Қырғыз төріндегі Отарбаев фестивалі
Бөлісу:
Қырғыз төріндегі Отарбаев фестивалі Қырғыз бен қазақ бауырластығы туралы әңгімені бастаған жан бірер ораммен тоқтай алмасы анық. Біздер үшін иек астындағы ғана болып саналатын өткен ғасырдан-ақ мысал іздесек, Жамбыл мен Тоқтоғұлдың сабақтастығын айтпай өте алмаймыз. Кенен Базар мен Назарын жоқтап, Алатаудың арғы-бергі бетін күңіренткенінде Оспанқұлдың қырық жігітпен арнайы іздеп келіп, басу айтатыны да бүгінгінің есінде. Ұлы Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің Шыңғыс Айтматовқа деген қамқорлығы, достығы қазақ-қырғызға ортақ әңгіме. Белгілі жазушы-драматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың драматургиясы негізінде Бішкекте өткен Қырғызстан театрлары фестивалінің ашылу салтанатында да қырғыз ағайындар бұл елдегі театрлардың дамып, өсіп-өркендеуі үшін қырғыз қаламгерлерімен бір қатарда Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин сынды қазақ азаматтарының да болғанын зор құрметпен еске алып жатты. Қырғызстан Республикасы Мәдениет, мағлұмат және туризм министрлігінің қолдауымен, Қырғыз театр қайраткерлері одағы және Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театрының ұйымдастыруымен өткен бұл фестивальде Қырғызстанның сегіз театры бақ сынады.
Шығармашылығы прозамен ғана емес, драматургиямен де тығыз байланысты қаламгер, «Парасат» орденiнiң иегерi Рахымжан Отарбаевтың қырғыз елінде өткен бұл фестивалі нағыз мереке іспетті.
Фестивальдiң ерекшелiгi – көрермен бiр спектакльдi бiрнеше театрдың сахналауында көрiп, са- лыстырып, баға беру мүмкiндiгiне ие болды. Мұны қазылар алқасының төрағасы, режиссер Еркін Жуасбек те атап өтіп, «Бір замандарда біз Солтүстік Қазақстанда Ғабит Мүсіреповтің мерейтойына ұйымдастырылған фестивальде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінің сегіз түрлі нұсқасын көргенбіз. Әр режиссердің бір оқиғаны сан түрлі жеткізуінің, әр актердің бір бейнені әр түрлі көрсетуінің куәсі болғанбыз. Бұл шығармашыл адамдардың шабытын шыңдайды», – дейді. Р.Отарбаевтың қырғыз сахнасында қойған әр спектаклі – қоғамдағы өзекті мәселенi көтередi.Қырғыздың екі бірдей театры: «Тағдыр» (Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театры) және «Жарык қайда» (К.Жантөшев атындағы Ыстықкөл облыстық музыкалық-драма театры) деген атпен сахналаған туынды – драматургтың «Нашақор туралы новелла» шығармасы әр түрлi интерпретациялануымен ерекшеленді. Екі театр қойылымындағы оқиға желiсi ортақ болғанымен, ширығуы, актерлердің ойнауы басқа. Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театры қойған «Тағдыр» спектаклінде сахна шымылдығы ашылысымен даңғаза музыкаға арбалып, секіре билеген жастар көрінеді. Еркінен айрылған, албыр-жалбыр киін- ген тобыр топтың психологиясын қырғыз актерлар сәтті жеткізе алды. Иә, бұл қойылымда тағдыр бар. Екі қойылымның әрқайсысынан қалған әсер әр түрлі. Есірткіге еліткен бір сәттік әлсіздіктің соңы немен аяқталады? Нашаға еліккен жанның отбасындағы қарым-қатынас қалай өзгереді, нашақор баласы бар отбасының мойнына артылар салмақ қандай?
Рахымжан Отарбаевтың дәл осы «Тағдыр» әлеуметтік драмасын ерекше әңгімелеп отырған себебіміз – бұл қойылым қырғыз театрында рекордтық көрсеткіштегі шығарма болып саналады екен.
Қырғыз театр қайраткерлері одағының төрағасы Жаныш Құлмамбетовтің:
«Көрші елдердің ешбір дра- матургтері қырғыз театрына дәл осыншалықты жақын болған емес. Оның Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театры сахналаған «Тағдыр» пьесасы көрерменге алты жүзге жуық рет көрсетілген. Бұл – тәуелсіз Қырғызстан театры тарихындағы рекорд. Тек Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана»,Шатман Садыбакасовтың «Ақ боз ат», Бексұлтан Жакиевтің «Әке тағдыры» шығармалары ғана мыңға жуық рет қырғыз сахнасында қойылған еді. Оның өзі Кеңес Одағы кезінен бері қойылып келе жатқан шығармалар. Ал Рахымжан Отарбаев қырғыз сахнасына ел тәуелсіздігін алған уақыттан соң, 1994 жылы, «Әбутәліп әпенді» пьесасымен танылды. 1995 жылдан кейін қырғыз театрында ұлы бабаларының жолын жалғаған – Рахымжан Отарбаев. Біз Әуезовтің төрт мықты пьесасын сахналасақ, Отарбаевтың 11 спектаклі 22 жыл бойы сахналанып келеді. Рахымжан – қырғыз бен қазаққа ортақ драматруг», – деуінде қырғыз көрерменінің қазақ драматургі шығармасына деген құрметі жатқан жоқ па?
Қырғыз драматургі Сұлтан Раев замандас қаламгер жайлы:
«Рахымжанның өзгешелігі – бүгінгі заман кейіпкерлерін көрерменге жеткізе алуында. Ол бүгінгі көрермен іздеген моральдік, қоғамдық зор мәселелерді қозғай алатын жазушы. Рахымжан Отарбаев дра- матургиясына арналған фестивальдің Қырғызстанда өтіп жатқаны – оған деген қырғыз сахнасының құрметі, сыйы деп ұғыңыз», – дейді. Жалпы, фестивальдің өтуіне қырғыз тарабы мұрындық болған екен. Ұйымдастырушылардың айтуын- ша, 1995 жылы Р.Отарбаевтың «Абай – сот» деген пьесасы тұңғыш рет қырғыз сахнасында қойылып, жергілікті халық өте жақсы қабылдапты. 1994 жылы Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз Ұлттық акаде- миялық драма театрында тұңғыш рет Халықаралық Айтматов театры ашылады. 1995 жылы осы өнер шаңырағы «Жәмила» пьесасын сахналауға дайындалып жатқан тұсы екен.
Бельгиядан телефон шалып: «Театрды қандай қойылыммен ашасыңдар?» – деп сұрайды. «Жәмиламен», – деп жауап береді мұнда- ғылар. «Жәмила» 25 жылдан бері қойылып жатқан қойылым ғой. Басқа не бар?», – деген Шыңғыс Айтматовқа қазақ драматургі Рахымжан Отарбаевтың «Абай – сот» деген пьесасы барын жеткізеді. Бұл – Абайдың 150 жылдық мерейтойы тойланатын жыл еді. «Жәмиланы» тоқтатыңдар. Қойылымның премьерасына өзім келіп қатысамын. Театрды «Абай – сотпен» ашыңдар», – дейді Шыңғыс Айтматов. Сөйтіп, Халықаралық Айтматов театры Рахымжан Отарбаевтың «Абай – сот» қойылымымен ашылыпты. Қойылымға Шыңғыс Айтматовтың өзі қатысып, Рахымжан Отарбаевқа батасын береді.
Арада жиырма жылдан аса уақыт өткенде сол сахнаға жеке республикалық фестивалімен келген Рахымжан Отарбаев:
«22 жыл бұрын, 1995 жылы жап-жас қалпымда осы сахнаға көтеріліп едім. Алдыменен «Әбутәліп әпенді», ізінше «Абай – сот» деген пьесамды қырғыздың ғажайып режиссері Ескендір Ырысқұлов қойып еді ғой. Абайдың рөлін қырғыздың ұлы актері Советбек Жұмаділов сомдаған еді. Сол «Абай – сотты» жалғыз қырғыздың емес, қазақтың, әлем әдебиетінің патриархы атанған Шыңғыс Айтматов отырып тамашалаған. Тап осы арада ұйымдастыру шараларымен шапқылап, қомызын сайлап, сол кездегі мәдениет министрі Шолпанбек Базарбаев жүріп еді. Алдымызда қырғыз поэзиясының ғажап тұлғасы Сүйінбай ағам Ералиев, ғажап актриса Сәбира Күмішәлиева отыратын. Солардың ортасынан жақсыдан қалған көзіндей болып Омарсұлтан ағамның бүгінгі фести- вальден табылғанына шүкіршілік етемін. Шын мәнінде драматург ретінде тұсауымды кескен осы театр, осы сахна. Фестиваль барысында әр театр өз шамасына қарай шеберліктерін көрсетті. «Актриса», «Қошалақтағы оқиға», «Жарык кайда?» спектакльдеріне мін таға алмаймын. Әрине, сәл-пәл кемшіліктер болды. Бі- рақ оған да өкпелей алмаймын. Өйткені, бауырлас халық сенің мәртебеңді көтеремін деп күннің ыстығында, ораза айында елдің түкпір-түкпірінен ат сабылтып, бүкіл декорациясын арқалап келіп жатыр. Кім үшін, не үшін? Қазақ өнері үшін. Сондықтан фестивальге қатысқан осынау театр ұжым- дарына зор алғыс білдіремін. Қырғыздың мәдениет министрі Түгелбай Қазақовтың өзі осы фестивалді өткізуге нұсқау беріпті. Қырғыз театрларында 22 жылдан бері менің пьесаларым сахналануда. Мынау сол еңбегімді қорытындылаған фестиваль болды. Әйтпесе қырғызда керемет драматургтер аз емес. Шыңғыс Айтматовтың шығармаларының өзі не тұрады? Кезінде есімі Одаққа танымал болған Мар Байджиев, Бексұлтан Жәкиев, Мұрза Қапаров, Сұлтан Раевтың шығармалары қазақ сахнасында да қойылып жүр. Бұлар елге кеңінен танылған драматургтер. Солардың ішінде менің фестивалімді өткізіп жатқандары қазақ өнеріне деген құрметтері деп білемін. Мені алақанына салып, драматургия саласындағы қадамыма қолдау көрсеткен Шыңғыс Айтматов, Ескендір Ырысқұлов, Советбек Жұмаділов сияқты әруақтар әлі күнге мені желеп-жебеп жүрген сияқты сезінемін. Әйтпесе қырғызда керемет драматург аз ба?», – деп ризашылығын білдірді.
Қазылар алқасының төрағасы, өнертану ғылымының кандидаты, театр режиссері Еркін Жуасбек фестивальдің жалпы жұмысына былай баға берді:
«Фестиваль» деген сөзді тікелей аударғанда «мереке» деген ұғымды білдіреді. Р.Отарбаевтың қырғыз жерінде 20 жыл бұрын басталған драматург ретіндегі жолын түйіндеп, бірнеше театрды шақырып, пьесаларын қоюдың өзі де мереке емес пе? Әрине, бір фестивальмен, бір спектакльмен, бір автордың қойылымдарына баға беру мүмкін емес. Әр театрдың, әсіресе Кеңестер өкіметінен келе жатқан репертуарлық театрларда қолданылатын режисерлік шешімдердің неше түрлі бағыты болады. Шығармашылық труппаның құрамына байланысты кей театр отты, жалынды жастарға, ал кей театр тәжірибесі мол үлкен актерларға сенім артып, солардың арқасында репертуарды толықтырып отырады. Фестиваль аясында бірнеше қойылым көрдік. Бүгінгі таңдағы театр өнеріне ортақ режиссура деген саланың әлсіздігіне, актерлік саланың шалапайлығына тағы да көз жеткіздік. Қойылымдарды бағалағанда режиссерлік жұмысқа да, сахналық қойылымдағы актерлік шешімге де, жалпы ұжымның шығармашылық келбетіне назар аудардық. Ең бастысы, түрлі театрлардың, актерлардың, театр саласындағы мамандардың бас қосып, бір-бірінің шеберліктерін байқау, пікір, тәжірибе алмасуы үлкен олжа болды. Бұл фестивальде бір спектакльді әр театр әр түрлі қойып жатты. Мұның да өз қызықтары бар. Бір кейіпкерді әр актер өзінше жасайды. Кейіпкер жасау үшін актердің қиялы көп әсер етеді ғой. Драматургтің жазғаны сол арқылы түрленеді. Р.Отарбаевтың өткір тілін, ұшқыр қиялын, астарлап жеткізетін шеберлігін сахналық үлгіде әдемі дүние жасаған Т.Әбді- момынов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театрының жанынан құрылған студияның «Актриса» спектаклі болды. Бүгінгі таңда комедия қою қиын. Олар фарс жүйесін тауып алған екен. Шын мәнінде студияның жастары осы спектакль арқылы тек театрдың ішіндегі ғана емес, жалпы адамдық мәселені көтерді. Олар бір театрдың ішіндегі оқиғаны көрсете отырып, екі елдегі ке- леңсіздіктерді әдемі, астарлы күлкіге ұластыра білді. Әр актер өз кейіпкерінің характерін тапты. Қарап отырсаңыз, жеңіл жүріске, байлыққа, оңай олжаға, атақ-даңққа ұмтылатын адамдардың түрлі әрекеті, олардың талас-тартысы спектакльде жеңіл дүние сияқты көрінгенімен, астарлы күлкімен жақсы берілген. Қырғыз елімен мәдени байланыс бұрыннан бар. Біздің театрлар осы елде өтетін фестивальдерге көп қатысады. Осыдан үш жыл бұрын М.Әуезов театры Бішкекте онкүндік өткізген. Қырғыз театрлары біздің елдегі болып жатқан фестивальдерге қатысып жүр. Тілі, діні, түбі бір халықтың етене араласуы өнердің дамуына, халықтың рухани тереңдеуіне көп әсер етеді. Жалпы, қырғыз ағайындар басқа елдің жазушысын өз елдеріне шақырып, арнайы фестиваль өткізуді бірінші рет қолға алып отырған көрінеді. Р.Отарбаев шығармашылығына қырғыз театрлары қатты көңіл аударып отыр»… Фестиваль барысында Рахымжан Отарбаевты қырғыздардың мәртебелі атағы – «Қырғыз өнеріне өлшеусіз еңбек қосқаны» үшін сыйлығымен марапаттады. Қырғызстан Мәдениет, мағлұмат және туризм министрі Қазақов Түгелбайдың разышылық хатын Министр кеңесшісі Әбділдаев Тыныштық Құрбанұлы табыстап, қаламгерге шапан жауып, құрмет көрсетті. Сондай-ақ, қырғыз қаламгерлері Рахымжан Отарбаевқа қырғыз әдебиеті мен өнеріне сіңірген еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлық беру керегі жөнінде бастама көтерді.
Бішкекте өткен айтулы фестивальде сегіз қырғыз театры өнер жарыстырып, бақ сынады. Бәйгеге қатысқандардың бәрi де орын мен сый-сияпаттан кенде қалған жоқ.
Ош облыстық Бабыр атындағы өзбек музыкалық-драмалық театрының шығармашылық ұжымы «Күзгүнүн сыры» спектаклі үшін (Қоюшы режиссер Еркін Байназаров); Қырғыз Ұлттық Т.Әбдімомынов атындағы театрдың шығармашылық ұжымы «Моно Лиза» қойылымы үшін (көркемдік жетекшісі Марат Қозукеев); Касымалы Жантөшев атындағы Ыстык-Көл облыстық музыкалық драма театры «Жарык кайда» шығармасы үшін (режиссері А.Кускаков); Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театрының шығармашылық ұжымы «Тағдыр» спектаклі үшін (Режиссері Егемберді Бекболиев); Қошқар музыкалық драма театрының шығармашылық ұжымы «Моно Лиза – Мончок» спектаклі үшін (Қоюшы режиссер Жумғалбек Қарабалаев) марапатталды. Ең мықты дебют номинациясымен Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театры қойған «Моно Лиза» спектаклінде Барыстың рөлін сомдаған Қанболат Атақанұлы марапатталды. Екінші пландағы ең үздік әйел рөлі сыйлығын Қошқар музыкалық драма театры қойған «Моно Лиза – Мончок» спектаклінде «Моно Лиза рөлін сомдаған Элиза Тансыкова алды. Екінші пландағы ер адамның рөлі марапатын Қасымалы Жантөшов атындағы Ыстықкөл облыстық музыкалық театры қойған «Жарык кайда» қойылымында көрші шалдың бейнесін сомдаған Шәршен Дүйшөнкулов алды. Бірінші пландағы ер адамның рөлін үздік сомдағаны үшін Бабыр атындағы Ош мемлекеттік академиялық өзбек театры сахналаған «Күзгүнүн сыры» қойылымында атаның рөлін сомдаған Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген артисі Махмуд Рахматов марапатталды. Әйел затының рөлін үздік сомдағаны үшін Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театры сахналаған «Тағдыр» әлеуметтік драмасында ананың рөлін сомдамаған Айсалқын Оспанова жүлдегер болды. Тақырыпты кәсіби деңгейде ашып бергені үшін Ш.Термечиков атындағы Шу облыстық театрының шығармашылық тобы («Қошалақ- тағы оқиға».Көркемдік жетекшісі – Асыл Нәбиева) және Б.Кыдыкеева атындағы Жас көрермендер театрының шығармашылық тобы («Моно Лиза». Режиссері – Е.Шалабаев) марапатталды.
Бас жүлдеге «Актриса» пьесасын сахналаған (режиссері – Еркін Егембердиев) Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театрының жанынан құрылған студияның жастары лайықты деп табылды. Бас жүлде иеленген театрға қаржылай сыйлықпен қоса, Р.Отарбаев: «Сахнаға жиі шығып, ысыла берсін, үлкен ортаны көрсін деп, күзде Атырау қаласына театрдың гастрольдік сапарын ұйымдастыруды мойныма алам», – деген уәдесін берді.
Қырғыз театр қайраткерлері одағының төрағасы Жаныш Құлмамбетов:
«Қырғызстан театр қайраткерлерінің «Эргүү» («Шабыт») ұлттық театр сыйлығында ғана осындай ірі жүлде қоры бар. Басқа кез келген деңгейдегі (республикалық, халықаралық) қырғыз фестивальдері мұндай ірі жүлде қорымен әзірге мақтана алмайды. Р.Отарбаев драматургиясының негізінде өткен бұл фестивальдің жүлде қоры отандық театрлар үшін рекорд. Бұл жағынан да театр ұжымдары атынан алғыс білдіреміз», – деген алғысын жеткізді. Бішкекке Қазақстанның түпкір-түпкірінен жеткен бір топ қаламгер, өнер қайраткерлері: Несіпбек Дәутайұлы, Жұмабай Шаштайұлы, Мереке Құлкенов, Сұраған Рахметұлы, Сүлеймен Шадкам, Еркін Жуасбек, Мұхтар Байжұманов, Сансызбай Бекболатов, тағы бір топ қаламгер қауым Атабейітке барып, 1937 жылы атылып кеткен боздақтардың, Шыңғыс Айтматовтың, 2013 жылғы Сәуір оқиғасы құрбандарының әруағына бағыштап құран оқып, рухына тағзым жасады. Одан бөлек, Шыңғыс Айтматовтың музей-үйінде қонақ болып, қаламгерінің басқан ізіне дейін айрықша құрмет көрсетіп отырған қырғыз жұртының ілтипатына бөленді. Қазақстаннан және шетелдерден арнайы жеткен қонақтардың құрметіне Бішкек қаласындағы Ала-Тоо алаңында әр күні кешкісін әр театр ұжымы концерттік бағдарлама әзірлеп, сый көрсетті. Ежелден бір туған қос халықтың бауырластығы мәдени шаралар арқылы тіптен арта түскендей сезілді…
Тыныбек Сыдықов, театртанушы, Қырғызстан Мәдениет, мағлұмат және туризм министрлігінің өнерді дамыту басқармасының бас маманы
Қырғыз-қазақ бауырластығы театр қойылымдарынан да байқалады
– Р.Отарбаев шығармаларына қойылған фестивалінде қай шығарма сізге көбірек ұнады?
– Қазақ-қырғызға ортақ драматург Рахымжан Отарбаевтың фестиваліне Қырғызстан аймақтарынан келген сегіз театр қатысты. Әр түрлі жанрдағы шығармалар сахналанды. Әрине, репертуарға, режиссураға, актерлік шеберлікке байланысты берер бағамыз да сан түрлі. Өзіме «Актриса» қойылымы ұнады. Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театры жанындағы студияның студенттері, театр табалдырығынан енді аттап келе жатқан жас балалар ғой. Қойылымның режиссуралық шешімі тамаша. Қойылымда динамика, үйлесім бар. «Менмін» деген ұлттық кәсіби театрларды артқа қалдырып, жас талаптың алға шығып кеткені қуантты. Фестивальде әлеуметтік тақырыптардың сахналанғаны ұнады. Қазір әлемде сан алапат соғыс жүріп жатыр. Сол соғыстардың ең ауыры, ең қорқыныштысы нашамен күрес. Күллі ұрпағың есірткіге уланса, басқа ұлттық мұраттарға қалай жетпексің? Сондықтан бүгінгі қоғамда өзектібұл проблеманы театрлар жақсы алып шықты.
– Бүгінгі қырғыз театры, қырғыз ғана емес, жалпы театр көтеруі керек тақырыптар қандай деп ойлайсыз?
– Әуелі, қырғыз жайына тоқталайын. Біздің театр түрлі қиындықтардан өтті. Енді-енді бойымызды тіктеп, еңсеміз түзулене бастады. Осы күні қырғыз театрлары көптеген алыс-жақын шетелдерден қанжығасы майланбай қайтпайды. Иә, біздің жастардың да заманауи техниканы құп көріп, рухани дүниеден, кітап оқудан, театрға барудан алшақтап кеткен тұстары болған. Шүкір, осы күні заманауи техникадан да адам қатты шаршайтыны белгілі болды. Жастар театрға көптеп келе бастады. Ал дүниежүзі жағдайына келер болсам, тақырыптан бұрын, олардың театр мамандарын даярлау дәстүрі жайлы көбірек айтқым келеді. Еуропа елдерінде бір ғана Шекспирді екі жыл оқып, талдайды. Олардың театр мамандарын даярлайтын дәстүрі еш мызғымайды. Сөйткен алапат дәстүрі бар, салтына мығым ағылшындар, өзге де Еуропа жұртына қазақ барса, қырғыз барса олар біздің өнерімізге таңдай қағып, тамсанады. Демек, біз, ең алдымен, ұлттық дәстүрімізді, мінезімізді сақтап, оны бүгінгі қоғаммен қабыстыра білгенде ғана өзгеге тартымдымыз.
– Ұлттық сипатты сақтау демекші, қазіргі заманғы қырғыз қаламгерлерін Қырғызстан театрлары қаншалықты жиі сахналайды?
– Былтыр біздің елде «Тарих және мәдениет», биыл «Иман, әдеп және мәдениет» жылы деп екі жылдан бері қырғыз мәдениетіне, өнеріне, руханиятына, оның ішінде драматургияға да ерекше көңіл бөлінді. Жастарды тәрбиелеу ісі жолға қойылды. Театр және сын бойынша жастар түрлі курстардан өтті. Қырғызстан театрларында қойылымдардың 60-70 пайызы қырғыз жазушыларының шығар- малары болуы тиіс деген талап бар. Театрлардың барлығы: қырғыз, орыс, өзбек, Опера және балет, ұлттық, облыстық, аудандық деңгейдегі шығармашылық ұжым осы талапқа сай қызмет етеді.
– Алыс-жақын шет елдермен, оның ішінде түрік мемлекеттерімен тәжірибе алмасу жұмыстары қалай?
– Өте жақсы. Қазақстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан маман шақырамыз, өзіміз де сол театрларға барамыз. Күні кеше ғана Сәбит Досановтың бір шығармасымен Астанаға барып келдік. Тәжікстанның театры Баткенге, Оштағы өзбек театры Ташкентке барып, олар бізге келіп, қойылымдар қойылып жатыр. Өзбектер ақша бөліп, «Бауырым» деген шығарманы бірлесе сахналадық. Қазақстанның біршама қаласында түрлі фестивальдерге қатыстық. Одан бөлек, Рахымжан Отарбаев драматургиясы бойынша ұйымдастырылған фестивальдің де екі елдің шығармашылық байланысын арттыруға септігі тиері сөзсіз. Жалпы, бір-біріміздің шығармаларымызды барынша көп сахналасақ, туыстық, бауырлық қарым-қатынасымыз беки түспей ме. Бұл жағынан алғанда, ауыз толтырып айтар мысал баршылық. Қырғыз-қазақ бауырластығы театр қойылымдарынан да байқалады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Алматы – Бішкек – Алматы.
Бөлісу: