Әміре Әрін: Жамалына қонақтап құстың әні...

Бөлісу:

21.08.2017 6266

БҮГІН ЖАЗУШЫ ӘМІРЕ ӘРІННІҢ ТУҒАН КҮНІ!

1957 жылы Алматы облысы, Қаратал ауданының Дөңши ауылында дүниеге келген. 1980 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 2012-2013 жылдары Ілияс Жансүгіров атындағы мемлекеттік университетінде оқып, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алды. 1978-2015 жылдар аралығында Қаратал аудандық «Коммунизм жолы» газетінде тілші, жауапты хатшы, Киров аудандық «Еңбек туы» газетінде редактордың орынбасары, Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетінде аға тілші, Қаратал ауданы әкімінің орынбасары, «ТУЗ» акционерлік қоғамының бас директоры, «Спорт» республикалық газеті бас редакторының орынбасары, Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бас маманы, Алматы облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. 2015 жылдың ақпан айынан Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ҚР Спортына еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Еңбектегі ерлігі үшін» және де отандық мерекелік алты медальмен, республикалық «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» омырау белгісімен марапатталған. Бүкіләлемдік Шыңғысхан Академиясының академигі, Педагогика ғылымдарының магистрі, С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының (2008 жыл) лауреаты, «Ақ қарға алау жаққан Азиада» (2010 жыл) республикалық мүшәйрасының Бас жүлдегері, облыс және республика көлеміндегі өзге де мүшәйралардың жеңімпазы, Қаратал және Көксу аудандарының Құрметті азаматы.

1999 жылы «Тылсым тыныс» атты деректі повесі, 2004 жылы «Тамызық» деген атпен өлеңдер жинағы, «Кенен жерім – Көксуым» публицистикалық еңбектер жинағы, 2006 жылы «Ауғанның от-жалыны» зерттеу кітабы, 2007 жылы «Маздақ» жыр жинағы, «Томирис» әңгімелер топтамасы, 2017 жылы «Айқабақ» жыр жинағы жарық көрді. Топтама өлеңдері "Жыр жауһары" қазақ поэзиясының антологиясына, өзге де бірқатар республикалық жинақтарға енген.

Қаламгердің 60 жас туған күніне орай, бір топ өлеңдерін оқырман қауым назарына ұсынып отырмыз.

АЙҚАБАҚ

Айқабақ,

Айдай ару,

Қасы керім,

Ақ маңдай,

Меңі ноқат, асыл ерін.

Еліктей елең ете қарағанда,

Тау суындай тасты ұра тасып едім.

Ай көрдім,

Аман көрдім, тағдырым ба,

Жүзінен шуақ төгіп жалғыз ұлға.

Бейкүнә жүрегімнің пернелерін,

Айқабақ,

Бұлай бердің сазды мұңға...

Айқабақ арай шашып тербелгенде –

бұйыртпай жел көтерген кез келгенге.

Сиқыр қыз содан бері оралмапты,

Демеңіз – «мына ақын емделген бе?!»

Мен іздедім өзіңді биіктерден,

Қырқалардан қылықты киік өрген.

Еркелігің ертегі елітіп жүр,

Көктем атып көп сырың түйіп келген.

Алтынға аптап жібергем сәлемімді,

Сағынғаннан – сарғайғам әдемі үнді.

Қос Ай бірдей қол бұлғар қабағыңа,

Телігенмін теңдессіз әлемімді.

Шаттанып ем ақ таңның атқанына,

Бақ тіледім байтақ жұрт бақтарына.

Ақын едім алдымен арды ойлаған,

Айқабақ,

кете алмадым ақтарыла...

Ғұмыр кештім,

Құлпырды, құлпырмады,

Қош көреді десе де, жұрттың бәрі.

Муза болған Айқабақ бәрімізге –

Жамалына қонақтап құстың әні.

Жылдарым көп – анамның жаулығындай,

Күндерім бар –

қараша үй баулығындай.

Армандарым қалықтар бұлт бауырлап,

Асқар-Асқақ Алатау ауқымындай.

Беу, Алпыс!

Шолтаң еттің келте күндей,

Пай, дүние!

Есік аттап енгенімдей.

Айқабақ,

Еске түссең, көркің жайнап,

Ән салам Серкебайдың Ермегіндей!

Білмеймін, бола алдық па елге күнгей!

ТҰҒЫР

Ұлы Қаған!

Ұлылардың ұлысы,

Мыңжылдықтар тұғырында тұрысы!

Жапқан жала,

жаққан күйе шайылып,

Сал денемнің жазылды-ау бір құрысы.

Күн аунаған азар кезең амалы-ай,

Заһар жұтып,

Зар илеген заман-ай.

Жасынымды өз-өзімнен жасырып,

Кердеңдеген кесір уақыт табалай.

Адал жауды түмен басы қоятын,

Сатқындарды тірідей-ақ соятын.

Есіміңді ала қашты дәлдүріш,

Тапты енді есі ауғандар тоятын!

Құйылады ой-қырыма тың күш кеп,

Көк аспаннан үн жетеді тұңғыш деп.

Түркі жұрты түп атасын құрметтеп,

Балаларын атап келді Шыңғыс деп!

Шыңғыс десе шыр-пыр етер ұл едім,

Ақиқаттың азық еткен мың емін,

Енді бүгін арда туған ұлыңмен,

Түн түндігін елден бұрын түремін.

Мұратыма жетер жолда мол қайғым,

Жаһан тойын

Күн арылтпай тойлаймын,

Қағанымның жаулар жыртқан Жарлығын,

Өз дәргейі – Еуразияға жолдаймын!

Хас тұлпарым бауырынан жараған,

Бас бәйгені шаппай тұрып сан алған.

Өр есімің әйгіленген сәттен-ақ,

Қазақ аты жаһан асып таралған!..

ЖАЛҚЫ ҒҰМЫР

Сары аязды сездірер күз хабары,

Жалқы ғұмыр –

Жанымның жылғалары.

Жаратылыс – бұл өзі дара тұрыс,

Ар түзіліп айналар жырға бәрі.

Тыңдайтын тына қалып талқыны бір,

Аламанның алды да, арты дүбір.

Адассаңда,

Адаспай бақ ассаңда,

Басыңа жазылғаны жалқы ғұмыр.

Жарқырар жапан түзде жалғыз шырақ,

Қалтырар қараша үй,

Сансыз сұрақ.

Жалғыздың жары құдай демеп пе едік,

Жайнағым жасын ойнар, қамсыз бірақ...

Айта алмаймын арна асып шалқыдым бір,

Жетекке алып жөргектен жалқы ғұмыр.

Қатар ұстап қобыз бен қамшыны дүр.

Желпінтсем-ау деп едім жалпыңды бір.

Өкінішін өткен күн қайтарды кім,

Қолқа қауып, мұржаңнан қайтар түтін.

Аңыз енді,бауырым,

Аңызақ шақ,

Ат терлігі кеппеген айдарлы күн.

БАҚЫТЫМА БАЛАЙМЫН

Біздің ауыл –

Балқаштың бауырында,

Бәрі ғажап,

Бұл жақта – сауығың да.

Көктемеде құс тойлап, аң асыр сап,

Өмір қайнар – теңіздің сауырында.

Домбырамды, дариға-ай, күйлетер ме ем,

Көз алдымда – бал күндер жиде терген.

Күнді сүйген,

Күн дидар,

Күміс қанат,

Қиқуына аққу-қаз үйлесер ме ем!

Ақ самалды армансыз өбіп келгем,

Тай-құнандар тақымда көбіктенген.

Шағыл аунап,

Шаң құшқан қыр қыздары,

Хор қызындай шомылып көріктенген.

Жатқандай-ау жайлауда тұсап атын,

Өзі болыс,

Өзі би Пышан ақын.

Серілігі, менімше, ірілігі,

Сәскелігін ішкенше түс ауатын.

Солай еді,

Солай ғой, әлі де сол,

Шежіренің шер тербер мәні де сол.

Көкше теңіз көгінен Арқа асатын,

Асабасыз айтылар әні де сол!

Бір пұшпағын бұл жердің құм басатын,

Құм басқанда қарттарым мұңдасатын.

Күні – жылды арқалар ауыл жайын,

Алматылық қонақтар тыңдасатын...

Ақ шілтерін түріп ем талай таңның,

Қырқаларда, шилі өзен – арайландым,

Қара қорым,

Қара орман,

Құмды кенім,

Бақытыма мың мәрте балай бардым!

АҚЫН АРАЛЫ

Өртенгенде өлең кернеп өзегін,

Шер тарқата өбектейтін өз елін.

Қарамайтын қарасың ба,

Хансың ба,

Біледі жұрт, жан алсада төзерін.

Өліарасы Адамдық пен Адамның,

Өзегіне айналған жыр-ғазалдың.

Ақын екен аңқылдаған,

Ар тұнған,

Шырағданы он сегіз мың ғаламның.

Өліарада шайыр қайта түлейді,

Ай-хой, жүрек,

Мыңсайрам сәт тілейді.

Бір суынып, бір жалындап, бір бусап,

Көз алдыңа келтірер-ау дүлейді!

Таусылғанда топ ішінде амалы,

Есік ашар ешкім бармас аралы.

Сол аралда Ар мен Ұят аймалап,

Барлық ақын барақат күй табады.

Сол арада ғапыл дүние ғажабы,

Және сонда тарқар заман азабы.

Тура сонда ғарыш жалғап әкетер,

Адалдық пен

Адамдықтың ажалы!..

ДӘРУІМ

Ұлық үй туырлықтарындай,

Тылсымым үзікте менің.

Шыңғыстың мыңдықтарындай,

Мәрттікті түзіп келемін.

Көшпенді күндердің шері,

Тосылып қала береді.

Бұл сөре кімдердің төрі –

Үмітім Қаракер еді...

Бабамның басы да қалған,

Ұлытау ұлықтап еді.

Көк бөрі асырап алған,

Қыл қобыз қуықта ма еді...

Тас жарып таскерең тұстан,

Талқаным таусылмай келгем,

Қан жұтып әскерім құздан,

Қас жауды алқынбай жеңгем.

Асыл ұл ғасырдан озған,

Дәруім – жалпыға дерлік,

Қағанға ақылман болған,

Зәруім – Майқыда ерлік!

БАҚ ТІЛЕГЕН БАРШАҒА

Пенде көрдім

қуанар тоңғанына,

Бөз-көйлектің ақжем боп тозғанына.

Асыр салып балаша қалбақтайтын,

Бақыт құсы басқаға қонғанына.

Дидарынан сол бір сәт нұр төгілер,

Нұр төгілер,

ақ қайнар жыр өрілер.

Түйсіне алмай қалың топ,

исіне алмай,

«Жалбаң-жүрек, ойпыр-ау, кім еді» дер!?

Таңданысын басқаның елесін бе,

Ересің бе күйіне,

ермейсің бе?

Бір анығы – осынау қылығымен,

Қаламайды қалуды ел есінде!

Тұнып тұрған бұл оның табиғаты,

Ататек,

ана сүттен – ғазиз заты.

Десек те,

Жаппар ием жаратқан-ау,

Жарасып жүрсінші деп жамиғаты.

Тәубе деймін,

сол жанға ұқсап келем,

Байтақ әлем байрағын ұстап кенен.

Бірақ-бірақ жәдігөй жоламасын,

Дегенін ала алмайды қыштап менен!

ТЕМІРҚАЗЫҚ

Қайран Абай,

Қара өлең – Қыбылнамам,

Жүрегіне егілдің жұмыр ғалам.

Тау тұлғаңа кеңістік тарлық еткен,

Тыныс берген бәденді тұғыр далам.

Сен ішпеген у бар ма жұртым деп те,

Желмая жыр арқасы ғұрпым жетсе.

Сенің арқаң, әулием, сенің арқаң,

Ғалам төрге андыздап ұлтым кетсе.

Жарық әлем жарқырар маңдайдағы,

Адамзаттың Абайы –

Айдай бағы.

Мыңмен жалғыз алыстың амал бар ма,

Тәтті сөзді шығын ғып таңдайдағы.

Қайран Абай,

Қайрылдым мың қайтара,

Хикметіңе қайралдым – мұң қайта ма?!

Бірдің күйін шертемін, мыңның шерін,

Ақ көйлек сол күйдемін шықтай таза.

Замананың қайығын көп есіп ем,

Көз жасыңды көрдім-ау көзесінен.

«Мен боламын дегендер» иілмейді,

Жыртық үйдің су ағып төбесінен.

Шешім таппай шерлі күй жұмбағыңа,

Шыға да алмай шырайлы бір жағыңа.

Базарлы топ бас қамын күйттеп әлек,

¦лық үнің естілмей ұрпағыңа.

Қарайламай қыраттан қасқа бұлақ...

Қос жанардан келеді жас тамып-ақ.

¤рісіңнен із тартқан өлеңімді,

Жатқандаймын тасбауыр жатқа құрап.

Тұрар едім елп етіп жолды ұсына,

Өзің айтқан қазақтың оңдысына.

Мен де бір,

мыңға тұрған Абай да бір,

Шомып тұр ауыр ойдың омбысына.

Сарқылмас мол мұхиттай сен бір азық,

Миллиондар алуда кенін қазып.

Шыңғыстауда туған сол жарық жұлдыз,

Тәңір-аспан көгінде Темірқазық.

КӨЛДЕЙ СЕЗІМ

Басына Балқаш көлдің барып па едің,

Қызығына қылық күн қанып па едің.

Ертегі ме, елес пе,

айыра алмай,

Ерік кетіп, жалындай жанып па едің?!

Маңдайыңнан майда леп самал өбкен,

Самал өбкен!

Сарайың сайран шеккен.

Шықылықтап, сылқылдап, кіл сұлулар,

Сезім тербеп, су іші танар естен.

Жарқылынан жанардың сыр ұғар ең,

Буға бөккен күріштей булығар ең...

Көз ұшында көк дөнен күйін тежеп,

Құшағында талмаурап тұнық әлем.

Қалқалаған қалқаны құрақтардан,

Тәтті сәттен көл беті сұрақ қалған.

Бір ғажабы,

Толқындар тебінсе де,

Жан таппассыз жағада жырақ қалған.

Арман есіп,

ажарлы келбетінен,

Көкше теңіз төрінде ержетіп ем.

Көрінгенмін бүгін де көл бетінен,

Жыр жамалын жария тербетіп ем,

Бөгде жұмақ таппаспын жер бетінен...

АРМАНЫМ ЖҮР

Жатса да жайнап әмсе жан-жағым гүл,

Алдында бөрте топтың арманым жүр.

Қырғиын қағып тастап әлгілердің,

Баршын бүркіт бейнеде самғадым дүр.

Арманым жүр алдаурап өзімді де,

Елемей көзімді де,

төзімді де.

Сол арманға, ағайын, есем кетті,

Тұрсаң да қайталаумен сөзімді іле.

Ай толысып,

жатса да Таң ұзарып,

Пенде біткен жалғанда жалғыз ғаріп.

Соны түскен соқпақтың жапан түзде,

Жатқаны қандай абзал андызданып.

Ләйлі –Мәжнүн

Ғұмырын сүре алдым ба,

Хор қызымен сән түзеп жүре алдым ба?

Қазақтың қай арманы алдан шыққан,

Әйтеуір адал жүрмін діл алдында!

ДҮР-ДҮНИЕ

Дүр-дүние жанымның дүрмектері,

Ұстатпайды жалғанның ілгектері.

Тегін бе еді,

Телегей Шыңғысханның,

Мәңгіліктің дәруін іздеткені.

Көкше теңіз солған жоқ сағағы әлі,

Шаттығым бар жалғасқан шағалалы.

Өртеңде өскен көк майса шалғындай боп,

Жақсы күннің аспандар бағалары.

Санақта бар серкеге сенер ел де,

Жалт бермейтін келгенде жеме-жемге.

Телпекбайлар тағдыры қиналтады,

Делдиетін зәуде бір демегенге.

Керме керген,

Кезім жоқ қашыр мінген,

Қауқарсызды асудан асырдым мен.

Бәстен шығып,

Бақ туын көтергенге,

Өрде тұрып, зор тұта басымды игем.

Бөлісу:

Көп оқылғандар