Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Ақын жүрегіндегі иман...

29.04.2024 1782

Ақын жүрегіндегі иман 14+

Ақын жүрегіндегі иман - adebiportal.kz

Ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы шығармашылығы хақында

Қайбір жылдары «Әдебиет айдыны» деген атпен қазақ әдебиет әлемінің басылымдар шоғырына келіп қосылып, ел арасына кеңінен таралып, оқырман көңілін таба білген әдеби газеттің кезекті санын (№51. (28.12.06) парақтап отырып, поэзия бетінен ақ қалпақты әлдекім көзіме оттай басылды. Бір қарағаннан-ақ есім көрсеткішін оқымастан әлде неге иман жүзді, ойлы көзімен тесіле қараған Дәулетбек Байтұрсынұлы ағамызды бірден таныдым. Таныдым да тақырыпқа бірден үңілдім. «Тән жетектеп тәлкек етті, жан нәресте есеймей» деген атпен газеттің толық бір бетіне берілген жырларды түгелімен оқып шықтым. 

Қашан барсамда қағытпай қарсы алатын Дәукеңнің даралығын болымысынан ғана аңғаратынмын. Оның іс-әрекеті, сөйлегені, жүріс-тұрысы барлығы да бір басынан басқаға деген құрметті, мейірімді, ілтипаттылықты танытатын. Құдай демей қурай сындырмайтын, Алла демей артық сөйлемейтін қасиетіне іштей сүйінетінмін де ағалық пейіліне, інілік салауатпен сиынатынмын. Ал бүгін сол ағамның жан әлемінің жаратылысына жолыққандаймын. Бейне «Өзіме-өзім болып өскем мұғалім» деп ақын өзі айтқандай болымысындағы даралық, өлеңіндегі даналықпен жалғастығын тапқандай төгіліп тұнған жырмен  көрініп тұр. 

«Абыз» атты шұбыртпалы ұйқаспен шымылдығын ашқын беттің шырайын келтірген шымыр жырға елтіп отырып, қым-қуыт ойдың құндағында қаласың. Бүгінгідей бақсыдан басшы арақ сұраған азғын заманда, даналарымыз даудан арылмай, балаларымыз нанға жарымай жүрген қоғамда әділет тілеп араша сұраған ақын: «Адастырмайтын ақылшы болған, қазақтың абыз қара шалдарын» еске алады. Салтын сақтаған сақара заңының жалғастығы болған ағаларынан соны тілейді. Әй, шіркін! Бірлікке жүгінбестен, бір-бірімен мүйіздескен ағаларымызды періште жүрек ақын: «Ағалар бізге жайылған желкен, бағасы биік, дара салмағы» деп алалап жатпай, жалпылай мақтай кетеді. Бәлкім өлең тырнақшаға алынған жағдайда, ағаларымыз өзінің мақтамен бауыздалып жатқанын сезінер ме еді?..

Қош, мақла нысанасы «ағалар» емес еді ғой. 

«Тартылыс күшімін» өлеңінде өзгеше сарынмен келген ақын«Ертеңін елдің күтумен төрт боп қос көзім, жастыққа тимей тың тыңдап келді құлағым», - деп неліктен деген сауалды бізге қалдырғанмен, кешікпей өзі жауап береді.

Дат басып қалған мылтық емеспін атылмас,

Тартылыс күшімін қазақтың күнін батырмас.

Тәңір тау елінен келген ақынмын,

Қайта менімен қалай ел болу жайын ақылдас. 

Бұл азамат ақынның айтар сөзі. Білікті адамның берер жауабы. Осы бір шумақ өлеңмен ақынның бүкіл жырының қуатын сезінуге болады. Бұл алты ауыз сөзімен әлде қандай болатындарға сілтеген айбалта іспетті. Бекер еместігін бекем өлеңімен ұқтырған ақын «өзіммен өзім» өлеңінде:

Арасында алжасқан азғындардың,

Сақтасам ба иманның аз күнгі арын.

Көк жайлауын, орманын бір Алланың,

Шиырласам қайтеді саз, құмдарын.

 

«Теңге, теңге, теңге» деп тепеңдеген,

Мазағында өмірдің өтем бе мен.

Қаза болды қаншама парыздарым,

Қалды қанша құлшылық өтелмеген. – 

деп, тірлігін тиын билеген лас тірліктен пәк арына араша іздейді. Әрі оқырманға имандылық туралы ой салады. Расында «ап қоялық» ұранына айналған ағайындарымыздың «Аллаһуакпарды» білмейтіні аз емес. Ақын сол сорақылықтан безінеді. Жер ұйығын іздеген Асанқайғыша «Қия бассам кездесем қиянатқа, Кетсем бе екен күнәсіз мекен іздеп», - деп жаратушының жарығына, иманның нұрына шөлдеген ақын:

Қанжығаға қанпезер сойыл байлап,

Бассыздыққа белшеден тойынды аймақ.

Қаламыммен құшақтап құранымды,

Естімеске кетсем бе қойымды айдап, - 

деп, қоғамның кесіріне өшіге қарайды. Қаламы мен құранын құшақтап, қойын айдап естімеске кетіп бара жатқан ақын бейнесінен көз алдыңа шындық үшін шырылдап өткен Шәкәрім атамыздың елесі келеді. Ол да осылай озбыр тірліктен жерінді емес пе?!

Адам Алланы білу үшін алдымен өзін тануы керек қой. Сол себепті де ақын өз жүрегіне алдымен үңіледі. Сол арқылы жаратушыға шүбәсіз беріліп, шешіле жырлайды. «Қалады бәрі» өлеңінде мынау жарық дүниенің жалғандығын бар ел білетіндей қарапайым ғана айта келіп, «Мәңгілікті бізге неге бермеген» деп жырлаған Омар Хаям жауап таппай кеткен тіршілік сұрағына: 

Қалады мақтан, алданыш, арбау аздаған,

Нені де болса мәңгілік саған жазбаған. –

деп, өзінше түйін жасап, жауап іздеген ол, бір Омар Хаям емес өмірге ғашық әр пендені де бей жәй қалдырмайды. Әрі шынайы өмірдің мәні имандылық, адамдық қасиетте екендігін ескерте қарын қамындағы көп санды адамдар сезе білмейтін о дүниедегі өмірді де ескерте кетеді.

Жанымыз анау жеті ғат көкке жол шегер,

Тәніміз қалар топырақ текке көміліп. – 

деп, тіршілік соңы көр деп есептейтін «мылқау» саналарға сәуле шашады. Ақын өзін ойландырған, мазалаған қоғамдағы былық, шылықтан безінген жүрек жырларын «заманға мынау қарашы» өлеңінде шынайы айта біледі. Онда жыраулар пэзиясының үлгісімен келеді. «Қас-қағым» өлеңінде «Өзім оқып сарғайттым жүрегімнің кітабын», - деп келетін соны тіркес тосын ойдан туған шынайы шабыттың жемісі екені даусыз.

Сыртым түзу, әрине,

Оғаш қылық етпедім.

Ұнасамда пәниге,

Жүрегім кір көп менің. – 

деп, ақын «түссін иман сәулесі» өлеңінде өз бойынан пенделікпен болған кемшіліктерін айта келіп өзгеге де ой салады. Сол арқылы айналасын бес күндік баянсыз ғұмырда қанағатшыл болуға шақырады да, өлең соңын:

Ендігәрі болмасын,

Тоқылдауық тәубесі.

Сабыр болсын жолдасым,

Түссін иман сәулесі. – 

деп, түйіндейді. Бұндай да өзіңде еріксіз іштей «әумин» айта күбір еткеніңді сезбей қаласың. «Күнде үйден шығарда» өлеңі де адамилық, имани қасиеттермен тұтасып:

Айналайын мейіріммен ізгілік,

Іздеп жүрмін сары ізіңмен үздігіп, 

деп, әлде бір даналқпен көз алдыңа келеді де ту сыртыңнан сыбыр етеді. Қандай пәк, періште көңіл.

Күбірлеймін күнде үйден шығарда,

Ең дұрысы сабырыма көнгенім. –

деп, бір басын емес бәрімізді қамти тіл қатады. Сабырлқпен тәубаға шақырады, сол арқылы жалғыз жаратушыны тануға насихаттайды. Осы пенделіктің бәрін ақын:

Рухым әлсіз болғандықтан ұйқым арсыз болып тұр,

Төзім берші төреші Алла көкірекке толып нұр.

Тән жетектеп тәлкек етті, жан нәресте есеймей,

Алла мені құдіретті қуатыңа жолықтыр! – 

деп, «рухым әлсіз болғандықтан» өлеңінде шынайы бейнелеп, шын көңілмен Аллаға мойын ұсынады. Бұл өзін танудың шынайы үлгісі. Осындайда былыққан қоғамға жетпейтіні де осы-ау деген ойда қалсың. Ал осы өлшеулі тірліктің түбі тыныштық көрде деп сезінетін бізге «Олай емес, еркіңмен жата алмайсың көріңде кең», - деп селк еткізеді. «Онымен бітпейді» деген өлеңінде:

Ешқашан қорықпаймын өлемін деп,

Тілеймін иманы бар бер өлім деп.

Аллаға ұнау үшін екі әлемде,

Күн кешем рухымның қорегін жеп. – 

деп, тоқталады. Бұл ақын шығармашылығының бір үзігі ғана. Бұдан ұғынатынымыз жалпы Дәулетбек поэзиясының алтын арқауы жүрекке ұялаған имани қасиет, адами құндылық. Сонымен де өз даралығын танытады. Әлі де өзін-өзі танып білмеген біздейлердің Алланы тануға талпынған ақын поэзиясына үстірт қаралған көзқарас болар. Дей тұрғанмен саналы оқырман ретінде алған әсерімді, түйген ойымды ортаға салу ерсі болмас деп білемін

Сол жылдардағы студенттер, Дәукңнің рухани шәкірттері «Үкілі қыздың» үйін торыған сері Серікбол Хасан мен Қошаннен қорлық көріп жатақханадан қуылып, Алматыдағы атың өшкір «Жетімбұрыштан» «Пәтер іздеп жүретін» жалбырбас ақын-әнші Ерболат Әбікенұлы бүгінде елге танылған қарымды қаламгерлерге айналды. Менен көрі Аллаға да, ағаға да жақын екеуінен Дәулетбек шығармашылығын кеңінен талдап, таразылап беретініне бек сенімдімін.

                     Талапбек Тынысбекұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар