Бесеудің ойы: әдеби үдеріс

Бөлісу:

13.06.2017 10134

Кез-келген қоғамда болсын, әдебиетте болсын дәстүр мен жаңашылдық қашан да өзара ықпалдастықта һәм өзара қайшылықта өмір сүреді. Қалай болса да әдеби ағым, әлемдік деңгей, жанр, қоғам әрі мемлекеттік саясаттың әдебиеттің дамуына қандай ықпалы барын әрі қандай реформалар керектігі жайлы жиі айтылуы керек, талқылануы керек. Осы мақсатта әдеби ортада жүрген қаламгерлердің ойын бір алаңға тоғыстырып, сіздерге ұсынып отырмыз.

  1. Қаламгерлердің көбі әдебиеттегі постмодернистік тенденцияны мойындамауының нақты себебін айта аласыз ба?

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ: Әдебиеттегі постмодернистік тенденцияны мойындамай жүрген қандай қаламгерлер екен, ә? Әлдебіреудің мойындағанына немесе мойындамағанына күні қарап қалған ба бұл постмодернизмнің?..

Әңгімені алыстан орағытып бастасақ, қазақ әдебиетінің бастауы тым тереңде жатқанымен, қағазға үңілген кәсіби жазушыларымыздың пайда болғанына бір ғасырдан сәл ғана асты. Қазақ әдебиетінде бұрын болмаған әңгіме, хикаят, роман жанрлары пайда болды. Драматургия дүниеге келді. Қаламгерлеріміз операға либретто, фильмдерге сценарий жаза бастады.

Бір ғажабы, біз сонда да фольклордан ажырамаған халықпыз. Қазір барша қазақ сөзіне тоқтайтын Абайдың өзі ХХ ғасырда оқыла бастады. Әр халықта да бар ертегі, аңыздарды, прозасы мен поэзиясы аралас арабескиді есепке алмасақ, әлем әдебиетіндегі көркем прозаның алғашқы қарлығаштары М.Сервантес, Д.Дефо сынды жазушылар деп саналады, ал қазақ әдебиетіндегі таза көркем проза үлгісінде туған тұңғыш туынды Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романының өмірге келгені кеше ғана ғой.

Бірақ, құдайға шүкір, қазақ – талантты халық. Арада ширек ғасыр өтер-өтпесте әлемдік әдебиеттегі алдыңғы қатарлы туындылармен иық теңестіретін «Абай жолы» роман-эпопеясы дүниеге келді. Мұндай бақыт кез келген ұлттық әдебиеттің маңдайына жазылмаған.

Ресейдің Ставрополь қаласындағы баспалардың бірінен 2002–2006 жылдар аралығында «Три века русской метапоэтики» атты төрт томдық антология жарық көрді. Антология XVII ғасырдан бастап, XX ғасыр соңына дейінгі орыс поэзиясының басынан кешкен барлық ағымдарды қамтиды. Барокко, классицизм, сентиментализм, романтизм, символизм, акмеизм, модернизм, кубофутуризм, эгофутуризм, центрифуга, лучизм, имажинизм, пролеткульт, конструктивизм, реализм, соцреализм, постмодернизм... Әр ағымның өзінің елеулі тұлғалары бар. Бағы ма, соры ма – қайдан білейін, осы ағымдардың біразын орыс әдебиетінен үлгі алып қалыптасқан қазақ әдебиеті толыққанды басынан кешкен жоқ. Не поэзиясы, не прозасы. Әрине, біздің көркем әдебиетімізде романтизм де, реализм де бар. Кейбір ақындардан орыс және батыс әдебиетіндегі символизмнің әсерін анық байқауға болады. Ал әдебиетіміздің кеңес дәуірінде бұғанасы бекіп, буыны қатқандықтан, шығармаларымыздың дені социалистік реализм дәстүрінде жазылды. Оқып өскен үлгі-өнегеміз сол болғандықтан, оның ықпалынан әлі де ада-күде арылғанымыз жоқ.

Жалпы, біз «модернизм», «постмодернизм» деген терминдердің де мәніне терең бойлай бермейтін сындымыз. Модернизм итальян тілінен аударғанда (modernismo) «қазіргі ағым» деген ұғымды беретін атау. Әдебиет пен өнерде дәстүрлі шеңберден шығып, шарттылыққа басымдық беретін бағыт. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында батыс елдері өркениетінде пайда болған. Ол кезде жөргектегі қазақтың көркем әдебиеті өзінің ұлттық дәстүрін де қалыптастырып үлгерген жоқ еді. Ал постмодернизм ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басында дүниеге келген «модернизмнен кейінгі ағым» деген ұғымды береді. Яғни, модернизм, постмодернизм адамзатқа немесе қазақтың ұлттық менталитетіне жат құбыжық емес. Әр дәуірдің өзіндік өмір салты болатыны сияқты әдебиетті де заманы тудырады. Түрлі ағымдар мен бағыттардың пайда болуы табиғи нәрсе. Тек ол ағымдар мен бағыттар дәстүрді түгел тәркі етуге жұмсалмауы керек. Өйткені тереңіне бойлап нәр алған топырағынан ажыраған тамыр тез суалып, қурап өледі.

Ербол АЛШЫНБАЙ: Алдымен постмодернистік тенденция біздің әдебиетте бар ма? Осы сұрақты анықтап алған абзал. Ұстазым Таласбек Әсемқұловтың сөзімен айтсақ, оның бір аты білімділік.

Мен тек өз замандастарым жайында айтып отырмын. Өзін осы тенденцияның өкілімін деп ойлайтын біраз қыз-жігіттерді білемін. Постмоденнистік тенденция тек формаға ғана байланысты болса, ол туралы сөз етудің не қажеті бар? Бар-жоғы лексиконындағы екі жүз сөзді қырық айналдырып, алуан формаға келтіріп оқырманмен жасырынбақ ойнаудың өзі күлкілі емес пе?

Мықты жазып жүрген жігіттер бар. Оны жұрт мойындайды. Оқиды. Жалпы жазарман постмодернистік тенденцияға қарсы екен деген жетпей айтылған сөз. Әдебиет үнемі қозғалыстағы, қайшылықтағы дүние. Онда пікір қайшылығы ешқашан толастамайды. Сондықтан қолдан трагедия жасағанды доғарған жөн. Олжас Сүлейменов дұрыс айтады:

Нағыз дарын түр-мүріңді ұрып па?

Барлығын да көндіреді ол ырыққа

Өлең шіркін еркін болса болмай ма,

Ұйқас, ырғақ құрсауында тұрып та.

Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ: Қазақтың дәстүрі өзге халықтарға қарағанда жақсы сақталған. Бұл – Құдайдың берген үлкен сыйы, табиғи-тарихи болмысымыздың басты белгісі. Біздікі ғасырлар сынынан сүрінбей өтіп, заманалар тезінен аман шығып, сұрыпталған, шындалған, уақыт көшінде жаңарып отыратын жасампаз дәстүр. Бір кездері жойылып кету қаупі туғаны рас. Ол жойылса, қазақ деген атымыз да ұлт ретінде құрып кетер еді. Жойылмауының себебі тегіміздің (ген) мықтылығында жатса керек. Сол секілді, ұлт барда дәстүрлі әдебиет те өлмек емес. Әдебиетіміздің негізін реализм құрайды. Өйткені, шынайы әдебиеттің түп-тамыры, бойындағы қаны – сол. Оның ұлттық дәстүрімізбен ұласып жатуы содан. Ал, «өмірдің жалаң иллюзиясын жасауға тырысатын» (Әбіш) постмодернизм болсын, басқа да ағымдар болсын, олар – белгілі бір деңгейдегі (шектеулі) ақыл-ой теориясынан туған дүниелер. Сондықтан бұлар ұлттық дәстүрімізге жатпайды, сондай-ақ, Ұлттық дәстүр жоқ жерде догма пайда болады. Ұлттық дәстүр жоқ жерде рух та болмайды. Ондай-ондай қаптаған жасанды «измдер» есімізді адастырып, біздің әдебиетті түбінде тығырыққа тіреуі мүмкін. Көптен айтудай-ақ айтылып келе жатқан мәселенің бір парасы – менің де ойым осы.

Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛЫ: Әдебиеттегі постмодернистік бағыт жайында әртүрлі пікірлер айтылып жүрсе де, постмодернистік бүтіндей мойындалмаған бағыт деп айту дұрыс болмас. Әлем әдебиетінде постмодернизм деген атаудың қалыптасуының өзі бұл бағыттың мойындалғанын, қостаушылардың бар екенін көрсетеді. Дейтұрғанмен постмодернизмді жақтамайтындар да көп. Оның да өзіндік себебі бар.

Бірінші, Постмодернизм (postmodernism) – "модернизмнен кейінгі", -деген ұғым береді. Баламалы түрде әдебиеттегі "жаңа заман" деген ұғымның орнына қолдануға болады. Қазақ тілінде "соңғы осы заманшылдық" деп те атап жүр. Постмодернистік бағыттағы әдебиеттің ерекшелігі мынау деп бір сөзбен айтып беру қиын. Біреулер постмодернистік әдебиеттің ең басты белгілерінің бірі онда ой айтылмайды десе, енді біреулер ой ашық айтылмайды деп ұғады. Шығармада ойы айтылмаса ол әдебиет емес. Себебі әдебиет дегеннің өзі сөз арқылы бейнеленетін кешенді ой өнері («әдебиет сөз өнері» деген жазушыларды ойлаудан «азат ету» үшін ойлап табылған жасанды қағида). Постмодернистік шығармаларда ой ашық айтылмауы керек дегенге келсек, бұл символизмнің де ерекшелігі.Онда бұл постмодернистік бағытқа қана тән ерекшелік емес деген сөз. Постмодернизмді өзге ағымдардың ерекшелігін өз бойына жинақтаған ағым , - деп қарайтын пікірде бар. Бұдан Постмодернизмнің тұрақты ерекшелігі, белгілі заңдылығы теориялық тұрғыдан анықталмаған ағым екенін көреміз.

Мысалы, романизм, реализм, символизм, натурализм, писсимзим т.б. Бұл бағыттар әдебиет, бейнелеу өнері, музыка т.б өнер түрлеріне ғана тән бағыттар. Романтикалық саясат, символикалық басқару жүйесі, писсимистік техника болуы мүмкін емес. Бұған жұрттың бәрі келіседі ғой деп ойлаймын. Ал модернизм мен постмодернизм өнерге ғана тән бағыт та, ағым да емес, жалпылама мағына беретін атаулар. Модернизм деген атаудың мағынасы жаңашылдық дегенді білдіреді. Жаңашылдық әдебиетке қана тән құбылыс емес.Қоғамдық басқару құрылымын да, саясатты да, техниканы да моденизациялауға болады. Бұл бірінші себеп.

Екінші, жаңашылдықтың соңы болмайды, жаңашылдық қашан басталып, қашан аяқталады? - деген сұраққа ешкім де жауап бере алмайды. Себебі, жаңашылдық уақытқа байланысты анықталатын құндылық. Бүгінгі жаңалық ертең ескіреді де, ертеңнің өз жаңалығы тарих сахнасына шығады. Жаңашылдықтың ( модернизмнің) басталуы мен аяқталуын анықтау мүмкін емес. Әдебиеттегі жаңалық тіпті күрделі, әдеби үрдістің қана емес, бір жазушының әрбір шығармасында жаңалық болуы мүмкін. Ендеше постмодернистік деген атаудың өзі дұрыс мағына беріп тұрған жоқ. Постмодернистік бағыттың қолдау таппайтын тағы бір себебі осы.

Бағдат МҮБӘРАК: Қазақ өзі сөздік қоры мол халық болған соң өзің айтып отырған постмодернистік тенденцияны мойындамауының түпкілікті себебі бар. Біріншіден, тіл байлығымызды жоғалтып аламыз десе, екінші себебі, оқырмандарға көркемдік-эстетикалық тәрбие бере алмайды дегенге сайып келеді. Әдебиет – ұлттың рухани айнасы. Әдет-ғұрып, салт-дәстүр, тәлім-тәрбиені негізге ала отырып көзі ашық, көкірегі ояу болашақты қалыптастырып шығару, қалам ұстаған әрбір адамның басты мақсаты. Жалпы, әдебиеттің объектісі – қоғам екені әуелден белгілі. Ал, бүгінгі қоғамның сұлбасы қандай екені, айтпаса да түсінікті. Жаһанданудың өңешінде тұрып: жаһандану келе жатыр, оған жұтылып кетпейік деп, әлі сайрап жүрміз. Сол қомағай дәуірдің азығына айналмас үшін алдымен санасына селкеу түспеген, ұлттық уызға жарыған оқырманды қалай тәрбиелеп шығарамыз? Мәселе осында! Постмодернистік әдебиетті қолда, қолда ма ол бәрібір сыналап кіреді. Сосын, түбегейлі жоққа шығаруға да болмайды. Қатып қалған ештеңе жоқ. Құдайға шүкір сөздік қоры мол, қиялы ұшқыр, қаламы жүйрік жастарға кенде емеспіз. Ұлтқа анау айтқандай эстетикалық тәрбие беретін солар. Бүгінгі оқырман, кімнің-кім екенін ажырата алмай пұшайман күйде жүр. Сондықтан да әдебиетті де сүзгіден өткізіп керегін алып, кебегін лақтыратын уақыт жетті.

2.Қазіргі ұлттық әдебиет үлгісі бізді әлемдік деңгейге алып шыға ала ма?

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ: Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Қазақ әдебиеті бар. Бірақ ол, менің пайымдауымша, әлі де шәкірттік деңгейде. Шәкірт болса да, ұстаз алдында қолын қайта-қайта көтеріп отыратын үздік шәкірт болады ғой, сол секілді. Француз, неміс, ағылшын, қытай, жапон, испан, итальян т.б. сан ғасырлық тарихы бар ұлы әдебиеттерді ауызға алмай-ақ қоялық. Орыс әдебиеті ше? Арғысын айтпағанда, Жуковский, Пушкин, Лермонтовтан бастап, Есенин мен Блокқа дейін, Гогольден бастап, Леонид Леоновқа дейін қаншама ұлы ақын-жазушылары бар. Пушкинді түсінуге көп уақыт өресі жетпей, Лермонтовты пір тұтып, Фетке таң қалатын Лев Толстой әлем әдебиетіне ұлы ұстаз болды. Қазақтың Лев Толстойы жоқ. Достоевский мен Чеховы да дүниеге келмеген шығар. Қазақ қара сөзінің бастауындағы Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов секілді бірлі-жарым алыптар өкілінен соң, ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін социалистік реализм әдісі қазақ әдебиетіне адымын жаздырмайтын шідер, қия бастырмайтын тұсау болды. Прозаға Тәкен Әлімқұлов пен Тахауи Ахтановтан кейін Әбіш Кекілбаевтың замандастары, поэзияға Сырбай Мәуленов пен Қуандық Шаңғытбаевтан кейін Төлеген Айбергеновтің тұстастары келгенше азын-аулақ жекелеген туындыларды тілге тиек етпесек, ауыз тұшытып айтар ештеңе таппайсың. Ондаған қазақ қаламгерінің туындылары орыс тіліне, орыс тілі арқылы шет тілдерге аударылды. Алайда әлем әдебиетінің төріне озған қазақ ақын-жазушысы бар дегенді өз басым білмеймін. Өйткені қазақтың бірде-бір қаламгерін шет ел жазушысының Жамбылға ұқсап «Менің пірім – Сүйінбай» деп айтқанын естіген емеспін. Бірақ құбатөбел ұлттық әдебиетіміздің қазіргі деңгейі қазақ оқырмандарының басым көпшілігінің көңілін қанағаттандырады. Тіпті, әлеуметтік желілердегі оқырман пікірлерін ескерсек, «Көшпенділер», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Қарғын» секілді әлем әдебиеті түгіл, салыстырмалы түрде, қазақ әдебиетінің өзіндегі ортақол романдар әдебиетіміздің ХХ ғасырдағы биігі деп есептелетін тәрізді. Ал жан-жағына көз қиығын салып, әлем әдебиетіне тереңірек бойлаған кім-кім де, қағынан жеріген нигилист болмаса да, қазақ әдебиетін қомсына бастайтынын аңғарасың. «Қазіргі ұлттық әдебиет үлгісі бізді әлемдік деңгейге алып шыға ала ма?» деген сұраққа осы сөздерден жауап табуға болатын шығар.

Ербол АЛШЫНБАЙ:Әлем әдебиетінде мықты тунынды жасаған ақын-жазушылар немесе әдебиеті әлемге танылған халықтар алдымен жұр болып ақылдасып, әдебиеттің бір үлгісін таңдап алмаған шығар. Жапоннның хайкуі, мұсылман әлемінің рубайлары ұлттық әдебиет үлгісі емей немене? Әдебиеттің мәңгі айнымас нысанасы – адам. Марқұм Таласбек Әсемқұлов Тагорды оқу үшін үнді халқының діни-ғұрыптық және ұлттық-танымдық болмысын білу керек. Әйтпесе, оның құпиясы ашылмайды деуші еді.

Әдебиет әлемге шығатын өндіріс тауары ретінде емес, жан ілімі, өнер туындысы ретінде жасалады. Ұлттық әдебиетіміздің үлгісін өзгерте салғанға бізді әлем танып кетпейді. Және ол біз ақылдасып өзгерте салатын парламентке түсіп жатқан қаптаған заң емес қой. Мәселе әдебиеттің қандай үлгіде болғанында емес, Мәңгі өзгермейтін ақиқатты айта алғанында, таба алғанында.

Асқар Сүлейменовтың «Қазақтың романдары табиғи түрде қазақтың эпостарынан өсіп шығуы керек еді. Біз түптің түбінде, сол жасалмай қалған әдебиетті жоқтайтын боламыз» деген сөзі жадымызда болғаны абзал. Қайта біз нағыз ұлттық әдебиет жасағанда ғана әлемдік деңгейге шыға аламыз.

Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ: Қазақ сөз өнерінің асыл қазынасы – ұлттық әдебиетіміз ұрпақтан-ұрпаққа жеткен рухани мұра, болашақта да өз құнын жоғалтпайын халық байлығы деп білемін. Әрине, оның даму тарихы өз алдына бөлек әңгіме. Дарқан даламызда бірден-бір резонанс тудырған тұлға – Абай. Ол қазақ әдебиетіне жаңа сипат – эстетикалық принципті әкелді және реализмді нықтап орнықтырды. Көптеген таланттарымыз Абайдың шекпенінен шықты. Одан кейінгі ақын-жазушыларымыздың бір-біріне ұқсамайтын сан алуандылығы әдебиеттің тоқырауынан сақтады. Жаңашылдық дәстүр топырағында көктеді, өсті. Бүгінге дейінгі әдеби процесс тоқтаған емес, өркендеу барысында талай күрделі кезеңдерден өтті. Қазақтың қазіргі қалыптасқан көп жанрлы ұлттық әдебиеті әлемдік деңгейден кем емес. Меніңше, қазақ әдебиетінің ұстанған бағыты «бір жол бар – алыс, алыс та болса – жақын» сияқты, ал шетел әдебиетінің ұстанған бағыты «бір жол бар – жақын, жақын да болса – алыс» сияқты. Біздің әдеби үлгіміздің басты ерекшелігі – баба тілде. Тек соны өзгеге таныту үшін мықты аударма керек. Бұл тарапта мемлекеттік жүйелі жоба жасақталмай, бірен-саран тәржімашының еңбегімен дүние жүзіне әдебиетіміз әйгілі бола алмасы анық. «Кейбір елдің құдайы да – аударма» (Жұмекен) демекші, өзге жұрттар бізден гөрі көш ілгері алға озып кеткені де рас.

Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛЫ: Бұл өте күрделі сұрақ. Тұтас ұлттық әдебиеттің болашағы туралы, өнердің тағдыры туралы кесіп айтатын адам ең алдымен өзі тұлға болу керек. Бұл тұрғыдан келгенде менің бұл сұраққа жауап беруімнің өзі ыңғайсыз. Дегенмен, сіз сұраған соң өз ойымды айтпасам тағы болмас. Менің жауабым шартты түрде айтылған, жеке көзқарасым ғана екенін көзі қарақты оқырман өзі біле жатар.

Әдебиеттің дамуын белгілі үлгіге байланысты деп ұғуға болмайды. Сонда да, қазақтың ұлттық әдбеиетінің қалыптасқан үлгісі бар. Көне замандағы ауыз әдебиетіміз өз кезінде әлемдік жетекші әдебиеттің қатарында болғанында дау жоқ. Қазіргі өлшеммен қарағанда олпы-солпы тұстары болса да, өзімен замандас басқа халықтардың ауыз әдебиетінен бірде төмен болмаған. Басқасын айтпай-ақ, ауыз әдебиет үлгілерінің санын айтайықшы. Неше жүздеген эпостармыз, неше жүзмың шумақтан тұратын поэзиямыз, ауызша және жазбаша шыққан халық прозасыныңда тамаша нұсқалары болды. Мысалы «Оғызнаманы» көне ортағасырлардағы әлемдік әдебиеттегі теңдессіз шығарма. Онда шындық та, қиялда бар. Көркемдеудің не бір ғажайып тәсілдерін қолданған. Қазақ ертегілерінде тарихи шындық өте көркем тәсілмен беріледі,ондағы қиял мен өмір шындығының жарасымы ерекше. Көне әдебиетіміз де көркемдіктің бәсі жоғары болғанын аңғару қиын емес. Ертегідегі көркемдікке қазіргі заманның үздік жазушылары жетсе жеткен шығар, екінің бірі жете алған жоқ. Бұл өзі арнайы әңгімеге сұранып тұрған тақырып.

Бір нәрсені ұмытпау керек. Қазақтың ұлттық әдебиеті көркемдік қуаты жағынан әлемдегі алдыңғы қатарлы әдебиеттердің бірі. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды, біз әлемдегі бірегей әдебиетті жасауымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде қойылып отырған сұрақ өте актуалды. Әдебиетті әлемдік деңгейге шығаратын жаңа ізденіс керек. Бұл жағынан келгенде біздің әдебиетті үлкен жаңару күтіп тұр. Бәрібір әдебиетті әлемдік деңгейге алып шығатын тұрақты үлгі болады деген ойдан аулақ болған жөн. Ұлттық әдебиетті ұшпаққа шығаратын жақсы үлгі тапсақ, сол үлгімен тамаша дүние жазамыз десек қателесеміз. Ең жасқы үлгімен ең нашар шығарма жазылуы, ең нашар үлгімен өте жақсы шығарма жазылуы да мүкін ғой. Ұлттық әдебиетімізді әлемдік деңгейге көтеретін – мазмұны мен форманың сәйкестігі.

Бағдат МҮБӘРАК: Қажет десең, қазақтың ауыз әдебиетімен-ақ әлемдік деңгейге шығуға болады! Дәл біздей көркем сөйлейтін ұлт жоқ шығар әлемде. Мәселе, соны жаһанға жар салып қалай дәріптейміз? Бұл біздің бас ауруымызға айналған сақалды сұрақ? Әлемдік әдебиетте деңгей деген бар ма өзі қазір ? Бәрінен береке кетті ғой..

3. Қазіргі технократтық қоғамға әдебиет керек пе?Керек десеңіз оның нақты формасы қандай болу керек?

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ: Әдебиет дегеніміз кең ұғымды қамтиды: ауыз әдебиеті (фольклор), ғылыми әдебиет, тарихи әдебиет, медициналық әдебиет, көркем әдебиет... ал көркем әдебиетті ғана алатын болсақ, ол адамның рухы, жан дүниесі, яғни адам баласы үшін жан, рух мәңгілік, ол атамзаманнан ақырзаманға дейін жасауға тиіс. Әлихан Бөкейханов: «Әдебиеті жоғалған ұлттың өзі де жоғалады!» депті ғой. Демек, өзіміз ұлт ретінде жоғалғымыз келмесе, болмысымызды танытып, рухымызды асырап отырған әдебиетті аман сақтап қалуымыз қажет.

Әдебиет қай қоғамға да жат емес. Оның нақты формасы мынадай болу керек деп рецепт берудің өзі де оғаш. Көркем әдебиеттің мазмұнының өзі форманы туғызады. Ал неше түрлі ағымдар ауысып жатса да, дәстүрге айналған классикалық туындылар өміршеңдік танытып оқыла береді.

Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі қазақ оқырмандары, ұлттық көркем әдебиеттен айырылып қалудың алдында тұр. Қазақ ақын-жазушылары қазақ тілді қазақ қаламгері, орыс тілді қазақ қаламгері болып қалыптасып келеді. Ал ана тілімен ауызданған бауырларымыз аударманың кенжелеп қалғаны себепті «орыс тілді оқырманға» айналып барады. Ең бастысы, әбден жауыр болса да айтайын, елімізде мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін кітаптардың таралымы 2000 данадан аспайды. Ол кімге жетеді? Он миллионнан астам қазақтың қанша пайызының кітап оқуға мүмкіндігі барын осыған қарап мөлшерлей беріңіз.

Ербол АЛШЫНБАЙ:Мен мұны білмеймін. Білгім де келмейді. Бір анығы адам рухы өзін іздеуден ешқашан айныған емес. Ал, адамның өзін тануы әдебиеттен басталады. Бүгінгі адам да кешегі адам. Ол ертең де осы адам болып қалмақ. Әдебиеттің үлгісі қандай болуы керек екенін ешкім де білмейді. Бәріміз шарқ ұрып соны іздеп жүрміз. Өзімізді іздеп жүрміз.

Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ: «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген туады қайшылықта» (Мұқағали) дегендей, әдебиет тыныш кезеңде, мамыражай өмірде тумайды. Жанартау секілді оның да атқылайтын уақыты болады. Әдебиеттің өсетін, өрлейтін ортасы – әлеуметтік келеңсіздікке, саяси сілкініске, рухани серпіліске толы қоғам. Бір қауанатыным, ақын немесе жазушы деген мамандық жоқ. Біздің елдің «күн тәртібінде» экономика алдыңғы орында тұрғандықтан, механик, есепші, заңгер,т.б. мамандықтар сұранысқа ие. Өркениетті дамытамыз деп руханиятты ұмытпауымыз керек. Ал мен, керісінше, руханият өркениеттің көсегесін көгертеді деп ойлаймын. Ғылыми-техникалық төңкеріс жасаудың да кесірін көріп жатқан жұрттар да бар. Сырттан ағылып жатқан агрессиядан ой-санамыз мәңгүрттеніп, экспансиядан ақыл-есіміз зомбиланып кетпеуі ұлттық рух пен жадтың қалғымауына байланысты. Рухты оятушы, жадты жаңғыртушы әдебиет қашанда қажет. Оның формасында тұрған ештеңе жоқ. Ізденіс «сыртқы күмістен» емес, «ішкі алтыннан» құралса жақсы. Бастысы сол, жазылған шығарма нысанаға дөп тиіп, жүрекке жетіп жатса, онда парыздың орындалғаны.

Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛЫ: Әдебиет қай қоғамға да керек. Адамның сұлулыққа құштар болмауы, жақсылыққа ұмтылмауы, жамандықтан қашпауы, біреуді сүймеуі, біреуге қарғанбауы мүмкін емес. Қысқасы адам бар жерде махаббат бар, адам бар жерде қарғыс бар. Әдебиет деген ұлттың махаббаты мен қарғысынан туатын дүние. Сондықтан халық бар жерде, қандай қоғам болса да әдебиет болады. Әдебиетке деген қажеттілік – адамзаттың рухани қажеттілігі.

Әдебиеттің формасы мынадай болу керек деп айта салу оңай емес. Жеке шығарманың формасының қандай болуы жазушының еркіндегі іс. Ал тұтас ұлттық әдебиетке ортақ үлгі табу оңай емес. Ол ұзақ уақыттық ізденісті қажет ететін жұмыс. Мүмкін бір кезде ондай жақсы үлгі табылар, мүмкін табылмас. Менің білетінім әдбеиеттің құны қандай бағытпен, қандай ағыммен, қандай формада жазылғанында емес. Модернистік бағытпен немесе постмодернистік бағытпен жазсам ұлы жазушы боламын деп ойлаған жазушы да қателеседі. Талантты жазушы реализммен де, романтизмменде, қажет болса тұрпайы натурализммен де жақсы шығарма жаза алады.

Бағдат МҮБӘРАК: Әдебиет жерден Мәді шығып, көктен Иса түскенше керек! Бірақ, оны түсінетін билік қайда? Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламасында тарихымыз бен әдебиетімізді барынша насихаттауға күш салсақ жөн болар еді. АҚШ мектебіндегі оқушылар бүкіл 45 перзиденттерін жатқа біледі. Ал, Қазақстанда ше? Тіпті, айтуға аузың бармайды! Қытай тұжырымдамасында әлемді тек экономикамен ғана емес спорт, әдебиет, мәдениетіменде жаулау тетіктері бар. Біз болсақ дамыған 30-елдің қатарына қосыламыз деп, әлеуметтік саланы ғана қаузап, сыңар езу сияқты бір жаққа тартып әлі келеміз.

4. Әдебиеттің дамуы мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына тәуелді ме?

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ:Міндетті түрде. Әдебиетті жанкешті жазушылар жасайды. Саясаткерлер ғана емес, қаламгерлер де ұлттық идеологияны жүргізуге үлес қосады. Қандай жолмен болса да, олардың күн тәртібіне бағынып, табель толтырып жасамайтын өлшеусіз еңбегі мемлекет тарапынан еленіп-ескеріліп, бағалануы керек қой. Біздің Кеңес кезеңінен қалған созылмалы дертіміздің бірі ұзақ уақыт бойы қаламгерлердің үздік шығармасы емес, тақырыбының «өзектілігі» мен жеке тұлғасының өтімділігі мемлекеттік сыйлыққа ие болып келеді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын алған шығармалардың тізімі бізге белгілі. Солардың жартысынан астамы қазір қайта басып шығаруға татымайтын талғамсыз дүниелер. Сондай-ақ ұлттық әдебиетімізді өзге тілдерге сапалы аударып, әлемге таныту да мемлекеттік мәселе болуға тиіс. Тірілер тіршілігін жасар, ал өмірден озған қаламгерлердің жақсы туындыларын халықаралық тілдерге аудару жұмыстары кімнің мойнында болмақ?

Ербол АЛШЫНБАЙ: Біз аяғын шідер қажаған ат сияқтымыз. Ол шідер аяғымыздан алынғалы қашан!? Іңгәләп туған сәби ат жалын тартып мінер уақыт өтті. Бірақ, әлі шапшуырлап барамыз. Әлі өзімізді тұсаулыдай сезінеміз. Бірақ, еркін ойлы екенімізді айтып өзеурейміз. біздің еркімізден тыс оны ішіміз мойындамйды. Бірақ, бұл кезеңнен өтеріміз анық. Ұлы әдебиет жасаймыз. Санаңда кісен болса, мемлекет қанша еркіндік бергенімен бәрі бір, түрмедегі адамсың. Темір қырсауда отырса да азат туынды жазған қаламгерлер жетерлік.

Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ: Әдебиет те, мәдениет те, дін де, бәрі – мемлекеттен бөлек нәрселер емес. Ал саясат – мемлекеттің, дәлірек айтсақ, ондағы қоғамның қозғаушы һәм өзгертуші күші. Қай дәуірді алып қарасақ та, әдебиеттегі талай туындылар қоғамдағы өзгерістерге байланысты жазылған. Әрбір ақын-жазушы өз заманының хал-ахуалын, мәселесін шығармасына арқау етеді және ешқайсысы саяси астарсыз дей алмаймын. Өйткені кейіпкер дегеніміз – адам, қоғамның мүшесі. Әдебиеттің қоғамнан тыс өмір сүре алмайтыны сондықтан. Мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты биліктің қолында ғой. Билік тарапынан, болашақтың қамы үшін, ұрпағымыздың жаны үшін, әдебиетке қамқорлық, қолдау керек, әлбетте. Сол арқылы жоғарыда айтылған табиғи-тарихи болмысымызды, руханиятымызды сақтап қала аламыз. Ешқашан есімізден шығармауымыз тиіс: саясат – тұрақсыз һәм құбылмалы, ал әдебиет – ұлтпен бірге жасайтын мәңгі дүние. Мәселе ұлттық мүдде мен мақсатқа адал қызмет етуде. Бұл ретте жалаң жігерлендіру азаматтыққа жатпайды. Ақын-жазушы үшін нағыз патриоттық деген – шындық пен ақиқаты мезгілінде бүкпесіз айту. Айтпау – қылмыспен тең. Хадисте айтады: «Алла тағала үшін ақиқат сөзінен артық садақа жоқ».

Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛЫ: Әдебиеттің дамуы көптеген себептерге байланысты болуы мүмкін. Соларды жинақтап айтар болсақ екі үлкен топқа бөліп көрсетуге болады. Бірі саяси-экономикалық факторлар болса, екінішсі ішкі көркемдік факторлар.

Бірінші, Әдебиет саясаттан қол үзе алмайды. Әдебиет – саясатты жақтаушы, не оған оппозиция болып дамиды. Мұны теріске шығаруға болмайды. Алайда әдебиеттің даму себебін тек қана гетерогенді ұстаныммен анықтау сыңар жақтылыққа ұрындырары сөзсіз.

Әдебиет әлеуметтік саяси қажеттіліктен туады. Мойындайық, мойындамайық, әдебиет ұлттық идеологияны халықтың жадына сіңіретін ең күшті құрал. Кеңестік кезеңде неге жазушыларға жағдай жасалды? Неге арнайы кәсіби жазшы деген статус белгіленді. Себебі, жазушылар арқылы империялық идеология халық жүрегіне жететінін үкімет жақсы білді. Капитализмге идеология керек жоқ деген сөзбен келісуге болмайды. Бұл жаңадан капиталистік қоғам құрып жатқан біз секілді елдерді адастыру үшін көтерілген шырға.

Екінші, Әдебиет қашан да мемлекеттің қолдауына мұқтаж, ең жақсы шығарманың өзі қолдау таппаса елге жетпейді. Бұған дәлел іздеудің керегі жоқ. Әдебиетке мемлекеттік қолдау керек.

Бізде шетел әдебиетін қазақшаға аударуға қолдаубар да, қазақ әдебиетін шет тілдерге аударуға қолдау жоқ. Біз қазақ тіліне аудармасақ та шетел классиктеріне келіп кетер ештеме жоқ. Олардың шығармалары жоғалмайды да, оқырманы азаймайды. Біздің шығармаларымыз шет тілдерге аударылмаса әлемдік деңгейде бағалана алмайтыны анық. Басқалар танысын десек өзіміз көбірек информация таратуымыз керек. Әдебиетті шет тілддерге аударудың түпкі мәні осында. Саясаттың әдебиеттің дамуына тигізетін ықпалы осы жақтан көрінеді.

Үшінші, әдебиеттің дамуы тек қана саясатқа тәуелді деп қарау да дұрыс емес. Көркем әдебиеттің дамуына автогенді ұстанымен қараған жөн. Әдбеиеттің құны жазушының қоғамдық шындықты қалай көріп, қалай қорытып, қалай өңдеп, қалай бейнелуінен, әдебиетке тән көркемдік тәсілдерді қалай пайдалануынан көрініс табады. Әдебиет түптеп келгенде қиялдың жемісі.Көркем шығармада жазушы өмірдің өз көңілі толмайтын тұстарын қиялымен толықтайды. Еркіндік жоқ жерде, тұрмыстың ауырлығын тартып жүрген жазушы тамаша шығарма жазады. Өйткені ол қиялында өзі тартып жүрген азапты жоюдың жолдарын іздейді.Өмірінің сүреңсіз тұстарын өз қалауынша толықтап, содан рухани ләззат алады.

Қысқасын айтқанда әдебиеттің ішкі дамуы әдебиетшілердің өз қолында. Әдебиет деген қоғамдық қалыптасқан дағдыға оппозициялық бағытта туатын құндылық, ол кейде саясаттың қажетсінуі деңгейінен жоғары тұрады. Әдебиет – өнер ретінде ой мен сезімді тәрбиелеп, сол арқылы саясатқа қықпал етуі де мүмкін

Бағдат МҮБӘРАК: Жалпы өнер атаулысының барлығы қолдауға зәру. Қазақстан да 14-мыңға жуық кітапхана бар. Жарыққа шығып жатқан әдеби кітаптардың таралымы 2-3 мың ғана. Парадокс! Бала кезімде марқұм әкеммен іс-сапарға жиі шығатынмын. Сонда қойшылардың етігінің қонышында мұқабасы мүжілген «Жұлдыз», «Жалын» журналдары жүретін. Ол кездің шопандарының өзі сұмдық оқымысты еді ғой. Бұрынғыны көксеу емес, бірақ, сол кездің идиологиялық тәрбиесі ғажап еді. Технологияны меңгерсе, европадай-ақ меңгерсін. Алайда сол жаққа барғандар олардың кітапты көп оқитынын жыр қылып айтып жүр. Ал, бізде қазір оқырман жоқ десең 5-6 кітап қотарғандардың өздері ертоқымын бауырына алып тулайды. Құдды, біреу үшін оқитындай. Сайып келгенде, осының барлығы қолдау мен насихаттың жоқтығы.

5. Интернеттің пайда болуы әдебиеттің салмағын(құнын) түсіріп жатыр деген пікірмен қаншалықты келісесіз?

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ: Интернеттің пайда болуы әдебиеттің құнын түсіре алмайды. Көркем әдебиеттің кітап болып түптеліп қолға тигені жақсы ғой, әрине. Дегенмен дүкендерден қолыңа шырақ ұстап іздеп таба алмайтын кітаптардың электрондық нұсқасын қазір интернеттен тауып алып оқуға болады. Әрине, әзірге қазақ тіліндегі туындылар аз.

Мен өзім кітапқұмар адаммын. Салыстырмалы түрде әжептәуір деңгейдегі жақсы оқырманмын деп мақтанып қояйыншы. Үйімде қолды болып жоғалғаны мен ұрланғанынан басқа өмір бойы тірнектеп жинаған бес мыңнан астам кітабым бар. Балаларымның әрқайсысына шағын кітапхана жасап бердім. Ал интернеттен әр кезде жарық көрген жиырма мыңнан астам кітаптың электрондық нұсқасын көшіріп алғанмын. Олардың ішінде көркем әдебиетте жеткілікті. Қолым қалт еткенде оқимын. Әйтеуір, қажетіме жарайды.

Уақыт тоқтамайды. Қазір күнделікті ақпарат алға шыққан заман. Бірақ адам баласы бірсарындылық пен қарадүрсіндіктен жалығады, тұрмысын түзеп, рухани байығысы келеді. Жабыққан жанына дауа іздейді. Ал жанның дауасы көркем әдебиет, өнер, ғылым, мәдениет екенін біз білеміз.

Ербол АЛШЫНБАЙ:Келіспеймін. Интернет әдебиеттің құнын түсірген жоқ. Түсіре алмайды. Тек, бұрында жарыққа шыға алмайтын тобырлық қабылдау жарыққа шықты. Тобырлық пікір жариялануға мүмкіндік алды. Ал, ол әдебиеттің өлшемі емес. Сөз соңында, жетпей айтылған сөз болса, білімпаздардан кішілікпен ғапу өтінем!

Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ: Әдебиеттің деңгейі біреулер айтқандай тым төмендеп кеткен жоқ. Тек көркем шығарманы халтурамен шатастыру бар. Көңілімнің толмайтын жері осы. Интернет – бар болғаны адам қолындағы құрал ғана. Сол құралды дұрыс қолдана білсек, жарасымды болмақ. Ол әдебиетті ығыстыра алмайды, шынайы өмірдің орнын баса да алмайды. Мысалы, өлең құрастырушылар бұрын да болған, әлі де бола бермек. Жұрттың поэзияға деген құлшынысы азайып, талғамы нашарлап кеткенi рас. Желінің берген желімен желігіп, жыр жазып жүргендер жетіп артылады. Ақындық туа бітеді, өлеңшілдік жүре бітеді. Өкінішке орай, осы екеуінің арасын айыра алмай жататындар көп. «Уақыт – төреші» деп, көз жұмып қарауға да болмайды. Бұл жағдайда өткір сын ауадай қажет. Сосын бізде бір жаман әдет бар, мақтап айтсаң – жақтырады, мінеп айтсаң – жек көреді. Қазiргі дарынды ақын-жазушыларды толғандыратын мәселе – кiтап шығару, тарату, сату жүйесінің қалыптаспауы. Бұл – бiздiң ұлттық рухани кеңiстiгiмiздің босап қалуының бір себебі. Баба тіліміздің қасиетінен айырылып қалмасақ, түбінде əлемді мойындатпай қоймаймыз. Өйткені, Мəшһүр Жүсіптің айтуы былай: «Егер, Қазақ Тілін білсе еді: дін де – осында, ғылым-білім де – осында, әулиешілік те – осында. Солай болғаны үшін, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз, бәрі жақсы болып, әулие болып өтті». Біз осыған сенеміз!

Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛЫ:Интернеттің әдебиетке келтірер зиянын арзанқол, қоқыс жазбалардың жариялануымен байланысты шығар. Ондай жазбалар оқырманның талғамын бұзатыны шын. Оның үстіне қатардағы жай оқырман интернеттегі өсекті оқуға әуес келетіні де өтірік емес. Әсіресе қазіргі қазақ қоғамына бұл үлкен індетке айналып отыр. Оның үстіне интернеттегі шығармаларды оқырман тегін оқиды. Бұл кітаптың сатылуына кері ықпал жасайды да, кітап саудасы әлсірейді, тіпті тоқтайды. Екінші, кітабы өтпеген жазушы пайда таба аламайды да, жазуға ынтасы азаяры анық.

Бірақ, бұған қарап интернет әдебиеттің құнын түсіреді, салмағын жоғалтады деп сыңаржақты бағалауға келіспеймін. Себебі, интернет – құрал. Құралдың пайдасы мен зияны қолданушыға байланысты. Жақсы іске жұмсасаң, дұрыс пайдалана алсаң пайда әкеледі. Жаман іске жұмсасаң, дұрыс пайдалана алмасаң алмасаң зиян әкеледі. Мысалы пышақ та құрал, тамақ кесіп жеуге, жаныңды қорғауға істетсең пайдалы, кісі өлітруге істетсең зиянды.

Екінші, интернетті бүкіл әлем қабылдап қойған, қаласақ та, қаламасақ та одан қашып құтылмаймыз. Сондықтан оны өз игілігіміз үшін пайдаланудың жолын іздеуіміз керек. Интернет әдебиеттің дамуына кедергі келтіреді, кері әсер етеді деген шартты ұғым. Интернеттің әдебиеттің даму үшін оңды ықпалы да болатынын мойындаған жөн.

Үшіншіден біз оқырманның талғамын дұрыс тәрбиелей алсақ, талғамы жоғары оқырман арзанқол нәрселерге ұмтылмас еді. Қазірдің өзінде интернеттегі арзанқол жазбалар интеллекті жоғары адамдарды қызықтырып отырған жоқ. Мұнан қалса қатардағы жай оқырман да бос сөзден зерігеді, өсектен қажиды. Әдебиетші қауым оқырманның ақылы мен сезімін тәрбиелеп, жақсылыққа ғашық ете алса, жақсылыққа құмар болған адам жаман нәрседен өздігенен бас тартатынында күмән жоқ. Мағынасыз, былжырақ жазбалардың интернетте жариялануы түбінде оқырманға көркем әдебиеттің құнын тануға, нағыз әдебиетті бағалауға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда интернеттен қорқудың қажеті жоқ, қайта оны әдебиеттің дамуы үшін өнімді пайдаланудың тетігін жасауымыз керек.

Ал, әдеби сайттарға қаржы бөлгенде қаламақы мәселесі дұрыс шешілсе, кітаптарды интернетке толық бермей, ең қызықты тұстарын беріп, қалғанын оқу үшін кітапқа сілтеме жасалып отырса, біржағынан жазушылардың экономикалық жағдайын жақсартуға, екіші жақтан оқырмандарды кітап оқуға ынталандыратын еді. Онда интернет әдебиетті насихаттаудың тамаша құралына айналары сөзсіз.

Бағдат МҮБӘРАК: Онысы рас енді, мойындаймын. Жоғарыда айттық қой, әдебиет тәрбиенің құралы деп. Яғни, оған көлденең көк атты кеп қыстырлыспағаны дұрыс. Қазір әлеуметтік желіде екінің бірі, егіздің сыңары ақын. Өздерінің бағасын жұрттың басқан «лайкімен» өлшейтін өлерменнің орны әдебиет емес. Белгілі ғой, әлеуметтік желідегілердің көбісі орыстар айтпақшы «за красивые глазамый» ( қазақшасын «күлшелі бала сүйкімді келеді» десек, бола ма?) суреттеріне қарап та баса береді. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мүйізі қарағайдай әдеби ортаның сүзгісінен өтпей, өзін ақын-жазушы санайтындардікі құр далбаса.

Әзірлеген Айжан Табарак

Бөлісу:

Көп оқылғандар