Абайдың асыл әжесі Зереге ескерткіш орнатылды
Бөлісу:
22.08.2016
4681
Шығыстың шұрайлы мекені Жарма ауданы, Қалбатау ауылында дүбірлі той болып өтті. Һәкім Абайдың әжесі, қажы Құнанбайдың анасы Зере (Тоқбала) Бектемірқызына Жарма жұртшылығы жұмылып ескерткіш орнатты. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ұлы даланың ұлы аналары» атты іс-шара аясында аталған ескерткішті орнатуға ұйытқы болған Жарма ауданының әкімі Сыдықов Нұрлан.
Бұл тойға «Құнанбай» фильміндегі Зере әженің рөлін ойнаған Жарма ауданының тумасы Нұрсипат Салықова мен «Құнанбай» фильмінің режиссері және Құнанбай рөлінде ойнаған Досхан Жолжақсынов та қатысты. Аудан әкімі әртістерге көркемөнер саласындағы үлкен еңбектері үшін шынайы ықыласын білдірді. Досхан Жолжақсынов:- Әлемнің сусар бұлағы, қозғаушы күші, ай мен күні - аналарды жырламаған дәуір жоқ болар. «Жұмақ – аналардың табанының астында» деген сөз де бекер емес. Мына атқарылып жатқан ізгі істеріңіз қайырлы, құтты болғай» деген лебізін білдірді.
Мүсінді мінсіз бейнелеген суретшілер: әкелі-балалы Ертіс Исайынұлы Тәтиев пен Еркебұлан Ертісұлы. Олардың айтуынша, – Зере әженің тізесіне немересін отырғызу идеясы – нағыз әже бейнесін айшықтап тұр.
- Зере әже бейнесін, Абай жолы эпопеясын көп оқығанымыздан болар, қиналмай жасап шықтық. Өткен қараша айында қолға алған жұмыс еді, енді міне, халыққа ұнап жатыр, жемісін көріп, қуанып жатырмыз, - дейді мүсіншілер.
Бөлісу: