Қали Сәрсенбай: Сөз симфониясы

Бөлісу:

19.10.2017 13833

Рахымжан Отарбаев шығармашылығындағы саз, әуенгершілік төңірегіндегі бірқыдыру ойлар.

Бір жамағайын аты белгілі ағамызға «өнерге жақын жүресің ғой, осы баламды тыңдап көрші» деді. Қазақ ұғымында сыншылық сөз болғанда Күреңбай алдымен ауызға алынады ғой. Сол Күренбайлардың сарқытын ішіп өскен көкеміз бұл кісінің көңілін қимай баланы тыңдады. Бала жоғары сыныптың оқушысы екен. Күй тартудың техникасын біршама игерген, бірақ өнер жоқ. Өте сұлық, әсерсіз тартады. Бет-әлпетінде, жанарында жарқыл жоқ. Қысқасы, тал бойынан ұлы өнерге ұмтылыстың нышандары байқалмайды. Тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындаған тәртіпті оқушының кейпі ғана бар. Арпалысу, сезімге ерік беру, күй табиғатына еніп кетуден бейхабар. Демек, өнерпаз шықпайды. Домбыра тарта алмау қазаққа ұят деген талапқа ғана жауап беретіндей қауқары бар. Ағамыз бұл ойын жамағайына ашып айтпады. Бірақ, бір қазақ болса да домбыра ұстағанына қуанады. Өнер, ең алдымен, кісіге қонады. Әрине, бәрі де Тәңірден беріледі. Ғалымдардың айтуынша, сәби ананың құрсағында жатқанда-ақ сөйлеп жатады екен. Моцарт екі-үш жасында тоқтаусыз жылаған көрінеді. Сондағы тілі шыққан баланың айтқан сөзі «құлағым шуылдай береді» болыпты. Демек, бұл оған Тәңірдің құдіретімен талбойына тоқтаусыз құйылып жатқан саз еді.

Демек, таланттың берілгені – ең басты шаруаның шешілгені. Содан кейінгісі, сол Тәңірдің ұлы сыйын тәрік етпеу, әрі қарай ел игілігіне айналдыру – оқу-тоқудың ісі.

Қазақта ақын-жазушы көп, бірақ, соның бәрі оқыла бермейді. Оқылатындар – сирек. Сол сиректің бірі – Рахымжан Отарбаев. Жазушының Атырауда өткен мерейтойы үстінде «Құдай басқа сана берді, қолға қалам берді, тілге бояу берді» деп біздің күнібойы шиырлап отырған шындығымыздың шырайын келтіріп айтып берді.

Демек, бәрі таланттың ісі. Талант мәселесі шешілген екен, енді не істемек керек?! Не істейтіні бар, оқымасаң, ой тоқырайды, сезім сарқылады, бұлай етпеген күнде сен Тәңірі берген талантты тәрік етіп, ел алдында қылмыскерге айналасың. Болмаса, талант берген кейбіреулердің өмірі анекдотпен өтіп кеткені де бізге мәлім. Бағымызға қарай, Отарбаев бұл жолға түспеді, қазақ өнеріне айтулы олжа салды.

Соңғы он жылда Отарбаев рухани сананы дүр сілкіндіріп, шығармашылықтың шыңына да шықты, шыңырауына да түсті. Енді осы биігінен түспесе керек.

Жазушы туралы жазу үшін оның шеберханасына, сөз сарайына біршама кіру керек, ал, оған кіріп кеткеннен кейін шығу қиын. Сөз сиқыры сізді байлап тастайды. Кезінде «Отарбаев отарлап жатыр» деген пікір білдіріп едік. Оның шығармашылығынан қазір төрткүл дүниенің хабары мол. Атан түйе тарта алмайтын алуан түрлі пікірлер дуалы ауыздардан төгіліп жатыр. Біз, сірә, оған қосып айтып, жаңалық жасай қоймаспыз. Бір айтпағым, кезінде мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Шыңғысханның көз жасы» кітабы жөнінде таяуда ғана мәскеулік сыншы Марианна Дудариеваның білдірген пікірі менің пікіріммен тоғысты. «Ұлттың тарихын баян еткен шығарма. Оның жалпыадамзаттық құндылық ретінде бағасы зор. Қазақтың халық әндеріндей әсері күшті» депті сыншы. Сірә, осы пікірге байлануға болады. Егер біздің патша көңілімізге салса, адамзаттық аяда ой тоқтатсаңыз, мемлекеттік қана емес, егер қажет болса, әлемнің ең таңдаулы сыйлығына лайық туынды. Төрткүл дүниеге аты мәшһүр Шыңғысхан жөнінде көбіне пәлсапалық, танымдық емес, баяндауы күрделі тарихи дерек пен дәйектерге негізделген дүниемен көбірек таныс бізге, мынау хикаят әдебиетке бір тосын леп алып келді. Осыдан көп уақыт бұрын қытайлар ұлы қаған туралы 28 сериялы фильм түсірді. Маған сол фильмнің музыкалық жағынан әсері күшті болып еді. «Құйрық жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді...» деп жазушының хикаятта өзіне-өзі қамшы салып отыратындай, сол фильмнің бастауында ұдайы қайталанатын әлгі бір ұлы сарынның жаныңды қоярға жер таптырмайтыны тәрізді, мынау сөзі сазға айналып кеткен шығармадан да мың тұлпардың тұяғының дүбірі күй болып шалқиды да отырады. Сірә, әлгі бір данышпанның, «сөз біткен жерден саз басталады» деуі де содан болар. Бұл шығармадағы шалқу, композициялық құрылымдар, иірімдер музыкалық жанрға негізделген. Бәлкім, ұқсастық, бәлкім, ұзақ іңкәр ізденістердің нәтижесі болар, Рахымжан атақты литван К.Чюрленисті есіме түсіреді. Әрі суретші, әрі композитор Чюрленистің туындыларындағы тылсымды жәй ғана көрерменнің байқағанын біреу білсе, біреу білмес. Сол суретшінің туындыларының алдына келген адамның бір сиқырға байланып кете алмай, көз қарашығы талғанша ұзақ қарайтынының сыры да көп жылдар өткен соң мәлім болды. Қысқасы, суреттен төгілген бір сырлы саз көрерменді жіпсіз байлап тастайтын көрінеді. Міне, Рахымжан кереметінің, бәлкім, көп қырының бірі осы болар. Осы буынның аса бір дарынды өкілі Таласбек Әсемқұлов Сүгірдің «Назқоңыры» туралы «адамның жүрегіндегі тәубені бейнелейтін әуен» деп жазып еді. Оның бұл ойын одан әрі тереңдетіп, күйшінің көп екенін, бірақ, мәнердің аз екенін, ол тіпті күйден де бөлек бітім екенін терең толғайтыны бар. Қысқасы, Р.Отарбаевты оқығанда, сөздің Сүгіріндей сезілетіні анық. сөзден шашыраған сәуле сазға айналып, шертпе күй тыңдап отырғандайсың. Осындайда Ісләм Жарылғаповтың новелланы шертпесөз деп аударғанына тәнті боласың. Әлгі мәскеулік сыншының «халық әндеріндей әсері күшті» деуіне де осы тұста ден қоюға болады.

А.Камю деген мықты «күрделі жазатындардың түсіндірушілері болады. Қарапайым жазатындардың оқырманы болады» дейді. Рахымжанда осы екеуі де бар. Біз білгенде, шын өнер күрсіндіруі, ойландыруы, толғандыруы, тамсандыруы, тіпті, «жындандыруы» тиіс. Рахымжан қазір осы шығармашылық бақыттың құшағында. Жазушының өзі айтқандай. Тәңірі оның «тіліне бояу» берді. «Менің тілімде Абай тілінің мәдениеті бар» деп М.Әуезов атқандай, оның бойындағы махамбетшілдік мінез тіліне де қонған. Көркем туындыларды былай қойғанда, көсемсөздерінің өзінен де азаматтық ой-пікірлер көркем күйінде ұшқындап, лапылдап жатады. Тіпті, сол көзқарасын, пікірлерін ол жалаңаштап, жәй айтып салмайды, тағы да ұлы өнер өлшемімен сөйлейді. Мәселен, «Сағыныш симфониясы» деген Жұмекен туралы мақаласының өзінде (мақала емес-ау, тұтас бір бекзат баян, сөз симфониясы дерсің) ол жәй сөйлемейді.

Мысал келтірейік.

«... Тас та айналасына таудың туысқанымын деп айбат шекпей ме?Селдіреген тоғайда қалың орманның жұрағатымын деп жатпай ма?..

... Сол Алматы әлі күнге менің көз алдымда. Күз еді. Сары ала жапырақтар сағыныштай боп төбеңнен жауып тұратын. Жас едік. Ақыл аз да, арман көп еді. Қазір ғой, ақылдың көбейіп, арманның азайып кеткені. Абай даңғылындағы «Баспалар үйінің» алдында Жұмекен ағаны тосып тұрдым. Айналаңды үйіріп майда самал еседі. Тентек бураның өркеш жүніндей шашыи үрпиіп, жан-жағыма алақ-жұлақ қараймын.

Жалғыз өзі келе жатты. Үстінде қоңыр барқыт бешпеті, шашы иығына төгіліп, сабырлы жүзі, ойлы көзіне сәл-пәл мысқыл жүгірген. Қазір бір құрдасына уытты әзіл айта қоятын сынды.

Қазақы аман-саулықтан соң бойыма көз тастап үнсіз қалды. «Көңілі толмады-ау» деп ойладым. Аузы берік кісі еді ғой, «Отыз жылдан соң Қошалақтан бір бала келген екен ғой, - деді үміт үздіріп барып. – Жүре ғой, менімен бірге...

Аға алға түсті. Сары ала жапырақтар жауып тұр. Күз еді. Жұмекен ағаның айналасында алтын шуақтар үйіріліп бірге кетіп бара жатты. – Жүре ғой, менімен бірге...

Ол жалқы еді. Жырда да, мына жарапазаншыл әлемде де. Сабырдан қалған жалғызды жеткізем деумен өткен атасы жайлы «Мені өсірді қолда бар биігіне көтеріп» десе, бұл – имандай сыр. Шықылықтаған қоңторғай тірлік тірлік, сүйегіңді үңгіген зар, үшбұрышты майдан хаты, көрерің – шалақбелсенді атанған ақсақ-тоқсақ, саңырау, соқыр»

Суреткердің аты – суреткер. Ол қай жанрда жазсын, бәрібір білім-білігін байқатып кетеді. Білім-білік демекші, басқа да белгілі зиялы, дуалы ауыздар тәрізді, Отарбаевтың ой ұшқындары да «Алматы ақшамында» оқтын-оқтын жарияланып тұрады. Себебі, қоғамның дертіне ем болатын, көпшіліктің көңіл-күйін дөп басатын ой-толғаныстардың біздің басылымда да жарияланып жатуы әу бастан үрдіске айналған. Сол үздіксіз жарияланып жататының бірі де осы қаламгер. Ой ортақ, пікір ортақ, кейде көзқарастарында қайшылық болғанымен, оның өзі де тағлым түйгізуге, ойға ой қосуға жетіп жатыр. Суреткердің бір түйіп айтатын тұжырымдарын не болмаса үлкен сұхбаттардағы ой-пікірлерінен «Зиялының сөзі» айдарымен үзіп алып беретінім де сондықтан.

Шын шығарма пікір алуандығынан, көзқарастар қайшылығынан туады. Таланттың өзі қайшылықтан тұрады. Осы тұрғыдан келгенде, жазушының соңғы уақыттардағы ой-толғаныстарындағы айтылған жайларға да уақыттың өзі өзгеріс енгізуі әбден мүмкін.

Дарынның аты – дарын. Ол – халықтың өлшеусіз байлығы. Сондықтан лд қоғамда өз бағасын алуы керек. Олай болмаған күнде әдебиет пен өнерде «жәй пысықтар» (С.Мұқанов), «сәл шенеуніктер» (М.Әуезов) алға шығып кетуі мүмкін. Ал, бұлар қоғам үшін де аса қауіпті құбылыстар.

Таланттың өз бағасын алу үшін қоғамда, оның ішінде, жергілікті жерде де мини-Омаровтар, мини-Жәнібековтер отыруы тиіс. Осылай дегенде, Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұы Ноғаевтың «Орхон-Енисей жазбаларында: «Бегін сыйлаған халқы болса, халқын сыйлаған бегі болса – ол ел мәңгі болады» деген жазу бар екен. Міне, біз осы ұстаныммен жүріп келеміз. Отбасында, ортасында адами құндылықтарды насихаттай білейік» деген сөзі еріксіз есіме түсті.

P.S. Бәлкім аңыз, бәлкім, ақиқат, ертеде оқыған бір дерек есімде қалып қойыпты. Шығыс жақта бір кішкентай ел бар дейді. Сол елдің заңдары өте қысқа жазылады екен. Тіпті, заңды білмейтін көрінеді. Себебі, бұл елдің кәрі-жасы тек әдебиетті оқиды екен. «Әдебиеті жоқ елде әдеп болмайды» деген ұран-сөз кісі бойындай етіп жазылып қойыпты. Содан ба екен, елде қылмыс атаулы болмайтын көрінеді. Қылмыс жоқ жерде заңның керегі не?! Былайша айтқанда, Нұрландай басшылары, Рахымжандай жазушылары бар ел болса керек.

Бізге де бір сәт осылай армандауға тура келіп тұр.

Қали Сәрсенбай,

жазушы

Бөлісу:

Көп оқылғандар