Орыс әдебиетінің «алтын ғасыры» мен Батыс
Бөлісу:
Кіріспе
Адамзаттың белгісізге құштарлығы сонша, аударма жазумен қатар пайда болғанға ұқсайды. Жазба әдебиетінің ең алғашқы үлгісі болып танылған «Білгеміш жайлы хикая» оңтүстік-батыс Азия тілдеріне біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықта аударылған екен. Аударманың атқарар қызметі шексіз, дегенмен үлкен бір кемшілігі – бір тілдің күрделі идиомалық түсініктерін екінші тілге сол қалпында жеткізе алмайды. Өткір тілді Мигель де Сервантес «Әдеби аударма – фламанд кілемінің теріс жағы сияқты», - деп тіпті дәл айтқан.
2017 жылдың басында әлеуметтік желіні шуылдатқан Абайдың қара сөздеріне қатысты дау-дамайдың негізінде осы аударма мәселесі жатқан жоқ па еді? Абайдың философиялық толғаныстарын орыс тілді жұртшылық әлі дұрыс түсінбейді. Неге десеңіз, әу бастан-ақ, аудармашы түпнұсқа тілден гөрі шығарма аударылатын тілдің иесі болуы керек деген қате қағида қалыптасып қалған. Қазақтың қос тілді қаламгері Әнуар Әлімжанов бұл қателік жайлы 1955 жылы «Абай шығармаларының аудармалары» атты мақаласында айтқан екен. Бірақ, Шиллер мен Гетеге бергісіз Абайымыздың өлеңдері қазақ тілінің сыңары болып кеткен орыс тіліне әлі дұрыс аударылмай келеді.
Бұл қағиданы өзге жұртпен әрқашан тығыз байланыста болып, көп тілділікке әбден бейімделіп алған еуропалықтардың әлдеқашан жоққа шығарғаны бекер болмас. Ислам әлемін Еуропаға француздар «Мың бір түн» арқылы 1704 жылы жеткізсе, Еуропа мен Ресей интеллектуалдарының арасындағы мәдени және тілдік қарым-қатынас саяси бойкот шегіне жеткен замандарда да үзілмеген. Ал өздерін өзгеден әрқашан оқшаулау ұстайтын ағылшын тілділер мен қабағы қатулы орыстардың арасында ешқашан түсіністік болған емес. Соның бір көрінісі әдеби аударма саласы іспетті.
Бұл мақала – орыс классиктерінің ағылшын тіліндегі аудармалары жайлы. Оған қоса, оқырмандар Батыс әлеміндегі баспа және қаламгер арасындағы коммерциялық байланыстар жайлы да біраз мәліметтер алады.
Орыс әдебиетінің "алтын ғасыры"
Орыс әдебиетінің «алтын ғасыры» әлемнің рухани ғибадатханасына айналғалы қашан. Әлемнің ғылым және өнер саңлақтары әлі күнге дейін осы таза бұлақтан сусындауда. 1887 жылы Фридрих Ницше өзіне көп әсер еткен Федор Достоевскийдің шығармалары екенін мәлімдеді. 20 ғасырдың басында шығармашылығын жаңа бастаған Эрнст Хемингуэй Чеховтың асқан шеберлігіне қайран қалды. Альберт Эйнштейн Достоевскийді Гаусстан артық көретінін мәлімдесе, ал 2000 жылдары ең беделді Нобель мен Кан жүлделерінің иегерлері атанған түрік ұлдары Орхан Памук пен Нури Білге Сейлан шығармашылық шабыттарын орыс әдебиетінен алатындарын айтты.
Пушкинге дейін айтулы жазушысы да болмаған Ресейдің ойшылдары бір ғасырда батыс пен шығысты қалай жаулап алды? Бұл сұраққа нақты жауап қажет болса, 19 ғасырдағы орыс ойшылдарының неше тіл білгенін және қандай әдебиетті оқығанын қарап шығудың өзі жеткілікті. Бұған көркем әдебиеттен де тамаша мысалдар табылады. Пушкиннің кітаптан бас алмайтын Татьянасы не оқушы еді?
...Она любила Ричардсона
Не потому чтобы прочла,
Не потому чтоб Грандисона
Она Ловласу предпочла...
...Она влюблялася в обманы
И Ричардсона и Руссо.
Ал Федор Достоевскийдің әкесі ауқатты адам болмаса да, балаларының біліміне үлкен мән берген адам. Ол мұғалім жалдап, балаларына латын және француз тілдерін жастайынан үйреткен. Достоевский Гомерді Николай Гнедич арқылы оқыған болар, бірақ, Гюго, Бальзак, Шиллер, Гофман мен Байронды түпнұсқада оқығаны анық. Кейінірек, ол, Эжен Сю және Джордж Санд шығармаларын орыс тіліне аударумен де айналысқан. Яғни, орыс интеллектуалдары Еуропа әдебиетінен нәр ала отырып, өз елінде француз тілінің шаңына да ілесе алмай тұрған орыс тілінің мәртебесін көтеріп қана қойған жоқ, бүкіл Әлемді де мойындата алды.
Ешбір мәдениет өзге мәдениетсіз дамымайды. Ал әлемнің «мәдени аралдарын» бір-бірімен жалғайтын тіл, я болмаса – аударма. Федор Достоевскийдің шығармаларын Франция, Германия, Голландия, Швеция сияқты жаңаға құмар Еуропа елдері Англия мен Америкадан 20-30 жыл бұрын өз тілдеріне аударып қойған. Бірақ Достоевский, Чехов және Толстой жазушылығына табыну, олар ағылшын тіліне аударылғанда ғана басталды.
Констанc Гарнетт аудармалары
20 ғасырдың басында орыс жазушыларын ағылшын тілді әлемге жеткізген – ағылшын аудармашысы Констанc Гарнетт (1861-1946) болатын. 40 жылда орыс классиктерінің 71 томын ағылшын тіліне аударған Гарнеттті Владимир Набоков, Корней Чуковский мен Иосиф Бродский аямай сынаса да, олар орыстың «алтын ғасырын» екі құрылыққа паш еткен Гарнетт ханымға қарыздар. Себебі, Луиза мен Эйлмер Мод және Дэвид Магаршак аудармалары дәл осындай табысқа жеткен жоқ.
Өмірін орыс әдебиетіне сарп еткен Констанс Блэкке тағдыр жолды өзі көрсеткендей еді. Кэмбридж университетін тәмамдаған соң, 1889 жылы ол Кэйп баспасының иелерінің бірі – Эдвард Гарнеттке тұрмысқа шықты. Гарнеттің таныстарының арасында орыс бекзаттары көп еді. Констанс өзіне мүлдем бейтаныс орыс мәдениеті мен орыс тіліне құлай ғашық болды. Ол мұғалім жалдап, орыс тілін үйрене бастады. 1893 жылы Ресейге барып, Лев Толстоймен кездескеннен кейін, Констанс Гарнетт Иван Гончаровтың «Обыкновенная история» атты шығармасын ағылшын тіліне аударды. Бұл ұлы сапардың басы ғана еді. Дәл сол мезетте Лев Толстойдың достары, ерлі-зайыпты Луиза мен Эйлмер Модтар «Война и Мир» романын аударуға ден қойған еді. Олар Констансқа бірге аударуды ұсынды. Бірақ Констанс ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартты.
Гарнеттің өмірбаянын зерттеген жазушы Каролина Хейлбрун (The Garnett Family, 1961) оның денсаулығы нашарлау және көру қабілеті төмен болғанын жазады. Соған қарамастан, ол аударма жұмысын қырық жыл бойы тоқтатпаған. Гарнеттің еңбекқорлығы мен төзімділігіне оның замандасы және белгілі жазушы Дэвид Лоренс те қайран қалады: «Бір бетті аяқтап жерге тастай беріп, екінші бетті бастап кететін. Жердегі қағаз тізесіне дейін жетуші еді – барлығы ғажайыпқа толы болатын». Констанс Лев Толстойдың «Война и Мир» романын аударғанда, көзінен айрылуға шақ қалды. Гарнеттің аудару тәсілін «New Yorker» журналының бас редакторы Дэвид Рэмник «Аударма шайқастары» (қараша, 2015) атты мақаласында былай деп суреттеді: «Ол шығарманың соңына көз тіге, жылдам жұмыс істейтіні сонша, бейтаныс сөз немесе сөз тіркесі кездессе, тоқталмастан аттап жүре беретін. Ол «өмір қысқа, «Идиот» ұзын сонар» деген қағиданы ұстанды». Кейінірек Гарнеттің аудармаға деген жеңілтектеу көзқарасы жайлы түрлі анекдоттар пайда болып, өзі комиктік кейіпкерге айналған еді.
Констанс Гарнет Тургенев пен Чехов шығармаларын тамаша аударған деген пікір қалыптасқан, бірақ 20 ғасырда орыс эмигранттары Владимир Набоков пен Иосиф Бродский Достоевский мен Гоголь шығармаларының аудармасын аямай сынға алды. Набоков Корнель университетінде орыс әдебиетінен дәріс беріп жүргенде, «Гогольдің «Ревизорын» студенттермен талдау үшін көптеген параграфтарын қайта аударудан шаршадым, себебі Гарнеттің құрғақ тезегінен түк пайда жоқ», - деп шағымданды. Иосиф Бродский болса: «Ағылшын тілді жұрт неге Толстой мен Достоевскийді бір-бірінен айыра алмайды дейсіз бе? Себебі олар аталған жазушыларды емес, Констанс Гарнетті оқыған», - деп кейіді. Корней Чуковский Достоевскийдің «белгілі «тырысқақ» және «селкілдек» стилін «Гарнеттің қаламы ағылшынша майда қырқылған көгалға айналдырып жіберген, яғни тұпнұсқаның ізі де қалмаған», - деп бағалады.
Волохонская-Певир аудармалары
Өмірлік серіктестігі шығармашылық серіктестікке ұласқан Лариса Волохонская мен Ричард Певирді де бір тылсым күштер табыстырғандай. 1988 жылдан бері Париж қаласындағы құйттай пәтерінде отырып-ақ орыс классиктерін түгел дерлік ағылшын тіліне қайта аударып шыққан бұл жұп өздерін қысқаша VP деп атайды. Волохонская-Певир еңбектері аударма саласына екі жаңалық әкелді. Біріншіден, орыс классиктерін ағылшын тіліне бірінші рет қос тілдің иелері бірлесе тәржімеледі. Екіншіден, Волохонская-Певир аудармалары нағыз коммерциялық табысқа жетті.
Жазушы Айгүл Кемелбаева бірде: «Ай астында басқа жердің дәмі тартып тұратын тағдырлар болады. Олар туған елі мен жерінің бағын өсіру үшін жұмсайтын руханият сардарлары, өркениет елшілері сияқты биік рөл атқарады», - деген еді. Сұңғыла қаламгеріміз бұны тура Лариса Волохонская жайлы айтқандай.
Бұл тандемнің ерекше миссиясы, шындығында да, жазушыны ағылшын тілінде мінсіз сөйлету емес, орыстың күйзелген жаны мен оның дүниетанымын айнытпай жеткізу еді. Бұл екі жақты күрделі шаруа орыс тілін шала білетін Певирдің емес, орыс және ағылшын тілін жетік білетін және қос мәдениетті сырттай емес, іштей меңгерген Волохонскаяның еншісіне тиді.
Лариса Волохонская 1945 жылы ленинградтық еврейлер отбасында дүниеге келген. Ларисаның туған ағасы Генри Волохонский Иосиф Бродскиймен бәсекелес болған белгілі ақын. Ата-анасы Лариса мен Генриге ағылшын тілін бала күндерінен мұғалім жалдап оқытқан. Лариса ЛМУ-да оқып жүріп-ақ, Американың белгілі жазушысы Джон Апдайктың әңгімесін орыс тіліне аударған. Лариса 1973 ағасы Генридің соңынан Израильге, одан кейін Америкаға көшті. Америкада Лариса Йель университетінің дін факультетінде оқыды. Ларисаның бұл саладағы білімі «Братья Карамазовы» романын аударғанда өте пайдалы болғанын ол сұхбаттарында айтып жүр.
Массачусетс штатының тумасы, Нью Йорк қаласындағы Колумбия және Париждегі Америка университеттерінің профессоры Ричард Певир – кәсіби ақын және испан, италиян, француз ақындарын ағылшын тіліне тәржімелеген аудармашы.
Орыс классиктерін ағылшын тіліне қайта аудару идеясы Ларисаның ойына аяқ астынан келді. Екеуі бас қосып, әркім өз кәсібімен айналысып жүрген шақтарында, бірде Ричард Певир «Братья Карамазовы» романының Дэвид Магаршак аударған нұсқасын қолына алады. Бұл романды орыс тілінде бірнеше рет оқыған Лариса қызық көріп, Ричардың иығынан үңіле қарап, бірге оқи бастайды. Бір мезетте Лариса «Сен Достоевскийді емес, басқа кітап оқып отырсың!», - деп айқайлап жіберіпті. Ағылшын тіліндегі барлық нұсқаларын түпнұсқамен салыстыра келе, Федор Достоевскийдің үні мен стилі мүлдем өзгеріп кеткеніне көздері жете түскен.
Волохонская-Певир тандемі ұлы сапарын осылайша әлем әдебиетіндегі ең күрделі философиялық романнан бастаған екен. Бірақ баспа табу оңайға түспеді. Жұп алдымен бірнеше славянист мамандарға аударма үзінділерін жіберіп, олардың пікірін сұрады. Барлық мамандардың жауабы оң болды. Волохонская-Певир енді аударма үзінділері мен мамандардың пікірлерін баспаларға жібере бастады. Баспалардың ешбірі қызығушылық танытпады. Дарынды қаламгерлерді көбінде ірі баспалар емес, белгісіз баспалар қабылдайтындығы қызықты нәрсе. Үміт үзілген кезде, North Point атты шағын баспа алдын ала 6000 доллар төлеп, аударманың жаңа нұсқасын жариялауға келісті. Бұл көлемді романды тиісті дәрежеде аудару үшін, екеуіне бірдей аударма жұмысымен ғана айналысу қажет еді. Баспаның ұсынған ақшасы екі жас баламен бірнеше жыл күн көруге жетпесі анық. Жұп грант іздеуге кірісті. Американың гуманитарлық ілімдерді қолдау қоры North Point баспасы мен ірі славянист мамандардың ұсыныстарын қабылдап, бұл жобаға 36 мың доллар бөлді. Волохонская-Певир жұбы бұл қаржыны бірнеше жылға жеткізу үшін, Париж қаласына көшіп, алты жылға созылған жорығын бастады.
Аударма қос тілді тамаша білуді талап етсе, тәжірибесі жеткілікті қос тіл иелерінің тандемі тамаша нәтиже берері анық қой. Аударма саласы әрқашан осындай біліктілікті қажет еткен жоқ па еді? Адамзат ойлап тапқан технологиялар бүкіл жаһанды бір алақанға қондырып, қарапайым қарым-қатынастың өзіне талап артып жатқанда, аударма саласының түбегейлі өзгерістерге ұшырауы, әрине, заңдылық. «Аударма шайқастары» мақаласында Дэвид Ремник PV тандемінің зертханасына жақынырақ үңілді.
Тандем механизмі қарапайым болғанымен, жұмыс көлемі ұланғайыр болатын. Лариса мен Ричард екі бөлек бөлмеде отырып жұмыс істейді. Лариса бірінші нобайын аяқтағанша, Ричард зерттеу жұмысымен айналысады. Әр аударылған шығарма жайлы пікір жазатын да Ричар Певир еді. Себебі Ларисаның үлесі аз еместін. Алғашқы нұсқасын Лариса қолмен және кәдімгі қарындашпен жазады. Себебі Ричардтың өңдеулеріне негіз болатын «шикізат» барынша түпнұсқаға жақын болуы тиіс. Барлық зат атаулары мен түсініктерді нақты аудару үшін, Лариса талай сөздікті қопарып, көп ізденеді. Бұл ғана емес, Толстой мен Достоевскийдің ұзынсонар сөйлемдерінің құрылымын нақты жеткізуге де біршама уақыт қажет. Мысалы, «Братья Карамазовы» романының алғашқы нұсқасын әзірлеуге екі жыл уақыт қажет болған екен. 2015 жылы «The Paris Review» журналына берген сұхбатында Лариса Волохонская «Кейбір сәттерде бұл жұмыс маған ешқашан аяқталмайтындай көрінді», - деді. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, бұл жорық сәтті аяқталды.
Достоевский жайлы бес томдық еңбектің авторы, Достоевский танушы ғалым Джозеф Франк (1918-2013) Волохонская-Певир жұбының «Братья Карамазовы» аудармасын түпнұсқаға ең жақыны деп бағалады. Жұп бұл еңбегі үшін PEN Translation сыйлығына ие болып, бірнеше ірі баспадан Достоевскийдің басқа еңбектерін аударуға тапсырыс алды.
Волохонская-Певирдің «Анна Каренина» аудармасы 2000 жылы Ұлы Британияның «Penguin» баспасынан басылып шықты. Бірақ бұл аударманы іске асыру оңайға түспеген еді. Баспа Лев Толстойдың «Анна Каренинасын» қайта аударуға тапсырыс бергенде, VP жұбы қуанып, жұмысқа құлшына кіріскен. Бірақ аударманы баспаға жібергенде баяғы британдық және америкалық ағылшын тілдерінің ерекшеліктеріне қатысты көптеген қарама-қайшылықтар туындады. Оған қоса, Penguin баспасы жалдаған «үй оқырманы» аударманың стилі «жатық» емес деп шағымданды (батыс баспаларының барлығы кітаптың сатылу мүмкіндігін бағалау мақсатында бір немесе бірнеше «үй оқырманын» жалдайды). Баспа редакторы аудармашыларға бірнеше жылғы еңбегін қызыл шимай қылып қайтарды. Баспа редакторлары мен аудармашылар арасында қызыл кеңірдек айтыс басталды. VP жұбы әр сөзін, әр сөйлемін грамматикалық және стилистикалық тұрғыдан қорғауға мәжбүр болды. Сайып келгенде, британдықтардың көңілінен шықпағаны – аудармашылар дәл жеткізген Толстойдың өз стилі еді. Бірақ редакторлар орыс тілінің ерекшеліктерін, Толстойдың стилін жетік білмегендіктен, аударманы Гарнеттің нұсқасымен салыстырып әлек болды. Жоба мәресіне жеткенде екі жақтың да арқасы кеңіп, «уһ» десті. Сондықтан, аудармашылар да, баспа да бұл басылымға көп үміт арта қоймаған еді. Кітап шыққан айда британдық ағылшын тіліне бейімделген нұсқасының 600 данасы ғана сатылды. Ал кітаптың америкалық нұсқасын славянист мамандар бір ауыздан жоғары бағалап, алғашқы үш айдың өзінде-ақ 25 мың данасы сатылды. Оған қоса, аудармашылар бұл еңбегі үшін PEN Translation сыйлығымен марапатталды.
2004 жылы Penguin баспасы мен аудармашылар күтпеген жерден үлкен табысқа кенелді. Классикалық әдебиет, әсіресе орыс әдебиеті батыста Кеңес одағындағы сияқты міндетті мектеп пәні ретінде оқытылмайды, сондықтан классикалық әдебиетті әрқашанда таңдаулы да шағын топ қана оқиды. Бірақ АҚШ-тың ең беделді шоу жұлдыздарының бірі – Опра Уинфридтің[1] кітап клубы 137 жыл бұрын жазылған шығарманың VP аударған нұсқасын «айдың үздік кітабы» ретінде таңдап алғанда, кітап бір түнде бестселлерге айналды. Бір айдың ішінде 1 миллионнан аса данасы сатылды. «The Moscow Times» гәзеті бұл құбылысты «Бөрік киген Омар Шарифтің[2] Живагосынан кейінгі орыс әдебиетінің ең күшті жарнамасы», - деп атады.
Қасіретке толы 20-ғасыр аяқталып, жұрт енді бір мәмлеге келер деген сәтте, текетірес саясат, «қырғи қабақ» қайта оралып, мәдениеттер сеңдей соғылысып, әлемді үрей жайлаған заман туды. Өркениеттен тіксінген Ресейді түсінбей аңтарылған Әлемді орыс классиктерімен қайта таныстырған Лариса Волохонская өз еңбегін «бейбітшілік миссиясы» деп қабылдады.
Зәуре Батаева, аудармашы және блогер
Бөлісу: