Есбол НҰРАХМЕТ: Бұлт мәңгі - жағымсыз, Ай мәңгі жағымды бола беруден әдебиет те жалықты...

Бөлісу:

01.08.2016 3404

есбол-алпамыс.png

 

 

Әдебиет порталындағы үрдіске сай, маған аты-жөні белгісіз жас ақынның 4-5 өлеңі талдауға берілді. Әуелі көңілге қарамауға, өзімнің санамдағы әділет түсінігі бойынша әділ талдауға серт етейін. Бірінші өлеңнің тақырыбы «Музаға». Алғашқы өлең қарапайым лирика, сөз алысы мен өлең құрылысында мін жоқ болғанымен, көп айтылған, әсіресе ортақол ақындар көп ермек қылған ой сарыны басым. Өзінің ғашығынан басқа ақындар көре алмайтын, сезе алмаған ешнәрсе таппаған. Сол себепті қарабайырлыққа, жаттандылыққа ұрынған. «Өзіңе арналған жырымды...» атты өлеңде әдемі лирикалық жүлге бар. Дегенмен тағы да жаңалық деп айта алмаймыз. Бірақ алдыңғы өлеңге қарағанда өзіне тән ізденістің исі бар. «Аспанды сүйемін...» – Бұл өлең де ең соңғы шуамақтағы ойды айту үшін ғана жазылған. Мұндай шұбалаңдықтан қашқан жақсы. «Паңсың неткен...» атты өлеңде шынайылық бар және әдемі тіркестер де кезігеді. «Сәбидің еңбегіндей нәзік үміт» деген теңеу бұл өлеңнің жетістігі. «Жүрегіме бергім келіп мұраны...» – әдемі лирика, тек әр шумақтың алғашқы екі жолы соңғы екі жол үшін ғана жазылып отырғаны байқалып тұр.


«Жер» өлеңінде қазақтың кең даласынан келген ақын жаны қаланың тас көшесін жатсынады. Өз жанының табиғатпен үндес екенін айтқысы келеді. Бірақ бұл өлеңде де өлеңмен шынайы айналысудан көрі, өлеңге сырттай тамсану бар.


«Ай мен бұлттар» өлеңі де ескі сарын. Өлең құрылысында да, тіркестерде де айтарлықтай ештеңе жоқ. Әрине жүрек түкпірінде әділдікке жақтасқысы келеді, бірақ Айдың бетін бұлт жапқаны да әділет шығар, бәлкім ол да өзінше әдемі, көркем шығар... болмыстың екінші астарын ескерусіз қалдыруға болмас. Бұлт мәңгі жағымсыз, Ай мәңгі жағымды бола беруден әдебиет те жалықты ғой. Кеңес заманындағы секілді бір жақтылы көзқарасты ендігі санамыздан сырып тастағанымыз жөн болар.


«Алатау» өлеңінде кейіптеу басым, мүмкін Таңжарықтың «Іле сыйпатын» оқыған шығар. Оқымаса да сол сарын, яғни ескірген сарын және соншалық сәтті дей алмаймыз. Өзінің жекелік сезімінен көрі еліктеу басым. Оны қайталаудың ешбір мәні жоқ. Ақын мүмкін тым жас шығар, оқуға, ізденуге өмір алда деп сенем.


«Аквариумдегі балық» – Өлеңнің әр шумағы ұқсас бір ойды қайталайды, және әр шумақтың алғашқы екі жолы соңғы екі жол үшін ғана ұйқасып тұр. Ойы бәлкім жақсы шығар, жеткізу жолы нашар. «Боран» атты өлең жақсы, қысқалығымен. Барлық жас ақындардың алғаш өлең жазғанда ұрынатын тақырыбы. Ақындыққа деген махаббат, қиялдан туындаған теңеулер, параллелизмдер. Бірақ оның бәрі иллюзия екенін, ақынның да жай адам екенін ұғыну керек. Ақынның артықшылығы – тек өлең жазғаны ғана. Одан кейінгі «Бір түп жусан», «Таңғы жұпар», «Қалашықтағы шыршалар» атты өлеңдер де жоғарыдағыдай жаттанды сарындар басым. Менің ойымша бұл жас ақын өлеңді тек ермек үшін жазса керек. Ол үшін ізденбеген, өмірлік мақсат етпеген. Егер шынымен солай болса, менің пікіріме де өкпелемес. Бірақ өлеңдерінен ақынның балакөңіл, дархан мінезділігі байқалады. Жүрегі таза, әлде бір ауыр сынға ұшырамаған жан болса керек. Бәлкім менен бір-екі жас кіші, не үлкен болар, айтар кеңесім мынау: егер сіз өлеңді өмірлік мұрат етсеңіз, оның сіздің өмірдегі мәні үлкен болса – тынбай оқыңыз, ізденіңіз. Мұндай таза көңілден мөлдір дүниелер шығатыны сөзсіз. Сізге әдебиет айдынында сәт сапар тілеймін!

 

 

Алпамыс Файзолланың өлеңдері     

 

  МУЗАҒА

 

Жас жүрегімнің күзін ұқ,

Көкірегіңе құт дарып.

Сұлулығыңа қызығып,

Қарайды гүлдер сұқтанып.


 

Санамда менің мың сұрақ,

Сол үшін кейде өң сынық.

Көркіңнен ай да қымсынад,

Өзінің нұрын қомсынып.


 

Арудан сәуле тарайды,

Ғаламға айтам жар салып.

Аппақ жүзіңе қарайды,

Аққулар-дағы тамсанып.


 

Сұлулығыңнан өзіңнің,

Бойына ғажап күй сіңіп.

Мөлдірлігіне көзіңнің,

Қарайды марал сүйсініп.


 

Шуаққа бөлеп даланы,

Түседі саған күн нұры.

Күлкіңнен тына қалады,

Бұлақтың күміс сыңғыры.


 

Арман ару деп таныдым,

Сезбеп ем бұрын мұндайды.

Сен салған әнді, жарығым,

Бұлбұлдар ұйып тыңдайды...


 

 

ӨЗІҢЕ АРНАҒАН ЖЫРЫМДЫ...

 


Даланың аппақ құсынан,
Хатымды саған ұсынам.
Өзіңе арнаған жырымды,
Қағаз ұшақ қып ұшырам.
Самал жел саған жеткізер.


 

Қызысың өзге қаланың,
Бос кетпесе екен талабым.
Жырымды ерке өзенге,
Қағаз кеме қып саламын.
Толқындар саған жеткізер.


 

Өлең-тұлпармен желемін,
Шабытыма да еремін.
Өзіңе арнаған жырымды,
Түнде айға оқып беремін.
Жарық ай саған жеткізер.


 

Жаратқан беріп көмегін,
Алады шайыр керегін.
Өзіңе арнаған жырымды,
Бұлттарға оқып беремін.
Ақ жауын қылып жеткізер.


 

Сұрапыл жастық отымен,
Бөгеттерден де өтіп ем.
Жырлардан ақын жолдаған,
Сыр ұқпай қалма өтінем.
Табиғат саған жеткізер...


 

 

       

     Аспанды сүйемін...

 

 

 

Сенің есімің қандай мағына береді?

Аспани сұлулық деген...

 

 


Әсемдігі ғаламның жарасқан-ды,

Зеңгір көктен кем көрем бел, асқарды.

Жердің тауы, өзені, иран бағы,

Болғанымен,

Сүйемін мен аспанды.


 

Ай мен күн бар аспанда жұлдыз да бар,

Бірі, бәлкім, мен күткен бір қыз болар...

Тылсым құбы-лыстардан сыр шертетін,

Құс жолы да көктегі құнды із болар.


 

Өлең жазу жүректің талабы ғой,

Ақша бұлттан ақындар сауады да ой.

Жапалақтап аспаннан ақ ұлпа қар,

Ақ жауын да аспаннан жауады ғой.


 

Алла ақынды сезімге мәрт етеді,

Өлеңнен ол өзгесін тәрк етеді.

Кемпірқосақ аспанда пайда болып,

Найзағай да аспанда жарқ етеді.


 

Ішке сыймас шабыттың алабы ма ой,

Жырдың оты ішімде жанады ғой.

Қара түннің көз жасы – аққан жұлдыз,

Ол да аспанның жүзінен тамады ғой.


 

Болсын мейлі күн бұлдыр, алап тұман,

Мендік көңіл әрдайым қалап тұр ән.

Көзім тоймай соншама сұлулыққа,

Мен аспанға таңырқап қарап тұрам.


 

...Өлеңімнен өремді ұғынып қал,

Жанарыңда айрықша жылулық бар.

Мен аспанды сүйемін жерден гөрі,

Сенде өйткені аспани сұлулық бар!..


 

                                    

***


 

 

Паңсың неткен,

Құдай-ау, қайрылмайтын жансың неткен!

Көзге ілмей, бағаламай жүргеніңмен,

Ақынның жүрегінде барсың көптен.


 

Қазығы нық,

Сезімді түсінсеңші сазын ұғып.

Әрдайым саған қарай жетелейді,

Сәбидің еңбегіндей нәзік үміт.


 

Қастан да ада,

Жас жүрек қайғыдан да, жастан да ада.

Аспани сұлулығың болғанымен,

Ғашық жан қол жеткізер аспанға да!


 

Таң атырам

Ұйқысыз.

Көз іле алмай мен отырам.

Жыр жазам саған арнап түн ішінде,

Жырларды тыңдаймын да сен оқыған...

 


 

 

***

 

 

Жүрегіме бергім келіп мұраны,

Арманыма ергім келіп тұрады.

Жылдар бойы өшпей қойған жадымнан,

Сол нөмірді тергім келіп тұрады.


 

Ақ махаббат ардың делік ұраны,

Сүйікті әнін салғым келіп тұрады.

Қыдырушы ек қол ұстасып екеуміз,

Сонау баққа барғым келіп тұрады.


 

Ол күлгенде күлгім келіп тұрады,

Хал-жағдайын білгім келіп тұрады.

Анау тұста оның үйі бар-тұғын,

Сол көшемен жүргім келіп тұрады.


 

Көкірегім – жырдың берік тұрағы,

Сезім-баққа кіргім келіп тұрады.

Ол жауынды сүйгендіктен, жаңбырда,

Қолшатырсыз жүргім келіп тұрады....


 

 

 

                   ЖЕР


 

Жаратушы беретін ғаламға нұр,

Жер арқылы сыйлады маған дарын.

Өскеніммен қалада,

Асфальтке

Үйрене алмай қойды ғой табандарым.


 

Таста өскен пенделер кердең білем,

Ақындарға жайлауда келген жыр-ем.

Табан қажып, безбүйрек асфальттен,

Жол шетіне шығып мен жермен жүрем.


 

Өз жерімде кеудемде өрілді өлең,

Жерімді мен қазынам, кенім дер ем.

Жерден шыққан батырдай Желім деген,

Жерден қуат алады менің денем.


 

Жиі есінен шыққанмен дарақының,

Бәріңнің де қара жер баратының.

Жерден қуат алыпты Антей батыр,

Жерден шабыт алады ал ақының.


 

Дауа болмай құстардың шаттық үні,

Дүниенің жаныма батты мұңы.

Қара жермен жүремін жолдан шығып,

Мезі қылып асфальттың қаттылығы.


 

...Қанша кешті өз жерін батырды ойлап,

Терең ойға оянды пақыр бойлап.

Халқым, біздің түсінші күйімізді,

Сезімтал боп жаралған ақын бейбақ.


 

 

АЙ МЕН БҰЛТТАР


 

Тылсымды ұғар таязда кілт болмайды,

Терең ойсыз желөкпе жұртты алдайды.

Түнгі аспанда мойылдай мөлдіреген,

Айдың жүзін неге осы бұлт торлайды?


 

Мен сендерге, әй, бұлттар, өкпелімін,

Тағдыры бір емес пе көктегінің!

Сұлулықты қайтесің бүркемелеп,

Шын асылға қиянат етпеді кім?!


 

Жақсы іспен санада жатталып қал,

Жансыз, тілсіз демеймін затта ырық бар.

Нұрда нең бар алайда Алла жаққан,

Елге керек жарықты жаппа, бұлттар!


 

Апарары өлеңнің шарықтау шың,

Жүректерді тәтті умен шағып та алсын.

Ай сұлуды, бұлттар, жасырмашы,

Жерде ақындар сүйсініп, шабыттансын.


 

Мен сендерге ұқсаңдар сырбаз сыншы,

Көктегі мен жердегі жымдассыншы.

Бүркемегін, бұлттар,

Түндерде аймен,

Шын ғашықтар армансыз сырлассыншы.


 

Өз аңызын тудырар халық ойдан,

Аңызсыздың жетісер халі қайдан?!

Орын көп қой аспандай дарияда,

Әрмен жүзші, бұлттар, жарық айдан!..


 

 

                АЛАТАУ


 

Көк шөбі таудың жасыл жейдесіндей,

Көк тасы сол жейденің түймесіндей.

Көк шыңға шапши шыққан шыршалары,

Кірпінің тікірейген инесіндей.


 

Асқар тау деп тұрғандай «ірі іс тындыр»,

Биікте болады екен ырыс шын дүр.

Күнменен шағылысып аққан бұлақ,

Тәрізді шұбатылған күміс шылбыр.


 

Тауда адам шабыттанып, әндетеді,

Алатау – бізге біткен дәулет еді.

Екі аттап шығатындай көрінген шың,

Сағымдай жеткізбейтін әуре етеді.


 

Биікте серпіледі дария мұң,

Тау көрсін балапаны әр ұяның.

Кептелген шың басына ақша бұлттар,

Секілді бұйра шашы қарияның.


 

Көрмеген болсаң егер тауға шығып,

Берілме, шыңға шықпай қалма сынып.

Алатау қарсы алады әрбір жанды,

Баурында абат бақта алма ұсынып...

 

 

 

АКВАРИУМДЕГІ БАЛЫҚ



Айтшы қандай тағасың кісіге мін,
Өңі түгіл кіретін түсіне мұң?..
Аквариумде қамалған қайран балық,
Сенің ғазиз мұңыңды түсінемін.



Еркін өмірді аңсайсың тордан ада,
Біздің көңіл қапасқа алдана ма?!
Сен сыймайсың осынау тар әйнекке,
Мен сыймаймын осынау тар қалаға.



Саған берген иеңнің «тағы» ма бұл?!
Бұл-бұл ұшты, болды енді сағым ағын.
Сен балдырлы айдынды сағынасың,
Мен орманды даланы сағынамын.



Сағынышты қалайша тыйып тұрам?!
Бұл сағыныш тәрізді ұйық тұман.
Дүр ағынын өзеннің сен аңсайсың,
Мен даланың боранын ұйытқыған.



Денең қуат бұл жерден аз алады, ә?
Сырқатыңды айналаң жаза ала ма?!
Сен өлердей ынтықсың таза айдынға,
Мен өлердей ынтықпын таза ауаға.



Жатырқама, табиғат, төл балаңды,
Қос перзентің ұмытсын енді алаңды.
Сен мұңлықсың аңсаған айдыныңды,
Мен мұңлықпын аңсаған кең даламды...

 

 

 

БОРАН

 

 

Мәлім күллі жер беті, кенезеге,

Бұл мәңгілік заң ба әлде, ереже ме.

Қыстың ұзақ түнінде ақ қыраумен,

Боран өрнек салады терезеге.


 

...Өткен күннің қуат ап дерегінен,

Бүкіл жағдай өтеді ой елегінен.

Ақын да бір боран ғой, түндер бойы,

Сұлу өрнек салатын өлеңімен!


 

Ұйықтамай да жүреді көп түн олар,

Үлгі қылып жырлайды тектіні олар.

Сөз зергері емес пе ақын деген,

Борандайын сұрапыл екпіні бар!


 

 

БІР ТҮП ЖУСАН

 

 

Жүрегімде тулады жыр, келді құт,

Бекітейін шабытпен іргемді нық.

Бір түп жусан бөлмеме әкеп қойғам,

Туған дала төсінен бір берлгі ғып.


 

Шіркін, әр күн Жайыққа қол жусамды,

Онда ерекше орман мен шөл, су сәнді.

Мұнарлана туған жер елестесе,

Құмарлана иіскеймін сол жусанды.


 

Қалдырыпты осындай сарқыт бабам,

Бағалы ғой сондықтан әр түп маған.

Туған жердің иісі сіңген жусан,

Жұпарынан бар гүлдің артық маған!


 

Мекенімде көңілім дамылдайды,

Жерін сүйген түсінер, таныр жайды.

Туған дала жусаны, білесіз бе,

Жүрегіне ақынның тамыр жайды...

 

 

 

ТАҢҒЫ ЖҰПАР

 

 

Таңда көктен өлең мен ән жауады,

Тапқандайын боласың жан дауаны.

Жақсы көрем таңертең серуендеп,

Кеуде кере жұтқанды таңғы ауаны.


 

Таңғы ауаны жұтайын от деміммен,

Жүзімнен нұр төгілсін, от реңімнен.

Жас кеудеме толсыншы таңғы жұпар,

Таңғы жұпар аңқысын көкірегімнен!


 

Ақ арманым, үмітім ақталса екен,

Жүріп өтер соқпағым ақ болса екен.

Менің ғазиз жаным да, жүрегім де,

Таңғы жұпар тәрізді саф болса екен!


 

 

 

ҚАЛАШЫҚТАҒЫ ШЫРШАЛАР

 



Қаша алмаспын, тағдырым, жазуыңнан,
Құтылмаспын, ей, уақыт, азуыңнан.
Көп ұзамай оқуды бітіремін,
Бітірем де кетемін ҚазҰУ-ымнан.


 

ҚазҰУ-ымнан кетемін қалашықтан,
Бәлкім, тұлпар болармын дара шыққан.
Қалашықта, шыршалар, қаласыңдар,
Күнмен бірге жасарып жаңа шыққан.


 

Сендер мәңгі жассыңдар, жасылсыңдар,
Жастық жайлы шыршада асыл сыр бар.
Өтіп барад ал менің жастық шағым,
Мәңгілік жас - шыршалар досымсыңдар.


 

Біз кетеміз, 
ҚазҰУ-дың қызық-әнін,
Ұлы менен қалдырып қызына мың.
Қалашықтан ешқайда кетпей-тұғын,
Мен сендерге, шыршалар, қызығамын.


 

 adebiportal.kz

Әзірлеген: Әбу-Асқар Мекешұлы

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар