Қырғызстандағы Қазақстан елшілігі неге үнсіз қалды?!

Бөлісу:

30.06.2017 4719

Жалпы, қазақ-қырғыз театр өнерінің байланысы бұрыннан мықты. Барыс-келісі ешқашан үзілмеген. Екі елдің өнерпаздары бір-бірін өте жақсы таниды. Айырқалпақты ағайындар қырғыз театрының дамуына қазақтың Жұмат Шанин, Мұхтар Әуезов сынды ұлыларының көп еңбек сіңіргенін әлі күнге дейін жыр ғып айтады. Міне, қазақ пен қырғыздың ежелден келе жатқан достығын паш етіп, екі елдің өнерін, мәдениетін, әдебиетін тел емген белгілі жазушы-драматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың драматургиясы негізінде Бішкек төрінде өткен театр фестивалі бір туған елдердің бауырластығын тағы бір белеске көтеріп тастады.


Бір апта бойы Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрында Қырғызстанның түкпір-түкпірінен келген өнер ұжымдары Р.Отарбаевтың пьесаларын сахналап, көрерменді зор қуанышқа бөледі.

Пұсырман ОДРАҚАЕВ, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген артисі:

– Бұл фестивальдің өтуіне қырғыз жағы мұрындық болды. Өйткені Рахымжан Отарбаевтың есімі қырғыз оқырмандары үшін өте ыстық. 1995 жылы Р.Отарбаевтың «Абай соты» деген пьесасы тұңғыш рет қырғыз сахнасында қойылып, жергілікті халық өте жақсы қабылдады. Ешкімге ұқсамайтын өзгеше тілі бар Р.Отарбаевтың шығармаларын қырғыз халқы сүйсініп оқиды. 1994 жылы Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрында тұңғыш рет Халықаралық Айтматов театры ашылды. 1995 жылы осы өнер шаңырағында «Жәмила» пьесасын сахналауға дайындалдық. Шыңғыс аға ол кезде елшілікте жұмыс істейтін. Брюссельде тұрады. Сонау Бельгиядан телефон шалып: «Театрды қандай қойылыммен ашасыңдар?» – деп сұрады. «Жәмиламен» дедік. «Ой, «Жәмила» 25 жылдан бері қойылып жатыр ғой. Басқа не бар?» «Екіншісі – қазақ драматургі Рахымжан Отарбаевтың «Абай соты» деген пьесасы...» – дедік тағы. Бұл Абайдың 150 жылдық мерейтойы тойланатын жыл еді. «Жәмиланы» тоқтатыңдар. Мен өзім келіп қатысамын. «Абай сотымен» ашыңдар», – деді Шыңғыс аға. Сөйтіп, театр «Абай сотымен» ашылды. Сол жолы Шыңғыс ағаның өзі қатысып, Рахымжан Отарбаевқа батасын берді. Рахымжан бүгінде Қырғызстан театрлар қайраткерлері одағының театр өнері қоғамдық академиясының академигі. Жиырма екі жылдан бері оның пьесалары қырғыз сахнасынан түспей келеді. Бұл фестивальде қазақ сахнасына шықпаған алты спектакль қойылды.

Еркін ЖУАСБЕК, өнертану ғылымының кандидаты, театр режиссері:


– Жалпы, «фестиваль» деген сөзді тікелей аударғанда «мереке» деген ұғымды білдіреді. Р.Отарбаевтың қырғыз жерінде 20 жыл бұрын басталған драматург ретіндегі жолын түйіндеп, бірнеше театрды шақырып, пьесаларын қою бұл да мереке емес пе? Ең бастысы, түрлі театрлардың, актерлардың, театр саласындағы мамандардың бас қосып, бір-бірінің шеберліктерін байқау, пікір, тәжірибе алмасуы үлкен олжа болды. Бұл фестивальде бір спектакльді әр театр әртүрлі қойып жатты. Мұның да өз қызықтары бар. Бір кейіпкерді әр актер өзінше жасайды. Кейіпкер жасау үшін актердің қиялы көп әсер етеді ғой. Драматургтің жазғаны сол арқылы түрленеді. Р.Отарбаевтың өткір тілін, ұшқыр қиялын, астарлап жеткізетін шеберлігін тауып, оны сахналық үлгіде әдемі дүние жасаған Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының жанынан құрылған студияның «Актриса» спектаклі болды. Шын мәнінде студияның жастары осы спектакль арқылы тек театрдың ішіндегі ғана емес, жалпы адамдық мәселені көтерді. Олар бір театрдың ішіндегі оқиғаны көрсете отырып, екі елдегі келеңсіздіктерді әдемі, астарлы күлкіге ұластыра білді. Әр актер өз кейіпкерінің характерін тапты. Қарап отырсаңыз, жеңіл жүріске, байлыққа, оңай олжаға, атақ-даңққа ұмтылатын адамдардың түрлі әрекеті, олардың талас-тартысы спектакльде жеңіл дүние сияқты көрінгенімен, астарлы күлкімен жақсы берілген. Өмірде осының бәрі бар ғой. Ол тек театрдың ішінде ғана емес. Шекспир «Өмірдің өзі – театр. Бәріміз соның актеріміз» деп бекер айтпаған.


Қырғыз елімен мәдени байланыс бұрыннан бар. Біздің театрлар осы елде өтетін фестивальдерге көп қатысады. Осыдан үш жыл бұрын М.Әуезов театры осында келіп онкүндік өткізген. Қырғыз театрлары біздің елдегі болып жатқан фестивальдерге қатысып жүр. Тілі, діні, түбі бір халықтың бұлайша араласуы өнердің дамуына, халықтың рухани тереңдеуіне көп әсер етеді. Жалпы, қырғыз ағайындар басқа елдің жазушысын өз елдеріне шақырып, арнайы фестиваль өткізуді бірінші рет қолға алып отырған көрінеді. Р.Отарбаев өз пьесасын қырғыздың әр театрына ұсынып, «мынаны сахналаңдаршы» деп айтпағанына көзім анық жетеді. Жақсы шығармаға қырғыз театрларының өзі көңіл аударып отыр.

Рахымжан ОТАРБАЕВ, жазушы-драматург:

– Фестиваль барысында әр театр өз шамасына қарай шеберліктерін көрсетті. «Актриса», «Қошалақтағы оқиға», «Айнағұмыр» спектакльдеріне мін таға алмаймын. «Актриса» деген әңгімемді алғаш рет театр сыншысы Әшірбек Сығай оқып, риза болып: «Мұны неге жаздың? Мұны қазақтар қоя алмайды ғой», – деп еді. Міне, сол пьесамның тұсауын қырғыздар кесіп отыр. Әрине, сәл-пәл кемшіліктер болды. Бірақ оған да өкпелей алмаймын. Өйткені бауырлас халық сенің мәртебеңді көтеремін деп күннің ыстығында, ораза айында елдің түкпір-түкпірінен ат сабылтып, бүкіл декорациясын арқалап келіп жатыр. Кім үшін, не үшін келіп жатыр? Қазақ өнері үшін келіп жатыр. Сондықтан қатысқан осынау театр ұжымдарына зор алғыс білдіремін. Қырғыздың мәдениет министрі Түгелбай Қазақовтың өзі осы фестивалді өткізуге нұсқау беріпті. Қырғыз театрларында 22 жылдан бері менің пьесаларым сахналануда. Мынау сол еңбегімді қорытындылаған фестиваль болды. Әйтпесе қырғызда керемет драматургтер аз емес. Шыңғыс Айтматовтың шығармаларының өзі не тұрады? Кезінде есімі Одаққа танымал болған Мар Байджиев, Бексұлтан Жәкиев, Мұрза Қапаров, Сұлтан Раевтың шығармалары қазақ сахнасында да қойылып жүр. Бұлар елге кеңінен танылған драматургтер. Солардың ішінде менің фестивалімді өткізіп жатқандары қазақ өнеріне деген құрметтері деп білемін.
Мені алақанына салып, драматургия саласындағы қадамыма қолдау көрсеткен Шыңғыс Айтматов, Ескендір Рысқұлов, Советбек Жұмаділов сияқты рухтардың көзі өтсе де, мені желеп-жебеп жүрген сияқты сезінемін.
Бес күнге созылған өнер фестивалінде бас жүлдеге «Актриса» пьесасын сахналаған (режиссері – Еркін Егембердиев) Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрының жанынан құрылған студияның жастары лайықты деп табылды. Әрине, қырғыз ағайындардың қазақ жазушысының шығармаларына арналған фестиваль өткізуі қазақ халқына көрсеткен құрметтері екені анық. Дегенмен де қырғыздың зиялы қауымы қазақ жазушысын мемлекеттік наградаға ұсыну туралы бастама көтеріп, қырғыздың мәдениет министрлігі шапан жауып, құрмет көрсетіп, қырғыз көрермендері қазақ жазушысының пьесаларына риза болып жатқанда фестивальдің ашылуында, не жабылу салтанатында Қырғызстандағы қазақ елшілігінен бір адамның төбе көрсетпеуі өте ұят тірлік болды.

Оралхан ДӘУІТ

Бөлісу:

Көп оқылғандар