Асылбек Жаңбырбай: «Қараша хаттарына» жауап
Бөлісу:
Ақиқатында Алла ғана мінсіз десек, пенде үшін өмірде олқылық жіберу – қателік емес, оны түзетпеу – қателік. Осы орайда көмекке сын келеді. Әдебиетте де солай. Жас ақын-жазушылардың кітаптары бірнеше жылдан бері «Жас толқын» сериясымен шығуы – құптарлық іс, қажет дүние. Бірақ, таралымы аз десек те, саннан гөрі сапаға мән беріп жатқан ешкім жоқ. Саралап, сараптап, сынап жатқан тағы ешкім жоқ сияқты. Айтайын дегенім – өзіме жақын поэзия туралы әңгіме. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегенді жиі айтамыз. «Сонда да солардың бар таңдамасы» дегенді ұмытып кете береміз. Бізге керегі «талас» емес, «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы» ғой. Бізге керегі «әркім» емес, «қазақтың келістірер баласы» ғой.
Қазақтың сондай бір ақын баласы – Тараздың тумасы Хамит Есаман. Осы уақытқа дейін екі кітабы мемлекеттік тапсырыспен шығып үлгеріпті. Құп делік. Анда-санда әлеуметтік желіден жазғандарын оқығаным болмаса, өзімен жүздесіп не тілдесіп көрмеппін. Уақыт ырық бермей, бұрын назар аударып кітабымен де таныспап едім. Солай тиіп-қашып жүргенімде былтыр «Жұлдыз» журналында (2016, №6) жарияланған бір топ өлеңдеріне көзім түсті. Сондағы «Күзгі баян» атты өлеңінде:
«Бұтақты пана көрген бозторғайдың
Жұдырықтай жүрегі дүрсілдейді», – дейді. Ойлап қоямын, адамның жүрегі жұдырықтай сияқты еді ғой деп. Ақын ақылға қонымды қылып «жұдырықтай бозторғайдың жүрегі» десе бір сәрі. Бұл кішкентай баланың сөзіндей қарабайыр теңеу әрі бозторғай жүрегінің дүрсілдеуі жаңалық емес. Сосын басқа өлеңдерімен танысу үшін жақында кітапханаға бардым. Қолыма «Қараша хаттары» (2013) атты кітабы тиді...
Мен өзіме ұнамаған тұсқа тоқталып өтемін.
«Ақын» (7-бет) деген өлеңі:
«Көз тоқтатып қарашы,
Мүлгіді әлем нілдей қара наласы», – деп басталады. Осы жердегі нілдей сөзі меніңше жөнсіз қолданылған. Әдетте «нілдей көк» (бояу), «нілдей бұзылды» (көңіл-күй) деп жатамыз. Сондықтан «нілдей қара», әлде «нілдей мүлгіді» деуі келіспей тұр. Басқа қандай мағынасы болуы мүмкін – білмедім...
...Сондай-ақ, «Ұлы арман» (17-бет) өлеңінде «Ұлы жыр жазармын, Тәңірім ұмытып кетпесе пендесін» дейді. Құдіреті шексіз Тәңірге күдікпен қарағанша, «бұйыртса» деп айтса болар еді. Бұл жерден де үлкен кемшілікті байқаймын. Жалпы, Жаратушы жайлы айтқанда ақындар аузын абайлап ашқаны абзал.
Енді басында айтқан махаббат лирикасына ойыссақ, «Әдемі әйел» (26-бет) деген өлеңінен:
«Күллі әлемнің тынышын алып келген,
Әдемі әйел әулие қай кезде де».
Жақсы делік, әдемі әйел (өзі жалғыз басты) әулие бола қойсын, бірақ әлемнің тынышын алатын адамды әулие деу қаншалықты әділ? Бұл жерде әулиенің кереметін кері түсініп тұрғандай әсер қалдырады. Бәлкім, «әулие» сөзін тырнақшаға алған дұрыс шығар. Қазақ ежелден әйелді әулие тұта бермеген ғой.
Немесе:
«Періште боп иектеп алдың мені,
Өлең айтып жүргенде перілермен» (77-бет) – деген жолдағы «иектеп» сөзі жақсы мағынада емес. Басыну, арбау дегенді білдірсе керек, ол – күнәдан пәк деп әспеттейтін періштеге жат іс. Көбіне жын-періге қатысты айтылады. «Періште боп құтқарып алдың мені» десе бір жөн.
Немесе:
« Күндіз құлың болар едім сүйдірсең,
Түнде жарың болмайтыным қинайды» (78-бет),
«Сүйе алар егер қыз болса,
Құлы боп соның кетер ем» (96-бет), – дегендері тым «әсірелеу» секілді. Бұл қыздың қасында әулие ойнап қалады. Дәрежесі Тәңірмен тең болмаса, кем емес-ау деймін. Жігіт қызды сүйсін, сыйласын, құрметтесін. Бірақ өзін оның етегінен де төмендетуі жараспайды. Намыссыздық дер едім. Сүйдірсе (?) күндіз құлы, түнде жары болу дегенді елестету де ұят енді. Шығыс шайырлары да, өзіміздің Абай да «құрбаның болайын» деп жырлаған, бірақ «құлың болайын» демеген.
Хамиттің тағы бір міні – классик ақынымыз Есенғалимен (Реушен немересі) «поэтикалық байланысы» шамадан тыс көрініс табуы. (Оны көзі қарақты оқушының байқамауы мүмкін емес. Шынында да Есенғалидың екпіні ықпал етпеген жас ақын жоқтың қасы-дүр). Сол «шалықтың» әсерінен туған туындылардан біраз мысал келтірейін.
Хамиттің «Жазмыш» деген өлеңі (14-бет):
«Өмір дейтін той сияқты көңілсіз,
Тойдан ерте қайтқан дұрыс тегінде.
Талай достар болып кетті сенімсіз,
Кеше ғана бас байлайтын өлімге».
Ал Есенғали Раушанов болса «Элегия емес» өлеңінде былай дейді:
«Өмір – өте көңілсіз той,
Жоқ, әлде,
Осы тойдан кетіп қалған жөн бе екен?»
Әрі қарай мұнда да сатпайтын дос, адал дос туралы сөз болады. Бұл не деген сәйкестік?! Мұндай «ұқсастықтарды» Аманхан аға (Әлімұлы) көбірек айтатын «реминисценция» деген ұғым-түсінікке жатқызып, ақтап алуға келе ме? Ол жағын оқырманның патша көңіліне қалдырдым.
Хамиттің «Көктемге хат» деген өлеңі (33-бет):
«Қар айрылып тұр бүгін көкірегім,
Өзіңе мені жақын етіп едің.
Маған қиын болып тұр жалғыздығым,
Күткен қыздай кешікпе, өтінемін».
Енді Есенғали Раушановтың «Жаз не деп еді?» өлеңін оқысақ:
«Ол өксіген қарс айырып көкірегін:
«Үйренісіп өзіңе кетіп едім,
Маған қиын болады жалғыз қалу,
Қалшы осында, қала ғой, өтінемін...»
Екі шумақтан бәлендей айырмашылық көріп тұрған жоқпын. Бұл аз десеңіз, екі өлеңде де «сары шаш күз», «тас жүрек» деген сөз тіркестері қатар кездеседі. Бұл да аз десеңіз, аға өлеңінде: «Ол қимады жанының жұбанышын», ал іні өлеңінде: «Мен қимадым жанымның жұбанышын» деген «егіз» жолдар бар. «Қыстағы сағыныш» (58-бет) деген өлеңі – ағамызға тиесілі «Күзгі сағыныштың» сәтсіз көшірмесі. Хамит тумай тұрғанда аталмыш шедеврлерді тудырған ол кісі. Сенбесеңіз, салыстырып қараңыз. Бұл секілді қайталаулар «Қараша хаттарындағы» басқа да өлеңдерден қылаң береді. Барлығын тізіп жатуды артық санадым. Ал, ендеше...
«Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазар» демекші, сыншының «мін қазар» болғаны жақсы ат емес. Оған себеп – мақтау мен мадақтауға бойы үйренген біздің қоғамдағы сын қабылдау мәдениетінің төмендігі. Бұл да – ұлтқа жұққан дерт, қауіпті құылыс. Өз басым кәсіби сыншы болмасам да, сыншылық ой иесі ретінде сыни пікірімді білдіруге хақым бар деп ойлаймын. Реті келгенде білдіріп те жүрмін. Ал баға беру, қорытынды шығару – біздің емес, уақыт-төренің құзыретіндегі шаруа. «Ақындар өзара ұқсастығымен емес, ерекшелігімен қызық» (А.Блок) емес пе еді? Мен де сол ерекшеліктің болғанын қалаймын. Ерекшелік – еліктеуден жоғары саты, әдебиетті бір табан алға жылжытатын қадам, дамытушы күш. Әр ақынның бойынан осы қасиет табылып жатса, поэзия оқылмайды деп жүргендер жым болар еді.
Ақынды ақын ететін өлең аз, ал өлеңді өлең ететін ақын одан да аз. Хамиттің барлық өлеңдері нашар деуден аулақпын. Ішінде көңілімнен шыққан жақсылары да бар. Атап өтсем, «Бозшағала» (16-бет), «Қызыл өлең» (20-бет), «Естек қария» (41-бет), «Бетпе-бет» (53-бет), «Гүлімшырын» (82-бет), т.б. бірнеше өлеңі жас ақынның мәнерін әйгілеп, өзіндік қолтаңбасының ұшығын танытып тұр. Өйткені, аталмыш жинақтығы өлеңдер – оның отызға дейінгі шығармалары. «Өлең жазу – қызық та, қиын да емес, жас отыздан асқан соң», – деп Ес-ағамыздың өзі айтпақшы, ақынның отыздан кейін «екінші тынысы» ашылады деп сенеміз. Автор қалыптасу жолында әрі қарай өз шеберлігін шыңдай түссе екен деген мақсаттан туған ой ғана бар көкейде.
Асылбек Жаңбырбай
Бөлісу: