Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
"Алыс Алтай" Ғалымбек Елубайдың бір әңгімесі жайлы...

30.04.2024 1991

"Алыс Алтай" Ғалымбек Елубайдың бір әңгімесі жайлы 12+

"Алыс Алтай" Ғалымбек Елубайдың бір әңгімесі жайлы - adebiportal.kz

Адам болмысының түрлі жақтарын арқау ететін, тақырыптық ауқымы кең Ғылымбек қаламы, ұлттың кешегісі мен бүгінін шұбалаң оқиғасыз шағын әңгімелерге сығып, сидырып жібруімен ерекше. «Бұланай асқан бұлдырық», «Уақыт қоламтасы», «Алып әтештің әсем құйрығы немесе жаяу ұстаз», «Бөде», «Аспанда тіреуіш жоқ», т.б. сынды әңгімелердің ішінде екі дәурдің егіз картинасы қатар жүреді. Сондай әңгімелерінің бірі – «Шала бауыздалған ақ ешкі». 

Шығарма сүйегінен ой таңдайыңа автор мен Алтайдың арасынан, қазақтың кешегісі мен бүгінгісінің бүкпесіз шындығынан ніл тамады. Әуелі тақырып қоюдағы шеберліктің көзге көрінбеуі мүмкін емес. Ғалымбек – тақырыпты өзгеше қоятын қаламгер. «Ай жамылған аруақтар», «Жалаңаяқ кісінің құбыласы», «Бүйі қаптаған жаз», «Жүректің оң жақ айқұлағы» деп тізбектеліп кете береді. Бұл әңгіменің тақырыбы да сондай. 90 жылғы оқиғаны баяндаған әңгіме тотаритарлық жүйенің құрбаны болудан қашып құтылған ұлттың символы ма деген ойға қаласың... Бірақ, басқаша. Қалай болғанда да айтар ойы кешегі мен бүгінгінің арасы екенінде дау жоқ.

Ұлттың кешегі, бүгіні дегенді сөз басынан бері пафос үшін немесе көтермелеу мақсатында айтып отырған жоқпыз. Ұлттың тағдырын кейіпкерлердің басына беріп жазу әдебиеттің ежелден келе жатқан қалагерлік машығының бірі. Шығармадағы басты кейіпкер «мен» бала күнінде «Күнбатар түстағы қара таудың ар жағында қандай ғалам барын» білмейді. Бұл қақ жарылған екі шекараның ар жағында дәл өзіндей бөлшегі барын сырттай білсе де, «таудың ар жағындағы» «ғаламның» қандай екенін нақты білмейтін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өмір картинасы сынды. Күні бүгін де күрмеуі толық шешілмеген бұл картина Ғалымбек шығармасында елеулі орыны бар тақырып. 

Әңгіме желісін екіге бөліп, арқауын Алтайда өріп, түйіншегін Арқада шешкен автор «Алтайдағы серкенің аяғына тас тисе, Арқадағы арқардың мүйізі сырқырайды» танымына еріксіз жетелеп әкеледі. «Топырақ сала алмау» зары, әлем жарыса жазған саяси қысымды бастан өткерген «Алыс Алтайдың» ызғарлы күндерін есіңе түсіріп, арғы беттің бүгінінен хабар берсе; әңгіме соңындағы Меннің ет сұрамайтын балалары арқылы бір әулеттің үш ұрпағының кешкен ғұмыры мен тұтас халықтың тағдыры қалай өзгергенін шендестіре баяндайды. Бұл тұрғыдан аталмыш балалардың шығармадағы ойды алып шығу үшін қосылған жоспарлы сиюжет, таңдаулы детал екені аңғаруға болады. 

Бұл балалардың әңгімеде атқарар тағы бір қызметі бар. Ол уақыттың еншісіндегі ұлт болмысының айырмашылығын беру. Көшпенді және қалалық қазақ мәдениетіндегі біздің болмысымыз. Өйткені, Мен өзі кеше етсіреп, жер тепкілеп жатып алса, бүгінде «ешкіні суретінен ғана көрген» ұрпағы «алдына ет сұрап келмейді». Міне, осы арқылы автор ұлт болмысының эволютциялық аспектілерін көз алдыңа әкеледі. Түгендегеніміз бен қатар жоғалтып та жатқанымыз көп екенін айтады. 

Екі аралықтағы уақытты автор жай ғана «отыз екі жыл» демей, «бақандай отыз екі жыл» деп суреттеу арқылы екі жақтағы бір-бірін көргісі, білгісі келген біртұтас халықтың сонша күткен, сондай аңсаған, сарқыла сарғайған көңілін бір-ақ сөзге сыйдырып тұр. 

Ғалымбек әңгімелерінде Серіліктаудың кез-келген картинасын мейілінше емін-еркін қолданады. Көз алдыңа тартқан фото, сызған суреттей елестетіп, әрбір жыра-жықпытына, бұта-бүрген, жан-жануарына дейін көңіл айнаңа айнытпай түсіргенмен қоймай, әр көңілді сыздатқан, әр жүректі тербеткен дүниелерге дейін дүп басады. 

Әңгіменің тағы бір қыры – тіл шұрайы. Соның бірқатары – сәтті жасалған суреттеу. «Серіліктаудың басындағы бөрінің боғындай шашыраған аз ғана ауыл». Көз алдыға Ғалымбектің ауылы емес, әркімге өз ауылын елестететін құдірет - тіркестің сәттілігінен. Тіпті өміріңде «бөрінің боғын» көрмесең де, ауылыңның бөрінің боғындай шашырап отыратынын білетіндіктен, тіркеске риясыз сенесің. Бұл теңеуді өмірі көрмеген картинаңнан алғанын аңғармайсың. «Екі құйрығында бір жамаулы шағы». Баланың емес өмірдің өз суреті. Жыртықты жамап, бірді бірге жалғап, «барға – риза, жоққа – сабыр» күн көріп отырған тарихи ауыл келбеті.

«Жанарында жасыл сәуле ойнаған ақ ешкі». Қалада Ғалымбектің кітабын оқып отырса да, ешкінің шегір қарашығы ішінен тік сызық боп көгілжім сәуле шашып қарайтынын малсақ жұрт ұмытпаса керек. 

Әңгімеде тіл сонысын әйгілейтін тіркестерінің кейбірін тағы сол кешенің де, бүгіннің де картинасы деп қабылдасақ жарайды. «Өзінен өзі аяған үнемшілдік» дегенде санаң селк етеді. Тілдің шұрайы ғана емес, таныс дағды. «Сорабын шөп баспаған тар заманның елесінен үрей буған үлкендер». Ұлт жадынан шыға қоймаған қиын күндерді көркем түрде көз алдыңа әкеле отырып, «заманның елесінен үрей буып» отыратын үлкендер жағының картинасын ұсынады. Тағы да таныс өз ауылыңның үлкендері көлбейді. Ал, «түлкі құрсақ жортатын» Ғалымбек ғана емес, тағы да бірге ойнаған шаңды балақ жолдасың көкейге орала кетеді. 

Бұлардың қай-қайсысын кешегі ауыл десең де, бүгінгі өмір картинасы десең де патша көңіліңің өз ырқында. Ал, автор барынша шынайы, ұлт жанына жақын, қарапайым да сұлу суреттер салады. Кеше жоқшылықтан өз-өзінен аяса, бүгін кредитін төлеу үшін өз игілігіне өзі қимайды. Кеше балаларды тапшылық түлкі құрсақ жорттырса, бүгін ойын, гаджеттер мен смартфон үшін солай жортады. Ал, үлкендер әмәнда жас ұрпақтың келешігін уайымдайды. Міне, бір шаңырақтағы үш буынның тірлік дағдысы, өмір сүреңі. Бұны Ғалымбек қаламы бүркемелемей шындықтың бетіне тура қарайды. Қай-қай әңгімесін оқысаңыз да солай.

Жинақылық, аз сөзге көп мағына беру – бұл Ғалымбек тіліндегі ең басты ерекшеліктің бірі. Айталық, «ділі қатты, сөзі ашты, ашуы долы кісі» тіркес молданың, «Менің айғыз әжімім жүрегімде» деген сөйлем Қуанған әженің мінздемесі ғана емес. Өз кейіпкерінің ішкі жан дүниесінің көрінісі, ауыр тағдырларының ащы салдары, мың өліп мың тірілген адам болмысы. Кейіпкерлер харектрін ашудағы шеберлігі өз алдына бір төбе. Диалог арқылы да, баяндау арқылы да көркемдігін жадағайлатпай, келістіріп келте қайырған тіркестермен көз алдыңа тартады. «Жыртқыш түз тағысындай тас орындықтың талайын тоздырған көкжал» дегенде моймайтын молданың ер мінезін есіңе түсіп, Мағаз Раздан сынды тұлғалармен бір абақтыда отырған кісі осал емес екені анық қой,- деп еріксіз иланасың. «Ауыл бетіне самал боп тимейтін» дегенде, «өмірінің жиырма жылын Қытайдың тас түрмесінде» тар қапаста өткізіп, тағдыр тауқыметін тартқан молданың ауыр өмірін есіркеп, асты-үстіне түсіп күткен манағы «ашты тіл, қатты ділін» жасынға жіберетін ауыл болмысының шарапаты аңқиды.  

Кейде автор көңілі толмайтын, өзі айтқысы кеп жүрген, дәл бүгінгі қазақ қоғамының мәселесінің кейбірін ой шалғысының жүзімен жеңіл шалып өтпесе көңілі көншімейді. Сөз арасында елеусіз ғана мектеп формасының ұлттық деңгейде «ұлар-шу боп талқылап» жатпай-ақ шешуіне болатын дүние екенін айта салуы да содан.

Сөз арасында бұл шығарманы тарихи категорияда ғана қалдырмай, бүгінге жалғап, өміршең етіп тұрар, ойға қызмет ететін, елеусіз құпия көркемдік деталдары бар. Соның бірі – «Алыс Алтай». Бір қарамаққа жай ғана сөз ойнатқан ассонанс(дауысты үйлесім) сияқты. Бірақ, сезінген адам ғана білетін зілмауыр сағыныш. Төртке бөлінген біртұтас Алтайдың бір шетінде отырған қай қазаққа да, басқа пұшпағы бейтаныс та, санадан ұзап «басқа елдің» «бөтен жеріне» айналғаны анық. Әудем жерде, кешегі «төскейде малы, төсекте басы» қосылатын ағайын, бүгін бір ғана сызықтың кесірінен бір-біріне жат. Іштей жақын тартса да, қолы жетпес алыста. Әңгіме кейіпкері үшін әке қабірі жатқан жақ тіптен солай. Бәрі де алыс… Кешегі бүтін Алтай, біртұтас халық бір-біріне бөтен боп өркен жайған. Бұл тіркестің қойны-қоншына қол салып ақтарсаң ұлттың неше оттың ортасында өзін толық қамтып толыса алмай отырған бүгінгі шарасыздығын да оқисың. Бұл ой – осы шығарманың ат байлайтын дере ағашының бірі. 

«Сол алыс Алтайдың қойнында мәңгілікке тыныстаған» «баласына ешкі сойып берем деп күлкіге қалған» әке де, қапыда көз жазып, санада малданып қана жүрген қиянатқа қолы, обалға дәті жүрмейтін болмысы. Бүгінде теке мүйізін ғана түгендеп, алыстан егіліп отырған ұлттың бір дәуірінің қазынасы. Осы орайда автордың «бір уыс топырақ салуға да жарамайды» деуі өз шындығы ғана емес, біздің сондай болмыстарымызды толық түгендей алмай, әлі де отарсыздана алмай жүрген санамыздың зары. Алыстан аңсаған шарасыз кейіп автордың өзінікі ғана емес, бүгінгі ұлттық болмысы. Бұл тұрғыдан «Шала бауыздалған ақ ешкідегі» «мен» – тиіпке көтерілген кейіпкер.  

Ғалымбектің типтік образ жасаудағы шеберлігі бұл әңгімеде тіпті оқшау көрініс табады. «Кек» әңгімесіндегі жар дегенде жалғыз қызының «қайғысын көтеріп алған» кекшіл қарт, «Асыранды» әңгімесіндегі дәстүрлі танымның құрбаны, жаны жарақатқа толы асыранды, «Қытай болып өлген қариядағы» тағдыр еркі өзінде болмай, өмір бойы қазақ боп өтіп, қытай боп жерленгісі келген тыңшы Жұма, «Тумай тұрып өлімге кесілгендердегі» нәресте, «Мықтың үйіндегі» Еркін, «Шұғынық – шөптің аты емес» әңгімесіндегі Шұғынық, тағысын тағы кейіпкелер қазақ әдебиетіне жаңа қосылған типтік образдар. Ал,  «Өзінің ет жерігін басу үшін жаңа туған сиырдың шуын қуырып жеген» Қуанған әже Ғалымбек әңгімелеріндегі ерекше образды бірі. Молда – Тарымның тар қапасында өмірі өксіген талай тағдырдың типтің образы болса, әке – өз ашуын өлшеп жұмсайтын, ұрпағы үшін елжіреген, керек болса мал бауыздауға мейірбан жүрегі дауаламайтын рухы кесек адам. Ана – әңгімеде аз суреттелсе де, қалтқысыз жұбайлығы мен күйкі өмірдегі отбасылық әйелдігі, бірде қыс, бірде жаз ана көңілін қатар өрілген күрделі образ. Соның ішінде «көрмеген қорлығы жоқ, жаны сірі», бірақ оған сағы сынбаған, сырт көзге «кірсіз мырамордай көрініп тұратын», тіпті «жылдар жүзіне өрнек сала алмаған жалғыз адам» – Қуанған әже. Ол – өз баласын өзі қасқырға тастап, тышқан аулап, небір нәубетті көрген арғы-бергі беттегі талай жандардың типтік образы. 

Ғалымбек қаламы бұл кейіпкердің басына қазақ тарихының аумалы-төкпелі кезеңі мен ұлттың өзін ұстауын қатар берген тәрізді. Айтып-айтпай, көрмегені жоқ халықтың өзі де жылдар әжімін ішіне жұтып, «сырты кірсіз мырамордай көрінеді» емес пе. Бірақ, жан жарасы көрінуші ме еді, сол өткеннің көзге көрінбей өміріне әсер еткен шын салмағы, нақ қайғысы, ауыр жарасы әлі де ұлттың ішінде. Оның әйел болмай көпті көрген, не көрсе де жүзін сындырмаған әже болуы да тарих емес пе... Осы бір типтік кейіпкердің мұндай күрделі ой ұшын шығаруға керек болмаса, «шала бауыздалған ақ ешкіге» түк қатысы жоқ екені анық. Тип жасаудың шебері бір жылт етіп жоқ болатын мұндай кейіпкерлерге де талай ойдың тоғанағын арқалатып жібереді. 

Ғалымбек – көркемдік детальға сақ жазушы. Көрінген детальды пайдалана бермейді. Тип жасауы да, тілдің шұрайы да, оқиға желісінің тартымдылығы да, ой шүңеті де осының жемісі. Мәселен, шала бауыздалудың құрбаны қой болмай ешкі болуы, тау-тасты Серіктауға да, өзі суреттеген ауарайына да, шала бауыздалса да жанұшыра қараңғыға сіңіп жоқ болып кетуіне де ешкі лайық. Нанымды. «Қуанған әжені неге әжесіне сыбырлап» айтқызып отыр? Өзі тартқан тауқыметін өзі ашық айта алмаған заман «алыс Алтайда да» автор бала шаға өсіріп отырған мұнда да өтпеді ме бастан? Өтті. Соны айғайлап ұрандамай бір ғана сөйлемде мөлт еткізеді. Аты неге «Қуанған»? Бүгінде алдында ешкісі, қорасында бірді-екілі бұзаулы сиыры (өз экономикасы) бар. Шағын ауылы (кезіндегі жерінің біразы сыртта қалса да өз елі) орнында. Әңгіме мәтінімен айтсақ «енді оңалып келе жатқан кез». Соған қуанады.  Бұл деталдар жоғарыда айтқан 1990 жылдың картинасын тағы да қоюлата түседі. Осы датаның өзі ұлт бір қуанған шақтың куәсі емес пе. Шебер қиыстырған оқиға желісі. 

Сабаны толқытып отырып май шайқағандай оқиғаны толғап өрбітіп бара жатып жапсарында біліндірмей картина, өмір салтын қиюластырып, суреттеу ішінде баяндап, баяндау ішінде суреттеп тартып отыратын салты өзінің. Бұл – Ғалымбек Елубай стильіндегі бір индивидуалдық ерекшелік. Дәл осы тұрғыдан Ғалымбек тілінде Асқар Сүлейменовтың тілдік ерекшелігінің алдыңғы буыннан соңғы буынға мирас болған бір жұқанасы бар десек қателеспейміз. Тіпті Оралхан, Жүсіпбектердің прозадағы сарынын алса да, өзіндік ерекшелікпен өргенін байқайсың. Тіпті, Мағжанның поэзиялық тілін прозада пайдаланғаны, Омарғазының прозалық сарыны оқта-текте болса да көрініп қалады. 

«Жүз жетінші көктем» – Ғалымбектен қазақ әдебиетіне қалған жалғыз мұра ғана емес, әрбір сөйлемін оймен шолып, әр деталға байырқалап, селдір диалогтарға да сәп салып оқитын көркем ойдың жиынтығы. Амал не кеш біліп отырмыз. 

                                                                                                                   Оразбек Сапарханұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар