Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Жерге табын, Адам, енді...

29.04.2024 1354

Жерге табын, Адам, енді 14+

Жерге табын, Адам, енді - adebiportal.kz

27 сәуір күні «Жастар» сарайында «Tauelxsiz» арт-жобасы  «Жерге табын, Адам, енді» атты сахналанған заманауи өнер кеші өтті. Кезінде «Адамға табын, Жер, енді» деп ұрандата жырлаған әйгілі ақын Олжас Сүлейменов поэмасында көтерілген идеяға бүгінгі күн тұрғысындағы қарсылық іспетті қойылым әсерлі болды.

Кілең жастардың ұйымдастыруымен өткен адамгершілікке құрылған бұл қойлымның айтары көп, берері мол болды. Бір сағаттық ғана қойылым болса да, өте өзекті тақырыпты арқау ете отырып, қазақ халқының өткен ғасырда басынан өткен нәубетті күндерін қайталап еске салады. «1931-32 жылғы аштық», «Тың игеру», «Полигон зардабы» сынды қазақтың тәнін де, санасын да, жерін де талқанын шығарған отарлықтың кесапатын ашық айыптайды. Өткір сынайды. 

Таза саяси шешімдер қателігінен большевиктер құрбанына айналған, 20 ғасыр қазағы көрген азапты қанша айтсаң да, қанша толғасаң да кеудеңде жібімес дерт болып жабыспайынша сен - ұлт емессің!

“Tauelxsiz” жастары жасанды интеллекті чат-боты мен бүлдіршін балақайдың сұхбаты арқылы көрерменді біресе 31-32 жылғы аштық кезеңіне, біресе тың игеру уақытына, біресе атом бомбасының жер тітірете саңырауқұлақ шығара жарылған көрінісіне жетелеп, алып лед-экран арқылы көрерменге ұсынып отырады.

Өз жерінде бейбіт өмір сүріп жатқан халықтың, қолдан жасалған аштықтан көрген қырғыны қазақ үшін зұлматтың басы да, аяғы да емес екен. Тарих сахнасында өткерген қасіретті күніңді ұрпағың өнер сахнасында екінші мәрте аштан қатып, екінші мәрте атылып сахналап жатса, одан өткен трагедия, одан өткен санаңа ауыр тиер қасірет бар ма?

Өз туған жеріңде адамша өмір сүру мен адамша өлуді бұйыртпаған қызыл коммунистік жүйенің машинасының алдында туралып кете барған қарапайым қазақтың тағдыры әлі күні толғағын жара алмай тұрған улы ісік іспетті.

«Tauelxsiz» жастары осыны қолдарынан келгенше меңіреу, ұйқыда жатқан ұмытшақ елінің есіне салып, қайталап түсіндіргісі келеді; кеудесі соқамен жыртылған, атоммен күйдірілген мынау байтақ даласына айғайлап айтқысы келеді. Ертемен оянатын сайрауық құстардай шыр-шыр етіп, халқының қасіреті қайталанбасыншы деп зар қағады.

«Жерге табын, Адам, енді» дейді. Адамға табын жер демейді. Бұл діни түсініктен де емес, таза адами қалыптан шыққан биік үн! Олар алаңдайды, өткеннен сабақ алайықшы деп ескертеді. Қарлығаштай қайырымдылықпен қазақтың қан тамған қасіретіне мамығын төсейді, жарасын емдемекке әрекет етеді. «Тыңнан» алған қандай жарақатымыз бар, тың игереміз деп жүріп, біздің бүкіл сана-сезіміміз бен таным-түйсігімізді қалай жыртып тастағанын ашық айтады. Таудай-таудай саңырауқұлақ бұлттарды халықтың жеңісі, елдің техникалық жетістігі емес екенін, қазақтың жері де, малы да, адамы да тәжірибе алаңы мен объектісіне айналғанын ашына айтады.

Түрлі сынақтар мен адамға табындырмақ болған кесірлі адамдар шешімі, жер шарының үздіксіз бұзылып бара жатқанын, экологиялық апаттардың көбейуі сергек жастарды алаңдатады. Жер-Ананың адам баласы қолынан қандай қиянат көріп жатқанын, өткенді айттық, болашақта бізді не күтіп тұр? Біз қайтсек Жер-Ананы құтқара аламыз, қайтсек ортамыздың қалыпты экологиялық баланысын сақтай аламыз дейді. Жерге табын, Адам, енді! Жерге табын, Адам, енді! деп Жер-Анасын қорғайтын ұлан болуға, ортақ күресуге әрекет етейік деп үндеу тастайды. 

«Tauelxsiz» арт-жобасы жастардың жай жатпай, ізгілікті ту еткен, таза ниеттерінен өмірге келіп жатқан жоба. Есті де, белсенді жастардың қазақ елінің ертеңіне алаңдай отыра, осындай тақырыпты кештер мен ауқымды істерді көбірек ұйымдастыруына тілектеспіз. Тақырыбы терең, мазмұны мол дүниелері діттеген жеріне жетіп, қазақтың керегіне жарасын деп ақ батамызды береміз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар