Абай және қазақтың ұлттық жазба әдеби тілі

Бөлісу:

20.09.2016 10317

Abay Kunanbayev (2).jpg

Абай да өз шығармашылығында қазақтың ауызша тарап келген байырғы әдеби тілін негіз етті, оның барын дамы­тып, жоғын толықтырды, жаңа сатыға көтерді. Әрине, Абай қазақ әдеби тілін жаңа сатыға көтергенде бұрынғы принцип-бағыттардың күллісін жоққа шығарған жоқ, керісінше, ең ба­сты өмірлік белгілерін сақтап, оларды әрі қарай ұстады. Бұл принцип-бағыттардың негізгілері мынадай:


 

1) жалпыхалықтық сөйлеу тілін әрдайым негіз етіп ұстау. Қазақтың ауызша дамыған байырғы әдеби тілінің сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысы осы принцип бойынша дамығандықтан, ол дәуірден дәуірге, ғасырдан ғасырға ауызекі сөйлеу нормасына орай өзгеріп отырған. XV-ХVI ғасырлардағы Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбеттердің тілінің лексикасы мен грамматикасы өз дәуіріне сай, қазіргіден біраз өзгеше болғны даусыз. Ал әдеби дәстүр үзілмей келе жатса да, XIX ғасырдағы, мысалы, Махамбеттің, Дулаттың, Шортанбайдың т.б. тілі XV ғасырдағыдан өзгешелеу, өз тұсына лайық болғаны және дау­сыз. Бұл принципті ауыз әдебиеті де ұстаған. Ертеректе пай­да болған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» немесе «Қамбар батыр» сияқты жырларды XIX ғасырдың жыршысы айтып бергенде, ол өз тұсының жалпыхалықтық сөйлеу нормасына тән лексика-грамматикалық элементтерді сынамалап енгізіп отырған. Сол себептерден де бұлардың мәтінінен подносы мен әйгілі шай, самаурын да, пәуеске, тарантастар да, тіпті расхот, минут сияқты сөздер де кездеседі. Ал бұл орыс сөздерінің қазақ тіліне соңғы дәуірлерде енгені мәлім. Бұл – жырды жеткізушінің өз талғамынан кеткен әрекеті емес, жоғарғы принциптен туған заңдылық, ертеде өткен ақын-жыраулардың мұралары бізге дейін ауызша жеткізушілердің лабораториясынан өткенде, сәл өзгеріп отырғандығы тек шала жаттау, ұмытылып қалу тәрізді ауызша «баспаның» себептеріне ғана байланысты емес екендігі көрінеді.


 

2) Жоғарғы принципке қарама-қарсы жалғастылық принципі. Ертеде, белгілі бір кезеңдерде пайда болған көркемдеу элементтері (образдар, теңеулер, метафоралар т.т.) үзілмей сақталып, келесі дәуірлерде қайталап келіп, стандарттануы осы принцип бойынша жүзеге асады. Бұл белгі ауыз әдеби тілі мен жеке авторлар тілінің арасында да, әр дәуір ақындарының өз араларында да сақталған. Сондықтан эпостық жырлардағы көптеген фразеологизмдер немесе бір жыраудың (ақынның) толғауында ұшырасатын штамптар екінші бір ақындарда (жы­рауларда) ұшырасуының бір себебі – жаңа кезеңге дейінгі қазақ әдеби тілінің осы көрсетілген даму принципінен туған зандылық болып табылады. Бұл заңдылық әдеби тәсілдерді шындай түсуде, әдеби нормаларды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды.


 

Абай өзіне дейінгі қазақ әдеби тілінің осы екі даму принципін де қолдады: ол да, бір жағынан, жалпыхалықтық сөйлеу тәжірибесінен негізін үзбеуді көздесе, екінші жағынан, бұрын-нан келе жатқан дәстүрлі элементтерді де жоққа шығармай, барынша пайдалануды мақсат етті. Бірақ Абайдың жаңашылдық әрекеті – бұл дәстүрді бұлжытпай сол күйінде пайдалану емес, әрі қарай толықтырып, жаңа мазмұнға сай етіп қолдануға алып барды.


 

Абайтанушылардың жазғандарына қарағанда, Абай қазақтың бай ауыз әдебиетін, өзіне дейінгі және өзімен тұстас Арқа, Жетісу ақындарын жақсы білген, тілдеріне зер салған. «Сөздері бірі – жамау, бірі – құрау» деп, сол әдебиеттің ең бет­ке шығар үш өкілі – Бүхар, Шортанбай, Дулатты сынағанымен, олардан көп үйренген, бұл сөзінде Абай олардың өлең ұйқастарын, сөз қиыстырған ақындығын олқысынбаған, үшеуінің бірдей идеясын, ой кедейлігін сынаған.

Abay - Абай музыкасы.jpg  
 

Абайдың тұсында және сәл алдыңда қазақ халқының мәдени-рухани дүниесіңде ауызша да, жазбаша да түрде тараған әр алуан әдебиет саласы барлық жағынан екі ұдай топқа бөлінді. Тақырып жағынан: азаматтық және діни әдебиет; жанр жағынан: көркем әдебиет және өзге жанрларға жататын үлгілер; тегі жағынан: төл және аударма әдебиет; тілдік негізі жағынан: қазақтың халықтық сөйлеу тілге сүйенген және ескі түркі жазба дәстүріне иек артқан әдебиет түрлері.


 

Осы екі ұдайылық бір-бірін әрдайым жоққа шығара бер­месе де, тіл таңдау дегенді күн тәртібіне қоюға себепкер бол­ды. Абайдың тілге қатысты талабы мен таңдауы осындай жағдайда белгіленді. Аталған ситуацияны жақсы аңғарған Абайға енді өз шығармашылығы үшін де, жалпы қоғам мүддесі үшін де екі ұдайылықтың кейбір сәттерінің бір жағын қолдауы қажет болды: ұлттық жазба тілдің негізі етіп бір ғана түрін қостап, соны дамытуы керек болды. Дүниетанымы мен суреткерлік бағдарында да ол демократтық-прогресшіл идеологияны ұстанды, шығармашылығында азаматтық тақы-рыпты қалады, Бұлар Абайды тіл таңдауда да халықтық демократтық платформаға алып келді: ол қазақтың ұлттық жаз­ба әдеби тілі үшін жалпыхалықтық сөйлеу тіліне негізделген төл әдеби тілді – санғасырлық қазақ поэзиясы тілін таңдады. Қоғамның өсіп келе жатқан рухани-эстетикалық мұқтажын өтеуде сол қауымның қалың бұқарасына ортақ түсінікті сөйлеу тілін таңдау қажеттігі туды.


 

Халықтың ұлт ретінде ұйымдасуына ұйытқы болатын фактордың бірі – жазба әдеби тіл болуға тиіс. Абай мұндай ұйтқылық қасиетті шағатай тіліне негізделген ескі жазба дәстүрден көре алмады, ондай күшті Абай сан ғасырдан қазақ поэзиясына қызмет етіп келе жатқан ауызша тараған төл әдеби тіл мен халықтың сөйлеу тілінен көріп тапты.


 

Бірақ Абай үшін ескі түркі жазба тілдері, оның қазақ топырағындағы «кітаби тіл» атанған түрі қазақтың ұлттық жаз­ба тілі ретінде әрі қарай қызмет ете алмағанымен, ол – құбыжық емес, қосалқы құрал болды. Бұрынғы жазба тілде прозалық стильдердің ертеден қалыптасып дамуы өз заманында пай­да бола бастаған қазақ публицистикасы мен өзге де прозалық жанрларына тікелей әсер етіп, таңбасын басып отырғанын Абай жоққа шығармайды. Ол тіпті бұл жазу дәстүрін өзінің кейбір «Қара сөздерінде» пайдаланады да. Оның бүкіл про­засы емес, 38-сөз деп аталатын шығармасы «кітабишылап» жазылған. Демек, Абай ортаазиялық түркілік дәстүрден жал­пы безуді емес, оны белгілі бір стильдік мақсатта пайдалануды ұсынады.


 


 

Рәбиға Сыздықованың “Қазақ әдеби тілінің тарихы” атты кітабынан


Әуезов М. Абай Құнанбайұлы // Абай Құнанбаев. - Алматы, 1967. - 129-130-б.

Бөлісу:

Көп оқылғандар