Әдебиет, өнер бойынша ҚР Президенті жанындағы ұлттық кеңес неге құрылмады?!
Бөлісу:
2015 жылдың 30 қаңтарындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «ҚР Президенті жанында Әдебиет, өнер бойынша ұлттық кеңес құрылады, -дей келе - Саланы институционалдық қайта құру, басқарушылық мәселелерді үйлестіру мақсатында елімізде алғаш рет Қазақстан Президенті жанында Әдебиет, өнер бойынша ұлттық кеңесті құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанында салалар бойынша көркемдік кеңес құру қарастырылуда», - деген болатын. Бұл жағымды жаңалыққа тек әдебиет пен өнер саласының ғана емес, руханиятқа бей-жай қарамайтын барша қауым елең етіп, жақсы леп күткені жасырын емес еді.
Дегенмен, сол мәлімдеме жасалғаннан бері де екі жылға жуықтап қалған екен. Осы тұрғыда атқарылып жатқан шаруалардан хабардар болу мақсатында Мәдениет және спорт министрлігіне қоңырау шалғанымызда, аталған министрліктің жиынтық-талдау басқармасының сарапшы маманы Әбдікіәрімов Мұхтар Шакизадаұлынан мына мазмұндағы жауап алдық: «Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 939 Жарлығы» бойынша министрлік жанында салалар бойынша көркемдік кеңестер құрылып жұмыс істеп жатыр. Ал Ұлттық кеңес құру мәселесі әзірше күн тәртібінде тұрған жоқ». Яғни, кеңес бар, бірақ құрамы еш жерде жарияланбаған. Тек қана енді министрліктің ғана ауқымында қызмет атқаратын кеңес бар деп ұқтық. Кеңес мүшелері кім екені белгісіз.
Әрине, Елбасы қол қойған Жарлық бойынша жұмыс істеп жатқан министрлік ауқымындағы кеңес әдебиет пен мәдениетті дамыту жолында жұмыс істемей жатыр деген ойдан аулақпыз. Дегенмен, министрдің екі жыл бұрынғы дүйім елге жар салып айтқан «ҚР Президенті жанында Әдебиет, өнер бойынша ұлттық кеңесі» құрылады деген сөзі қайда қалды?! «Айтылған сөз – атылған оқ» емес пе?! Неге бізде көптеген жоба сөз жүзінде айтылады, іс жүзінде тиісті денгейде орындалмайды?!
Асылбек Байтанұлы
Бөлісу: