қыр астым, 

Ибраһим сойған қоймен құрдаспын!»

Өгіз айтты: «Ең үлкені мен жұрттан! 

Адам Ата меніменен жер жыртқан!» 

Осыншалық өтірікке шамданып, 

Шөпті түйе алды жерден паңданып.

Сосын тұрып: «Айтқандай-ақ өздерің, –

деді оларға, – Рас шығар сөздерің. 

Бірақ мына керней мойын тұрғанда, 

Дəлел іздеп, мені құдай ұрған ба?! 

Міне, достар,

Қарап мына кескінге,

Өздеріңнен кіші демес ешкім де!»

 

ДƏРІГЕРГЕ АУРУЫ ЖАЙЛЫ АРЫЗ АЙТҚАН КƏРИЯ ХАҚЫНДА

 

Емшіге шал былай депті: «Сырқатпын. 

Көзімнің де сорасы ағып жүр қатты». 

Емші айтыпты: «Тура келер шыдауға, 

Кəріліктен көз жасы да, тұмау да!»

«Бірте-бірте қалып барам көруден!»

«Асқандықтың белгісі ғой елуден».

«Белімді де жаза алмаймын мен əлі».

«Оған да сол қарттығыңыз кінəлі!»

«Ішкен асым сіңбейді бір бойыма».

«Қарттықтың ол кесірінен, мойыма!»

«Жөтелемін, жүрсем қалам алқынып!»

«Кəрілік қой. Көп қыдырма, ал тыным! 

Қартайдың ба? Белің ауру, көз ауру.

Қарттық деген əкеледі жүз ауру!»

«Ақымақсың! – деп сонда қартың ентікті, –

Енді саған емделмеймін мен тіпті! 


 

Емдейді шын дəрігерлер дəрімен,


 

Ал сен соның жұрдай жансың бəрінен! 


 

Есектерден, сірə, сабақ алыпсың.

Есексің сен! Есек болып қалыпсың!»

«Сіз ашуға бой ұрдыңыз, ол-дағы!» 

Қарттық деген пəлеңіздің салдары!»

 

ҚОЛҒА ТҮСКЕН ҚҰСТЫҢ АҚЫЛЫ

 

Сайран салып жүрген кезде көдеде 

Тұзаққа бір түсіп қапты бөдене.

Тор ішінде пыр-пыр етіп бөдене:

«Мен бəрібір аспаймын түк кəдеңе! 

Ағыл-тегіл жетіп жатыр дəулетің, 

Бытпылдық жеп өскен емес əулетің. 

Мақтарлықтай етім дəмді, күшті емес, 

Босат мені, берейін мен үш кеңес.

Біріншісін айтайын өз қолыңда, 

Екіншісін анау терек жолында. 

Үшіншісін қонған кезде бұтаққа, 

Босат мені, бостан-босқа жұтатпа!

Құлақ қойсаң үш ақылға мен берген, 

Жан боласың дүниені меңгерген.

Бірінші ақыл – «Құлағыңа құйғанда, 

Дұрыс-ау деп бейпіл сөзге иланба!» 

Ақыл үшін болмайды ғой тас атып, 

Соны айтқан соң жіберді адам босатып.

«Қол жетпеске адам қолы жеткен бе, 

Қапа болма ешқашанда өткенге!» – 

деп бөдене алыс барып қоныпты, 

– Бір байлыққа жолығудай жолықтың: 

Бөтегемде жатыр лағыл он мысқал, 

Оған саған жету үшін қол қысқа!

 

Бес елі екен маңдайыңның соры да, 

Мұндай байлық түспес қайтып қолыңа!»

 Көлденең көз сол кездегі көрсе оны, 

Қала барды шашын жұлып, жер соғып.

«Айттым ғой мен, жетпеске қол жеткен бе? 

Қапа болма ешқашанда өткенге!

Кеткен бе ағып құлағыңнан бұл ақыл, 

Бəрі бір, дос, енді мейлі, жыла, күл!

Алдын ала өстеріңді мен сезгем, 

Айтып ем ғой иланба деп жел сөзге. 

Менің өзім сəл үлкенмін кенейден,

Он мысқал тас өтуші ме ед көмейден?!»


 

«Уһ, – деді адам, – жағдайымды түсінші, 

Айтшы жылдам ақылыңды үшінші!»

«Жə, айтайын, түскен болсаң сабаңа. 

Сəуле болып кірсін ол бір санаңа.

Ақымақтарға айтқан ақыл əр таңда 

Дəн сепкенмен бірдей əппақ сортаңға. 

Есуаспен əуре болып жатқан кім?

Жыртығына жамау жетпес ақымақтың!»

 

ЖҰҚА МЕН ЖЕТІМ

 

Шығарып сап ұзақ жолға ақырғы, 

Жоқтау айтып бара жатты пақыр ұл:

«Қара жердің құшағына кіргесін, 

Енді қайтып көрмейсің үй іргесін! 

Болмайды онда жарық сəуле ырымға, 

Кілем түгіл зар боларсың құрымға.

Қазаны жоқ, тамағы жоқ қайнаған, 

Күндіз-түні бір тас түнек айналаң! 

Болмайды онда терезе, не есік те. 

Есік түгіл, сəуле түсер тесік те!

Басқа түссе, адам – пақыр, не шара? 

Ə дегенше боласың-ау бейшара!

 

Тап-тар жерге, тас түнекке байланып, 

Сорлайсың ғой, əке, басың айналып!» – 

Тұзақ құрып əкеге ажал алжыған, 

Өстіп бала бара жатты қан жылап.

Жұқа сонда: «Ойбай, – деді, – мен ұқтым, 

Дəл біздің үй – барар жері өліктің!» 

Келмеп еді көкесінің көнгісі,

«Біздің үйдің, – деді Жұқа, – белгісі: 

Болған емес бізде тамақ ырымға, 

Байлық-дəулет, кілем түгіл құрым да!»

 

НАН САТУШЫ ЖƏНЕ ДҮКЕНГЕ МАЙ ТӨГІП АЛҒАН ТОТЫ ТУРАЛЫ

 

Нан сатушы көпті көрген тісқақты 

Дүкенінде бір тоты құс ұстапты. 

Отырыпты ол əп-əдемі пішіні 

Қадағалап келім-кетім кісіні.

Мылжың емес сөзінің жоқ маңызы, 

Сөйлейді екен тілдің майын тамызып. 

Қырсықтың да жоқ-ау шегі, ай, тегі, 

Бірде еденге ол алса керек май төгіп. 

Нан сатушы не істесе де ерікті

Бар пəлені өз көзімен көріпті. 

Тотысының қылығына өкініп,

Талдап-талдап жұлыпты оның кекілін. 

Осындай бір қолайсыздау өтіпті іс, 

Қорыққаннан тілсіз қапты тоты құс.

«Тасқа тигір мына қол ма, мына қол –

Аллаға аян – түбі семіп тынады ол.

Тоты құста нем бар еді қылықты?!» 

– деп қожасы өз сақалын жұлыпты.

Бал аштырып, салдырыпты зікір де, 

Мылқау құсқа қайтадан тіл бітір деп. 

Айтып сөздің түрлі-түрлі мəндісін, 

Тамақтың да аямапты дəмдісін.

 

Көңілді үй сияқты еді əнші үйі, 

Тоты бірақ тіл қатпапты мелшиіп... 

Бас дегенің иегіндей көсенің, 

Біреу келіп байлапты үйге есегін. 

Соны көріп тіл бітіпті тотыға:

«Қай ақымақтың ұшырадың сотына?! 

Бір тал шашсыз басың анау, ай, тегі, 

Сірə, сен де алғансың ғой май төгіп!» 

Өзін өстіп қатар санап данамен, 

Сөйлегенде ол, мəз болыпты тəмəм ел. 

Шаш орнына төбесінен шаң ұшқан 

Таздың бəрін дей алмайсыз данышпан. 

Ақымақ жұртты өзімдей деп ұғады, 

Адасудың бəрі содан шығады.

Доңыз болып, ит боп жүріп талай біз, 

Өзімізді пайғамбарға балаймыз.

Адамға тəн аш болу һəм тоқ болу, 

Бұл тұрғыдан, рас, біз де жоқ бөлу. 

Көре алсаңыз, ой көзімен қараңыз, 

Əйткенменен жер мен көктей арамыз. 

Екі араның бірі жұртқа бал берсе, 

Біреуіне елді шағу – тəн нəрсе.

Бір еліктен адам дəрі-нəр алған, 

Біреуі тек қи тастауға жаралған. 

Миядан ел бір пайдалы зат алған, 

Екіншісі есекмия аталған.

Жетпіс деген жас емес-ау кісі алдар. 

Толып жатыр мұндай-мұндай мысалдар.

 

БАҚСЫ МЕН ИМАМНЫҢ АЙТЫСЫ

 

Имам айтты: «Басың сыйлы, жақсыда 

Исламды қабылда!» – деп бақсыға.

Анау айтты: «Менде қазір дін бөтен, 

Аллаң қашан қабылдаса, сонда өтем!»


 

«Құдай сені құтқармақшы азаптан, 

Тамұқ оты – жаза отынан – тозақтан. 

Бірақ сайтан қойған сені дуалап, 

Бойдан соны шығарған жөн қуалап!» 

Деді бақсы: «Көр соқырмын, көр десең, 


 

Жүре алмаймын құдіретке ермесем!

Айдап мені бір бұрышқа тықты ма, 

Қол көтеріп шыға келем мықтыға. 

Құдайыңа айт, мен сияқты көп ғаріп,

Күшті болса, алсын өзі құтқарып!»

 

ЖҮЗІМ ТУРАЛЫ ХИКАЯ

 

Белгілі жəйт жүрген жұрттар күнде естіп –

Жауласуға апарады білместік.

Бірақ сөзден шыққан кейде өртің де 

Əртүрлі боп айтылған соң əр тілде. 

Түрік, фарсы, арап, грек бəстесіп 

Отырыпты дейді бірде бас қосып. 

Əлгілерге ақша беріп мəрт адам, 

Басталыпты шатақ-жанжал ортада.

«Дəмді нəрсе жегің келсе, халайық, 

деді фарсы, – анғұр сатып алайық!» 

Арап айтты: «Алсақ, əйнаб алайық, 

Ал фарсының сөзі былшыл, халайық!» 

Түрік айтты: «Қойып дауды, халайық, 

Алғаннан соң бұған жүзім алайық!» 

Грек айтты: «О, қараңғы халайық, 

Алдық екен, тек стафиль алайық!» 

Ұқпаған соң тірелер жер – тығырық, 

Тіл орнына сөйлеп берді жұдырық.

 

Надандықтың тиді осылай кесірі, 

Бірін бірі былш-былш соқты есіріп. 

Мəніс білер адам болса мұндайда, 

Бүкіл шатақ бір сөзбен-ақ тынбай ма!


 

«Бəріңнің де керегіңді əперем, –

Дер еді ол, – айтысады бекер ел.

 

Төртеуіңе ортақ ақша бір бүтін, 

Алдарыңда күтіп жəне тұр бітім. 

Бар байлықпен көрейік бір амалдап,

Əркім қазір не қаласа, соны алмақ.

Сөз ұқпаған жоқтан-барға бақырмақ, 

Ұққан адам татулыққа шақырмақ».

 

ҚАРАҢҒЫЛЫҚ

 

Бір сиырды бір өзі жеп тауысқан 

Қора ішінде жатып қапты арыстан. 

Мал иесі сенбейтұғын ұрыға

Əлгі жерге келді түнде тұрып ап.

 

Көрмек болып қи иісі бораған

Бір-ақ шықты тас қараңғы қорадан. 

Сиырым деп күнде əукесін қасынған 

Арыстанды сипап қойды басынан.

 

«Бұл қылығың жұрт таң қалар батыр іс, 

Сірə, мал деп ойладың-ау, нақұрыс! – 

Деп арыстан ашуланды ішінен, – 

Сиырыңның жылы қанын ішіп ем.

 

Қайтер едің көрсең мені жарықта, 

Жүрегіңді жіберер ме ең жарып та!» 

Түскелі тұр енді ажалдың тісіне, 

Қараңғылық не істетпейді кісіге?!

 

Аударған Қадыр Мырза ƏЛИ

"Түрік поэзиясы" кітабынан алынды


 

 


 

 

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар