Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
"Кітапқұмарлар" тобына қош келдіңіз!...

30.04.2024 2101

"Кітапқұмарлар" тобына қош келдіңіз!

"Кітапқұмарлар" тобына қош келдіңіз! - adebiportal.kz

Бұрындары әлем деген сөз кеңдік, кеңістіктің өлшеміндей көрінетін, қазір бұл сөздің де қадірін кетірдік, сауда үйлеріне барсаңыз, «Киімдер әлемі», «Балықтар әлемі», «Кепкен жемістер әлемі» керек пе...  әйтеуір,  неше түрлі «әлемдерді» көресіз. Ал әлеуметтік желілерде Салтанат Әбдіғали жүргізетін «Әдебиет әлемінің» жөні бөлек. Мұндағы «Кітапқұмарлар» тобы  кітап оқиды, оқыған дүниелерін талдайды,  пікір айтады.  Жалпы жұртшылық күнкөріс соңында, ақшасы көптер ат шығарумен айналысып кеткен осы кезеңде де кітап оқып, одан түйген ойын ортаға салып, жақсы ойлардың өрісі кеңеюіне қызмет етіп жүру, жалпы елді кітап оқуға шақырудың өзі үлкен жұмыс. Біз қоғамның интеллектісін жетілдіруге осылай әрекет қыла беруіміз керек. Кітап оқу біздің өмір салтымызға, мінезімізге сіңісті бола берсе, біз одан жаман болмаймыз, тым болмаса жақсы адам болып қаламыз. Ал биік өлшеммен алсақ, ізгілік, мейірім мен әділет дейтін үш тағанға сенетін қоғам қалыптастырамыз. «Кітапқұмарлар» тобы осы уақыт ішінде республиканың түкпір-түкпіріндегі оқырмандарға 500 кітап тарту еткен.  Оның мүшелері келешекте кітап оқылады не оқылмайды дегенге бас қатырмайды, олар үшін классикалық әдебиеттегі армандар мен уайымдар, эмоциялар өмірдің өзіндей жақын. 

«Кітапқұмарлардан» бөлек Салтанат жүргізетін "Сөз-маржанда" нақыл сөздерге оралып, "Балаларға базарлықта" ертегі оқылады. Атасы Әбдіғали Салтанатқа алты жасынан бастап Абай өлеңдерін жаттатып, кішкенесінен көркем шығармаға қызықтырған екен, шамасы кейін өскенде немересінің мақсаты кітаппен байланысты болатынын сезді ме екен... Біз «Кітаптар әлемі» жобасының жетекшісі Салтанат Әбдіғалиды әңгімеге тарттық.

 – «Кітаптарқұмарлар» тобын құру идеясы кімдікі, Салтанат ханым бұны жоспарлағанда жобадан не күтті екен деген  сауал бар бізде... 

 – Идея ойда-жоқта келді. Әлеуметтік желіде тікелей эфирде  ақындардың өлеңдерін оқып жүрдім. Содан тыңдармандар: «Даусыңыз әдемі екен. Оқи түсіңіз. Байқаймыз, әдебиеттен түсінігіңіз бар сияқты. Осы күні қандай жаңа кітаптар шығып жатқанынан бізді хабардар етіп отырсаңыз қайтеді?» деп  өтініш айта бастады. Хаттар  қайталанып келгеннен кейін ойлана бастадым. Содан тәуекелге бел будым. Әлі есімде, бірінші рет тараздық ақын Жұлдыз Бейсектің «Іңкәр – Ғазал» жыр жинағын таныстырдым.

– Қазіргі уақытта оқырмандарыңыздың саны қаншаға жетті? Олардың көркем дүниеге қызығушылығы неден байқалады?

 – Дәл санын нақты айта алмаймын. Бірақ көбейгені анық. Жобамыздың дүниеге келгеніне үш жылдан асты. Мақсатымыз – кітаптың  пайдасы бар екенін біле тұра, сол жағын мүлде ұмытып кеткен немесе ескермей жүрген жұртшылықтың ықыласын қайта ояту. Әрине, қазір көркем әдебиетке деген ынтызарлық өте жоғары деңгейде  болған сол бір замандар қайтып оралады  деп дәмелену қиын. Десек те, өткен күндерге деген сағынышы оянған жандардың саусақпен санарлықтай екенін сезсек те,  соларды  жоғалтқанымен қайтадан табыстыра  алсақ және ең бастысы жастардың бойына ізгілік нұрын  құя алсақ – біздің алға қойған мақсатымыздың орындалғаны. Әсіресе, мектеп оқушыларының қатарымызға қосылғаны қуантады. Түркістан облысы Түлкібас ауданының Асанбай Асқаров атындағы мектебінің, Алматы қаласының №7 жалпы білім беретін мектебінің оқушылары  және Қаскелең колледжінің әдебиетке құмар студенттері қатарымызды толықтырды. Мектеп оқушыларының көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді.

– Қазір кітап дүкеніне барсаң, кітаптың көптігінен бас айналады ғой, кітаптар да адамдар сияқты, тым қарапайым көрінетін кейбір кітаптың өзі жеңіл болғанмен айтар ойының салмағынан біразға дейін ойыңнан кетпейтіндері бар, сырты қандай қымбат, мұқабасы жып-жылтыр болғанымен ішкі мазмұны соған сәйкеспей жататыны бар, «хайп» үшін жазылғандары ең алдымен көзге шалынады. «Кітапқұмарлар» тобының осындай қызыл-жасыл дүниенің ішінен таңдау жасап, қандай кітап оқитынын білу қызық. Жалпы оқырман тартуда қандай тәсілдер қолданасыздар?

– Ол үшін бір автордың жақсы шығармасын таңдаймыз да, демеуші тауып, ең үздік оқырмандарға бәйге жариялаймыз. Ауыз толтырып айтар жұмысымыз «Бірге кітап оқиық» онлайн бәйгесін өткізгеніміз болды. 2022 жылы маусым айында ашаршылық тақырыбын өзек еткен  Адам Мекебаевтың «Аспан асты, жер үстіндегі зұлмат» романын, одан кейін мөлдір сезімге құрылған Қарауылбек Қазиевтің «Иманжапырақ» повесін жабыла оқығандығымыз. Сөйтіп жан сарайымыз кемелдене  түсті.

Бәйгеміз тамыз айында Абай өлеңдерін жатқа оқуға ұласты. Жеңімпаз атанған оқырмандарымыз ақшалай сыйлық алды. Ең бастысы – байқауға қатысушылардың кітап оқу айлығына аса ықыласпен ден қойғанына риза болып отырмыз.

Бұл тамаша үрдіс 2023 жылы «Жарыса кітап оқиық» деген атпен қайта жалғасты. Қаңтар айында  баға жетпес қазынамыз  саналатын Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының бірінші кітабын, ақпан айында Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романын оқыдық. Одан кейін Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» туындысын оқу айлығы өтті. Шығарманы талдаған үздік пікір иелерін бейнетаспаға түсірген еңбектері арқылы, енді бірде шығарманың мазмұны бойынша дайындаған викториналық сұрақтарға жауаптары арқылы анықтап отырдық. 

Кітап оқудың кейінгі науқаны тамыздың он бесі мен қырқүйектің он бесі аралығында өтті. Бұл жолы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Дидахмет Әшімханұлының төрт томдығының бірінші томын жаппай оқуға  бәйге жарияладық. Онлайн бәйгеге республикамыздың түпкір түпкірінен оқырмандар қатысты. Олар шығармадан алған әсерлерін қағазға қарамай айтып, бейнетаспаға түсіріп жіберді. Отыз еңбектің ішінен жетеуі үздік деп танылды. Оқырманға ұсынған әңгіме-хикаяттарымен үлкен ой айта білген жазушы мұрасы жақсы әсерге толы болып шықты. Оның шығармаларын шебер талдай білген Әтіргүл Тәшенова, Гүлмира Есжанова, Ләззат Утешова, Алмагүл Байсалова, Көкбөрі Мүбарак, Гүлназ Ешманова, Қасиет Сейітжан ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бұл жолғы бәйгеге демеушілік жасаған «Ел-шежіре» қоғамдық қорының президенті, жазушының ұлы – Дәулет Әшімханұлы болды. Кітап оқу айлықтарын алдағы уақытта  жалғастырып отырсақ деген ойдамыз.

Сонымен бірге әлеуметтік желідегі парақшаларда сауалнамалар, ойындарда атсалысқан  белсенді оқырмандарға «Фолиант» баспасының демеушілігімен кітаптар сыйлап келеміз.

– Жалпы адам баласы кітапты алдымен миы ерекше қоректің дәмін сезініп, оқығанынан ләззат алу үшін оқитыны анық.  Кітап оқитын адамның эмпаттығы да жетіледі, өзі өмір сүріп отырған осы кезеңге сыртынан ой көзін жіберіп, бірсарынды тірліктен өзінше мән табады. Оқырмандарға қандай қызықты тапсырмалар бересіз?

– «Егер сізде кейіпкерлерге хат жазуға мүмкіндік болса, кімге хат жолдар едіңіз? Қай шығарма, авторы кім?» деген тапсырма бердім. Сонда Елнұр Қайратұлы деген оқырман былай жазды: «Мен Тұрар Рысқұловқа жазар едім, бала кезде оқығаннан ба, маған бала Тұрардың қайсарлығы, әкеге деген махаббаты, «әкең қайда екенін айт», деп аяғын жоғары байлап асып қойса да әкесін сатпай қайсарлық көрсеткендігі; түрмеде әкесінің жанында отырып небәрі он жасында Наташа, Аркаша деген түрме бастығының қызы мен ұлын ат арбамен мектепке тасып жүріп, білімге деген құштарлығының арқасында әріп танып, әкесімен бірге отырған Александр деген кісіден орысша үйреніп, сол замандағы патша үкіметінің кері саясатын ұғынғаны; әкесінің аманатымен Александрдың құрметіне Наташадан туылған үлкен ұлының есімін Ескендір қойғандығы; әкесіне деген махаббаты, аманатын орындағаны нағыз қазаққа тән, жігіттік, адами қасиетінің өзі неге тұрады! Ең алғаш мектепке барғандағы басқа балалар енді әріпті танып жатқанда бала Тұрар дәптеріне Көке, Аспара, Қызыл жебе деген жазуларды тізгені – ол да бір әкесіне деген сағыныш құрметі еді. Әкесін ит жеккенге атарбамен әкетіп бара жатқандағы жерлері көз алдыма әлі күнге шейін келе береді. Тұрар Рысқұлов есімі қазақ үшін үлкен мақтаныш». 

Сонымен бірге Сайын Мұратбековтың «Жабайы алмасындағы» Нәзираға хат жазған оқырманымыз болды. Ол – Меңдігүл Мұханбетжанқызы деген оқырманымыз. 

«Сәлеметсіңбе,  Нәзираш. Қалің қалай? Сен неткен қайсар,  керемет қызсың?!  Сенің тағдырың соғыспен тұспа-тұс келгендіктен де өмір сені ерте қатайтып, тезіне салды ау... Анашың кісі қолынан,  әкешің мен ұнатқан жігітің Тоқтар соғыста қаза тауып,  сан рет сыналсаң да сынбадың. Бауырларың мен әжеңе көмектесем деп,  майдан даласын минадан тазартуға аттандың.  Өн бойыңнан нағыз қазақ қызына тән қайсарлық, өжеттікті көрем... Сен мықтысың, Нәзираш!  Сенің қажырлылығың мен төзімділігіңді өзіме үлгі тұтамын. Әр қазақ қызында сенің бойыңдағы намыс, төзімділік, қайрат, ақылдылық болса ғой, шіркін! Қамықпа, Нәзира. Бақыт саған тізесін бүгіп, гүлін ұсынып, қолыңды алады! Сен бақытты боласың! Сау бол.  Сәлеммен, өзіңді жақсы көретін оқырманың...» депті ол. 

«Кітапқұмарлар» тобында осындай жаны мейірге толы, ізгілікке сенетін адамдардың бары қуантады мені. 

– Өзіңіздің де әңгіме жазатыныңызды білеміз, осы жобаның шығармашылық қабілетіңізді дамытуға қандай да бір әсері болды ма?

– Әрине, болды. Жазушы Адам Мекебаевтың «Аспан асты, жер үстіндегі зұлмат» романын оқып, халқымыздың басына түскен нәубәтті сезініп, көзіме жас үйірілді. Жазылғанына қаншама жылдар өтсе де оқылып келе жатқан кітап. Біз осы шығарманы әдейі таңдадық. Оқырмандар оқып қана қоймасын, бір жағы ой түйсін дедік. Ал Қарауылбек Қазиевтің осыған дейін «Ақ бантик» деген әңгімесін оқыған едім. «Иманжапырақты» оқып, жан дүнием сәулелене түсті. Жазушының жазғаны өзіне тартады дейді ғой, қаламгер мөлдір сезім иесі екен. Осылайша мен және бір суреткердің туындысымен таныстым. Жұртқа да кітап оқуға септігім тиіп, өзім де рухани байып жатқан жайым бар.

– Әр айда оқылатын, талданатын кітапты өзіңіз ұсынасыз ба? 

– «Кітапқұмарлар тобында» Мәди Айымбетов, Доқтырхан Тұрлыбек, Болат Құрманғажы, Сәбит Дүйсенбиев, Тұмартай Дінтайұлы іспетті жазушылар бар. Сол кісілермен ақылдаса отырып таңдаймын. 

–  Бүгінгі оқырмандарды қандай тақырыптар қызықтырады, не оқығысы келеді? 

– Жастар қазақтың классик жазушыларының шығармаларын қызығып оқиды. Шетел әдебиетін де оқиды. Содан кейін психологиялық кітаптарға ынталары ерекше.

 

–       Аудармаға қатысты пікір-көзқарастар болып тұра ма?

–        Аудармаға қатысты өз тілектерін жолдайтын да оқырмандар бар, мысалы, Асланбек Қазбекұлы деген оқырман: «Маған Жюль Верннің кітаптары ұнайды. Капитан Гранттың балаларын іздеп едім, сатылымда жоқ екен аудармасы. Сосын онлайннан қазақша аудармасын тауып оқыдым. Жюль Верннің осы аудармасы, Александр Дюма «Граф Монте Кристо» аудармасының қазақша нұсқасы баспадан шықса екен» депті.

 – Кейде байқап қаламыз, әртүрлі  викториналық ойындар өткізіп жатасыздар...

– Иә, аптаның бір күні де бос емес. Суретке қарап ат қою, мақал-мәтелдер жасыру, өзің қызығып оқыған кітаптың әсерімен бөлісу,  "Оралымды ойлар", "Елеулі эпизодтар", "Таңғажайып табиғат көрінісі", "Махаббат машақаты" деген тақырыптарда кітаптардан үзінділер жазып жарысу, жазбаша айтыс, мәнерлеп оқу сайысы  сияқты ойындарымыз бар. Бұл ойындардарда үздік шыққандарды ақшалай марапаттайтын тұрақты демеушіміз бар. Ол – ақтаулық кәсіпкер Бақытбек Жұмабек ағамыз.

–  Жалпы кітаптың арқасында республиканың түкпір-түкпірінен жақсы достар, пікірлестер тапқан да шығарсыздар?

– Таптық. Өткен жылы пікірлес достар Алматыда бас қостық. Өскеменнен Талғат Саккоұлы ағамыз, Жанаргүл Қайырлықызы апайымыз, Бауыржан Заманбеков, Түркістаннан  Ләззат Утешова, Жібек Искакова, Төлбасы Батырхан,  Шымкенттен Асия Жұлдызбаева апай, Мадина Тұрысбекова аруымыз, Талдықорғаннан Азамат Нұрмұхан, Алматыдан қаламгерлер мен оқырмандар келді. Алма-Арасанда қызықты кездесу болды. Бір бірімізге кітаптар сыйладық. Біз кітап арқылы мейірімді, ізгілікті көбірек еккіміз келеді. Осы қоғамның жақсаруына теңізге тамған тамшыдай өз үлесімізді қосқым келеді. 

 – Әңгімеңізге рахмет. Кітапқұмарлар қатары көбейе берсін!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар