Арайлым Мұратәлиева: Қазіргі ақындардың "ойға қонымсыз" тіркестері жаңашылдық па, əлде еліктеушілік пе?

Бөлісу:

22.07.2016 3419


арай-есбол.png


«Әдебиет порталы» жас ақын Есбол Нұрахметтің бір топ жаңа өлеңдерін авторын көрсетпей тағы бір жас ақын қызымыз Арайлым Мұратәлиеваға талдатқан болатын. Шағын талдауды назарларыңызға ұсынамыз.


***


Қазіргі жас ақындардың өлеңдерінде кездесетін "ойға қонымсыз" тіркестер жаңашылдық па, əлде еліктеушілік пе? "Шағылған терезе" атты өлеңде автор не айтқысы келді?


"Өлік көзін бажырайтып қараңғы,

Айдың ұзын тырнағына таланды.

Тереземнің алдына кеп әлгі қыз,

Менің мылқау көздеріммен таранды" - деген шумақтағы "мылқау көз" тіркесі орынсыз қолданылған деп ойлаймын. Мұны өзге де оқырманның құптамайтыны анық. Келесі өлеңнің шумағына кезек берсек:


Қоңыр кеш, күз кеші, сида теректер,

Қыздардың күлкісі құлақта гүлдеген.

Көшені кезіп майда жел өпкен,

Көзімде – күлкі, жүректе – дүрбелең...


Осындағы "Қыздардың күлкісін құлақта гүлдеткені" əдемі əрі логикаға сыйғанымен, қайталау байқалып тұр. "Көзімде - күлкі, жүректе - дүрбелең..." - деген жолдарынан-ақ ақынның шынайылығын байқауға болады. Дүрбелең ақынның ғана емес, əрбір адамның жүрегінде бары жасырын емес. "Соңғы көш" өлеңінен уақытқа деген реніш байқалады.


"Арғымақ жылқылар соңғы рет арқырап,

Көкжиек жүзінде Болмыстың бояуы қалтырап...

Соңғы көш өтті... " - дейді. Өткені де өтірік емес. "Үрімжі көшесі" деп басталатын өлеңінде жүрегіндегі сағынышын, шындығын сол күйінде нəзік жеткізе алған.


"Байланған балалық арман,

Қос жүрек іздеді, күтті.

Мен емес жоғалтып алған,

Үрімжі тұманы жұтты... " - дей келе бар кінə "Үрімжі тұманына" артылды...


Жалпы, бұл ақынның жырларынан жылылық пен қатар сағыныштың салқын самалы еседі. Қаламгерге бай, оқырманға сараң кезеңде ғұмыр сүріп жүрміз деген ой көптің көкейінде. Талғамы төмен ақыннан мықты дүние шықпасы анық. Ал талғамды өсіруге не кедергі? Сіз ақынсыз ба? Бұл сұраққа уақыт өзі жауап бере жатар... Ал авторға биіктік тілеймін!


adebiportal.kz

Әзірлеген: Әбу-Асқар Мекешұлы

 


Бөлісу:

Көп оқылғандар