Қазақ әдебиетінде өзіне ғана тән талантты шығармашылығымен, кең тынысты суреткерлігімен танылып, қайталана бермес бірегей туындылар берген қаламгерлер шоғырында Сәкен Жүнісовтің алатын орны алабөтен. Өзінің алғашқы кесек туындысы «Жапандағы жалғыз үй» романымен, одан кейін жазған «Ақан сері» тарихи роман-дилогиясымен, басқа да әңгіме-повестерімен, драмалық шығармаларымен ол қалам қарымы қуатты суреткер есебінде әдебиет тарихына енді.
Қаламгердің тырнақ алды туындысы «Бір шофёрдің әңгімесі» атты балаларға арналған шағын әңгімесі республикалық «Қазақстан пионері» газетінде 1953 жылы жарияланған. Алғашқы кітапшасы да балаларға арналып «Сонарда» деген атпен (1959) шыққан. Бұдан соң «Әжем, емші және дәрігер» (1961), «Кімнің мекені жақсы» (1962), «Сақау бәтеңке» (1983) сияқты кітаптары жарық көрген. Бүгінгі өмір тынысы жайлы «Өшпейтін іздер» повесін (1968), «Жапандағы жалғыз үй» романын (1965) жазды. Бұдан кейін жазылған «Ақан сері» (бірінші кітабы – 1971, екінші кітабы – 1977) тарихи романы жазушының ғана емес, қазақ әдебиетінің үлкен табыстары қатарынан орын алды. «Алғашқы вагон» (1982), «Заманай мен Аманай» повестері басылды. Алпысыншы жылдардан бастап, ол драматург есебінде де танылды. «Ажар мен ажал» (1967), «Тұтқындар» (1970), «Қызым, саған айтам» (1972), «Жаралы гүлдер» (1973), «Қос анар» (1974), «Әр үйдің еркесі» (1975), «Қысылғаннан қыз болдық» (1976), «Кроссворд немесе Жаңажылдық әзіл-маскарад» (1981), «Қылмыскер» (2004), «Абылай хан» (2007) т.б. пьесалары республика театрларында қойылды. «Өліара» пьесасы (1974; бұл шығармаға 1986 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді) қазақ драматургиясының тандаулы шығармалары қатарына кірді.
Сәкен Жүнісовтің шығармашылығының бастауы балаларға арнап жазған әңгімелерінде жатқаны жоғарыда айтылды. Алғашқы әңгімелерінде («Бір шофёрдің әңгімесі») өмірлік нақты характерлер сомдаудан гөрі, автордың айтар парасат пайымы алға шығып кететіні байқалса, кейінгі әңгімелер идеясы кейіпкердің характерінен туындап, сонымен табиғи өріліп отыратыны көзге түседі. Бұдан біртіндеп ширап, жазушының өсе қалыптасқан қаламгерлік беталысының дерегі болған «8 нөмірлі көйлек», «Айып», «Байқа, фото», «Ауладағы әңгіме», «Он алтыншы қатар», т.б. әңгімелері дәлел бола алады. «Әжем, емші және дәрігер» повесі балалықпен ерте қоштасып, мерзімінен ерте есейіп еңбекке араласқан бала мен соғыс өртіне шарпылған замандастарының мұндылау, романтикалы тіршілік-әрекетін, оларға жаны аши қарайтын аналық мейірді шынайы суреттей білуімен өзіне тартады. Повесте автор баланың дүниетанымын, ой-өрісін, психологиясын нанымды жеткізеді. Соғыс кезіндегі ауыл тұрмысын суреттеу арқылы ауылдың қарапайым жандарының қарекеттерін бедерлі бейнелейді. Жазушы кейіпкерлері тағдыр-тауқыметіне, тұрмыс қиындығына қарамастан, төзімділік пен қайсарлық танытады. Автор олардың жан-дүниесіндегі өзгерістерді психологиялық тұрғыдан дәлелдеуге ұмтылады.
Осы шығармалардан жазушының сатылап өсу деңгейі, эволюциясы айқын аңғарылады. Олар адамды үлкен мақсатқа жетелеген рухани күшті жинақтап суреттей алуымен бағаланады.
Сәкен Жүнісов шығармаларын тұтастыра топтап, қаламгерлік болмысын ой көзімен бір шолсақ, оған хас бір-екі сипат ерекше көзге түсер еді. Қандай сипаттар? Алдымен, С. Жүнісов – туған жерге тамырын терең жіберген Дала жыршысы. Дала болғанда, абыз дана, қобыз дала ғажайып Сарыарқаның кіндігі, жер шоқтығы – сұлу Көкше даласының жыршысы. Кезінде Ғафу Қайырбеков Сәкен інісіне:
Мергенсің, атқан оғы кетпес ғапыл,
Бір өзің жеті сері, жеке батыр.
Туған жер – Сарыарқаны сағынғанда,
Мен сені бір иіскесем, жетіп жатыр, -
деп тегін айтпаған. Сәкеннің бойындағы Арқа азаматына тән барлық қасиеттерді жетілік өлшем үстінде өріп түсіре алған Ғафу ақынның бір иіскеуімен-ақ туған топыраққа деген сағыныш мауқын баса аларыңа сенесің, Сәкен тұлға-тұрпаты сендіретін де еді.
Мұның бәрі зады да... Жазушы поэтикасы оның шығармашылық ғұмырнамасымен тығыз байланысты. Демек, Сәкеннің бас кітабы болып табылатын екі томдық «Ақан сері» романы осынау өзі туған даланың кешегі тарихына арналса, осы өлкеде көтерілген тың туралы қазақ прозасындағы тұңғыш роман «Жапандағы жалғыз үй» дарқан даланың бүгінгі тамаша тағдырына арналуы да тағы да тектен-тек емес.
Алғашқы еңбегі – «Жапандағы жалғыз үй» романымен-ақ қалың жұртшылықты өзіне жалт қаратқан Сәкеннің шығармашылық қуаты, эпик абыз жырауларға тән кең тынысты, алымы мен қарымы шексіз телегей дария таланты оны шығандардың шыңына көтеріп әкетті. Сахи дала серісі Ақан тұлғасын сомдау, оның сұңғатты сипатын суреттеу тек Сәкеннің ғана қолынан келгендей сезінеріміз бар. Өйткені жазушының өз жан дүниесі, бар болмыс бітімі Ақанмен қойындасып жатқан, рухани бір тұтас тұлғадай дараланып тұрғандығы ақиқат болатын.
Сәкенге тән тағы бір ерекше сипат – өжеттік, өрлік. Мәселен, «Ақан сері» дилогиясы. М. Әуезовтің атақты «Абай жолынан» кейін ақын хақында тағы бір эпопея жазам деу шынында да ессіз ерлік емес пе? Сәкен осы батыл қадамға барды және мұнысы сәтті шықты. Есесіне «Жапандағы жалғыз үй» романы Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру секілді бүкілхалықтық тарихи оқиғаның ізі суымастан Сәкен осынау тың тақырыпқа тұңғыш рет түрен салды. Бұл тағы да айта қалғандай батырлық еді. Мұнысы да сәтті аяқталды. Қазақстанның халық жазушысы Әлжаппар Әбішевтің: «Сәкен жүрген жерде серілік пен сергек көңіл бар. Оны сол қасиеті үшін де Ғабең – Ғабит Мүсірепов еркелеткен. Мінезіне жеңдірмейтін өнер иесі аз. Сезімнің жетегіне еріп кетпесең – шынайы шығарма да туа қоймайды. Бірақ, сері Сәкеннің мінезінде әлеуметтік астар бар. Ол тар қыспаққа тығылған қақпайлы заманның тұсында да өктем биліктің, аса сақ әрі кіді, секемшіл және сыбырлағыш, сырты сырбаз, іші кекшіл «сұр шекпенділердің» сесінен именбей еркін жүрді. Ол өзінің пікірін мінбеде қалай арқаланып айтса, өмірде де солай арқаланып жүрді. Бас асаулығынан өнерінде де, өмірінде де сақтап қалды», – деуі, жоғарыдағы сөзімізді шегелеп, айғақтай түседі.
Осы екі сипаттың өзі-ақ Сәкен Жүнісовті сөз өнерінде сирек ұшырасатын аса нұсқалы қаламгерлер қатарына қосады.
Сәкеннің үлкен прозаға бет бұруы «Жапандағы жалғыз үй» романынан басталады. Бұл – тақырыптық жағынан да, жанрлық өркені жөнінен де өз заманының елеулі туындысы.
Қазақстанда көтерілген тың жерлер мен оны жүзеге асырған ел еңбегін көркем бейнелеу ол кезде оңай да емес еді. Шаруаның жеке меншігін күйретіп, ен даланы жаппай жыртқан тың сырын түсіну идеологиялық саясаттың ықпалымен іске асты. Тың көтеру жорығына аттана шауып, жабыла жазған қазақ ақын-жазушылары халықтың еңбегін, астық өнімін молайту жолындағы күресін, романтикалық леппен суреттеуге тырысты. Сәбит Мұқановтың жеке кітап болып жарық көрмей, журналдық нұсқада ғана жарияланған «Тыңдағы толқындар», Зейін Шашкиннің «Сенім», Ілияс Есенберлиннің «Көлеңкеңмен қорғай жүр» романдары – осы ұғым түсініктен туған туындылар. Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» романы да осы тұста жазылды. Көмейде тұрған ойды, шындықты тіке айтуға бата алмай, тұспалдап, бірде аллегориямен, енді бірде эзоп тілінде астарлап жеткізуге ұмтылыс бұл шығармалардың бәрінен де байқалады. Тыңды жалаң қызықтамай, табиғат пен адамның арасындағы күрес әрі келісімі, өзара қатынасы, адамдар мінезі, заман талабы ретінде қарау Сәкен романының өзіндік орнын белгілейді.
Тың көтеру арқылы жүзеге асқан отаршылдықтың жаңа көріністерін – жергілікті ұлттың ара салмағын әлсіретіп, жаңа қоныстанушылар әкелу саясатын, содан кейін туған тың өлкесін Ресейге қосуды көздеген көзқарасты, жаппай тың көтеру арқылы жердің эрозияға ұшырағанын халық кейін білді.
Тыңға шабуылдың ұлы эпопеясын көркем әдебиетімізде алғашқылардың бірі болып суреттеу бақытына ие болған Сәкен Жүнісовтің шығармасына арқау еткен шындығы қандай шындық еді? «Сол бір тың игеру науқаны елдің берекесін қашырды. Жыртылмаған жер қалмады. Небір қасиетті орындар егіннің астында рәсуа болды. Ауылдарда ұрлық көбейді. Құлпы жоқ үйлерді түгел көшіріп әкеткен оқиғалар аз болмады. Ел бұзылды. Маскүнемдік етек алды. Қазақ әйелдері аузына арақ ала бастады» (Жүнісов С. Жапандағы жалғыз тіл. – «Ана тілі» газеті, 1999, 17 ақпан), – деп жазады жазушы «Жапандағы жалғыз тіл» деген мақаласында.
Сол кездегі саясат екпінінің тың тепкіні салдарынан қазақ мектептері жабылып, мал бағып, түтін түтетіп отырған қазақ ауылдары амалсыздан жан-жаққа бытырап көше бастады. «Қағынан жеріген құландай» ерте көктемде үдере көшкен қазақ ауылдарының қам-қарекеті жазушының қабырғасын қайыстырып, мұңын үдетеді, жанын жүдетеді. Осының бәрі солақай саясаттан туындап отырған жайт екенін сол кездің өзінде-ақ ол айқын сезініпті, сезіп қана қоймай, өзінің төл туындысы арқылы жанайқайын білдіріпті. Жазушы сол бір шындықты шымырлатып тұрып, байыптылықпен асықпай әрі поэзиялық мөлдірлікпен суреттеп берген.
Сәкен Жүнісов шығармасын бірден тың игеру науқанынан бастамайды. Кейіпкерлерінің сонау колхоздастыру кезіндегі тартысқа толы өмірін роман сюжетіне арқау етіп алады да, олардың мінез ерекшеліктерін ашу үшін лирикалық шегіністерге жүгінеді.
Автор романда үлкен әлеуметтік мәселе көтерген. Шығарма фоны көтерілген тың десек, тың жерде еңбек дүбірінің басталуымен бірге, жеке меншіктің қалай ойрандалғанын көреміз. Романның «Жапандағы жалғыз үй» аталуының сыры да осында. Жалғыз үйдің ұзақ жылдар бойы қауымнан тыс, көпшіліктен бөлек өткізген өмірі, сауда-саттықпен тұрмыс құрған кәсібі бір жылдың ішінде-ақ шайқалып, түте-түтесі шығады. Қоғам күші, замана ағымы осы үйдің адамдарын да жаңа арнаға шығарады. Ескілік пен жаңалықтың айқасы өзінің кульминациялық шегіне жеткенше, шығарма кейіпкерлерінің арасындағы қақтығыс баяу ширатылып, біртіндеп шиыршық атады. Қақтығыс иелері – ескілік пен жаңалықтың жаршылары. Бұлар бір үй, бір отбасының адамдары. Бұл тұрғыда ең алдымен көзге түсетін бейне – Қарасай (Қарабет). Бұл – романдағы ең белді, ең толық образ.
Жаңа заман ысырып, қайнаған өмірден аласталған жапандағы жалғыз үй жер үстінде қасқырдың апаны секілді. Замана ағымынан оңаша қалған бұл үйдің тіршілік күйбеңі де бөлек, ол үйде тұрып жатқан жандар да бір бөлек, мінездері де әртүрлі, тағдырлары да әр қилы. Ел өмірінің әрбір бұрылыс, қалтарысында арамдық найзасын халық ризығының сүбесіне бір-бір сұғып алып отыратын Қарасай енді сауда-саттық әрекетінде. Оның бар пиғылы, тілегі, бар үміті қора түкпіріндегі темір сандықшаның ішінде. Қаттап салған бүктеулі қыруар ақша арам жолдың әр тарабынан жиналған харам дүние. Қорасы толған мал, сандығы толған ақша – міне, жапандағы жалғыз үйдің сиқы осындай еді. Шығарманың соңында не болды ақыры?
«Сары жезбен айқұш-ұйқыш белдеулеген тақпақтай қолсандық алыста ұшып барады. Өмір бойы жинаған бар дүние – мүкәммал бірге кетті. Тоқпақтай қол сандықтың ішінде жүздеген қара кетіп барады. Құйрық-жалы күзелген, астаудай семіз жылқылар кісінеп барады. Желіні бұтына сыймай, шатқаяқтап қалған мама сиырлар ыңыранып барады. Бәрі-бәрі кетті» (Жүнісов С. Жапандағы жалғыз үй. – Алматы, 1965. – 295 б.). Автор тың игеруге келгеннің бәрі шетінен патриот емес, тыңға өткен өмірін жасырып, өз пайдасын көздеп келген Япишкина тәрізді адамдар да аз емес екенін шынайы бедерлеген. Сол Япишкина Қарасайдың қолсандығын емес, жүрегін суырып әкеткендей көрінеді.
Қолсандық деталь қызметін атқарғанымен, символдық астарға бой ұрады. Ұрлап алып, қашып кеткен адам – жай ұры емес, тың игеруші. Автор сол кездегі қазақ елінің құтын қашырып, ырысын ұрлаушы – тың игеру науқаны деген астарлы философиялық әлеуметтік ойға жетелейді. «Мен тыңға көрінген адамның келгеніне қарсы болдым. Ресейден 20% ғана тәуір адамдар келгені, қалғандары кешегі ұры-қарылар екенін де әр жерде айтып жүрдім» (Жүнісов С. Жапандағы жалғыз тіл. – «Ана тілі» газеті, 1999, 17 ақпан), – деген автор өз ойын, өз пікірін шығармасына өзек қылып салып береді.
Қарасай осы үйде жалғыз тіршілік еткенге дейінгі өмірін де жұлқысып, тістесіп өткізді. Шеңгеліне іліккенді өлтіргенше бүріп, қарсы келгеннің көзін құртқанша тыным таппады. Мұны біз Күргерейдің әңгімелерінен көреміз. Ұзақ жылдар бойы ауыртпалық арқалап, өмірдің ащысын татып, жардан да, баладан да тұл қалған Райхан – бір кездегі Қарасай жазған жалған арыздың құрбаны. Бірақ заман Қарасайдікі емес. Оның ниеті, қылығы, бүкіл әрекеті жаңа заманның жаңа заңына – әділ заңына қиғаш келеді.
Қарасай – таланған малы, бүлінген шабындығы үшін ашынған Қарасай есімді қаймана қазақ. Ол трактор дәл үйінің түбіне кеп, іргесін қопарып тастағанша, орнынан тапжылмайды. Төбесінен асыра мылтық атып жатса да, сескенбейді. Ол ұры тіс секілді, өзін жанға батырмай оп-оңай жұлып тастауға болмайтынын біледі. Бұл жерде ол – құрбандық өкілі. Осы оқуы жоқ қарапайым қазақ шаруасына есепсіз-қисапсыз жыртылып қалған жер, телегей теңіз дала қансырап жатқан жаралы адам бейнесінде шалынады. «Қайран дала, шөбің ыжұпар емес пе, мұрын жарады. Тіршілікке қуат беретін асыл нәр ғой бұл... Әттең, не керек, осы тіршіліктің бәрі асты-үстіне келіп, қара топыраққа айналғалы тұрған жоқ па?» – дейді Қарасай өз үйінің іргесінен түскелі келе жатқан трактор шоғырларына қамыға қарап тұрып. Енді тағы бірде: «Байқаймысың, заман өзгеріп барады. Мына целина келмей жатып, өрісімізді тарылта бастады» (Жүнісов С. Жапандағы жалғыз үй. – Алматы, 1965. – 79 б.). Ол «Заманың түлкі болса...» деген принципке сүйенеді. Мал өрісі тарыла бастағаның көріп, оны ақшаға айналдыруды ойлайды. Бұдан қазақ даласының тағдырына әсерін тигізген тың көтерудің қалай болса, солай жүргізілгенін, ел байлығы – жерге қамқорлықтың болмағанын, мал жайылымының тарылып кеткендігін көріп, соның бәріне белін бекем буып отырған неден болса да тайынбайтын тегеурінді характер иесін танимыз.
Роман оқиғасы Қазан төңкерісінен бұрынғы кезеңнен басталады да, тың өмірмен шектеледі. Бір кітаптан тұратын романға өмірдің белді-белді кезеңін, тәркілеу, ұжымдастыру, Ұлы Отан соғысы, тың өмірі – осының бәрін сыйдыру деген егер жазушылық шеберлік, тапқырлық болмаса, құрғақ хрониканың ауқымынан аспаған болар еді. Автор бұл арада шегініске барған.
Күргерей қарттың жеті жыры негізгі оқиғаның әр тұсында ұрымтал кезінде айтылып отырады да, шығарма кейіпкерінің образын ашып, роман сюжетін қоюландыра түседі. «Бірақ... Тағы да бірақ деймін-ау, көп ұзамай сол көңілдің шырқы тағы бұзылды. Мықтап бұзылды. ...Осы бұлтпен қатар келіп, ел ішіне қара суық желдей мазасыз тиген салық басталды. Бір салық емес, көп салық. ...«Өзара салық», «астық салығы», «тері-терсек салығы», «орын салығы», «түтін салығы» – әйтеуір қаптаған салық» (Жүнісов С. Жапандағы жалғыз үй. – Алматы, 1965. – 198 б.).
Автор табиғаттың толқуын, күз аспанының көшпелі сабалақ бұлтының құйқылжуын сол кездегі әлеуметтік жағдаймен, табиғат көріністерімен шебер шендестіре білген. Жайшылықтағы табиғат көрінісі психологиялық көрініске айналып, автордың әлеуметтік талдауға құлаш ұрып, қазақ халқының тарихында өзінің қанды ізін салып кеткен сол бір «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» кезеңінің шындығынан сыр толғағысы келгендігін байқатады жоғарыдағы үзінді. Жазушының жүрек жарды үні, аштықтың сыры Күргерей қарттың үзік-үзік жырларында көрініс тапқан. «Малды түгел аралап шықтық. Бәрінің қалі мүшкіл. ...Жамбас сүйегі сорайған, қабырғасы арса-арса көтерем сиырлар сыздың үстінен тұра алмай, алдына салған дәмсіз, нәрсіз шөптен оттап, қаужаң-қаужаң етеді. «Қойлардың халі тіпті нашар. Мойны ырғайдай саулықтар күрк-күрк жөтеледі. Көпшілігі қотыр. Соңғы күндері бүкіл колхоз қойының жартысы қырылып қалған. Енді бір-екі күнде бәрі өлмесіне кім кепіл. Ия, кепілдік берудің қажеті жоқ. Оларға тек шөп қана керек. Аман алып қалатын шөп» (Жүнісов С. Жапандағы жалғыз үй. – Алматы, 1965. – 231 б.).
«Шаш ал десе, бас алған» асыра сілтеушіліктің жалаң саясаты мен аспаннан қар боп жауып, жел боп соғып, боран боп азынаған жұт елдің екі өкпесінен дем алдырмастан құрсаулап қысты. Елдің берекесі малда, мал берекесі шүйгін шөпте болған 30-жылдарда мал басын аман сақтап қаламыз деп, уыстап шөп тасыған колхозшылар өмірінің араға жылдар салып, тағы да саясаттың тәлкегімен саналы түрде мал жайылымын қысқартып, мал басының кемуіне жол берген тың игеру жылдары шегіністер мен еске алу жылдарымен қатарластырыла берілген. Романның өн бойында кездесетін шегіністердің түр ерекшеліктері де әрқалай. Оқушыға айтылу, мәнерлеп жеткізу жағынан бір-біріне ұқсамайды. Бірде ескі жұртта тіршілік еткен тұрғындар тірі адамдай сөйлеп, шығарма кейіпкері Райханның өткен өмірінен оқушыға дерек берсе, бірде жапандағы жалғыз ағаш құба жондағы оқиғаны баяндап, Жәлелдің боран күнгі мүшкіл халін көз алдыңа әкеледі. Енді бірде кейіпкердің ішкі монологі көп жайды үғындырады.
Автор шеберлігінің өзі, кейіпкері Жәлелдің өмірінің соңғы сәтінің куәсі болған «Жапандағы жалғыз ағаштың» баяндауын беруі шығарманың бір ерекшелігін – лиризмнің өріс алуын байқатады. Автор өзекті ойын жекелеген әсерлі деталь, штрихтар төңірегінде, бір ғана көрініс айналасында «Жалғыз ағаштың әңгімесі» арқылы ашуға көбірек ұмтылады. Жазушы өзі суреттеп отырған жағдаятты бір жақты құрғақ баяндап кетпей, нанымды детальмен – жалғыз ағаштың көзімен, қамқор жүрегімен салмақты ой түюге тырысады. Трагедиялық жағдайды суреткерлікпен оқырманның көз алдына елестетіп, әсерлі жеткізеді. Шығармада шынайы көркемдік шешімдер таба білген. Автор шығармасының сюжеттік арқауын босатпай, өмірлік мәні бар мәселені қозғаған шымыр дүние жасай білген.
Сәкен Жүнісов – талғампаз жазушы. Ол оқиға біткенді тізбелеп, баяндап беруді мақсат тұтпайды. Қаламгер таңдаған деталь да, әрекет те, ситуация да іріктелген, типтік құбылыстарды терең ашуға көмектеседі. Жазушы жансыз нәрсені сөйлету, жыртқыштардың тіршілігін суреттеу арқылы шығармаға романтикалық, символикалық бояу береді. Романның осы тұстары қызық әрі дәлдікпен жазылған. Көп жылдар бойы туған жердің жүзін көрмей, ұзақ, әрі қиын жолдан оралған Райханның халін автор кейіпкерінің көз алдына бұрынғы адамдарды елестетіп, соларды сөйлету арқылы лирикалық шегініспен ашады.
Құла түздегі ескі апанды мекен еткен қасқырларды суреттей отырып, Қарасайдың тұрмысына да көркем салыстырулар жасайды.
«Күн арқан бойы көтеріле, қасқырлар әлдебір дүбірден шошып оянды... Алыстан гүрілдеген жойқын үн қара жерді солқылдата жақындай түсті. Енді бұл жерді мекендеуге болмайды. Ертең қопаның да тас-талқанын шығару қаупі бар. Қас қарайғанша мидай даланы шарлап, таспаша тіліп жүрген темір үйлерге қаскөйлікпен қарап жатқан қасқырлар сол сиреген уақытта ғана амалын тауып, күшіктерін тістелеген бойы қара түнді жамылып қашып кетті...» (Жүнісов С. Жапандағы жалғыз үй. – Алматы, 1965. – 107 б.). Тың игеру науқанының дүрмегі тыныштығынан айырып, берекесі кеткен, жан сауғалап қашып, безіп кеткен түз тағысы ғана ма? Ал көк майсасы толықсыған қазақ жерінің қара қыртысы қақырап, топырағы аунап, ауылдың іргесіне дейін айғыздала жыртылып қалған жаралы, жансыз аймақта қатар-қатар сап түзеп, сар даланы айғыздай жыртқанда ортада ата-баба моласы да бірге айдалып қалғанына куә болған адамдар ше?
Жүдеу тартқан жер-ана ғана ма? Елдің, жұрттың жүдеуін, рухани жүдеушілікті қайда қоямыз деген автордың жанайқайы шығарманың өн-бойынан сезіліп тұрады. Жазушы өзінің өзекті ойын қасқыр апаны мен Жапандағы жалғыз үйдің ойрандалуын психологиялық параллелизм арқылы қатарластыра астастыра бейнелеген. Автор дала суретін, табиғат стихиясын бар тынысымен, романтикасымен беруге күш жұмсайды. Романның негізгі объектісі – қазақтың көсіле жатқан байтақ тың даласы болғандықтан оның бар құбылыс, бар өзгерісімен көрсету тап осы шығарма үшін аса қажетті нәрсе. Романның алғашқы беттерінде: ақ бас жыландай ысқырып соққан алақұйын боранды дала, енді бірде, шуаққа маужырап, бусанған көктем даласына ауысады. Айлы түні де, жауынды күні де – бәрі-бәрі оқиға желісінің екінші компонентіндей толықтырып, шығарма сюжетімен қоян-қолтық жымдасып жатады. Дала көрінісі әшейін суреттеу үшін алынбаған, әрқайсысында астарлы сыр бар, болашақ оқиғаның мықты суыртпағы, тартылған желінің берік қазығы.
Портрет, характер жасауда тіл көркемдігінің берер әрі мол. Осы романда қанша адам болса, сол адамдардың өзіндік бет-пішіні, сыр-сипаты, жүріс-тұрысы, мінездегі ерекшеліктері тайға таңба басқандай десек, артық болмас еді. Бетіндегі тотияйын араластырғандай талаулараған жалпақ қалдың үстінде күзгі боз шөптей қуарып, қылаутартқан үш тал қылы бар Қарасай, батпандай ауыр жылдар жүгі самайдағы шашқа түскен, кесек тұлғалы Райхан, анда-санда тамақ ішуге тұрғаны болмаса, бөлмеге лық толған қою будың ішіңде диірменнің әуенімен бірге, ыңылдап әнге салып, қас қарайғанша ырғаңдап отыратын сары Тоқаш, көсе Дика, ақмаралдай көрікті Ақбөпе, шопыр Оспан, Халел, Агашка Япишкина, Дерягин бәрі де бір-біріне ұқсамайтын өз ерекшелігімен дараланған жандар. Роман кейіпкерлерінің ұмытылмастай, есте қалып қоятын әсері де осы портрет бояуының дәлдігінде.
Әкелі-балалы екі адамның бейнесі және өмір жолдары шығармада параллельді түрде және бір-біріне қарама-қарсы антитеза формасында беріледі. Қос қаһарман, яғни, екі өмір, алуан тағдыр, олардың ұқсастығы мен айырмасы, міне, авторды қызықтыратын жайлар осылар. Жазушы Қарасай өмірін еске алғызу арқылы өткенге шегіністер жасаса, ал қазіргі Халелдің өмірін нақты іс-әрекет үстінде көрсетеді.
Жазушының баяндауы пейзаждық көріністі ғана көздемейді, шығарманың ішкі логикасымен қабысады. Пейзаж – тың игеру науқаны келген дала психологиясымен астасып кетеді. Баяндау стилінің өзінен лирикалық леп еседі. Автор талай жылдар тусырап тыныш жатқан қазақ жері тың игерудің жалаң дақпырты келген кезде, өздерінің тыныштығын бұзып, мазасын алған тың игерушілерге әдейі ашуланғандай болып, оларға қарсы қарлы жылан боп бас көтеріп, айбат шегіп, аппақ қардан боран көтереді.
Романның негізгі өзегін құрайтын «Күргерей қарттың жырлары» шығарма қисының айқындап, негізгі мазмұнды айқындай түседі. Өткенді еске алу туынды тұтастығынан алшақ кетпей, қайта қисынды қабысады.
Арада қаншама жылдар өткеннен кейін қазақ жері тағы да солақай саясаттың желеуімен, партия нұсқауымен асты-үстіне түсіп, тең келіп, тағы бір науқанды басынан өткеріп отыр деген ойды мегзейді. Автор психологиялық параллелизммен қатарластыра өрілген екі кезеңнің екі түрлі саясатының түбі бір деп түйіндейді. «Дала ұйықтаған жоқ екен. Дала ояу. Жалпақ жон кеудесін ашып тастап, адамша дем алады» (Жүнісов С. Жапандағы жалғыз үй. – Алматы, 1965. – 78 б.). Қаламгердің айтпағы: «Жер тағдыры – ел тағдыры», бір-бірінен ажырата алмайтын ай мен күндей, бір тамырдан нәр алушы, өзара тығыз байланысты табиғат-ананың берген сыйы іспетті деген авторлық позицияны да аңғармау мүмкін емес.
Қорыта келгенде, Сәкен романы – тың игеруге байланысты мәселелерді тәптіштеп баяндай бермей, адам психологиясына, өз кейіпкерлерін жан-жақты суреттеп, даралауға күш салған кесек шығарма. Жазушы тың игеру дала келбетін ғана өзгертіп қоймай, адамдар психологиясына да кері метаморфозаларды, үлкен өзгерістерді әкелгендігін ашып көрсеткен. Тың игеру науқаны тек жалғыз үйді ғана күйретіп кеткен жоқ, дүйім қазақ жеріне ғана емес, елге, ұлттық психологияға, ұлттық танымға, рухани өміріне де боразда ізін қалдырды дейді авторлық ұстаным.
Көрнекті жазушы Сәкен Жүнісовтің келесі көлемді туындысы «Заманай мен Аманай» повесі 1920-шы жылдардың аяғы мен 1930-шы жылдардың басында жүзеге асқан ұжымдастыру кезеңінің шындығын көркемдік тың жинақтаулар арқылы көрсетуімен дараланады.
«Заманай мен Аманай» повесінің жазушы шығармашылығына, сондай-ақ, қазақ прозасына әкелген көркемдік олжасы мен жаңалығы – ұжымдастыру кезеңіндегі әлеуметтік-тарихи шындықты бітіспес таптық күрес аясында бүкпесіз, боямасыз көрсеткен трагедиялық шындығында. Осы кезең жайындағы туындыларымыздың көпшілігінде таптық жауларымыз қаншама білімді, айлалы, бай, надан, қорқақ, жауыз болып келсе де өздерінің таптық позициясынан оп-оңай айнып, тайқып, безіп, жеңіліп шығатын біртектес жандар болып келеді. «Заманай мен Аманайда» таптық позиция қаншама қате болғанмен, кейіпкерлердің, әсіресе Атымтай мен Балзияның көзі жеткенінше сақталады. Бірақ, Балзия мейлінше күрделі тұлға. Белгілі бір әлеуметтік-рухани асыра сілтеу тұсында демократиялық принциптердің тоқырап қалуын жазушы Сәкен Жүнісов асықпай, қолдан ширықтырмай реалистік болмысында қылаусыз алып шығумен бірге, оқырманын да соған кәміл иландырады. Таптық тұрғыдан ширыққан Балзияның трагедиялық күйреуі – бүкіл повестің басты лейтмотиві. Аталмыш туындының сюжеттік желісі бойынша да, характерлерінің ірілігімен де, тұтастай алғанда көркемдік құрылым-құдіретімен де жаңалығы айқын, олжасы мол дегенде біз неге сүйенеміз? Дәлелдеп көрейік.
Повесть Отаншылдық сезімнің өшпейтініне, белгілі бір ситуацияда жаза басып, туған жерден көз жазып, жырақтап қалған шақта да, адамзат баласы үшін сол кіндік кескен, туып-өскен, суын ішіп, ауасымен тыныстаған әлеуметтік ортадан қымбат ешнәрсенің жоқтығына және соған ешнәрсенің теңгерілмейтініне нақты бір тағдыр арқылы яғни, жат жерде бүкіл тіршілігінің қарапайым мән-мазмұнынан жұрдай болған Балзияның немесе таптық позициясына қылаудай мін түсірмеген, адалдығы мен қайсарлығы үшін кейін өмірден талай тепкі көріп, зардап шексе де, Отан мен партия үшін, халық мүддесі үшін оптимистік сенімі мен күрескерлік рухынан айнымаған Атымтайдың күрмеулі де күрделі ғүмырының болмысы арқылы көз жеткізеді. Міне, осы арада жазушы Сәкен Жүнісов өзінің бас кейіпкері Балзияның мейлінше ұрымтал екі кезең тұсындағы іс-әрекеті мен ой пиғылына айрықша зер салған, сығымдап, жинақтап типтендіріп бере алған. Жиырма үш жастағы Балзияның повесть басындағы және жетпіс үш жастағы Балзияның шығарма соңындағы іс-әрекеттері мен ой-пиғылдарының бүкіл драматизмі мен трагизмі соншалықты бүкпесіз, қоспасыз бейнеленгеніне қайран қаласыз.
Адамның әрбір іс-әрекет, ой-пиғылы әрқашан жауапты болумен бірге, ұдайы сын да болып табылады. Өмір сынынан, тағдыр сынынан лайықты өту әркімге парыз десек, жиырма үш жастағы бойжеткен Балзияның да; жетпіс үш жастағы кемпір Балзияның да іс-әрекеттеріне, ой-пиғылдарына бірегей ірілік тән. Бұл характердің ірілігін сол уақыт пен сол кездегі әлеуметтік-таптық ситуация жоталандыра түспесе, әсте кеміте, төмендете алған жоқ. Оқырман үшін күмән тудырмайды, керек болса сондай жағдайда дәл Балзиядай шешім қабылдайтыны кәміл. Балзия образының бойындағы әралуан қарама-қайшылықтар, қайталап айтамыз, оның күрделі де трагедиялық тұлға екендігін көрсетеді. Ол сонау 1930 жылдың мамыр айында, кейіннен мәңгі айықпас дертке айналған ең бірінші және ең соңғы, орны толмас зор қателік жасайды. Және мұны саналы түрде, өз ықтиярымен жасайды. Балзия сол кезде-ақ медицина училищесін бітірген, сауатты, жиырма үш жастағы бұлаңдаған бойжеткен. Көрік десең көрік, білім десең білім бар, мал десең малы бар. Ол байдың еркекшора, тентек қызы. Ол – намысшыл әрі шамшыл жан. Текті де кекшіл. Конфискация үрейінен бас сауғалап қашқан әкесі қаза табады. Ол туған жерін тастай қашқанмен, жат жерді аттай алмай, ендігі көрер қызығын көре алмай көз жұмады. Және қалайша көз жұмады дейсіз ғой? Өзінің болашақ күйеу баласы Атымтайдың қолынан қаза табады. Жиырма үш жастағы Балзия Атымтайдың сүйген қызы. Енді әне-міне дегенше-ақ, той да жақын. Сүйген Атымтайынан бойына біткен перзенті үш-төрт айлық. Ал, осы сәтте Балзия әкесін өлтірген Атымтайға жар болуы керек пе, әлде шағын ауылдың, әкесінің намысы үшін кек алып тау асып кетуі керек пе? Міне, осы екі жолдың соңғысын таңдап алған Балзияның іс-әрекетін, ой-пиғылын шын мәнінде құптап отырасың.
Шекаралық аймақта тұратын Балзия қапыда мерт болған әке қолынан мезгілсіз сусып түскен тізгінге ие болып, азғантай ауылға бас болып, үдере көшіп, тау асып, туған жерден жырақтауға бекінді. Пешенесіне не жазса, соны көріп алмақ? Кеңес өкіметінің конфискациясынан жырып алып қалған малы мен дәулеті тұрмыс тауқыметін тартқызбайды деген нық сенімі де бар. Балзия таптық кегі үшін аяулы махаббатын да құрбандыққа шалады. Әкесін өлтірген адамның қайтіп жары бола алады! Әкесін өлтірген адамның перзентіне қалай ғана ана болады? Бәрін көріп-біліп отырған ел мұны неге жориды? Шамшыл, кекшіл Балзия ақылды да айлакер. Ол енді Атымтайға бұйырмайтынын, жар болмайтынын қалай анық білсе, күні ертең әкесінің үстінен талай арыз жазған, сатқындық жасаған Пірімбайға – келін, Есетке – әйел бола алатыны және айдан анық. Бірақ, мұның бәрі тау асып, шекара өткен соң шешілетінін және біледі. Балзия характерінің күрделілігін шекарадан өткен тұста Пірімбай мен Есетке ол құрған сот көрсетеді. Есетті қолын байлап жаяу күйде кері салпақтатуынан, ал халықтың көз жасынан жиналған Пірімбай байлығын өзенге лақтырып жіберуінен көрінеді. Дүниеқоңыз Пірімбайдың іле-шала сол өзен иіріміне батып кетуінде қаншама соқырлық, қараулық жатыр. Бір сөзді, ер мінезді Балзияның қазақ прозасында тың образ дейтініміз осындай ірі-ірі сипаттарынан.
Зобалаң шақ туғанда Атымтай мен Балзияның екі айрылып кетуінің көркемдік-логикалық дәлелдері де жеткілікті. Қылкөпір аталатын тар соқпақта мемлекеттік саяси басқарма қызметкері Атымтаймен кездескенде де ол осы ниетінен танбайды. Балзия мен Атымтайдың арасында мөлдір махаббат сақталғанмен, сол уақытқа сәйкес әр алуан таптық жәйттер бел алып кетеді. Болашақ перзентінің әкесі, сүйген жігіті Атымтайдың ақылға салған сөздері мен іс-әрекетін сол мезет тек таптық позициядан түсінген Балзияның илікпеуін характер табиғаты мен ірілігінің диалектикасынан дегеніміз жөн. 1917–1930 жылдар аралығы оқиғаларын қамтитын көптеген шығармаларда кейіпкер болмысы мен нысанасы көбінесе біржақты тұрғыдан бейнеленіп келгендігін ескерсек, Балзия образының жаңашыл сипаты бірден көзге түседі.
Екінші бір кезең тұсындағы жетпіс үш жастағы Балзияның ой-пиғылы мен іс-әрекетіне назар аударып көрейікші. Сүзектен жаңа ғана бас көтерген, туған жеріндегі жаңа өмір мен жаңа бақытқа кезінде байыбына бармай, «ашу араздың әзәзілімен» оп-оңай тәрк еткен жанның елу жыл ішіндегі көрген тыныс-тіршілігі осындай әрекетке итермелеген жоқ па? Балзия бұған дейін туған жерінен бір айрылса, сүйген жігіті Атымтайдан екі, жалғыз перзенті Заманайдан үш, енді жалғыз немересі Аманайдан да төрт айрылмақ қой. Сондағы, Балзияның пенде ретіндегі ғұмырының мәні неде қалды? Туған жердің хабарына қарағанда Балзияға ешкімнің өкпесі жоқ. Өзін-өзі ғана қор етті. Заманай атты ұлынан тірідей айырылды. Енді «атадан қалған тұяқ» – жалғыз немересінің хал-күйі не болмақ? Бір өзін ғана емес, бүкіл бір ауылдың зарына, сорына обалына қалған Балзия емес пе? Көзі ашық сауатты жан да осылай қателесе ме екен? Бай әкесінің тірлігі анау болды? Өзінің қазіргі халі төмендегідей: «Терезелері жермен-жексен сығырая шөгіп, қабырғалары мүжілген соқпа тамда тұратын, өздері де сол жер үйлерден әбден тозып, төменшік тартып басылған жүдеу жандар мылқау адамдарша үнсіз меңірейіп, тыңдайды да қояды» (Жүнісов С. Төрт томдық шығармалар жинағы. 1-Том: роман, повесть. – Алматы: «Жазушы», 1994. – 285 б.). Бұл жетпіс үш жастағы кемпір Балзия мен он жасар Аманайдың туған елге бет түзеп, ең соңғы және ең бірінші оң сапарға аттанып, жым-жылас жоқ болып кететін күні. Сүйегі қаусаған дімкәс кемпір Балзияның осындай шешімге келуінде және соны жүзеге асыруында жоғарыда айтқанымыздай характер бойындағы бірегей ірілік пен тың жаңалық, түсіндіруді қажет етпейтін керемет аксиома, керемет заңдылық бар.
Туған жердің, майданда қаза тапқан Атымтайының, өз қолынан тірідей айрылған Заманайының алдындағы рухани тазару мүддесі мен немересі Аманайдың болашағы – жетпіс үш жастағы Балзияны ақтық сапарға, оптимистік нұрлы сапарға итермелейді. Балзияның өзі де бұл жылдарда таптық күші жөнінен әлдеқашан тақырға отырған, «дүние қолдың кірі» әуелгі бір-екі жылда-ақ жуылып, келмеске кеткен. Сонан бергі ғұмырында жат жердегі жоқшылықтың, теңсіздіктің дәмін бір адамдай-ақ татқан. Таптық тегі мен кегі үшін орны толмас бірмойын қателігін кейін түсінген. Бір өзінің ғана емес, бірталай жанның көз жасына қалған күнәһар жан. Сондықтан шығар, соңғы тұяқ серпер алдындағы Балзия кемпірдің осы әрекетіне иланасыз. Ең болмаса туған жер топырағы бұйырса екен деп тілеп шығуында кәдімгідей заңдылық бар. Қылкөпір соқпаққа жетіп, Сәукеле шыңынан асар тұста Балзия дәрменсіз халге жетсе де, рухани-әлеуметтік тұрғыдан өзін-өзі саналы құрбандыққа қиып та жібереді.
Бас кейіпкер бойындағы қарама-қайшылықтар диалектикасынан туындап жататын бүл шешімге де ден қоясыз. Балзия жалғыз немересі Аманайын тау асырғанына көңілі тоқ. Мұны көзімен көрмесе де, көңілімен сезінгені бар. Бұдан елу жыл бұрын осынау қылкөпірден аман өтсе, енді міне, соншама жылдан соң тағдыр тағы да көлденең тартқан рухани-әлеуметтік сыннан өте алмады. Мұның өзіндік өмірлік, көркемдік логикасы осылай аяқталуға да тиіс еді. Адамның әрбір ой-пиғылы мен іс-әрекеті әрқашан сын әрі жауапкершілік дегенде біз осыған сүйенеміз, осындай жәйттерді айтамыз. Балзия тіршілігінің трагедиялық финалы міне осындай, мақсатты істі, ғұмырлық аңсар-мүддені көздегендіктен, соған қызмет еткендіктен асқақ сипатқа, реалистік кесек болмысқа ие болып тұр. Сондықтан да осындай алапат, аумалы-төкпелі әрі шырғалаң кезең шындығын, оның барша трагедиясын қылта тұсынан ұстап, жұлынды-сүйекті өтіп көрсете білген бұл туындыны шынайы роман десек те болады.
«Заманай мен Аманай» повесінде, шын мәніндегі, осынау романда әлеуметтік озбырлықты әшкерелейтін, творчестволық жасампаздықты әспеттейтін ғажайып аңыз да; жақсылық пен жамандықтың тіршіліктегі символикалық нышанын, өлшемін белгілейтін Сәукеле атты шың мен Қылкөпір соқпақ та; сонау 1930-1980 жылдар аралығында әлеуметтік табиғаты әртүрлі қазақ елі мен жат жердегі әралуан өмірлік өзгерістер шындықтары да бар. Шекарашы Протазановтың, Сәлімгерей байдың, Атымтай сияқты саяси басқарма қызметкерінің, Пірімбай, Есет сияқты алаяқ тыңшылардың да өздеріне лайық шыншыл да шымыр образдары бар. «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» – деген мақалдың ұлағатына осы туынды арқылы тағы да көз жеткізе түсеміз. Егер, «Заманай мен Аманай» повесінің идеялық-көркемдік биік мәнін бір ауыз сөзбен түйіп айтар болсақ, онда Отаншылдық өршіл сезімнің өшпейтіндігінде, шынайы тазалығында, ұрпақтар сабақтастығының үзілмейтіндігінде дер едік.
Қара бастың қамын күйттеп, уақытша болса да үлде мен бүлде, жұмақ-пейіш өз елі мен жерінде емес, өзге ел мен жерде екен деп қағынан жеріп, әртүрлі себептермен туған Отанынан безіп кету фактілерін аракідік баспасөзден оқып жүрген жоқпыз ба? Олардың кейіннен жаздық-жаңылдық деп оралып жатқанын және де білмейміз бе? Міне, осы тұрғыдан келгенде де «Заманай мен Аманай» повесінің, меніңше, шынайы романның әлеуметтік-рухани сабағы көркемдік биіктігімен, кемелдігімен тәнті етеді.
Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәкен Жүнісов сонымен қатар, үлкен драматург. Ол бұл жанрдағы еңбегін «Бәсеке» атты шағын пьесадан бастаған. Одан кейін жазған «Ажар мен ажал» драмасы қазақ жазушылары М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Б. Майлиннің «Раушан – коммунист», F. Мүсіреповтің «Ашынған ана» атты әңгіме-повестерінің әуенінде, шағын прозалық шығармаларының кейбір желісін тұтастырып, өз тарапынан дамытуы негізінде яғни интертекстуалдық дискурс нәтижесінде туған. C. Жүнісовтің авторлық концепциясы XX ғасыр басындағы қазақ әйелдерінің басындағы әлеуметтік теңсіздік, ескі салт-сананың құрбаны болған қазақ әйелі тағдыры арқылы қоғамдық қайшылықты аша білуінен көрінеді. Бұл тұрғыда ол ғасыр басында жазылған Көлбай Тоғысовтың «Надандық құрбаны», Қошке Кемеңгеровтің «Алтын сақина», Ишанғали Меңдіхановтың «Малдыбай», Бекмұхамед Серкебаевтың «Ғазиза», т.б. драматург-жазушылардың алғашқы сахналық туындыларымен үндеседі.
Драмадағы соқыр кемпір – драматургтің терең толғанысынан, сезімінен туған бейне. Драматург осы кейіпкерінің аузымен халық өмірінің аянышты шындығын тебіренте айтқызады. Ал Сары жорға бейнесі эпизодтық суреттің өзінде пьесаның тұтастығын сақтауға, оқиғалардың тартысты болуына жәрдемдеседі. Дүйсен, Үрләпия, Әукен бейнелері – бүйректен сирақ шығарушылар, бүлікшілер тобына жатады. Бөпіш – табиғатынан ақкөңіл, бөтен кісінің ала жібін аттамайтын, тек қана еңбектің адамы.
«Ажар мен ажал» драмасы М.Әуезов атындағы академиялық және республикамыздың басқа да драма театрларында сан мәрте сахналанып, жақсы бағаларын алды.
Одан кейінгі жазған «Қызым, саған айтам» драмасында адамгершілік-әдеп мәселесін көтереді. Ол бір отбасының күйреуі бүкіл жас отбасыларға сабақ боларлықтай тіршілік тауқыметінің әр қырынан көрсетеді. Пьеса кейіпкерлердің монологінен, шегіністен тұруы – ұлттық драматургияда сирек кездесіп отыратын құбылыс.
C.Жүнісовтің бірқатар пьесалары бұрын жазылған өзінің прозалық шығармаларының негізінде туған. Ол – прозалық шығармаларының желісін драмалық туындыларға айналдыруға шебер. Оған «Жапандағы жалғыз үй» романы негізінде «Қос анар» драмасы, «Ақ қасқырлар қамаған қызыл керуен» повесі бойынша «Өліара» деректі-документтік драма, «Заманай мен Аманай» повесі арқауында «Төгілген қандар, шашылған жандар» трагедиясы өмірге келді. Мұның негізінде жазушының туындыларында диалог пен монологті шебер пайдалануы жатады. Персонаждарын терең психологиялық халде суреттеу, драматизмнің күштілігі, C. Жүнісовтің кейбір прозалық туындылары драмалық шығармаға айналғанда, тақырып, мақсат-мұраты, желі сол қалпында қалғанымен, жанр шартына икемделіп, тың сапалық өзгеріске түсуінен байқалады.
«Қос анар» драмасының негізгі көтеретін мәселесі – қазақ жерінің проблемасы. Ол С.Жүнісовтің қолына қалам ұстаған сәтінен бастап шығармаларына арқау болған және баспасөз беттерінде ұдайы сөз етіп келе жатқан өмірлік тақырыбы – тың игерудің алғашында жапандағы жалғыз үй төңірегінде өрбіп, жалпы қазақ халқына әкелген зардаптарын бүкпесіз шындықпен ашады. Бір тақырыпқа, бір материалға негіздеп әр жанрда шығарма жазу дәстүрі М. Әуезовте жиі байқалатын құбылыс. Бұл дәстүрді жалғастырған, дамытқан қаламгерлерге Т.Ахтановты, 3.Қабдоловты, C.Жүнісовті, т.б. жазушы-драматургтерді жатқызуға болады. Пьесаның орталық қаһарманы Қарасай бейнесі өмірден түйгені көп, терең, жан-жақты, мінез-айласы сұмдық, сонымен қатар отбасының қамқоршысы, табиғатты аялаушы бейне ретінде ашылады. Драматург большевизмнің қылышынан қаны тамып тұрған заманда-ақ Қарасай арқылы «коммунизмнің» ішкі қайшылығын жеріне жеткізе сынайды. Қарасайдың: «Қазір он бес-жиырма жылдан соң коммунизмге жетеміз деуге де беттерің бүлк етпейді. Бүлк етіп қайтсін, жиырма жылдан соң бүлкілдейтін бет түгілі, қалтылдайтын бастарыңның қайда болатынын жақсы білесіңдер. Ертең мал басын көбейту керек деген тағы бір ұран шықса, о дүниеге кеткен қыруар малды бір күнде қалай тірілтіп алмақсың», – деген сөздері бүгінгі өміріміздің шындығына айналғанын байқаймыз. Аруаққа тіл бітіру – әлем драматургиясы мен қазақ драматургиясында бұрыннан қолданыс тауып келе жатқан көркемдік шарттың бір түрі. Ұлттық драматургиямызда Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз», Қошке Кемеңгеровтің «Алтын сақина» (Аруақ-сорлы Халиманың анасы), Зейін Шашкиннің «Тағы да ойланайық», Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» пьесаларында қолданылған. Сәкен Жүнісовтің «Қос анар» драмасында аруақ – «Жәлелдің үні» сөйлейді.
«Қос анар» пьесасы – автордың драматургтік талантын танытқан туынды. Пьеса тілінің шеберлігі кейіпкерлердің мінез-құлық, қыр-сырын, табиғатын ашудан айқын көрінеді.
«Кемеңгерлер мен көлеңкелер» – қазақтың біртуар ұлдарына арналған бүгінгі күннің драмасы әрі жариялылықтың заңды жемісі. Пьесадағы негізгі тартыс қазақ жазушылары М. Әуезов, C. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов араларында. Халқымыздың біртуар ұлдарының қарым-қатынасындағы көпшілікке беймағлұм жайттарды көркемдік шеберлікпен, көрегендік танытып, сахналық шығармаға айналдырған. Пьесада бірнеше желі қатар өрбиді. Онда тек қана ғүламалар арасындағы тартыс-айтыс, таластар тізбегі суреттеліп қана қоймай, қоғамдағы басқа да тартысты мәселелердің де ұшығы елес береді.
Мысалы: Мұхтар. «Тау асқандардың бәрі жау емес. Олардың көбі жаңа өмірден бейхабар, қараңғы еді, шаш ал десең, бас алатын әпербақан, шала сауатты белсенділердің істерінен естері шығып, мәңгіріп қалғандар. Ет, жүн салығы деп бар малын сыпырып ала бастаған соң, не істерін білмей, далақтап қашқан байғұстар», – деп жаппай қысым жасалған, «кәмпескенің» шындығынан сыр береді.
Сәбит. «Болашақты болжағыш көріпкел (Ленин), данышпан адамның көзі жұмылар-жұмылмастан, отызыншы жылға дейін неше түрлі қателіктер басталды. Аяғы отаршылыққа соқты», – деп елдің «ашаршылық» нәубетіне ұшырап қырылуын айтқызады.
Мұхтар. «Өздері ештемені түсінбейтін, түсінгенді көзге ілмейтін шолақ белсенділер бүкіл ел-жұртты қан қақсатты» (Жүнісов С. Кемеңгерлер мен көлеңкелер. // «Жұлдыз» журналы, № 1, 1991).
Драматург XX ғасыр басындағы қазақ халқының демографиялық құлдырау жолын суреттейді. «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» драмасында персонаждар арасындағы қақтығыс, тартыс, адам жанын жадыратар, жабырқатар, күйіндірер, мойындатар сәттер көптеп кездеседі.
C.Жүнісов – комедия жанрына үш драмалық туындысын арнаған. «Қысылғаннан қыз болдық» атты музыкалық комедиясының басталу үлгісі Б. Майлиннің «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» (1928) атты диалогке құрылған шағын өлеңімен үндес келеді, тіпті басқы жолдарына дейін автор сол үлгіні пайдаланады. Б. Майлин өлеңін «кеше», «бүгін» деп екі кезең, екі заман ағымын танытуға құрса, С. Жүнісов комедияның шағын прологін осы шақ формасына «бүгін» атты заман ағымына ыңғайлаған.
«Кроссворд немесе Жаңажылдық әзіл-маскарад» атты екі бөлімді сатиралық комедиясы кезінде М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылған. Бірақ, сахнадан тез түсіп қалған. Ол жөнінде белгілі театр, драматургия сыншысы Әшірбек Сығай: «Әуезов театры сахнасында небәрі бір-ақ рет көрсетілген «Кроссворд немесе Жаңажылдық әзіл-маскарад» Орталық Комитеттің нұсқауымен суырмаға қалай сып бергенін білмей де қалды. Хайуандардан да бетер, мақұлықтан ары тұрған адам-азғындардың сұрқия сүлдесін Маймыл, Түлкі, Қасқырдың кейпінде маска арқылы күлкілі көрсететін драмашының асқан шеберлігі әлдекімдердің шамына тиді. Қайсы біреулер сахнадан өздерін танып жатты. Кейбіреулер бір-біріне күдікпен қарай бастады» (Сығаев Ә. Өмірдің өз шындығы. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1994, 4 ақпан), – деп жазған.
Сәкен Жүнісов айықтырғышқа түсушілерге өмірдегі табиғатына сәйкес бір-бір «аңдық маска» кигізеді. Драматург мақсаты – өмірдің бұралаң жолын, ішіп-жеу, халық үстінен күн көру, жағыну, арандату, басыну харакеттері сияқты қоғамның көлеңкелі жақтарының бетін ашу. Пьесаның өміршеңдік негізгі мәні де осында.
C.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» пьесасы Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы халықтың, әсіресе, жасөспірімдердің өмірін, тіршілік-тауқыметін шындықпен суреттейді. Әке соғысқа кетіп, бұғаналары қатпай бар тұрмыс ауыртпашылығын арқалаған, сөйтіп, жеңіске қол ұштарын берген жастар еңбегі – шығарманың негізгі тақырыбы. Пьесада аты аталатын Бақыт, Қасым, Аплаш, Балташ, Балшекерлердің өмірлері, тұрмыс-тіршілігі бір болғанымен, әр кейіпкерлердің тек қана өзіне тән мінез даралықтарын дұрыс тауып, аша білген. Драматург шығарма шырайын кіргізетін детальді сәтті ұштастырады. Аспанда қалықтап ұшып бара жатқан тырналарға Бақыт қолын соза ұмтылуы, үн қосуы мұны анық көрсетеді. Мысалы:
Тырау-тырау тырналар,
Тізіліп қайда барасың?
Сәлемімді ала бар,
Көрсең майдан даласын.
Майданда жүрген әкем бар,
Көрсең, сәлем айтарсың.
Жеріме кірген жыландар,
Тұмсықтан ұрып тойтарсын.
Бала Бақыттың жалынышты сәлемі, аспанда қалықтап жылы жаққа ұшып бара жатқан қорғансыз тырналар психологиясымен үндеседі. «Жаралы гүлдер» драмасындағы кейбір кейіпкерлері «Әр үйдің еркесі» атты келесі пьесасында жалғасын табады.
C. Жүнісовтің драмалық шығармаларынан 1970–1990 жылдардағы қазақ драматургиясының басқа пьесаларымен салыстыра қарастырғанда, тақырып жағынан да, бейне жасау тартыс тудыру, мінез сомдау тұрғысынан да назар аударарлық бір идея байқалады. Ол – жатсыну формасын жиі пайдалануы. Мысалы, «Жапандағы жалғыз үйде жалғызсырап, дәрменсіз шошайып қалғаннан өткен мазақ жоқ» («Қос анар»), «Жиырма жылдан астам жапан түзде жалғыздық тауқыметін тарттым» («Қос анар»), «Тірідей торға қамап қойған жетім торғайша күн ұзақ үйде жападан-жалғыз отыратынмын» («Қызым, саған айтам»), «Алла тағала жапанда зар қақсатып жалғыз қалдырды» («Ажар мен ажал»), «айбат шегіп, ырылдап, айдалада жападан жалғыз ұлып өтсе...» («Кемеңгерлер мен көлеңкелер»), т.б. мысалдарды келтіруге болады. Жазушының шығармашылық лабораториясындағы басты ерекшеліктердің бірі – қазақ прозасының классикалық шығармалары мен автордың төл прозалық туындыларының сабақтасып, өзіндік соны драмалық шығармаға айналуын айтуға болады.
Қазақ әдебиетіндегі алыптар шоғырынан кейінгі лектің бел ортасында болған еңбек торысы – Сәкен Жүнісов. Оның соңында ұбақ-шұбақ келе жатқан қалың қаһармандар көші – Ақаны мен Ақтоқтысы, Әлібегі, Аманайы мен Заманайы, Құлагері мен Қараторғайы, Күргерейі мен Райханы, т.б. бар. Сәкеннің бақыты да осылар, ұлылы-кішілі қаһармандар тұлғасымен еншілестігінде.
Сөз соңын, Ғафу Қайырбеков пен Серік Тұрғынбекұлына бақталас ниеттен аулақ ізгі көңілден туған, Ақанмен тамырлас, Сәкенмен аттас, Мұхаңмен мұңдас, Ғабеңмен сырлас болған Сәкен сері Жүнісовке інілік сағыныш лебізін білдірген жандай досы, марқұм қаламдас замандасы, ақын-жазушы Төлеген Қажыбайдың арнауымен тәмамдағанды жөн көрдік:
Өзің жайлы жыр толғау жеңіл емес,
Онда жатыр тай-талас, ерлік, егес.
Онда жатыр Күргерей күңіренісі,
Онда жатыр жалғыз үй, ескі елес.
Онда жатыр Көкшенің өткендері,
Онда жатыр өмірдің өктем демі.
Онда жатыр Ақтоқты армандары,
Онда жатыр күн шуақ көктем лебі.
Онда жатыр сан тағдыр табысқаны,
Онда жатыр туған ел арыстары.
Онда жатыр Ақанның қайғы-шері,
Онда жатыр Құлагер шабыстары.
Бәрі де бар өзіңнің өміріңде,
Қапысыз құрыш қалам өрімінде.
Жаныңның жарқылындай жасын ойлар,
Шақ тұр-ау шарасынан төгілуге.
Жетелеп бір қиырға ойлар сан сақ,
Арман не өзіңдей бір лаулап жансақ.
Жүрерміз сағынышпен жақсы аға,
Өзіңмен бірге өткізген күндерді аңсап.
Күтерміз жиі-жиі келісіңді,
Аңсармыз аймаласып көрісуді.
Сағынар Сырымбеттің саласы мен
Құба бел Құлагердің тері сіңді.
Көрмеген Көкжендеттей қанат талып,
Саяткер думанымен қанаттанып.
Жөней бер Көкшетауға жиі-жиі,
Алатау иығына жанап барып.
Елінің сергек сезер мархабатын,
Бір өзі әнші, күйші, арқалы ақын.
Тек Сәкенмен сәндірек көрінеді,
Серілігің, салдығың, салтанатың.
Оқжетпестің асуына талмай тартып,
Жеттің бе шашаңды шаң шалмай шалқып.
Көкшемде көп ұлдардың бірі болмай
Сәкен боп туғандығың қандай бақыт!
Аян ҚАЖЫБАЙ,
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау
университетінің оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.