ӘДЕБИЕТ ТУРАЛЫ СОҢҒЫ ПІКІРТАЛАСҚА ҚОСАРЫМ

Бөлісу:

12.08.2017 6357

Әдебиеттің атымен аталған портал болғандықтан руханият айналасындағы әрбір пікір біз үшін маңызды. Біздің міндет - айтылған алуан ойларды жариялау, ал таразылау, екшелеу - оқырман еншісінде.

Ғалым БОҚАШ, шығыстанушы, ғалым, журналист:

"Жылт еткен әрбір мүмкіндікті пайдалану керек"

Ақын-жазушыны "адам жанының инженері" деп атап, шығармашылық демалысқа жіберіп, пәтер бөліп, қаламақы төлеп, жеке шығармашылығын бюджет қаржыландыратын мамандық қылып, коммунистік мораль мен идеология насихатшыларына айналдырған совет режимі енді қайтып келмейді, "балдар". Ақын-жазушылық мамандық та емес, күнкөріс кәсібі де емес, идеология құралы да емес, билік өкілдері бір-жерден екінші жерге оп-оңай көшіріп ала қоятын, я қуып жібере салатын ләппай қызметкер де емес. Бұл - сөз шеберінің таланты ұшталған сайын, қабілеті күшейген сайын, білімі тереңдеген сайын негізгі мамандығы мен негізгі кәсібін ығыстырып шығарып, табиғи түрде һәм шабыттың, һәм күнкөрістің сарқылмас көзіне айналатын, ең бастысы әлгі шеберге тәуелсіздік сыйлайтын еркін шығармашылық. Саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени ерекшеліктері бөлектеу болса да, "жақсымен салыстырып, жақсыға ұмтылу" принципімен Батыстағы өз замандастарымызды мысал етейін.

Мәселен, Зэди Смит. Ұлыбританияның қазіргі ең әйгілі жас жазушыларының бірі. Әкесі - ағылшын, шешесі -
ямайкалық. Лондонның солтүстік-батыс ауданындағы жұпыны жалдамалы үйде бой жетті. 14 жасында ата-анасы ажырасып, мигрант шешесімен қалып қойды. Жекеменшік бай коллеждерде емес, қарапайым мемлекеттік бастауыш һәм орта мектептерде оқыды. Бірақ таланттың аты - талант. Кембридж университетіне өз күшімен түсті. Әйгілі "Маржан тіс" романын сол университетте үздік оқып жүріп жазып тастады. Әлемдік әдебиет деңгейінде сенсацияға айналды. Бірден байлық біткен жоқ. "Талантты жазушымын, Лондон мэриясы пәтер сыйламады, Ұлыбритания үкіметі "Дарын" сыйлығын бермеді" деп ішіп кетпеді. Содан кейінгі қаншама жүлде алған романдарын негізгі мамандығы әдебиеттану бойынша университеттерде сабақ беріп жүріп, қолы сәл қалт екен бос уақыттарында жазып шықты. Мінеки, ашып көрсетейін:

"Қолтаңба бергіш" романын Лондондағы заманауи өнер институтында және Гарвард университетінде дәріс оқып жүріп жазды. "Сұлулық" романын Колумбия және Нью-Йорк университеттерінде сабақ беріп жүріп, "Солтүстік-Батыс" романын "Харперс" әдеби шолу журналында жұмыс істеп жүріп жазды. Былтыр "Әткеншек заман" романын бітірді. Әрбір романы - кейіпкерлердің психологиясын, әлеуметтік ортасын, тарихи кезеңін, түрлі мамандығын сипаттау тереңдігі бойынша жеке бір докторлық еңбекке татиды. Мысалы, "Маржан тістегі" Ұлыбританияға көшкен бангладештік мұсылман отбасының говоры мен туыстық қарым-қатынасын сипаттауын оқып отырып, автордың өзіне жат діни һәм әлеуметтік ортаны тану тәсіліне, ғажайып диалогтарына қайран қалдым. Көркем шығарманың кейіпкерлері мен сюжеті ойдан шығарылған болуы мүмкін, бірақ көркем жазу техникасы - шахмат ережесі сияқты ғасырлар бойы қалыптасқан һәм үздіксіз жетіліп жатқан ғылым. Сол ғылымның академигіне айналған ақын-жазушы ғана шығармашылығы асырайтын деңгейге шыға алады. Мұндай әлемдік ауқымдағы шынайы сөз шеберіне айналудың шарттары көп. Меніңше, ең маңыздылары - тума талант (сергек һәм азат ақыл, терең зейін мен байқағыштық қабілеті), кең дүниетаным (әлемді мейілінше кезу, әрқилы тілдік, діндік, мәдени, саяси, экономикалық ортада тұрмыс кешіп көру), академиялық білім (тыңғылықты теориялық дайындық) және өз жанын жалаңаштай алу қабілеті (саяси-діни көзқарасқа, табуға тәуелді болмау, мысалы, өзін "Дьявол" әңгімесінде аямай сойған Толстой сияқты; Леонардо да Винчи мінсіз мүсін жасап, дәл сурет салу үшін қалай мәйіт жіліктесе, мықты жазушы шынайы образдар тудыру үшін тура солай өз мінезін әшкерелеп, табиғатын мүшелеп, барлық безін сылып шығады). Өзіне ғашық публицистер мен пропагандистер бұл бәсекеге шыдай алмайды. "Талантты жазушының қолымен я періште, я шайтан жазады, қалғандары өздері жазады" дейтін әзіл бекер айтылмаған.

Пост-советтік қоғамдағы шығармашылық өкілдерін "таланттарың ұшталмаған, академиялық білімдерің кем, шетел көрмегенсіңдер" деп сөгу, әлбетте, снобизм болар еді. Халқының саны аз, нарқының сатып алу қабілеті әлсіз, кеше ғана большевизмнің тырнағынан құтылған елдегі әдеби ортаның қазіргі сипаты да, дәл бүгінгі мұраты да бөлек екені сөзсіз. Бірақ, әлемдік көркем әдебиеттің шеберлік стандарттары ақын-жазушының өмір сүріп жатқан қоғамы мен режиміне қарай бейімделіп өзгермейді. Өз биігінде тұрады. Ал постсоветтік жас ақын-жазушылар - мемлекеттің шетелде оқуға, я өз елінде білім ұштауға бөліп жатқан азды-көпті бағдарламаларына қатысуға шамасы бар ең әлеуетті, алдыңғы қатарлы, көзі ашық топ. Шығармашылық еркіндікке, көркем әдебиет шеберлігіне жету құлшынысы күшті болса, тұрмыс қиындығын, я қызметіндегі цензураны сылтауратып бұлғалақтап жүріп алмауы керек. Құдайға шүкір, жылт еткен әрбір мүмкіндікті пайдаланып, сыртқа шығып, тіл үйреніп, қал-қадарынша аймақтық, батыстық әдеби орталарға ұмтылып жатқан қазақстандық замандастарым бар. Солардың талабы мен тәуекеліне сүйсінем.

Солай, іні-қарындастар, таланттарыңды қор қылмаңдар, білімдеріңді жетілдіріңдер, бірнеше тілде сайраңдар, "жеті қат жерден оңай басқыш болып" ұшыңдар әдебиет ғарышына, бір-бір шабыт періштесін табыңдар. Сосын жүресіңдер Зэди Смит құсап Лондонда оянып, Миланда түскі ас ішіп, Нью-Йорктегі әдеби кешке қатысып. Ал бағзы заманнан бері бір-бірінен көшіріп, "өздері жазып келе жатқан" режимшіл публицистердің, ессіз пропагандистердің һәм ұятсыз плагиаторлардың ұраншыл сөздеріне мән бермеңдер.

P.S. Әдебиет туралы пікірталасқа түскен тараптардың әлдебірін сөгіп, әлдебірін жақтап отырған жоқпын, сөзімді бәріне жалпылай арнап отырмын.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, жазушы:

"ӨЗІҢЕ МАСЫЛ БОЛМА - дарының өледі, өзіңе-өзің жиіркенішті боласың"

Жігіттер, егер мемлекет жарылқап, жағдайыңды туғызып жатса, яғни өзі біліп игілік бөлсе - бас тартпа, бар.
(Бірақ қазіргі дәуірде өте неғайбыл, бірді-екілі әкімнің ғана қолынан келетін тәуекел).
Дегенмен "ана ауылда әкім жарылқапты, мына төбеде бастық беріпті" дегенге елікпе. БӘРІН ӨЗІҢ ІСТЕ - жаз, жарияла, сынал, мақтал, бір тиын тап, екі тиын тап, үш тиын тап, осы үшеуінің басын құрап, БАСПАНАНЫ өзің қамда.
Әйтпесе, тура мен сияқты 20 жыл пәтерде жүресің. Анадан бір үміттеніп, мынадан бір үміттеніп.
Қазір берекең болса, үй алудан оңай ештеңе жоқ. Бағдарламалар бірінен соң бірі шығып жатыр. Мемлекет бұдан артық саған не істей алады?

Бүгінгі күні дүниеге келген Абай атамнан артық кім айтар:
- Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Шынар ӘБІЛДА, аудармашы:

"Нарықтың талабына қазақ әдебиетінің көші қолдаусыз ілесе алмайды"

Әдебиетті ысырып, оны нарық заңдылығына итере салдық. Бірақ біздегі бұл нарықта жүйе жоқ. Соның зардабын талай талантты жігіттер көріп те жүр. Есболаттікі тамаша ұсыныс. Себебі, біздің әдебиет әлемдік нарық заңдылығына жұтылып, жоқ боп кетуі әбден мүмкін. Оның үстіне бай әдебиетімізді тар шаңберде ұстап отырмыз. Оған қызмет етемін дейтін шын таланттар да саусақпен санарлық. Нарықтың талабына қазақ әдебиетінің көші қолдаусыз ілесе алмайды. Әдебиетке махаббаты зор жазушылар келуі үшін алғышартын жасап отыру артық емес. Бір қадам алға басу болар еді. Себебі, жағдайсыз жақсы дүние жазылмайды. Өйткені, жазу деген ең алдымен көз майыңды тауысу. Ол денсаулық. Ол уақыт. Уақытты уыста ұстап тұру мүмкін емес. Жазуы бағаланбаған жазушы бағытынан ауытқиды. Қара жұмысқа жегіледі. Тіршілік күйбеңіне маталады. Уақыт оздырады. Қарым-қабілетін шашыратып алады. Жағдайы боп тұрса, ерім дейтін елі қолдап тұрса, тау қопарар шағында біраз қыз-жігіттер аламанға еркін шығар еді. Бұл дүниеде өлмейтін бір ғана құндылық бар, ол – әдебиет. Сондықтан, Есболаттың ұсынысы заман талабы. Оның үстіне біздің ел кенже дамып келе жатқанын ескерсек, біздің әдебиет әлем алпауыттарымен бәсекеге шығу үшін ең алдымен әдебиетке жағдай жасалуы керек. Барымызды өзіміз құнттауды үйренер едік. Жақсы үрдіс қалыптасар еді. Ол белгілі бір жүйемен кешенді түрде жүргізілсе, небір жүйріктер суырылып шығатыны анық. Әдебиетке деген елдің махаббатын оятудың өзі бүгінгі жаһандану заманында оңай емес. Бірақ әдебиетсіз алға басу тағы жоқ. Әдебиет тұтас ұлтты тәрбиелейтін құрал, оның рөліне немкеттілік танытып отырғандықтан бүгініміздің шындығы алақандағыдай боп тұр. Өңірлерден бастау алған қолдау қазақ әдебиетіне бес-он жылда үлкен дүмпу әкелер еді. Қазіргі әдебиеттің айналасында жүрген жастар өзінің еліне керек екенін сезінер еді. Ұлтқа қызмет етуді мақсат тұтар еді. Әдебиетті ардақтауды алдыңғы қатарға шығармайынша ұлт ретінде жетілу, даму жүзеге аспайды. Сондықтан, мұндай ұсыныстар жерде қалмаса екен. Келешегін ойлайтын ел алдымен әдебиетіне жағдай жасау керек. Қазақ әдебиетін нарыққа салып, алпауыт елдердің сатылатын кітаптарымен салыстыруға болмайды. Олардың дейгейіне жету үшін бізге зор мәдени сілкініс керек. Әзірге қатарға қосылуға жетелейтін бағдарламалар жасасақ жөн болар.

Дайындаған: Наурыз САРША

Бөлісу:

Көп оқылғандар