Жаңа қазақстандық ұлтжандылық (патриотизм)

Бөлісу:

07.08.2016 8237

Қазақстан ту.jpg

Еңбек сіңірген қайраткер, білім адам Ұлықпан Сыдықовтың айтуы бойынша, “ұлттың болмысын, әлеуметтік табиғатын анықтайтын ошақтың үш бұтындай үш тірегі – оның ділі, діні, тілі екені белгілі. Бұл құбылыстар өзара етене қабыса келіп, тұтастық құрай отырып, ұлттың мәдениетінен, рухани әлемінен, яғни ұлттық рухынан көрініс табады” дегендей ұлттық рух халықтың табиғи ортамен байланысынан, материалдық-өндірістік тіршілігінің ерекшеліктерінен, өмір сүру салтынан, сан ғасырлық тарихынан, қалыптасқан әдет-ғұрпынан, салт-санасынан, ой өзегінен, дүниетанымынан бастау алады. Ары қарай қалыптасу барысында ол ұлттың мақсат-мүддесін, ішкі жан дүниесін, арман-тілегін бойына сіңіре отырып, кіндік қаны тамған топыраққа, өз жұртына, Отанына деген ерекше сүйіспеншілікті өзінің мазмұнына айналдырады. Сөйте отырып, ұлттық рух ұлттың ұйтқысына, бет-бейнесіне, айбынына, оның дамуына, қозғаушы күшіне айналады. Ұлттық рухы біртұтас, айқын, асқақ халықтар ғана тарихтың көшінде ұлы жеңістерге жетіп отырған.

Ұлтжандылық сезім ұлттық рухтың түп негізі, алтын өзегі ретінде терең мәнге ие болады.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың: «Қазақстан – 2050» стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Қазақстан халқына жолдауы жұртымыздың ой – санасына жаңа серпін беретін, ұлттық рухымызды айбынын арттырып, ішкі тұтастығын бекемдейтін ғылыми негізделген, сарапталған, болашаққа үлкен бағыт сілтеген саяси-рухани мәні зор ірі уақиға болды. Елбасымыз бүл құжатта «Жаңа қазақстандық патриотизм» деген түсінік енгізді. Бүл түсінік біздің көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамымыздың табысының негізі екенін дәлелді түрде айшықтап көрсетті. Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтарды, тең құқылығы және олардың отан намысы алдыңдағы жалпы жауапкершілігі екенін атай келе Н.Ә. Назарбаев: «Егер мемлекет әр азаматтың өмір сүру сапасына, қауіпсіздігіне тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беретін болса, біз елімізді сүйеміз, онымен мақтанамыз. Осындай тәсіл ғана патриотизм және оны тәрбиелеу мәселесіне прагматикалық және шынайы көзқарасты оятады,» – деп баса айтты. Яғни әрбір адамның көкірегінде болашаққа деген, мемлекетке деген, оның кепілдігіне деген сенімі қалыптасуы керек.

Азаматтар мемлекетке болашақ бар болса, даму үшін, жеке және кәсіби тұрғыдан өсу үшін мүмкіндіктер болса ғана сенім артады. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары өзара сенім орнаған жағдайда ғана ұлттық рух асқақтап, болашаққа ұмтылған қадам қарқынды болмақ. Осы мақсатқа қызмет ету баршамыздың абыройлы борышымыз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар